Қазақша аудармасы
Жәбир (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) қылышты қынынан суырылған күйінде бір-біріне беруге тыйым салғанын жеткізген1.
Мәһір
Мәһір – неке қиюға байланысты күйеу жігіттің қалыңдыққа беретін сыйы және әйелдің жеке ақысы. Неке қиылған кезде мәһір аталмаса да, әйелдің оны талап ету құқығы сақталады. Мәһір өзіне тиесілі болғандықтан, әйел оны өз қалауымен жұмсай алады. Ол мәһірдің бір бөлігінен немесе бәрінен өз еркімен бас тарта алады. Кітап иелерінен болған әйелдің де мәһір алуға құқығы бар.
Мәһір беру жайында «Ниса» сүресінің 4-аятында айтылған. «Әйелдерге мәһірлерін шын көңілмен беріңдер. Егер олар өз еркімен одан бір бөлігін сендерге берсе, оны рақаттанып, игілікке жаратыңдар».
Мәһірдің ең жоғары мөлшеріне шек қойылмаған. Пайғамбарымыздың дәуірінде мәһір ретінде құрма бағы да берілген. Ал ең аз мөлшері жайында ғалымдардың пікірі әртүрлі. Ханафи мәзһабында ең төменгі шек – он дирхам күміс. Мәлики мәзһабында ол таза алтын динардың төрттен бірі, үш дирхам таза күміс немесе солармен тең құнды мүлік деп есептелген.
Имам Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал, Сәури, Дәуіт әз-Заһири және Ибн Әбу Ләйла мәһірдің ең төменгі мөлшерін нақты шектемеген.
Осы пікірге сай, құны аз болса да, бағасы бар нәрсе мәһір бола алады. Ахмад ибн Ханбал он дирхамнан кем бермеуді мұстахаб, төрт жүз дирхамға дейін беруді сүннет деп санаған. Бұдан көбірек беруге де болады. Неке қиылғанда мәһірдің мөлшерін белгілеген абзал.
Неке кезінде мәһір аталмаса немесе аталған мәһір жарамсыз болса, әйелге «мәһір мисл», яғни өзіне ұқсас әйелдерге берілетін мөлшердегі мәһір тиесілі болады. Ал некелесушілер алдын ала келісіп, мөлшерін нақты атаған мәһір «мәһір мүсәмма» деп аталады.
Мәһір мүсәмманың ең жоғары мөлшері белгіленбеген. Ол екі жақтың келісімімен анықталады. Аталған сыйдың мөлшері қанша болса да, ол әйелге тиесілі.
«Ниса» сүресінің 20-аятында: «Бір әйелдің орнына басқа әйел алғыларың келсе, біріне мол дүние берген болсаңдар да, одан ешнәрсе қайтарып алмаңдар», – делінген.
Аятта ажырасқан әйеліне мол мәһір берген ер адамға соны қайтарып алуға тыйым салынады. «Қынтар» сөзі мұнда бір жүкке татитын мол дүние ұғымында қолданылған.
Омарға (р.а.) қатысты кең тараған бір әңгімеде оның құтбада әйелдерге мәһір беруде шектен шықпауға үндегені айтылады. Сонда жамағат арасынан бір әйел тұрып: «Уа, Омар! Алла Тағала мол дүние берген болсаңдар да, одан ешнәрсе алмаңдар деген жоқ па?» – деп, осы аятты еске салған.
Риуаятта Омардың бұл уәжге тоқтап, өз пікірінен қайтқаны айтылады. Мәһірді неке қиылғанда бірден беруге, кейінге қалдыруға немесе бір бөлігін беріп, қалғанын кейін өтеуге болады. Дереу берілетін мәһір «мәһір мұғажжал», кейінге қалдырылғаны «мәһір муәжжал» деп аталады. Ажырасқанда тиесілі мәһір өтеледі. Ер адам қайтыс болса, өтелмеген мәһір қарыз ретінде мұраны бөлісерден бұрын оның мал-мүлкінен төленеді.
Мәһір әйелдің мүліктік құқығын қорғайды. Оған немқұрайлы қараған ер адам өз мойнындағы ақыны өтемей, әйелді қиын жағдайға қалдыруы мүмкін.
Сондықтан отбасы құрмас бұрын екі жақ мәһірдің мөлшерін, берілу мерзімі мен шарттарын анық келісіп алғаны жөн. Өз жауапкершілігін түсінген адам некеге де, оны бұзуға да жеңіл қарамайды.
Мәһірдің өз талабына сай берілуі әйелдің құқығын сақтап, некеге байланысты даудың алдын алады.