عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «الْمُسْلِمُ أَخُو الْمُسْلِمِ، لَا يَظْلِمُهُ وَلَا يُسْلِمُهُ، وَمَنْ كَانَ فِي حَاجَةِ أَخِيهِ كَانَ اللَّهُ فِي حَاجَتِهِ، وَمَنْ فَرَّجَ عَنْ مُسْلِمٍ كُرْبَةً فَرَّجَ اللَّهُ عَنْهُ بِهَا كُرْبَةً مِنْ كُرَبِ يَوْمِ الْقِيَامَةِ، وَمَنْ سَتَرَ مُسْلِمًا سَتَرَهُ اللَّهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَزَادَ رَزِينٌ فِي رِوَايَةٍ: «وَمَنْ مَشَى مَعَ مَظْلُومٍ حَتَّى يُثْبِتَ لَهُ، ثَبَّتَ اللَّهُ تَعَالَى قَدَمَيْهِ عَلَى الصِّرَاطِ يَوْمَ تَزِلُّ الْأَقْدَامُ».
Ибн Омар (р.а.) жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.с.) былай деді: “Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған зұлымдық жасамайды, басына іс түскенде жалғыз қалдырмайды. Кім бауырының қажетін өтесе, Алла да оның қажетін өтейді. Кім мұсылманның бір қиындығын жеңілдетсе, Алла оны Қиямет күнінің бір қиындығынан құтқарады. Кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла да Қиямет күні оның айыбын жасырады”». Разин келтірген нұсқада: «Кім жәбір көрген кісіге ақысы орныққанша сүйеу болса, аяқтар тайған күні Алла оның аяғын Сыратта нық етеді», – деген қосымша бар.1
Түсіндірме
1. Хадисте ислам бауырластығының қалай жүзеге асатыны баяндалады. Мұсылман дін бауырына зұлымдық жасамауға, қауіп төнгенде оны жалғыз қалдырмауға, қажетін өтеп, қол ұшын беруге және айыбын жасыруға міндетті.
2. Алла Елшісі (с.а.с.) «жасыру» сөзінің аясын тарылтпаған. Сондықтан ғалымдар оны мұқтаж адамды киіндіру, айыбын жұртқа жаймау, қажетін өтеу, сыртынан сөз қылмай, кемшілігін бүркеу секілді әртүрлі істерді қамтитын сөз деп ұққан.
Мұсылманның айыбын жасыру зұлымдық пен бүлікті бүркемелеуге ұласпауға тиіс. Біреуге қиянат жасау, зәбір көрсету немесе жұрт ішіне бүлік салу жай кемшілікке жатпайды. Мұндай істе зұлымдыққа жол беруге болмайды.
3. Мұсылманға көмектесудің үкімі жағдайға қарай парыз, уәжіп немесе мәндүп болуы мүмкін.
Табарани өзге жолмен жеткізген риуаятта: «Басына қиындық түскенде, жәрдемсіз қалдырмайды», – деген қосымша бар. Мүслімде: «Оны қорламайды. Мұсылманға өз бауырын қорлағаны-ақ жамандық ретінде жетеді», – делінген. Тағы бір риуаятында: «Құл бауырына жәрдемдескенше, Алла да сол құлына жәрдемдеседі», – делінеді.
4. Хадистен алынатын ғибраттар:
• Ізгі амалдың өтеуі сол істің сипатына сай беріледі.
• Бір кісі дін бауырластығын меңзеп, «Пәленше – менің бауырым» деп ант етсе, антын бұзған болып саналмайды.
- 1Бұхари, «Мазалим», №2442. Мүслим, «Бирр», №2580. Әбу Дәуіт, «Әдеп», №4893. Разинге телінген қосымша Ибраһим Жананның басылымында берілген (10-том, 147-бет).