Соңғы екі хадис өзгенің үйіне рұқсатсыз қарауға тыйым салынғанын айтады. Төменде фиқһ ғалымдарының осы риуаяттарды түсіндіруі берілген.
Имам Шәфиғи (рахимаһулла) хадистің сыртқы мағынасына сүйеніп, бөтен үйге рұқсатсыз қарап тұрған кісінің көзіне зақым келсе, өтем төленбейді деп есептеген. Кей ғалымдар бұл үкімді ескертуді елемей, қарауын жалғастырған адамға ғана қатысты түсінген. Шәфиғи мәзһабында хадистің жалпы мағынасына сүйенген пікір басым.
Әбу Ханифа көзге зақым келтіруге рұқсат бермей, ондай жағдайда өтем төленеді деп есептеген. Оның уәжі – сырттан қарау үйге рұқсатсыз кіруден ауыр емес. Ал рұқсатсыз кірген адамға көзін ою жазасы белгіленбеген. Сондықтан хадистегі сөз қатаң ескерту ретінде ұғынылады.
Мәлики ғалымдары да ханафи ғалымдары секілді, рұқсатсыз қараған адамның көзіне немесе басқа мүшесіне зақым келтіруге болмайды деп есептеген.
Сәлемдесу
Сәлемдесу – исламда ерекше мән берілген, жұрттың бір-біріне жақындасуына себеп болатын әдеп.
Тиби сәлем берудің хикметін былай түсіндіреді:
1. Кездескен екі адамның бір-бірінен секем алуын сейілтеді.
2. Мүміннің кішіпейілділігін танытады.
3. Қарсы алдындағы адамға құрмет білдіреді. Сәлем беру өзара ықыласты оятып, қолайсыздықты сейілтеді.
Ғалымдар «сәлем» сөзін бірнеше мағынада түсіндірген.
• Бір хадисте «Сәләм» Алланың есімдерінің бірі деп айтылады. Осыған сүйенгендер «Ассаламу аләйкум» сөзін «Алланың есімі сендерге болсын» деп түсінген. Қади Ияд оны «Алла сені сақтасын», «Алла сенімен бірге болсын» деген дұға деп ұққан.
• Кейбір ғалымдар мұнда «Алла істеріңнен хабардар» деген мағына барын айтқан.
• Тағы бір түсінік бойынша, «сәлем» – «Алла саған тыныштық пен амандық нәсіп етсін!» деген тілек.
• Кейбір ғалымдардың айтуынша, игілікті қамтып, бүліктен пәк Алланың есімі істің басында қайыр тілеп айтылады. Сәлемдескенде де Алланың «Сәләм» есімі аталады.
• Кейбірі «сәлем» сөзін амандық деп ұққан. «Уақиға» сүресінің 91-аятында оң жақтағыларға сәлем айтылған. Осы мағынада сәлем беруші «Менен саған зиян келмейді, алаңдама» дегенді білдіреді.
Ибн Дақиқ әл-Ид «Илмам» еңбегіне жазған түсіндірмесінде «сәлем» сөзінің амандық, сәлемдесу және Алланың есімі мағыналарында қолданылатынын айтады. Кей тұста ол сәлемдесуді, кейде амандықты, енді бірде осы екеуін қатар білдіреді. Мәселен, «Сендерге сәлем бергенге “Сен мүмін емессің” демеңдер» деген аятта екі мағына да қамтылған (Ниса, 94).
Мұсылмандардың сәлемге жауап беруі Құранда бұйырылған: «Сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ сәлем беріңдер немесе дәл солай жауап қайтарыңдар» (Ниса, 86). Ғалымдар осы аятқа сүйеніп, сәлем алу парыз деп үкім берген. Олар жауапта «сәлем» сөзі қолданылуы керегіне келіскен. Сондықтан «Ассаламу аләйкум» деген сәлемге «Қайырлы таң» немесе «Қайырлы күн» деп қана жауап беру жеткіліксіз.
Біреу «сәлем» сөзін қолданбай амандасса, оған жауап беру үкімі жөнінде пікірлер әртүрлі. Сәлемге жауап беру міндеті сәлем алушы оны естігенде туады.
Сәлемге тек ишарамен жауап беру жеткіліксіз. Тирмизидің бір риуаятында «Яһудилер мен христиандарға ұқсамаңдар. Яһудилер саусақпен, христиандар алақанмен ишара жасап сәлемдеседі» делінген. Ғалымдар Әсманың №3378 хадисіндегі «сәлем берді» және «ишарамен сәлем берді» деген екі нұсқаны Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөз бен ишараны қатар қолданғаны деп түсіндірген. Естімейтін адамға ишарамен сәлем беруге болады.
Өзге тілде берілген сәлемге жауап беру міндет пе?
Бұл мәселеде «міндет» және «міндет емес» деген пікірлермен қатар үшінші көзқарас та бар. Оны ұстанғандар арабша білетін адамның арабша жауап беруін уәжіп санаған. Ибн Дақиқ әл-Ид «Кісі сәлемнің қалыптасқан сөздерін қолданбай амандасса, мұстахаб амалды орындамаған болады. Өзге жұрттың салтына еліктеп, сол сөздерді әдейі қолданбаса, бұл іс мәкруһ саналады» деген.
Кедергі болмаса, сәлемге сол мезетте жауап беру керек. Әдейі кешіктіріп, кейін барып айтылған сөз сәлемнің жауабы саналмайды. Ғалымдар кісі арқылы немесе хатпен жеткен сәлемге де бірден жауап қайтару керегін айтқан. Құран бөтен үйге кірерде (Нұр, 27) де, өз үйіне кірерде (Нұр, 61) де сәлем беруге үндейді. Алла Елшісі (с.а.с.) «Уа, адамдар, сәлемді жайыңдар, жұртқа ас беріңдер, туыстық байланысты үзбеңдер, ел ұйқыда жатқанда намаз оқыңдар. Сонда жәннатқа аман-есен кіресіңдер» деген.
«Муаттада» Туфайл ибн Үбәйдің мына сөзі келтіріледі: «Абдулла ибн Омарға (р.а.) барып, онымен бірге базарға шығатынмын. Ол базарда кезіккен ескі-құсқы зат сатушыға да, қымбат тауар сатушыға да, мұқтаж жанға да, кез келген адамға да сәлем беретін. Бір күні маған “Базарға бірге барайық” деді. Мен “Базарда не істейсің? Сауда жасамайсың, заттың бағасын сұрамайсың, саудаласпайсың, базарда отырмайсың. Осы жерде отырып-ақ әңгімелесейік” дедім. Ол “Уа, Әбу Батин! Біз базарға сәлем беру үшін шығамыз. Кезіккен әр адамға сәлем береміз” деді».