وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: «أَحْبِبْ حَبِيبَكَ هَوْنًا مَا عَسَى أَنْ يَكُونَ بَغِيضَكَ يَوْمًا مَا، وَأَبْغِضْ بَغِيضَكَ هَوْنًا مَا عَسَى أَنْ يَكُونَ حَبِيبَكَ يَوْمًا مَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ، وَرَجَّحَ وَقْفَهُ.
Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін естідім: “Досыңды жақсы көргенде шектен аспа. Ол бір күні дұшпаныңа айналуы мүмкін. Дұшпаныңды жек көргенде де шектен аспа. Ол бір күні досыңа айналуы мүмкін”»1.
«الْهَوْنُ» الرِّفْقُ، وَإِضَافَةُ «مَا» إِلَيْهِ تُفِيدُ التَّقْلِيلَ، يَعْنِي: أَحِبَّهُ حُبًّا قَصْدًا لَا إِفْرَاطَ فِيهِ.
Түсіндірме
1. Бұл хадис кей нұсқада Алла Елшісінің (с.а.с.), кей нұсқада Әлидің (р.а.) сөзі ретінде жеткен. Тирмизи сахаба сөзі ретінде жеткен нұсқасын сенімдірек санаған. Хадис іліміндегі жалпы қағида бойынша, рафғ пен уақф арасында талас болса, рафғ нұсқасы негізге алынып, хадис марфуғ саналады. Арабша «һәун» сөзі жұмсақтықты білдіреді. Оған «мә» сөзі тіркескенде, сезімде шектен аспау меңзеледі.
2. Алдыңғы хадистерде достық сөз болса, мұнда дұшпандық кезінде де шектен аспау әдебі айтылған. Мүміннің дұшпанымен қарым-қатынасында ұстанатын өлшеміне тоқталайық.
Құран мен сүннет аса сақ болуды ескерткен дұшпан – адамның нәпсісі мен шайтан (Юсуф, 53; Хашыр, 19; Фұрқан, 43; Қасас, 50; Жәсия, 23; Фатыр, 6; Зухруф, 62). Осы ішкі екі дұшпанмен қатар сыртқы дұшпан да сөз болады. Мұндайда кешірімге басымдық беріледі. Сонымен бірге мөлшерден аспай, жасалған жамандыққа тойтарыс беруге рұқсат етілген.
Ардақты Пайғамбар «Алла жамандықты жақсылықпен жояды» деген ұстанымды басшылыққа алып, өзіне жасалған жамандықты көбіне кешірген. Осындай кешірім мен ізгілік дұшпандықтың бетін қайтарып, талай адамның жүрегін жібіткен. «Аз бұрын дүниеде ең жек көретін адамым едіңіз. Енді ең жақсы көретін адамыма айналдыңыз» дегендер де болған. Оны өлтіруді ойлап жеткен адамның өзі кейін ол үшін жанын қиюға даяр болған.
Пайғамбар үмбетінің де кешірімді болуын қалаған. «Жамандықты жақсылықпен жой, адамдарға көркем мінез таныт», – деген. Құранның көптеген аятында кешірімге шақырылады. Сонымен бірге жамандық жасаған кісіге істегеніне сай жаза белгілеуге рұқсат етілген. Автор бұл ұстанымды христиандықтағы бір бетіңнен ұрса, екінші бетіңді тос деген өсиетпен салыстырады. Аятта: «Жамандықтың өтемі – соған тең жаза. Ал кім кешіріп, араны түзесе, оның сыйы Алланың құзырында. Расында, Алла залымдарды жақсы көрмейді», – делінген (Шура, 40).
Жәбір көрген жақ әділдік орнамады деп санаса, кек қайтаруға ұмтылып, араздық ұзаққа созылуы мүмкін. Әулеттер мен рулар арасындағы жылдарға жалғасқан қан дауының бір себебі де осында. Сол үшін Құранда «Қысаста сендер үшін өмір бар» делінген (Бақара, 179). Шектен шығып, зұлымдық жасағандарға ауыр азап ескертілген (Бақара, 178; Шура, 40–42). Кек пен өшпенділік өршімес үшін Алла Елшісі досқа да, дұшпанға да қатысты сезімде шектен аспауға шақырған. Бүгінгі дос ертең дұшпан, бүгінгі дұшпан ертең дос болуы мүмкін.
Тәрбие кітаптарында осы хадиске мағыналас мына ой айтылады: «Дұшпанның да пайдасы тиеді. Ол сыртыңнан кемшілігіңді айтып, оны түзеуіңе себеп болады. Дегенмен әуелі дұшпанды өз ішімізден іздеуіміз керек».
- 1Тирмизи, «Бирр», №1997 (Жанан басылымында №1998).