وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لَا يَفْتَرِقَنَّ اثْنَانِ إِلَّا عَنْ تَرَاضٍ».
Әбу Дәуіт Әбу Һурайрадан (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Сауда жасасқан екі жақ өзара разы болғанда ғана бір-бірінен бөлінсін»1.
Түсіндірме
Әли әл-Қари «Мирқатта» «Анығын Алла біледі» дей келе, хадисті былай түсіндіреді: «Сатушы мен сатып алушы тауарды табыстау мен ақысын төлеуге қатысты барлық мәселе бойынша толық келісіп барып бір-бірінен бөлінуі керек». Келісім толық болмаса, екі жаққа да қолайсыздық тууы мүмкін. Тыйымның мәні осында. Хадисті тағы былай түсінуге болады. Кеткісі келген тарап екіншісінен «Тауарды алғың келе ме?» деп сұрайды. Екінші тарап қаласа, мәміледен бас тартады. Бұл мағына тараудағы екінші хадиске де сай келеді.
Шархта бұл тыйым тәнзиһи деп түсіндіріледі. Яғни басқа тарапқа білдірмей не оның рұқсатын алмай сауда орнынан кетуге рұқсат бар деген пікірде ғалымдар бірауызды. Кей ғалымдар осы хадисті екі жақтың да хияр әл-мәжлис, яғни сауда мәжілісінен тарағанға дейін мәмілені бұзу құқығы бар екеніне дәлел етеді. Олардың пікірінше, хадистегі ескертудің мәні осы құқықпен ашылады.
- 1Әбу Дәуіт, «Ижара» (№3458). Тирмизи, «Сауда-саттық», 27 (№1248).