Хадис

Құрлықта аң аулау

Кутуб ситтә, 8-том, 468-тарау · 7 хадис · № 3471–3477

Хадистер

3471
Кутуб ситтә, № 3471 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ади ибн Хатим (р.а.)

عَنْ عَدِيِّ بْنِ حَاتِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّا قَوْمٌ نَتَصَيَّدُ بِهَذِهِ الْكِلَابِ، فَمَا يَحِلُّ لَنَا مِنْهَا؟ فَقَالَ: إِذَا أَرْسَلْتَ كِلَابَكَ الْمُعَلَّمَةَ وَذَكَرْتَ اسْمَ اللَّهِ فَكُلْ مَا أَمْسَكْنَ عَلَيْكَ، إِلَّا أَنْ يَأْكُلَ الْكَلْبُ، فَلَا تَأْكُلْ، فَإِنِّي أَخَافُ أَنْ يَكُونَ إِنَّمَا أَمْسَكَ عَلَىٰ نَفْسِهِ، وَإِنْ خَالَطَهَا كَلْبٌ مِنْ غَيْرِهَا فَلَا تَأْكُلْ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Ади ибн Хатим (р.а.) былай дейді: «Уа, Алланың елшісі, біз мына иттермен аң аулаймыз. Олардың ұстағанының қайсысы бізге адал? – деп сұрадым. Ол: “Үйретілген иттеріңді Алланың атын атап салсаң, саған ұстаған аңын же. Бірақ ит аңнан жесе, оны жеме. Өйткені аңды өзі үшін ұстаған болар деп қауіптенемін. Иттеріңе бөтен ит қосылса да, ол аңды жеме”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадис бірнеше жолмен жеткен. Бір нұсқасында Ади: «Алла елшісінен (с.а.с.) миғрадпен ауланған аңды сұрадым. Ол: “Оның өткір ұшы тиіп өлтірсе, же. Ал жалпақ тұсы тиіп өлтірсе, жеме. Ол соққыдан өлген аңға жатады”, – деді», – деген.

Миғрад – бір ұшында өткір темірі бар, ортасы жуан жебе. Аңшы оны аңға қарай лақтырады. Темір ұшы тиіп, аң жарақаттан өліп қалса, еті адал. Екінші ұшы немесе орта тұсы тиіп, аң жараланбай, соққыдан өлсе, қаны ақпағандықтан еті желінбейді. Ал соққыдан есеңгіреп құлаған аңды жаны шықпай тұрып бауыздап үлгерсе, етін жеуге болады.

2. Иттің аңшылыққа үйретілгені ұстаған аңына қалай қарайтынынан білінеді. Аңнан өзі жесе, үйретілген ит саналмайды да, аулаған аңын жеуге болмайды. Ал жемей, ұстаған күйі иесіне әкелсе, үйретілгені анықталады. Ондай иттің аулаған аңын жеуге болады.

3. Аңшы итке бөтен ит қосылып, аңды бірге ұстаса, оның етін жеуге болмайды. Өйткені аңды үйретілген ит ұстады ма, әлде бөтен ит пе, белгісіз. Ғалымдар осыған қатысты мына қағиданы айтқан: «Жануарды жеуге оның шариғатқа сай бауыздалуы рұқсат етеді. Осыған күмән туса, еті желінбейді». Демек, аңды үйретілген ит өлтірді ме, үйретілмеген ит өлтірді ме деген күмән оның етін жеуге кедергі болады.

  1. 1Бұхари, «Буйуғ», 3, «Зәбәих», 1–3, 7–10, «Тәухид», 13. Мүслим, «Сайд», 1 (1929b). Әбу Дәуіт, «Сайд», 2 (2847–2851). Тирмизи, «Сайд», 1–7 (1465–1471). Нәсәи, «Сайд», 1–8 (7/179–183), 19–23 (7/193–195).
3472
Кутуб ситтә, № 3472 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Сағлаба әл-Хушәни (р.а.)

وَعَنْ أَبِي ثَعْلَبَةَ الْخُشَنِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّا بِأَرْضِ قَوْمٍ أَهْلِ كِتَابٍ، أَفَنَأْكُلُ فِي آنِيَتِهِمْ؟ وَبِأَرْضِ صَيْدٍ، أَصِيدُ بِكَلْبِي الْمُعَلَّمِ وَبِقَوْسِي وَبِكَلْبِي الَّذِي لَيْسَ بِمُعَلَّمٍ، فَمَا يَصْلُحُ لِي؟ قَالَ: أَمَّا مَا ذَكَرْتَ مِنْ أَهْلِ الْكِتَابِ، فَإِنْ وَجَدْتُمْ غَيْرَهَا فَلَا تَأْكُلُوا فِيهَا، وَإِنْ لَمْ تَجِدُوا فَاغْسِلُوهَا وَكُلُوا فِيهَا، وَمَا صِدْتَ بِقَوْسِكَ وَذَكَرْتَ اسْمَ اللَّهِ عَلَيْهِ فَكُلْ، وَمَا صِدْتَ بِكَلْبِكَ الْمُعَلَّمِ فَذَكَرْتَ اسْمَ اللَّهِ عَلَيْهِ فَكُلْ، وَمَا صِدْتَ بِكَلْبِكَ غَيْرِ الْمُعَلَّمِ فَأَدْرَكْتَ ذَكَاتَهُ فَكُلْ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағлаба әл-Хушани (р.а.) былай дейді: «Уа, Алланың елшісі! Біз кітап иелері тұратын өлкедеміз. Олардың ыдыстарынан ас ішуге бола ма? Бұл – аңды өлке. Аңды садақпен де, үйретілген итіммен де, үйретілмеген итіммен де аулаймын. Солардың қайсысын жеуіме болады? – деп сұрадым. Алла елшісі (с.а.с.): “Кітап иелерінің ыдысына келсек, басқа ыдыс тапсаңдар, олардың ыдысынан ас ішпеңдер. Басқа ыдыс таппасаңдар, оларды жуып, содан ас ішіңдер. Алланың атын атап, садақпен атқан аңыңды же. Алланың атын атап салған үйретілген итің ұстаған аңды да же. Үйретілмеген итің ұстаған аңды тірідей тауып, бауыздап үлгерсең, оны да же”, – деді»1.

  1. 1Бұхари, «Сайд», 4, 10, 14 (5478, 5488 және 5496). Мүслим, «Сайд», 8 (1930). Әбу Дәуіт, «Сайд», 2 (2850, 2855–2857). Тирмизи, «Сайд», 1 (1464). Нәсәи, «Сайд», 4 (7/181).
3473
Кутуб ситтә, № 3473 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Сағлаба әл-Хушәни (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا رَمَيْتَ بِسَهْمِكَ فَغَابَ عَنْكَ فَأَدْرَكْتَهُ فَكُلْهُ مَا لَمْ يُنْتِنْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағлаба (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Садақпен атқан аңың көзден таса болып, кейін тауып алсаң, иістенбеген болса, же»1.

Түсіндірме

Осы екі хадисте түсіндіруді қажет ететін бірнеше мәселе бар.

1. Кітап иелерінің ыдысын пайдалану. Олар ыдыстарын исламда нәжіс саналатын доңыз еті сияқты тағамға жиі пайдаланғандықтан, ыдысты жумай қолдануға тыйым салынған. Фақиһтар бұл үкімді әртүрлі түсіндірген. Бір тобы осы хадиске сүйеніп, олардың ыдысын жумай қолдануға болмайды деген. Екінші тобы қолдануға рұқсат еткен. Ибн Дақиқ әл-Идтің айтуынша, бұл қайшылық заттың бастапқы қалпы мен іс жүзінде жиі кездесетін жағдайдың қайсысына сүйену керектігінен туған. Хадистің сыртқы үкімін негізге алғандар жиі кездесетін жағдайға сүйенген болжамды бастапқы қалыпқа сүйенген болжамнан басым санаған. Мұнда бастапқы қалып – ыдыстың тазалығы. Ал жиі кездесетін жағдай – кітап иелерінің ыдыстарын біз үшін нәжіс саналатын нәрселерге пайдалануы.

Ыдысқа нәжіс тигені анықталғанға дейін оны таза деп есептеу керек дегендер оларға екі түрлі жауап берген.

1) Хадистегі жуу жөніндегі бұйрық істің мұстахаб екенін білдіреді. Ыдысты жуған адам сақтықты да, хадистің нұсқауын да, тазалық қағидасын да ұстанған болады.

2) Әбу Сағлаба хадисі ыдысқа нәжіс тигенін өз көзімен көрген адамға қатысты. Ондай ыдысты жумай қолдануға болмайды. Кей нұсқаларда мәжусилердің ыдысын жуу керек делінген. Олар малдарын бауыздамайтындықтан, ыдысы нәжіс саналады. Әбу Сағлаба хадисінде де доңыз еті пісірілген немесе шарап ішілген ыдыс меңзелген. Әбу Дәуіттің нұсқасында: «Біз кітап иелерімен көршіміз. Олар қазандарында доңыз етін пісіреді, ыдыстарынан шарап ішеді…», – делінген.

Ыдысты қолдануға рұқсат берген фақиһтар оған нәжіс тигені анықталмаған жағдайды меңзеген. Олар да жуып пайдалануды абзал көреді. Мұны жуылмаған ыдысты пайдалануды мәкруһ санағандықтан емес, пікір қайшылығынан сақтану үшін айтқан.

Ибн Хажар былай дейді: «Бірінші жауапқа сәйкес, мұндай ыдысты жумай пайдалану мәкруһ. Хадистің сыртқы мағынасы да соған саяды. Басқа ыдыс бола тұра, олардың ыдысын жуып пайдалануға рұқсат. Басқа ыдыс болмаса да, оны жуса, пайдаланғаны мәкруһ саналмайды. Хадисте олардың ыдысынан ас ішуге тыйым айтылып, рұқсат екі шартқа, яғни басқа ыдыстың табылмауына және олардың ыдысын жууға байланыстырылған».

Ибн Хазм әз-Заһири кітап иелерінің ыдысын қолдануға төмендегі екі шарт орындалғанда ғана рұқсат етеді. Шарттың бірі орындалмаса, қолдануды харам санайды.

– Басқа ыдыс болмауы керек.

– Пайдаланар алдында ыдысты жуу керек.

2. Хадисте садақпен ауланған аңды ату кезінде «бисмиллә» айтылса, етін жеуге рұқсат берілген. Аң аулағанда және мал бауыздағанда Алланың атын атауды «тәсмия» дейді. Оның жөн екеніне ғалымдар бірауыздан келіскен. Олардың таласқан тұсы – тәсмияның аң мен мал етінің адал болуы үшін шарт саналу-саналмауы.

Әбу Ханифа, Мәлік, Сәури және ғалымдардың көпшілігі «бисмиллә» айтуды ұмытып кеткен адам бауыздаған малды не аулаған аңды жеуге болады деген. Ал тәсмияны әдейі айтпаса, оның бауыздаған малы да, аулаған аңы да желінбейді.

Имам Шафиғи мен бір топ фақиһтың пікірінше, тәсмия – сүннет. Бұл пікір Мәлік пен Ахмадтан да риуаят етілген. Адам оны ұмытып кетсе де, әдейі айтпаса да, бауыздаған малы мен аулаған аңының еті адал.

Ахмад ибн Ханбалдың кең тараған пікірі бойынша, тәсмия – уәжіп. Әбу Сәур мен бір топ ғалым да осы пікірді таңдаған. Өйткені Ади хадисінде (№ 3471) «бисмиллә» айту шарт етілген. Ғалымдар осы үкімге өзге де дәлелдер келтірген. Бұл мәселе жөніндегі пікірлер көп, мұнда оларды егжей-тегжейлі қарастырмаймыз.

3. Әбу Сағлаба хадисінің соңғы бөлігінде аңшы өзі атқан аңды бірнеше күннен кейін тауып алса, оның еті қандай жағдайда адал болатыны айтылған. Аң иістенбесе, еті адал. Хадистің басқа нұсқаларына қарағанда, аңның денесінде бөтен оқтың не өзге жарақаттың ізі болмауы керек. Оның өлуіне аңшының оғы ғана себеп болғаны анықталуға тиіс. Өліміне басқа себеп араласса, еті харам болады. Жоғарыда үйретілген итке бөтен ит қосылып, аңды бірге ұстағанда да осындай үкім жүретіні айтылды. Ғалымдар «басқа себеп» дегенде өзге оқтың ізін ғана емес, аңды өлтіруі мүмкін кез келген жарақатты меңзеген. Сондықтан аңның неден өлгені күмәнді болса, еті желінбейді. Хадистің өзге нұсқасында: «Аңның бойынан өз оғыңды тауып, соның салдарынан өлгенін білсең әрі жыртқыштың жарақаттаған ізі болмаса, оны же», – делінген.

Имам Шафиғиге телінген пікірде аңшының көзінен таса жерде өлген аңның етін жеуге болмайды делінген. Нәуауи мен Бәйһақи секілді шафиғи ғалымдары бұл пікірді бекітілген сүннетке қайшы санаған.

Нәуауи Алла елшісінің (с.а.с.) иістенген асты үзілді-кесілді харам етпегенін айтады. Сондықтан ол мұндағы тыйымды тахрими емес, тәнзиһи деп түсіндіреді. Кей ғалымдар үш күнге жетпей, екі күннен кейін табылған аңның өзі иістенсе, жеу мәкруһ деген.

  1. 1Мүслим, «Сайд», 9 (1931). Әбу Дәуіт, «Сайд», 4 (2861), «үш түннен кейін» делінген нұсқа. Нәсәи, «Сайд», 20 (7/193–194). Бұхари, «Сайд», 8, мағыналас нұсқа.
3474
Кутуб ситтә, № 3474 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ سَعْدِ بْنِ أَبِي وَقَّاصٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ سُئِلَ عَنِ الْكَلْبِ الْمُعَلَّمِ إِذَا قَتَلَ الصَّيْدَ؟ فَقَالَ: كُلْ، وَإِنْ لَمْ يُبْقِ مِنْهُ إِلَّا بَضْعَةً وَاحِدَةً». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ بَلَاغًا.

Қазақша аудармасы

Сағд ибн Әбу Уаққастан (р.а.): «Үйретілген ит ұстаған аңын өлтірсе, оны жеуге бола ма?» – деп сұрағанда, ол: «Аңнан бір кесек ет қана қалса да, жей бер», – деп жауап берді1.

Түсіндірме

Бұл риуаят үйретілген ит аңды ұстап, етінен жеп қойса да, қалғанын жеуге болатынын білдіреді. Хадис мүрсәл болғанымен, оны бұған дейін келтірілген риуаят қуаттайды. Бұл – Имам Мәліктен жеткен кең тараған пікір. Шафиғидің бұрынғы пікірі де осындай болған. Оны басқа ғалымдар да құптаған. Бұл пікір мына аяттың сыртқы мағынасына сай келеді. «Алланың өздеріңе үйреткені бойынша аң аулауға баулыған жануарларыңның өздеріңе ұстап әкелгендерін жеңдер. Оларды аңға салғандарыңда Алланың атын атаңдар.» («Мәида», 4-аят).

Ғалымдар былай деген: «Үйретілген иттің жегенінен артылған аң желінеді. Қалғаны да иттің бізге ұстап әкелгеніне жатады. Аяттың сыртқы мағынасына сүйенсек, ол адал».

Имам Мәліктен жеткен басқа пікірге және Шафиғидің кейінгі пікіріне сәйкес, үйретілген ит жеген аңның қалғаны желінбейді. Ал тыйымды мәкруһ деп түсіндіргендер екі пікірді үйлестіріп, үйретілген ит өлтірген, тіпті бір шетінен жеген аңның етін адал санаған. Бұл пікірді көпшілік қабылдаған. Әбу Дәуіттің бір риуаятында Әбу Сағлаба есімді бәдәуидің Алла елшісінен (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі! Үйретілген иттерім бар. Солар ұстаған аңның қайсысы маған адал?» – деп сұрағаны айтылады.

«فَكُلْ مِمَّا أَمْسَكْنَ عَلَيْكَ». قَالَ: فَإِنْ أَكَلَ مِنْهُ؟ قَالَ: «وَإِنْ أَكَلَ مِنْهُ».

Алла елшісі (с.а.с.): «Саған ұстап әкелгенін же», – деді. Ол: «Аңнан өзі жеп қойса ше?» – деп сұрады. Алла елшісі: «Жеп қойса да, же», – деді.2

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Сайд», 7 (2/493).
  2. 2Әбу Дәуіт, «Сайд» (2857).
3475
Кутуб ситтә, № 3475 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

وَعَنْ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبٍ، عَنْ أَبِيهِ، عَنْ جَدِّهِ، «أَنَّ رَجُلًا قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّ لِي كِلَابًا مُكَلَّبَةً، فَأَفْتِنِي فِيهَا. فَقَالَ: مَا أَمْسَكَ عَلَيْكَ كَلْبُكَ فَكُلْ. قَالَ: وَإِنْ قَتَلَ؟ قَالَ: وَإِنْ قَتَلَ. قَالَ: أَفْتِنِي فِي قَوْسِي. قَالَ: مَا رَدَّ عَلَيْكَ سَهْمُكَ فَكُلْ. قُلْتُ: وَإِنْ تَغَيَّبَ عَلَيَّ؟ قَالَ: وَإِنْ تَغَيَّبَ عَلَيْكَ، مَا لَمْ تَجِدْ فِيهِ أَثَرَ سَهْمٍ غَيْرِ سَهْمِكَ أَوْ تَجِدْهُ قَدْ صَلَّ». أَيْ: أَنْتَنَ. أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шуғайб әкесінен, ол атасынан жеткізген риуаятта бір кісі: «Уа, Алланың елшісі, аңға баулыған иттерім бар. Солар ұстаған аңның үкімін айтыңызшы», – деді. Алла елшісі (с.а.с.): «Итің саған ұстаған аңды же», – деді.

– Ит аңды өлтірсе де ме?

– Өлтірсе де.

– Садағыммен аулаған аңның да үкімін айтыңызшы.

– Оғың тиген аңды же.

– Аң көзден таса болып кетсе ше?

– Көзден таса болса да, одан өз оғыңнан басқа оқтың ізін таппасаң және аң иістенбеген болса, же1.

  1. 1Нәсәи, «Сайд», 16 (7/191).
3476
Кутуб ситтә, № 3476 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مُغَفَّلٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنِ الْخَذْفِ، وَقَالَ: إِنَّهُ لَا يَقْتُلُ الصَّيْدَ وَلَا يَنْكَأُ الْعَدُوَّ، وَإِنَّهُ يَفْقَأُ الْعَيْنَ وَيَكْسِرُ السِّنَّ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Муғаффал (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қиыршық тасты саусақпен атуға тыйым салды. Ол: “Бұлай атқан тас аңды өлтірмейді, дұшпанды жараламайды. Бірақ көзді шығарып, тісті сындырады”, – деді»1.

«الْخَذْفُ» بِالْخَاءِ الْمُعْجَمَةِ: رَمْيُكَ حَصَاةً أَوْ نَوَاةً تَأْخُذُهَا بَيْنَ سَبَّابَتَيْكَ، أَوْ تَأْخُذُ خَشَبَةً فَتَرْمِي بِهَا بَيْنَ إِبْهَامِكَ وَالسَّبَّابَةِ. «وَنَكَأْتُ الْعُودَ» إِذَا قَشَرْتَهُ، وَالنَّكْءُ فِي الْجُرْحِ مُسْتَعَارٌ مِنْهُ. «وَفَقَأْتُ الْعَيْنَ» إِذَا شَقَقْتَهَا وَبَخَصْتَهَا.

Түсіндірме

Тілімізде көбіне «сақпан» деп аударылатын «хазф» сөзін тіл мамандары бас бармақ пен сұқ саусақтың көмегімен тас, дән сияқты ұсақ затты ату деп түсіндірген. Ұсақ затты бас бармақтың ішкі жағы мен сұқ саусақтың сыртқы ұшына қысып атады. Михзафа деп аталатын құралмен ұсақ тас ату да осы сөзбен аталады. Мұндай соққы ірі аңның қанын ағызбайды, жанын ғана қинайды. Ұсақ аң соққыдан өліп қалса да, қаны ақпағандықтан еті желінбейді. Тас аңның тісін сындырып, көзін шығарып, жарақаттан басқа пайда бермейді. Осы себептерге байланысты Алла елшісі (с.а.с.) аңға саусақпен немесе михзафамен қиыршық тас атуға тыйым салған. Кейбір түсіндірушілер аң аулаудың рұқсат етілген тәсілдеріне дәлел ретінде мына аятты келтірген. «Уа, иман келтіргендер! Алла Өзін көрмесе де, Өзінен именетін құлдарын анықтау үшін қолдарың немесе найзаларың жететін жерден аң шығарып сендерді сынап бағады.» («Мәида», 94-аят).

Аятта аңды қолмен ұстау және найзамен аулау аталған. Найзаның аталуы аңды жарақаттап, қанын ағызатын құралды меңзейді. Таспен, таяқпен немесе тоқпақпен ұрып өлтірілген аңның еті желінбейді. Соққыдан өлген аңды «мауқуза» дейді. Ол таза саналмайды, жеуге жарамсыз. Соққыдан құлаған аңның еті адал болуы үшін оны жаны шықпай тұрып бауыздау керек. Бауыздалмай, соққыдан өлген аңның еті желінбейді.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 122, «Тәпсір», «Фатх», 5, «Зәбәих», 5 (5479). Мүслим, «Сайд», 54 (1954). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 178 (5270). Нәсәи, «Қасама», 37 (8/47).
3477
Кутуб ситтә, № 3477 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ أَكْلِ صَيْدِ كَلْبِ الْمَجُوسِيِّ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) мәжусидің иті аулаған аңның етін жеуге тыйым салды»1.

Түсіндірме

Бағауи бұл хадисті былай түсіндірген: «Мұсылман мәжусидің итімен аулаған аңның еті адал. Ал мәжуси мұсылманның итін салып аулаған аңның еті харам. Мұсылман оны тірідей тауып, бауыздап үлгерсе, еті адал болады. Мұсылман мен мәжуси итті аңға бірге салып, ит аңды өлтірсе, оның еті харам болады».

Әли әл-Қари былай дейді: «Ғалымдар бауыздаған адамның мұсылман болуын “иллә мә зәккәйтум” деген аят үзіндісіне (“Мәида”, 3-аят) сүйеніп шарт еткен. Ал кітап иелерінің бауыздаған малына қатысты “сендерге кітап иелерінің сойған малдары да адал. Сендердің адал астарың да оларға адал.” (“Мәида”, 5-аят) деген аятты негізге алған. Мұнда шариғатқа сай, Алладан өзгенің атын атамай сойылған мал меңзеледі. Өйткені бауыздауды қажет етпейтін тағамды кім әзірлесе де, адал. Кітап иелері мал сойғанда Алладан өзгенің атын атамауы керек. Исаның (а.с.), әулиенің немесе пайғамбардың атымен сойса, еті желінбейді. Себебі Құранда: “Алладан басқаның атымен бауыздалған малдың етін харам қылды” (“Бақара”, 173-аят), – делінген. Тәухидті мойындамайтын мәжуси мен пұтқа табынушы сойған малдың еті желінбейді».

  1. 1Тирмизи, «Сайд», 2 (1466). Тирмизи нұсқасында Жәбир «Бізге мәжусидің иті аулаған аңды жеуге тыйым салынды» дейді.