Хадис

Кутуб ситтә, № 3493

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
474. Ислам және тазалық
Нөмірі
№ 3493 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
3493
Кутуб ситтә, № 3493 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ رَجُلٌ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: إِنَّا نَرْكَبُ الْبَحْرَ، وَنَحْمِلُ مَعَنَا الْقَلِيلَ مِنَ الْمَاءِ، فَإِنْ تَوَضَّأْنَا بِهِ عَطِشْنَا، أَفَنَتَوَضَّأُ بِمَاءِ الْبَحْرِ؟ فَقَالَ: هُوَ الطَّهُورُ مَاؤُهُ، الْحِلُّ مَيْتَتُهُ». أَخْرَجَهُ الْأَرْبَعَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Алланың елшісі! Біз теңізге шығамыз да, өзімізбен аз ғана су аламыз. Онымен дәрет алсақ, шөлдейміз. Теңіз суымен дәрет алуға бола ма?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Теңіздің суы таза әрі тазартушы. Онда өлген теңіз жануарының еті адал”, – деді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісіне (с.а.с.) осы сұрақты қойған сахабаның есімі жайында риуаяттар әртүрлі. Біздіңше, мұнда кісінің есімінен гөрі хадистен шығатын үкім маңызды. Ахмад, Хаким және Бәйһақи жеткізген бір риуаятта бұл сұрақты балықшылар қойғаны айтылады.

Бұл риуаят сол дәуірдегі Арабия жағалауында балық аулаудың кейбір қырын да көрсетеді: «Бір күні Алла елшісінің (с.а.с.) жанында едік. Бір балықшы келіп: “Уа, Алланың елшісі! Біз теңізге балық аулауға шығамыз, ас пісіретін ыдыстарымызды ала кетеміз. Қайыққа мінгенде жағалауға жақын жерден аулап қайтуды ойлаймыз. Кейде балық сол маңнан табылады, кейде табылмайды. Сонда әуелде ойламаған алысқа жүзіп кетеміз. Мұндайда адам жүніп болып қалуы немесе дәрет алуға мұқтаж болуы мүмкін. Ала шыққан суымызбен жуынсақ не дәрет алсақ, шөлден өлеміз. Теңіз суын ғұсылға не дәретке қолдану жайында не айтасыз?” – деп сұрады».

Алла елшісі (с.а.с.) бұл сұраққа жауап бергенде теңіз суын «таһүр» деп атаған. Бұл сөз таза әрі тазартушы, яғни онымен тазалануға болады дегенді білдіреді. Құранда жаңбыр суы да осылай аталған: «Сөйтіп, аспаннан тап-таза су түсірдік. Оны өлі өлкеге жан бітіру һәм Өзіміз жаратқан қаншама түлік пен адамдарды сусындату үшін түсіреміз.» («Фурқан», 48–49).

2. Өлексе – шариғатта етін жеуді адал ететін жолмен сойылмай өлген жануар. Құранда өлексе жеуге тыйым салынған («Бақара», 173). Ал бұл хадисте теңіз жануарының өлексесі адал делінеді. Ғалымдар мұны теңізде тіршілік ететін жануарға қатысты түсіндірген. Себебі «теңіз өлексесі» дегенде теңізге түсіп өлген құрлық жануары емес, суда тіршілік ететін жануардың өлексесі ұғынылады.

Жоғарыда айтқанымыздай, балықтан өзге теңіз жануарларының етін жеу мәселесінде ғалымдар әртүрлі пікір ұстанған. Ханафи ғалымдары: «Балықтан өзге су жануарларын жеу харам», – дейді. Ахмад ибн Ханбал бақа мен қолтырауыннан басқасын жеуге болады деген. Мәлик пен Ибн Әбу Ләйла: «Теңіздегінің бәрін жеуге болады», – дейді.

Шафиғи ғалымдарының да пікірлері әртүрлі.

Ибн Хажар былай дейді: «Ғалымдар тіршілігі тек суда өтетін балық түрлерінің адал екеніне бірауыздан келіскен. Ал адамға, итке, доңызға, жыланға және басқа құрлық жануарларына ұқсайтын теңіз жануарлары жөнінде пікір әртүрлі. Ханафи ғалымдары мен шафиғи ғалымдарының бір тобы балықтан өзге су жануарларын жеуге болмайды дейді. Шафиғи мәзһабындағы басым көзқарас бойынша, теңізде тіршілік ететін жануарлардың бәрі адал. Мәликилер де осы пікірде, бірақ бір риуаятында теңіз доңызы бұған кірмейді. Бұл пікірді ұстанғандар Құрандағы “Теңізден балық аулау һәм одан алынатын қорек түрлері сендерге де, жолаушыларға да ризық болсын деп адал етілді.” деген аятты дәлелге алады» («Мәида», 96).

Бір топ шафиғи ғалымы: «Еті желінетін құрлық жануарларына ұқсайтын су жануарлары адал. Еті желінбейтіндерге ұқсайтындары харам», – деген. Олар суда да, құрлықта да тіршілік ететін жануарларды бұл үкімге қоспай, екіге бөлген.

1) Еті тыйым салынған жануарлар. Мысалы, бақаны өлтіруге Алла елшісі (с.а.с.) тыйым салғандықтан, Ахмад ибн Ханбал оны да харамға жатқызған. Қолтырауын суда тіршілік еткенімен, азу тісімен шабуыл жасайтын жыртқыш болғандықтан, оның да етін жеуге болмайды. Сол пікірді ұстанғандар теңіздегі акула, жылан, краб, шаян мен тасбақаның етін табиғатынан жиіркенішті немесе улы деп санап, жеуге тыйым салған.

2) Етіне тыйым салынбаған жануарлар. Шариғаттағы шарттар сақталып сойылса, қаз және басқа су құстарының2 еті адал.

Бұл тақырыпқа қатысты қосымша түсіндірме № 3478 хадисте берілді.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Таһарат», 12 (1/22). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 41 (83). Тирмизи, «Таһарат», 52 (69). Нәсәи, «Мияһ», 5 (332). Ибн Мәжа, «Таһарат» (386).
  2. 2Арабша الْبَطُّ сөзін «Қамуста» қазға қатысты түсіндірген. Бұл сөз үйрекке де қолданылады. «Мүнжид» الْإِوَزُّ сөзінен айырып, мойны мен аяғы қысқа су құсы деп сипаттайды.