وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مُغَفَّلٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنِ الْخَذْفِ، وَقَالَ: إِنَّهُ لَا يَقْتُلُ الصَّيْدَ وَلَا يَنْكَأُ الْعَدُوَّ، وَإِنَّهُ يَفْقَأُ الْعَيْنَ وَيَكْسِرُ السِّنَّ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.
Абдулла ибн Муғаффал (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қиыршық тасты саусақпен атуға тыйым салды. Ол: “Бұлай атқан тас аңды өлтірмейді, дұшпанды жараламайды. Бірақ көзді шығарып, тісті сындырады”, – деді»1.
«الْخَذْفُ» بِالْخَاءِ الْمُعْجَمَةِ: رَمْيُكَ حَصَاةً أَوْ نَوَاةً تَأْخُذُهَا بَيْنَ سَبَّابَتَيْكَ، أَوْ تَأْخُذُ خَشَبَةً فَتَرْمِي بِهَا بَيْنَ إِبْهَامِكَ وَالسَّبَّابَةِ. «وَنَكَأْتُ الْعُودَ» إِذَا قَشَرْتَهُ، وَالنَّكْءُ فِي الْجُرْحِ مُسْتَعَارٌ مِنْهُ. «وَفَقَأْتُ الْعَيْنَ» إِذَا شَقَقْتَهَا وَبَخَصْتَهَا.
Түсіндірме
Тілімізде көбіне «сақпан» деп аударылатын «хазф» сөзін тіл мамандары бас бармақ пен сұқ саусақтың көмегімен тас, дән сияқты ұсақ затты ату деп түсіндірген. Ұсақ затты бас бармақтың ішкі жағы мен сұқ саусақтың сыртқы ұшына қысып атады. Михзафа деп аталатын құралмен ұсақ тас ату да осы сөзбен аталады. Мұндай соққы ірі аңның қанын ағызбайды, жанын ғана қинайды. Ұсақ аң соққыдан өліп қалса да, қаны ақпағандықтан еті желінбейді. Тас аңның тісін сындырып, көзін шығарып, жарақаттан басқа пайда бермейді. Осы себептерге байланысты Алла елшісі (с.а.с.) аңға саусақпен немесе михзафамен қиыршық тас атуға тыйым салған. Кейбір түсіндірушілер аң аулаудың рұқсат етілген тәсілдеріне дәлел ретінде мына аятты келтірген. «Уа, иман келтіргендер! Алла Өзін көрмесе де, Өзінен именетін құлдарын анықтау үшін қолдарың немесе найзаларың жететін жерден аң шығарып сендерді сынап бағады.» («Мәида», 94-аят).
Аятта аңды қолмен ұстау және найзамен аулау аталған. Найзаның аталуы аңды жарақаттап, қанын ағызатын құралды меңзейді. Таспен, таяқпен немесе тоқпақпен ұрып өлтірілген аңның еті желінбейді. Соққыдан өлген аңды «мауқуза» дейді. Ол таза саналмайды, жеуге жарамсыз. Соққыдан құлаған аңның еті адал болуы үшін оны жаны шықпай тұрып бауыздау керек. Бауыздалмай, соққыдан өлген аңның еті желінбейді.
- 1Бұхари, «Әдеп», 122, «Тәпсір», «Фатх», 5, «Зәбәих», 5 (5479). Мүслим, «Сайд», 54 (1954). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 178 (5270). Нәсәи, «Қасама», 37 (8/47).