وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ يَقُولُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ: أَيْنَ الْمُتَحَابُّونَ بِجَلَالِي؟ الْيَوْمَ أُظِلُّهُمْ فِي ظِلِّي، يَوْمَ لَا ظِلَّ إِلَّا ظِلِّي». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَمَالِكٌ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.с.) былай деді: “Ұлы Алла Қиямет күні: ‘Менің ұлықтығым үшін бір-бірін жақсы көргендер қайда? Менің саямнан өзге сая жоқ осы күні оларды өз саяма аламын’, – дейді”»1.
Түсіндірме
Алла Тағалаға тәндік көлеңке телінбейді. Хадистегі сая Қиямет күні Алла танытатын рақым мен қамқорлықты білдіреді. Аяттар мен хадистердегі осындай мұташабиһ ұғымдардың астарлы мағынасына назар аудару қажет. Салаф ғалымдары олардың түпкі мәнін Аллаға қалдырып, жорамалдаудан тартынған. Кейінгі ғалымдар қажеттілік туғанда мұндай ұғымдарға тіл мен дін негіздеріне сай жорамал, яғни тәуил жасаған.
Осы хадисте Алла Елшісі (с.а.с.) мүміндерді Алла разылығы үшін бір-бірін жақсы көруге үндеп, мұндай сүйіспеншіліктің сауабы мол екенін білдірген.
- 1Мүслим, «Бирр», №2566; Мәлик, «Муатта», «Шиғр», 13-тарау (Жанан басылымында №2952).