Хадис

Кутуб ситтә, № 3305

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
449. Үммі Зарғ хадисі
Нөмірі
№ 3305 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
3305
Кутуб ситтә, № 3305 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша (р.а.)

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «جَلَسَ إِحْدَى عَشْرَةَ امْرَأَةً، فَتَعَاهَدْنَ وتَعَاقَدْنَ أَنْ لَا يَكْتُمْنَ مِنْ أَخْبَارِ أَزْوَاجِهِنَّ شَيْئًا، قَالَتِ الْأُولَى: زَوْجِي لَحْمُ جَمَلٍ غَثٍّ، عَلَى رَأْسِ جَبَلٍ: لَا سَهْلٍ فَيُرْتَقَى ولَا سَمِينٍ فَيُنْتَقَلُ، قَالَتِ الثَّانِيَةُ: زَوْجِي لَا أُبُثُّ خَبَرَهُ، إِنِّي أَخَافُ أَنْ لَا أَذَرَهُ، إِنْ أَذْكُرْهُ أَذْكُرْ عُجَرَهُ وبُجَرَهُ، قَالَتِ الثَّالِثَةُ: زَوْجِي الْعَشَنَّقُ، إِنْ أَنْطِقْ أُطَلَّقْ وإِنْ أَسْكُتْ أُعَلَّقْ، قَالَتِ الرَّابِعَةُ: زَوْجِي كَلَيْلِ تِهَامَةَ، لَا حَرٌّ ولَا قُرٌّ، ولَا مَخَافَةَ ولَا سَآمَةَ، قَالَتِ الْخَامِسَةُ: زَوْجِي إِنْ دَخَلَ فَهِدَ، وإِنْ خَرَجَ أَسِدَ، ولَا يَسْأَلُ عَمَّا عَهِدَ، قَالَتِ السَّادِسَةُ: زَوْجِي إِنْ أَكَلَ لَفَّ، وإِنْ شَرِبَ اشْتَفَّ، وإِنِ اضْطَجَعَ الْتَفَّ، ولَا يُولِجُ الْكَفَّ لِيَعْلَمَ الْبَثَّ. قَالَتِ السَّابِعَةُ: زَوْجِي غَيَايَاءُ – أَوْ عَيَايَاءُ – طَبَاقَاءُ، كُلُّ دَاءٍ لَهُ دَاءٌ، شَجَّكِ أَوْ فَلَّكِ أَوْ جَمَعَ كُلًّا لَكِ، قَالَتِ الثَّامِنَةُ: زَوْجِي الْمَسُّ مَسُّ أَرْنَبٍ، والرِّيحُ رِيحُ زَرْنَبٍ، قَالَتِ التَّاسِعَةُ: زَوْجِي رَفِيعُ الْعِمَادِ، طَوِيلُ النِّجَادِ، عَظِيمُ الرَّمَادِ، قَرِيبُ الْبَيْتِ مِنَ النَّادِ، قَالَتِ الْعَاشِرَةُ: زَوْجِي مَالِكٌ وَمَا مَالِكٌ، مَالِكٌ خَيْرٌ مِن ذَلِكِ، لَهُ إِبِلٌ كَثِيرَاتُ الْمَبَارِكِ، قَلِيلَاتُ الْمَسَارِحِ، وإِذَا سَمِعْنَ صَوْتَ الْمِزْهَرِ، أَيْقَنَّ أَنَّهُنَّ هَوَالِكُ، قَالَتِ الْحَادِيَةُ عَشْرَةَ: زَوْجِي أَبُو زَرْعٍ، وَمَا أَبُو زَرْعٍ، أَنَاسَ مِن حُلِيٍّ أُذُنَيَّ، ومَلَأَ مِن شَحْمٍ عَضُدَيَّ، وبَجَّحَنِي فَبَجِحَتْ إِلَيَّ نَفْسِي، وجَدَنِي فِي أَهْلِ غُنَيْمَةٍ بِشِقٍّ، فَجَعَلَنِي فِي أَهْلِ صَهِيلٍ وأَطِيطٍ، ودَائِسٍ ومُنَقٍّ، فَعِنْدَهُ أَقُولُ فَلَا أُقَبَّحُ، وأَرْقُدُ فَأَتَصَبَّحُ، وأَشْرَبُ فَأَتَقَنَّحُ، أُمُّ أَبِي زَرْعٍ، فَمَا أُمُّ أَبِي زَرْعٍ، عُكُومُهَا رَدَاحٌ، وبَيْتُهَا فَسَاحٌ، ابْنُ أَبِي زَرْعٍ، فَمَا ابْنُ أَبِي زَرْعٍ، مَضْجَعُهُ كَمَسَلِّ شَطْبَةٍ، ويُشْبِعُهُ ذِرَاعُ الْجَفْرَةِ، بِنْتُ أَبِي زَرْعٍ، فَمَا بِنْتُ أَبِي زَرْعٍ، طَوْعُ أَبِيهَا، وطَوْعُ أُمِّهَا، ومِلْءُ كِسَائِهَا، وغَيْظُ جَارَتِهَا، جَارِيَةُ أَبِي زَرْعٍ، فَمَا جَارِيَةُ أَبِي زَرْعٍ، لَا تَبُثُّ حَدِيثَنَا تَبْثِيثًا، ولَا تُنَقِّثُ مِيرَتَنَا تَنْقِيثًا، ولَا تَمْلَأُ بَيْتَنَا تَعْشِيشًا، قَالَتْ: خَرَجَ أَبُو زَرْعٍ والأَوْطَابُ تُمْخَضُ، فَلَقِيَ امْرَأَةً مَعَهَا ولَدَانِ لَهَا كَالْفَهْدَيْنِ، يَلْعَبَانِ مِن تَحْتِ خَصْرِهَا بِرُمَّانَتَيْنِ، فَطَلَّقَنِي ونَكَحَهَا، فَنَكَحْتُ بَعْدَهُ رَجُلًا سَرِيًّا، رَكِبَ شَرِيًّا، وأَخَذَ خَطِّيًّا، وأَرَاحَ عَلَيَّ نَعَمًا ثَرِيًّا، وأَعْطَانِي مِن كُلِّ رَائِحَةٍ زَوْجًا، وقَالَ: كُلِي أُمَّ زَرْعٍ وَمِيرِي أَهْلَكِ، قَالَتْ: فَلَوْ جَمَعْتُ كُلَّ شيءٍ أَعْطَانِيهِ، مَا بَلَغَ أَصْغَرَ آنِيَةِ أَبِي زَرْعٍ، قَالَتْ عَائِشَةُ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: كُنْتُ لَكِ كَأَبِي زَرْعٍ لِأُمِّ زَرْعٍ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай әңгімелейді: «Он бір әйел бас қосып, күйеулері туралы бір-бірінен ештеңе жасырмауға серттесті.

Біріншісі: “Күйеуім – тік таудың ұшар басындағы көтерем түйенің етіндей. Таудың басына шығу оңай емес, еті алып түсердей майлы емес”, – деді. Ол осылайша күйеуінің қатал мінезін, одан үй ішіне қайыр тимейтінін меңзеді.

Екіншісі: “Күйеуімнің жайын айтпай-ақ қояйын. Бір бастасам, тоқтай алмаспын деп қорқамын. Айтар болсам, үлкенді-кішілі бар мінін терер едім”, – деді.

Үшіншісі: “Күйеуім – бойы сорайған біреу. Сөйлесем, талақ етеді. Үндемесем, не бірге тұрмай, не ажыраспай, екі ортада қалдырады”, – деді.

Төртіншісі: “Күйеуім – Тиһаманың түніндей жайлы. Ыстық та, суық та емес. Қорқынышы да, жалықтырар жері де жоқ”, – деді.

Бесіншісі: “Күйеуім үйге кірсе, қабыландай жата қалады. Сыртқа шықса, арыстандай айбатты. Үйге қалдырған дүниесінің есебін сұрамайды”, – деді.

Алтыншысы: “Күйеуім жесе, қомағайлана жейді. Ішсе, түбіне дейін сіміріп алады. Жатса, бүркеніп алады. Мұңымды білмек болып қолын да созбайды”, – деді. Оның өзіне көңіл бөлмейтінін меңзеді.

Жетіншісі: “Күйеуім – дәрменсіз, бойында дерті көп. Басымды жарады, сүйегімді сындырады, кейде екеуін де бірдей істейді”, – деді.

Сегізіншісі: “Күйеуіме қолың тисе, қоянның жүніндей жұмсақ. Иісі жұпар зарнаб өсімдігіндей”, – деді.

Тоғызыншысы: “Күйеуімнің шаңырағы биік, қылышбауы ұзын. Ошағының күлі қалың, үйі ел бас қосатын орынға жақын”, – деді. Осы сөздермен оның абыройын, бойшаңдығын және қонақжайлығын білдірді.

Оныншысы: “Күйеуім – Мәлик. Мәлик қандай десеңдерші! Ол сендер ойлағаннан да артық. Түйелерінің шөгетін жері көп, жайылатын жері аз. Әуенді естісе, сойылатындарын біледі”, – деді. Түйелердің әуенді қонақ күтуге сойылатынының белгісі ретінде танығанын меңзеді.

Он біріншісі былай деді: “Күйеуім – Әбу Зарғ. Әбу Зарғ қандай десеңдерші! Құлағымды әшекейге толтырды, білегіме ет бітірді. Мені қадірледі, өзім де өз қадірімді білдім. Мені тау етегінде азын-аулақ қоймен күнелткен отбасынан тапты. Жылқысы кісінеген, түйесі боздаған, егіні бастырылып, дәні тазартылған дәулетті үйге әкелді. Қасында еркін сөйлеймін, ұрыс естімеймін. Ұйықтасам, таң атқанша жатамын, ішсем, шөлім қанғанша ішемін. Әбу Зарғтың анасы да бар. Неткен ана! Азық салатын қаптары дәу, үйі кең.

Әбу Зарғтың ұлы қандай десеңші! Жатар орны қылышы суырылған қындай тар, төрт айлық лақтың бір қол етіне тояды. Әбу Зарғтың қызы қандай десеңші! Әкесінің де, анасының да тілін алады. Киіміне көрік беретіндей сымбатты, күндесінің ішін күйдіреді. Әбу Зарғтың күңі қандай десеңші! Үй ішінің сырын таратпайды, азығымызды ысырап етпейді, үйге қоқыс үймейді.

Бір күні торсықтардағы сүт пісіліп жатқанда, Әбу Зарғ үйден шықты. Қасында қабыландай ширақ екі баласы бар әйелді кездестірді. Балалар анасының бел тұсында екі анармен ойнап жүр екен. Әбу Зарғ мені талақ етіп, сол әйелге үйленді. Одан кейін мен текті бір кісіге тұрмысқа шықтым. Ол жүйрік атқа мініп, хатти найзасын ұстайтын. Кешқұрым қораға көп мал айдап әкеліп, әр түліктен бір жұптан беретін. ‘Уа, Үммі Зарғ! Өзің де ішіп-же, туыстарыңа да бер’, – дейтін. Сонда да оның маған бергенін түгел жинасам, Әбу Зарғтың ең кішкене ыдысына татымас еді”».

Айша (р.а.) сөзін былай түйіндеді: «Алла Елшісі (с.а.с.) маған: “Мен саған Әбу Зарғтың Үммі Зарғына қандай болғанындаймын”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Бұл хадис он бір әйелдің күйеулерін бірі мақтап, бірі даттап сипаттаған әңгімесін жеткізеді. Ықшам сөз, сирек ұшырасатын тіркес пен бейнелі теңеуге бай риуаяттың кейбір реңкін аудармада толық сақтау қиын. Хикая Айшаның (р.а.) сөзге жүйріктігі мен айрықша тұлғасын танытады.

2. Теңеулердің астары кей тұста мәтіннің өзінде, кейде сноскада ашылды. Ғалымдар бұл бейнелерді кеңірек талдап, бір тіркестің өзін әрқалай түсіндірген. Бірқатары он бір әйелдің кім болғанын анықтауға ұмтылған. Кейбір есімдер аталғанымен, бәрі бірдей белгілі емес. Ғалымдар әйелдердің есімдерін атаған риуаяттарды сенімді санамаған. Сондықтан мұнда сол мәліметтің қажетті тұстары ғана берілді.

3. Бұхари мен Мүслімде оқиғаны Айша (р.а.) баяндайды. Пайғамбарға (с.а.с.) тікелей телінетін, яғни марфуғ бөлігі – соңындағы «Мен саған Әбу Зарғтың Үммі Зарғына қандай болғанындаймын» деген сөз. Нәсәи Аббад ибн Мансурдан жазып алған нұсқада бүкіл әңгіме марфуғ. Айша (р.а.) оны былай бастаған: «Алла Елшісі (с.а.с.) маған: “Мен саған Әбу Зарғтың Үммі Зарғына қандай болғанындаймын”, – деді. “Уа, Алла Елшісі, ата-анам сізге құрбан болсын, Әбу Зарғ кім еді?” – деп сұрадым. Ол: “Бір топ әйел жиналыпты”, – деп, әңгімені аяғына дейін айтып берді».

4. Хадистен алынған ғибраттар

• Жұбайына жылы сөйлеп, жақындық таныту, рұқсат етілген нәрсе жайында әңгімелесіп, әзілдесу – жақсы қарым-қатынастың бір бөлігі. Алла Елшісі (с.а.с.) осы оқиғаны Айшадан (р.а.) тыңдаған немесе өзі оған айтып берген.

• Ер адам жұбайымен жарасымды әзілдесіп, сүйетінін сөзімен де, ісімен де білдіре алады. Түсіндірмешілер мұнда да өлшемді сақтауды жөн санаған.

• Риуаятта мал-дүниемен мақтанбау керектігі, ал дін жолындағы ізгі қасиетті айтуға болатыны аңғарылады.

• Ер адам отбасы мүшелерімен арада өткенді еске ала алады. Олар өзі жасаған жақсылықты байқамай қалса, ретімен еске салуына болады.

• Әйел күйеуінің өзіне жасаған жақсылығын айта алады.

• Ер адам бір жұбайына екіншісінің көзінше жылы сөз айтып, ілтипат білдіре алады. Ол мұнымен басқа жұбайына қиянат жасамауы керек.

• Бірнеше әйелі бар адам жұбайларымен өз кезегінен тыс уақытта да әңгімелесе алады.

• Бұрынғы үмбеттердің өмірінен ғибратты оқиғалар айтуға болады.

• Көңіл сергітіп, жан жадырату үшін өнегелі әңгіме мен әдептен аспайтын әзіл айтуға болады.

• Риуаят жұбайына адал болып, көрген жақсылығын бағалауға үндейді.

• Әйел күйеуінің жақсы-жаман қылықтарын айтқанда кейде әсірелеп жіберуі мүмкін. Мұны әдетке айналдыру ерлі-зайыптылардың сыйластығына сызат түсіреді.

• Хаттаби біреудің бойындағы кемшілікті оны қойдыру мақсатымен айтса, ғайбатқа жатпайды деп түсіндірген. Әбу Абдулла әт-Тәйми бұл тұжырымды қабылдамаған. Оның пікірінше, мұндай қорытындыға Алла Елшісі (с.а.с.) әлгі әйелдердің сөзін өзі естіп, тыйым салмаған жағдайда ғана негіз болар еді. Ал кім екені белгісіз адамды мысалға алып сипаттаудың жөні бөлек. Ибн Хажар Хаттаби де осыны меңзеген болуы мүмкін деп, оны сынаудың орынсыз екенін айтқан. Мәзиридің түсіндіруінше, Айша (р.а.) Алла Елшісіне (с.а.с.) сол жерде болмаған әйелдердің әңгімесін жеткізген. Әйел жұбайының танитын адамдарға оның кемшілігін жайып айтса, ол Құранда тыйым салынған ғайбатқа жатады. Мұндай сөзді айтуға да, тыңдауға да болмайды. Сот алдында шағымын айтудың үкімі бөлек. Кім екені белгісіз адам туралы әңгімені тыңдауда ондай тыйым жоқ, өйткені адам өз кемшілігін өзін танитындар естігенде қысылып, мазасызданады.

Оқиғадағы әйелдердің кім екені анықталмаған. Ғайбат жөніндегі талқылауда олардың мұсылман болған-болмағаны да белгісіз екені ескерілген.

• Кей ғалымдар риуаятты бұрын тұрмыста болған әйелмен некелесуді мәкруһ санаған пікірге дәлел еткен. Үммі Зарғ екінші күйеуінің ілтипатын мойындаса да, алғашқы жұбайын ұмыта алмай, екіншісін онымен салыстырады.

• Махаббат адамға сүйгенінің мінін елеусіз қалдырып, жақсылығын асыра айтуға бейім етеді. Әбу Зарғ өзін тастап кеткеніне қарамастан, Үммі Зарғ оның жақсылықтарын сүйсіне еске алады. Кей нұсқада Әбу Зарғ та ажырасқанына өкінгені айтылады.

• Кім екенін білдірмей, бір әйелдің жақсы қасиетін ер адамдарға айтуға болады. Ал аты-жөні белгілі әйелдің қарауға тыйым салынған дене мүшелерін сипаттауға болмайды.

• Теңеу екі кісінің әр жағынан бірдей екенін білдірмейді. Алла Елшісі (с.а.с.) өзіне Әбу Зарғты теңегенде, екеуінің жұбайына деген жақсы мәмілесін меңзеген. Оның байлығын, бала-шағасын, қызметшісін немесе ажырасуын айтпаған.

• Ажырасуды меңзейтін сөздің мағынасы ниетке байланысты. Алла Елшісі (с.а.с.) өзін әйелінен ажырасқан Әбу Зарғқа теңегенімен, Айшамен (р.а.) ажырасуды көздеген жоқ.

• Мухаллаб риуаяттан ізгі адамнан дініне қарамастан өнеге алуға болады деген ой түйген. Оның пікірінше, Алла Елшісі (с.а.с.) Үммі Зарғтың күйеуі жайлы жақсы сөзін естігенде, осы мәмілені Айшаға (р.а.) үлгі етіп айтқан.

Қади Ияд Мухаллабтың түсіндіруімен келіспеген. Ол хадисте Алла Елшісінің (с.а.с.) Әбу Зарғтан үлгі алғанын білдіретін сөз жоқ екенін, Пайғамбар өз мәмілесін оның жұбайына жасаған жақсы қарым-қатынасына ұқсатқанын айтқан.

Автор Қади Иядтың уәжін орынды көреді. Әдетте адам өз бойында жоқ қасиетті өзгеден үлгі етеді. Бұл риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.) екі мәміленің ұқсастығын айтқан. Автор Мухаллабтың пікірін үмбетке қатысты «жақсы қасиетті өзге дін өкілінен де үйренуге болады» деп шектеп түсінуді ұсынады. Осы орайда ол «Ислам назар аудармаған жақсы қасиет бар ма?» деген сауал қояды.

• Мақтау адамды астамшылыққа итермелемейтініне көз жетсе, оны бетіне мақтауға болады.

• Осы әңгімеде әйелдер өзара жұбайларын сөз еткен. Автор ер адамдардың әңгімесінде күнкөріс мәселелері жиі қозғалатынын да атап өтеді.

• Ойды жасанды әсірелеусіз, астарлап жеткізуге болады. Риуаяттың арабша мәтінінде мұның көркем үлгілері бар. Қади Ияд әйелдердің сөзінде көркемдік тәсілдер мол болғанын атап өтеді. Түсіндірмешілер сол тәсілдер мен сирек тіркестердің мағынасын ашқан. «Тәйсирде» хадистің теңеулері мен өзгеше сөздеріне бес беттен астам түсіндірме берілген.

  1. 1Бұхари, «Неке», 82 (5189). Мүслим, «Фадаил әс-сахаба», 92 (2448).