Хадис

Кутуб ситтә, № 3353

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
454. Өзара қолдау мен жәрдемдесу
Нөмірі
№ 3353 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
3353
Кутуб ситтә, № 3353 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ عَاصِمٍ الْأَحْوَلِ قَالَ: «قُلْتُ لِأَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَبَلَغَكَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: لَا حِلْفَ فِي الْإِسْلَامِ؟ فَقَالَ: قَدْ حَالَفَ النَّبِيُّ ﷺ بَيْنَ قُرَيْشٍ وَالْأَنْصَارِ فِي دَارِي». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ، وَاللَّفْظُ لَهُمَا، وَأَبُو دَاوُدَ. وَعِنْدَهُ: «فِي دَارِنَا مَرَّتَيْنِ أَوْ ثَلَاثًا».

Қазақша аудармасы

Асым әл-Ахуал айтады: «Әнәстен (р.а.) “Алла Елшісінің (с.а.с.) ‘Исламда хилф жоқ’ деген сөзі саған жетті ме?” – деп сұрадым. Ол: “Пайғамбар (с.а.с.) менің үйімде Құрайыш пен ансарды өзара серттестірген”, – деп жауап берді»1.

Әбу Дәуіттің нұсқасында: «Алла Елшісі (с.а.с.) біздің үйде ансар мен мұһажирлерді екі не үш мәрте серттестірді», – делінген.

Түсіндірме

«Хилф» сөзі серттесу, одақтасу дегенді білдіреді. Исламға дейінгі арабтарда мұндай одақтың екі түрі болған.

1. Жорық, барымта, бүлік кезінде тайпалардың бір-біріне көмектесуіне құрылған одақ. Алла Елшісі (с.а.с.) осындай жәһилият одағына тыйым салып, «Исламда хилф жоқ» деген.

2. Жәбір көргендерге көмектесу мен ағайындықты нығайтуға құрылған одақ. Алла Елшісі (с.а.с.) осындай серттер туралы «Ислам жәһилияттағы мұндай одақтарды одан әрі нығайтты» деген.

Ислам келгеннен кейін Алла Елшісі (с.а.с.) ансар мен мұһажирлерді бауырластырды. Хадистегі «Құрайыш» сөзі мұһажирлерді меңзейді. Кей нұсқада «мұһажирлер» деп тікелей айтылған. Бұл серт «мұахат», яғни бауырластыру деп те аталған. Алғашқы кезде мұндай бауырлар бір-біріне мұрагер бола алатын, кейін бұл тәртіп тоқтатылды.

Пайғамбарлыққа дейін Құрайыштан бір топ адам жәбір көргендерге жәрдем беруге және әділдікті қорғауға серттескен. Алла Елшісі (с.а.с.) қатысқан бұл серт «Хилф әл-фудул» деген атпен мәлім. Ал Құрайыштың Қағба қызметтеріне байланысты «Мұтаййибун» және «Ахлаф» атты одақтары өзге жағдайда құрылған.

Абду Манаф ұрпақтары Қағбаға қатысты хижаба, рифада, лиуа және сиқая қызметтерін Абдуд-Дар ұрпақтарынан алғысы келеді. Абдуд-Дар ұрпақтары оларды беруге көнбейді. Екі жақ та өз жақтастарымен бір-бірін жалғыз қалдырмауға серттеседі. Абду Манаф ұрпақтары Қағба маңына хош иіс құйылған ыдыс қойып, соған қолдарын малып серт береді. Олар «Мұтаййибун», яғни жұпар иіске малынғандар деп аталады.

Абдуд-Дар ұрпақтары мен оларды қолдаған рулар да өзара серттескен. Олар «Ахлаф», яғни анттасқандар деп аталған.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 67-тарау, «Кәфалат», 2-тарау, «Иғтисам», 16-тарау; Мүслим, «Фәдәил әс-сахаба», №2529; Әбу Дәуіт, «Фараиз», №2926.