Хадистер
Әр мұсылман тән тазалығын да, рухани тазалықты да сақтауға міндетті. Алла елшісі (с.а.с.) «Тазалық – иманның жартысы» және «Намаздың кілті – тазалық» деген сөздерімен діни өмірдің тазалыққа негізделетінін мүміндердің санасына сіңіруді көздеген. Иман мен ислам ұғымдарының арақатынасы жөніндегі ғалымдар таласын бұл жерде қозғамайық. Сахих хадисте: «Иманның не екенін түсіндірейін. Ол – Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед – Алланың елшісі деп куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау және олжаның бестен бірін беру», – делінген. Осы сөзге сүйенсек, «иман» көбіне дінді білдіреді. Тазалық діни өмірдің жартысы әрі екінші жартысы қабыл болуының алғышарты болып шығады. Бұл мұсылман үшін тазалықтың мәнін арттыра түседі. Тәнге де, рухқа да қатысты амалдардың дұрыстығы мен қабыл болуы тазалыққа байланысты. Сондықтан хадисте: «Тазалықсыз намаз қабыл болмайды», – делінген.
Қабыл болу үшін тазалықтың шарт етілуі намазбен шектелмейді. Алла үшін жасалған істің қабыл болуы оның таза болуына байланысты. Рия араласқан ғибадат қабыл болмайды. Адал жолмен табылмаған мал-мүліктен берілген зекет пен садақа да қабыл болмайды. Ішіп-жегені мен кигені арам адамның дұғасы қабыл болмайды. «Алла пәк, пәк нәрсені ғана қабыл етеді». Құранда «Игі сөз Оның дәргейіне көтеріледі, һәм ол игі істі де көтеріп, қабыл алады» («Фатыр», 10-аят) делінген. Садақаны міндетсініп, жәбір көрсетіп зая кетірмеу жайы «Бақара» сүресінің 264-аятында айтылады.
Демек, мұсылман болу және Аллаға лайықты құл болу үшін адам тәнін де, рухын да таза ұстауға міндетті.
Мұнда тазалық шарты тәнге де, жанға да бірдей қатысты. Жоғарыда айтқанымыздай, ислам тән мен жанды бөліп, біріне басымдық беріп, екіншісіне немқұрайды қарамайды. Екеуінің де тәрбиеленіп, кемеліне келуін көздейді және осы тәрбиенің алғашқы шарты ретінде тазалықты қояды. Менмендік, астамшылық, өтірік, ғайбат, қызғаныш, ашу, ширк, өсек, бос іспен айналысу, жаман көзбен қарау, харамға көз салу, пасықтық, ғапылдық, жаман сөз, үмітсіздік, мақтаншақтық, ысырапшылдық, сараңдық пен мейірімсіздік сияқты рухани кірлерге1 қатаң тыйым салынған. Сонымен бірге ислам құлшылыққа кедергі келтіретін заттай ластықтарды атап, олардан аулақ болуды бұйырады.
Құранның кей аяттары бірқатар діни бұйрықтың тазалықты орнықтыру үшін бекітілгенін аңғартады. Намаздың шарты ретінде ғұсыл, дәрет немесе осы екеуінің орнына жүретін тәяммум бұйырылған аятта: «Алла сендерге ауыртпалық артқысы келмейді. Керісінше, шүкіршілік етерсіңдер деп, сендерді тәндік һәм рухани кірлерден тазартуды және өздеріңе берер нығметін тамамдауды қалайды.» – делінген («Мәида», 6). Сондай-ақ: «Олардың дүние-мүлкінен зекет, садақа ал да, сол арқылы оларды тазартып, күнәларынан арылт әрі сауаптары мен ықыластарының арта түсуіне дәнекер бол.» – делінген («Тәубе», 103). Алла елшісінің (с.а.с.) «Әр нәрсенің зекеті бар. Тәннің зекеті – ораза» деген сөзі оразаның да адамды тазарту үшін бекітілгенін білдіреді. Зекет сөзі тілдік мағынада «нәма», яғни өсу, көбею дегенді, сондай-ақ «таһир уә мутаһһир», яғни таза әрі тазартушы дегенді білдіреді. Шариғатта осы екі мағына да қамтылады.
Жоғарыда тазалықты діни амалдардың қабыл болу шарты ретінде қарастырдық. Ал осы аяттар мен хадис адамға парыз етілген амалдардың түпкі мақсаты да оны шынайы тазалыққа жеткізу екенін көрсетеді. Демек, тазалық – діндегі әрі құрал, әрі мақсат.
Исламның тазалыққа берген маңызын хадис пен фиқһ кітаптарының басым бөлігі тазалық, яғни таһарат тарауынан басталатынынан да байқауға болады.
Содан кейін өзге тарауларға көшеді. Мәселен, «Күтүб-и ситтедегі» Бұхариден өзге бес жинақтың құрылымы осындай. Бұхариде уахидың басталуы туралы тараудан кейін иман тарауы берілген.
Ғазали исламның мүміннен талап ететін тәндік және рухани тазалығын төрт сатыға бөледі:
Біріншісі – сыртқы тазалық, яғни хадәстен, нәжістен және артық нәрселерден арылу.
Екіншісі – дене мүшелерін бірқатар теріс іс пен күнәдан тазарту.
Үшіншісі – жүректі жаман мінезден тазарту.
Төртіншісі – жүректі Алла тағаладан өзге нәрсенің бәрінен тазарту. Бұл – тазалықтың ең жоғары сатысы. Ол пайғамбарларға және олардан кейінгі ең абзал жандарға, яғни сыддықтарға тән.
Исламдағы тазалықтың ауқымы мен қамтитын қырларын көрсеткен соң, енді тәнге қатысты сыртқы тазалыққа тоқталамыз.
Сүннетте сыртқы тазалық ұғымы адамның денесімен шектелмейді. Оған киімнің, баспананың, елді мекен мен қоршаған ортаның тазалығы да кіреді. Адам осылармен тығыз байланыста өмір сүреді, әрқайсысының оған әсері бар. Сондықтан мұсылманның тәндік және әлеуметтік ортасы заттай да, рухани да оның сеніміне сай, иман қағидаларына сәйкес реттелуі керек. Мұнда солардың ішінен дене мен киімнің, баспана мен мекеннің тазалығын қарастырамыз.
Дене мен киім тазалығы
Тазалықтың екі қыры бар. Бірі – «хадәс» деп аталатын көзге көрінбейтін күйден, екіншісі – «нәжіс» деп аталатын заттай ластықтан арылу. Хадәс үкімі адамның өзіне қатысты және екіге бөлінеді. Үлкен хадәс жыныстық қатынастан немесе ихтиламнан, яғни ұйқыда шәует бөлінуінен пайда болады. Одан арылу үшін бүкіл денені жуу керек. Кіші хадәс дәретті бұзатын жағдайлардан туындайды. Одан арылу үшін қол, бет пен аяқ сияқты сыртпен үнемі жанасатын дене мүшелерін жуу қажет. Тиісті тазалықсыз намаз оқылмайды.
Шомылу үлкен хадәстен, яғни жүніптіктен арылу үшін ғана қажет емес. Мұсылман аптасына бір рет шомылып тұрғаны жөн. Алла елшісі (с.а.с.): «Кім жұма намазына келетін болса, жуынсын», – деген. Ол мұны: «Жұма күні ғұсыл алу балиғатқа жеткен әр адамға міндет», – деп те қуаттаған. Әли мен Осман (р.а.) сияқты кей сахабалардың жүніп болмаса да, күннің суығына қарамай күнде жуынғаны айтылады.
Дәрет пен ғұсылды Алла тағала бұйырғандай толық алу керек. Дәрет мүшелерін бір не екі рет жуу жеткілікті болса да, су тимеген жер қалдырмай үш рет жуу – дәретті толық алудың үлгісі. Алла елшісі (с.а.с.) асығып, өкшесін дұрыс жумаған адамдарға: «Отқа күйетін өкшелердің халі неткен ауыр!» – деп ескертті. Су тимеген тырнақтай жер қалдырған адамды дәретін қайта алуға жіберді. Елеусіз қалуы мүмкін саусақ арасына да назар аударып: «Саусақтарыңның арасын сумен салалаңдар. Әйтпесе, Қиямет күні Алла олардың арасын тозақ отымен салалайды», – деген. Дәрет бұзылмаса, бір дәретпен бірнеше намаз оқуға болады. Әйтсе де Алла елшісі әр намазға дәретті жаңартып алуға ынталандырған. Алғашқы буын мұсылмандары мұны «Дәрет үстіне дәрет – нұр үстіне нұр» деп сипаттаған. Пайғамбардың Мекке алынған күнге дейін әр намазға дәрет алғаны, ал сол күні бес уақыт намазды бір дәретпен оқығаны риуаят етілген.
Дәрет – күнделікті тазалықтың бір бөлігі. Алла елшісі (с.а.с.) дәретті толық алуға ынталандырып, мұсылмандардың Қиямет күні дәрет мүшелерінен тарайтын нұр арқылы өзге үмбеттерден ерекшеленетінін айтқан. Сондай-ақ адам дәрет мүшесін жуған сайын сол мүшесімен жасаған күнәлары кірімен бірге сумен ағып, одан тазаратынын және дәрет екі намаздың арасында жасалған күнәларға кәффарат болатынын жеткізген.
Сүннетте тазалық үшін айрықша маңызы бар қол мен ауызды жуу намаз уақытымен шектелмейді. Алла елшісі (с.а.с.) ұйқыдан тұрғанда дәреттен бұрын қол жууға назар аударып: «Ұйқыдан тұрған адам қолын үш рет жусын. Өйткені қолының түнде қайда болғанын білмейді», – деген. Сондай-ақ қол мен саусақты жақсылап жуу керектігін ескерткен. Қиямет күнгі от туралы ескерту де осыған қатысты. Сондықтан истинжадан соң және ғұсылда денедегі кірді жуған соң қолды әбден тазарту үшін топырақпен ысқылаған.
Қолды тамақтанар алдында және тамақтанған соң жуады. Сүт секілді майлы тағам ішкеннен кейін де майын кетіру үшін шаю қажет. Әсіресе ұйықтарда қол таза болғаны жөн. Алла елшісі (с.а.с.) жатар алдында дәрет алып, аяқпен бірге дәрет мүшелерінің бәрін жууды ұсынған. Қол жууға ерекше назар аударып: «Қолындағы майды жумай ұйықтаған адамға бір зақым келсе, өзінен көрсін», – деген.
Ауыз тазалығында мисуактың орны ерекше. Алла елшісі (с.а.с.) оны дәрет алған сайын да, одан өзге уақытта да жиі қолданған. Ол: «Жәбірейіл маған мисуак қолдануды қайта-қайта тапсырғаны сонша, тісімнің түбіне зақым келе ме деп қорықтым», – деген. Оның намазға барарда, үйге кіргенде және күндіз не түнде ұйқыдан оянған бойда тісін мисуакпен тазалағаны риуаят етілген.
Алла елшісі (с.а.с.) мисуактың маңызын әртүрлі сөзбен білдірген. «Үмбетіме ауыр тиеді деп қауіптенбесем, әр намаздың алдында мисуак қолдануды бұйырар едім», – деген. Сондай-ақ «Мисуак ауызды тазартады, Раббының разылығына жеткізеді» және «Жәбірейіл маған мисуак қолдануды қайта-қайта тапсырғаны сонша, тісімнің түбіне зақым келе ме деп қорықтым», – деген сөздері жеткізілген. Тағы бір риуаятта: «Жәбірейіл келген сайын мисуакты тапсырғаны сонша, үмбетіме парыз бола ма деп қорықтым», – делінген. Басқа риуаяттарда Кирәмән кәтібин періштелерін адамның тіс арасында ас қалдығымен намазға тұрғанын көруден артық ештеңе мазаламайтыны және мисуак қолданып оқылған намаздың мисуаксыз оқылған намаздан жетпіс есе артық екені айтылады.
Киім мен денені таза ұстаудың тағы бір жолы – истинжа мен истибра. Бұл – үлкен не кіші дәреттен соң нәжістің дене мен киімге жұғуына жол бермеу. Ол үшін дәрет сындырғаннан кейін су қолданады. Су болмаған жағдайда таспен кемінде үш рет сүртінеді. Әнәс пен Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) әуелі тас, содан кейін су қолданып тазаланғанын, дәретханадан шыққан соң қолын жуғанын жеткізген. Үлкен дәреттен кейін сумен тазалануға Құранда да ишара бар. Мәдина маңындағы Құба халқы туралы түскен аятта: «Ол мешітте жан-тәнімен күнә һәм арсыздық атаулыдан арылуды, тазаруды қалайтын нағыз ерлер бар. Алла күнә мен арсыздық атаулыдан арылып, тазаруға тырысатын жандарды жақсы көреді.» – делінген («Тәубе», 108). Алла елшісі (с.а.с.) Құба халқына Алла тағала мақтаған тазалық дәреттен кейін су қолдану екенін айтқан.
Алла елшісі (с.а.с.) зәрдің денеге не киімге тиюін елеусіз қалдырмауды қатаң ескерткен: «Зәрден сақтаныңдар. Қабір азабының көбі зәрден болады». Басқа риуаяттарда қабір азабына зәрден сақтанбау және өсек тасу себеп болғаны айтылады. Автор зәрдің дене мен киімге тиюін елеусіз қалдыру Құранда өлген бауырының етін жеуге теңелетін ғайбаттай ауыр айыпталғанын атап өтеді. Тұрып кіші дәрет сындыруға рұқсат берілген риуаяттар бар. Дегенмен зәр шашырамас үшін отырып дәрет сындырған жөн.
Алла елшісі (с.а.с.) дене тазалығына қатысты ғұсыл, дәрет, истинжа, истибра және мисуактан өзге істерді де атаған. Мұртты қысқартуды, тырнақты алуды, қолтық пен шаттың түгін кетіруді тапсырған. Бұл істерді қырық күннен артық кешіктірмеу керектігі айтылған.
Оң және сол қолды қолдану
Сүннетте тазалыққа берілген мән оң және сол қолдың қай іске жұмсалуынан да көрінеді. Алла елшісі (с.а.с.) аяқкиім мен киім кигенде, шаш тарағанда және тазаланғанда оң жақтан бастаған. Лас жерді тазалау немесе қажет болғанда лас затты ұстау үшін сол қолды, ас ішу мен тағам ұстау сияқты таза істерге оң қолды қолдануды бұйырған. Истинжа жасағанда, дәретте мұрын тазалағанда, ғұсылда дененің лас жерін жуғанда және денеге тиген ласты кетіргенде сол қолды қолданған. Кіші дәрет сындырғанда жыныс мүшесін оң қолмен ұстауға тыйым салынған.
Тамақты оң қолмен жеу бұйырылған. Алла елшісі (с.а.с.) сол қолымен тамақ жеп отырған бір адамға: «Оң қолыңмен же», – деді. Әлгі адам тәкаппарланып: «Оң қолыммен жей алмаймын», – дегенде: «Жей алмай қал!» – деді. Осы риуаяттан Пайғамбардың бұл әдепке қаншалық мән бергені көрінеді.
Мекен мен қоршаған ортаның тазалығы
Намаз оқылатын, зікір айтылатын жер әртүрлі нәжістен таза болуы керек. Періштелердің жағымсыз иісті ұнатпайтыны және лас орынға кірмейтіні айтылады. Нәжіс болуы мүмкін қоқыс орны, қасапхана мен моншада намаз оқуға тыйым салынған. Сондай-ақ ит бар немесе зәр тұрған үйге мейірім періштелерінің кірмейтіні жеткізілген. Үйдің бір бөлігі саналатын жуынатын жерді таза ұстап, онда кіші дәрет сындырмау бұйырылған. Өзге риуаяттарда дене мен баспанадан бөлек, қоршаған ортаны да таза ұстау тапсырылған.
Мүслимнің бір риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Лағынетке себеп болатын екі істен сақтаныңдар!» – дейді. Сахабалар олардың не екенін сұрағанда: «Адамдардың жолына немесе көлеңкелейтін жеріне дәрет сындыру», – деп жауап береді. Өзге риуаятта үшінші орын ретінде су алатын жерлер аталған. Кей риуаятта жеміс ағашының түбінде дәрет сындыруға да тыйым салынған. Мұндағы көлеңке ұғымы адамдар тынығатын көлеңкелі орындардың бәрін қамтиды. Сондай-ақ ластанса, өздігінен тазармайтын ағынсыз суға дәрет сындыруға тыйым салынған.
Кей риуаятта лағынетке себеп болатын іс дәрет сындырумен шектелмей, жұртқа жапа шектіру деп берілген: «Мұсылмандарға жол үстінде жапа шектірген кісіге олардың лағынеті тиеді». Адамдарға қолайсыздық тудыратын нәрселерді көпшілік жүретін жерден алып тастауға ерекше мән берілген. Сондықтан ортақ пайдаланатын жерге қоқыс, керексіз зат пен қалдық тастап, жұртқа қолайсыздық туғызбау керек.
Мұсылмандарға жол үстінде жапа шектіру жайындағы ескерту қоршаған ортаны ластауға да қатысты. Жануарлардың індеріне дәрет сындыруға тыйым салынған риуаяттарды ескерсек, сүннет адамдарға да, жануарларға да зиян келтіретін ластықтан аулақ болуды бұйыратынын аңғарамыз.
Судың үкімі
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ رَجُلٌ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: إِنَّا نَرْكَبُ الْبَحْرَ، وَنَحْمِلُ مَعَنَا الْقَلِيلَ مِنَ الْمَاءِ، فَإِنْ تَوَضَّأْنَا بِهِ عَطِشْنَا، أَفَنَتَوَضَّأُ بِمَاءِ الْبَحْرِ؟ فَقَالَ: هُوَ الطَّهُورُ مَاؤُهُ، الْحِلُّ مَيْتَتُهُ». أَخْرَجَهُ الْأَرْبَعَةُ.
Қазақша аудармасы
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Алланың елшісі! Біз теңізге шығамыз да, өзімізбен аз ғана су аламыз. Онымен дәрет алсақ, шөлдейміз. Теңіз суымен дәрет алуға бола ма?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Теңіздің суы таза әрі тазартушы. Онда өлген теңіз жануарының еті адал”, – деді».1
Түсіндірме
1. Алла елшісіне (с.а.с.) осы сұрақты қойған сахабаның есімі жайында риуаяттар әртүрлі. Біздіңше, мұнда кісінің есімінен гөрі хадистен шығатын үкім маңызды. Ахмад, Хаким және Бәйһақи жеткізген бір риуаятта бұл сұрақты балықшылар қойғаны айтылады.
Бұл риуаят сол дәуірдегі Арабия жағалауында балық аулаудың кейбір қырын да көрсетеді: «Бір күні Алла елшісінің (с.а.с.) жанында едік. Бір балықшы келіп: “Уа, Алланың елшісі! Біз теңізге балық аулауға шығамыз, ас пісіретін ыдыстарымызды ала кетеміз. Қайыққа мінгенде жағалауға жақын жерден аулап қайтуды ойлаймыз. Кейде балық сол маңнан табылады, кейде табылмайды. Сонда әуелде ойламаған алысқа жүзіп кетеміз. Мұндайда адам жүніп болып қалуы немесе дәрет алуға мұқтаж болуы мүмкін. Ала шыққан суымызбен жуынсақ не дәрет алсақ, шөлден өлеміз. Теңіз суын ғұсылға не дәретке қолдану жайында не айтасыз?” – деп сұрады».
Алла елшісі (с.а.с.) бұл сұраққа жауап бергенде теңіз суын «таһүр» деп атаған. Бұл сөз таза әрі тазартушы, яғни онымен тазалануға болады дегенді білдіреді. Құранда жаңбыр суы да осылай аталған: «Сөйтіп, аспаннан тап-таза су түсірдік. Оны өлі өлкеге жан бітіру һәм Өзіміз жаратқан қаншама түлік пен адамдарды сусындату үшін түсіреміз.» («Фурқан», 48–49).
2. Өлексе – шариғатта етін жеуді адал ететін жолмен сойылмай өлген жануар. Құранда өлексе жеуге тыйым салынған («Бақара», 173). Ал бұл хадисте теңіз жануарының өлексесі адал делінеді. Ғалымдар мұны теңізде тіршілік ететін жануарға қатысты түсіндірген. Себебі «теңіз өлексесі» дегенде теңізге түсіп өлген құрлық жануары емес, суда тіршілік ететін жануардың өлексесі ұғынылады.
Жоғарыда айтқанымыздай, балықтан өзге теңіз жануарларының етін жеу мәселесінде ғалымдар әртүрлі пікір ұстанған. Ханафи ғалымдары: «Балықтан өзге су жануарларын жеу харам», – дейді. Ахмад ибн Ханбал бақа мен қолтырауыннан басқасын жеуге болады деген. Мәлик пен Ибн Әбу Ләйла: «Теңіздегінің бәрін жеуге болады», – дейді.
Шафиғи ғалымдарының да пікірлері әртүрлі.
Ибн Хажар былай дейді: «Ғалымдар тіршілігі тек суда өтетін балық түрлерінің адал екеніне бірауыздан келіскен. Ал адамға, итке, доңызға, жыланға және басқа құрлық жануарларына ұқсайтын теңіз жануарлары жөнінде пікір әртүрлі. Ханафи ғалымдары мен шафиғи ғалымдарының бір тобы балықтан өзге су жануарларын жеуге болмайды дейді. Шафиғи мәзһабындағы басым көзқарас бойынша, теңізде тіршілік ететін жануарлардың бәрі адал. Мәликилер де осы пікірде, бірақ бір риуаятында теңіз доңызы бұған кірмейді. Бұл пікірді ұстанғандар Құрандағы “Теңізден балық аулау һәм одан алынатын қорек түрлері сендерге де, жолаушыларға да ризық болсын деп адал етілді.” деген аятты дәлелге алады» («Мәида», 96).
Бір топ шафиғи ғалымы: «Еті желінетін құрлық жануарларына ұқсайтын су жануарлары адал. Еті желінбейтіндерге ұқсайтындары харам», – деген. Олар суда да, құрлықта да тіршілік ететін жануарларды бұл үкімге қоспай, екіге бөлген.
1) Еті тыйым салынған жануарлар. Мысалы, бақаны өлтіруге Алла елшісі (с.а.с.) тыйым салғандықтан, Ахмад ибн Ханбал оны да харамға жатқызған. Қолтырауын суда тіршілік еткенімен, азу тісімен шабуыл жасайтын жыртқыш болғандықтан, оның да етін жеуге болмайды. Сол пікірді ұстанғандар теңіздегі акула, жылан, краб, шаян мен тасбақаның етін табиғатынан жиіркенішті немесе улы деп санап, жеуге тыйым салған.
2) Етіне тыйым салынбаған жануарлар. Шариғаттағы шарттар сақталып сойылса, қаз және басқа су құстарының2 еті адал.
Бұл тақырыпқа қатысты қосымша түсіндірме № 3478 хадисте берілді.
- 1Мәлик, «Муатта», «Таһарат», 12 (1/22). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 41 (83). Тирмизи, «Таһарат», 52 (69). Нәсәи, «Мияһ», 5 (332). Ибн Мәжа, «Таһарат» (386).
- 2Арабша الْبَطُّ сөзін «Қамуста» қазға қатысты түсіндірген. Бұл сөз үйрекке де қолданылады. «Мүнжид» الْإِوَزُّ сөзінен айырып, мойны мен аяғы қысқа су құсы деп сипаттайды.
وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قِيلَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّا نَسْتَقِي لَكَ الْمَاءَ مِنْ بِئْرِ بُضَاعَةَ، وَتُلْقَى فِيهَا لُحُومُ الْكِلَابِ، وَخِرَقُ الْمَحَائِضِ، وَعِذَرُ النَّاسِ؟ فَقَالَ: إِنَّ الْمَاءَ طَهُورٌ لَا يُنَجِّسُهُ شَيْءٌ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَهَذَا لَفْظُ أَبِي دَاوُدَ.
Қазақша аудармасы
Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.): “Уа, Алланың елшісі! Біз сізге Бұдаға құдығынан су аламыз. Ал оған ит өлексесі, етеккірге қолданылған шүберек пен адам нәжісі тасталады. Одан су ала берейік пе?” – деп сұрады. Ол: “Су таза әрі тазартушы, оны еш нәрсе нәжіс етпейді”, – деді»1.
وَقَالَ: «سَمِعْتُ قُتَيْبَةَ بْنَ سَعِيدٍ قَالَ: سَأَلْتُ قَيِّمَ بِئْرِ بُضَاعَةَ عَنْ عُمْقِهَا. قَالَ: أَكْثَرُ مَا يَكُونُ الْمَاءُ فِيهَا إِلَى الْعَانَةِ. قُلْتُ: فَإِذَا نَقَصَ؟ قَالَ: دُونَ الْعَوْرَةِ. قَالَ أَبُو دَاوُدَ: قَدَّرْتُ أَنَا بِئْرَ بُضَاعَةَ بِرِدَائِي، مَدَدْتُهُ عَلَيْهَا ثُمَّ ذَرَعْتُهُ، فَإِذَا عُرْضُهَا سِتَّةُ أَذْرُعٍ، وَسَأَلْتُ الَّذِي فَتَحَ لِي بَابَ الْبُسْتَانِ: هَلْ غُيِّرَ بِنَاؤُهَا عَمَّا كَانَتْ عَلَيْهِ؟ قَالَ: لَا. وَرَأَيْتُ فِيهَا مَاءً مُتَغَيِّرَ اللَّوْنِ».
Әбу Дәуіт былай дейді: «Қутайба ибн Сағидтан мына сөзді естідім: “Бұдаға құдығына қарайтын кісіден оның тереңдігін сұрадым. Ол: ‘Су молайғанда шатқа дейін жетеді’, – деді. ‘Азайғанда ше?’ – дегенімде: ‘Әуреттен төмен түседі’, – деді”». Әбу Дәуіт сөзін жалғап: «Құдықтың енін өз шапаныммен өлшедім. Шапанды құдықтың үстіне керіп, ұзындығын өлшегенде, ені алты шынтақ шықты. Бақтың есігін ашқан адамнан: “Құдықтың бұрынғы құрылысы өзгерді ме?” – деп сұрадым. Ол: “Жоқ”, – деді. Құдықтағы судың түсі өзгергенін өзім көрдім», – дейді.
Түсіндірме
1. Тирмизи бұл хадисті «Су таза, оны еш нәрсе нәжіс етпейді» деген тарауда, Әбу Дәуіт пен Нәсәи «Бұдаға құдығы» деген тарауда берген.
Хадис түсіндірушілері Бұдағаны Мәдинадағы белгілі құдық деп сипаттайды.
Турбушти Бұдаға Хазраж тайпасының бір тармағы саналатын Сағида ұрпағы тұрған жер екенін айтады. Тахауи Уахидидің бір риуаятына сүйеніп, Бұдағаны Мәдинаның бау-бақшасына су жеткізетін арна деп, суын ағын су санаған. Алайда Ибн Хажар бастаған зерттеуші ғалымдар бұл пікірді құптамаған: «Су арнасы болса, құдық деп аталмас еді. Оның үстіне Хижаз халқы оны құдық ретінде біледі».
Тиби құдыққа лас заттардың қалай түскенін былай түсіндіреді: «Құдық аңғарлардан құлаған селдің жолында орналасқан. Аңғарға түскен ауыл адамдары аталған лас нәрселерді қонған жерінің маңына тастайтын. Жаңбырдан соң сел оларды ағызып, құдыққа жеткізген. Рауи оқиғаны естіген адамның оны жұрт әдейі тастағандай ұғуына себеп болған түрде баяндаған болуы мүмкін. Мұсылманның ар-ұжданы мұндай іске жол бермейді. Ендеше, ең ізгі дәуірдің таза да қадірлі адамдарынан мұндай қылықты қалай күтуге болады?»
Бұған мынаны қосамыз. Тәндік және рухани болмысы тазалық негізіне құрылған мұсылманды былай қойғанда, тазалықты арнайы жүйеге салмаған, ақыл-есі түзу кез келген адам ит өлексесі мен етеккірге қолданылған шүберек тасталған құдықтан су ішуді қабылдай ма? Рауилер оқиғаның кейбір тұсын айтпай кеткен болуы мүмкін. Бұдаға құдығы жаһилият дәуірінде солай қолданылып, кейін тазартылып, жөнделіп, қайта пайдалануға берілген деген жорамал бар. Рауилер осы жай-жапсарды жеткізбеген болуы ықтимал. Турбушти де осыған ұқсас ықтималды атайды.
Бұдаға суы мол құдық болғанын да ескерген жөн. Суы екі құлладан асқан. Оған түскен лас зат судың иісін, дәмін не түсін өзгертпесе, су нәжіс саналмайды. Ағын су мен екі құлладан асатын суға қатысты шариғат үкімі осындай. Шаһ Уәлиулла әд-Дәһләуи «Хужжатуллаһ әл-балиға» еңбегінде былай түсіндіреді: «Алла елшісінің (с.а.с.) “Су таза, оны еш нәрсе нәжіс етпейді” деген сөзінің мәні мынада. Табиғи затқа лас нәрсе араласқанда, оның бастапқы болмысы бірден бұзылмайды. Лас затты алып тастағаннан кейін судың табиғи қасиеті, яғни иісі, дәмі, түсі мен құрамы өзгермесе, ол өзінің бастапқы қалпында қалады. Бұдаға құдығында лас заттар қалып қойған деуге бола ма? Адам табиғатынан мұндай ластықтан аулақ жүреді. Сондықтан Алла елшісінің сондай лас жерден су алуы мүмкін емес.
Оқиға былай болғанға ұқсайды: құдыққа кейде байқаусызда лас заттар түскен. Бүгін де құдыққа бөтен зат түсіп кететіні бар. Оны көргенде алып тастайды. Ислам келгенде, адамдар Алла елшісінен (с.а.с.) судың көзге көрінетін тазалығынан бөлек, шариғат тұрғысынан таза саналатынын сұраған. Ол: “Су таза, оны еш нәрсе нәжіс етпейді”, – деп жауап берген. Яғни суды оның өзінде бар ластық қана ластайды».
Шаһ Уәлиулла судың жаратылысынан таза екеніне назар аударады. Демек, су алатын құдыққа бір кезде лас зат түскені үшін ғана, қазір оны ластап тұрған нәжіс болмаса, шариғат ол суды нәжіс деп есептемейді.
Мұны бүгінгі ірі қалалардағы су тапшылығын шешу тәсілдерінің бірінен де көруге болады. Кәрізге кеткен су өңделіп, зиянды заттардан тазартылып, залалсыздандырылып, тиісті сынақтан өткізілген соң қайта пайдалануға, соның ішінде ішуге жарамды күйге келтіріледі. Лас зат суға араласқан сәтте оның табиғаты түгел бұзылса, бұған қол жетпес еді. Автор осы тұрғыдан Алла елшісінің (с.а.с.) «Су таза. Оны еш нәрсе нәжіс етпейді» дегенін уахи арқылы құбылыстың ақиқатын таныған2 пайғамбардың мұғжизалық сөзі деп бағалайды. Сол дәуірде мұны осындай сеніммен айту басқа адамның қолынан келмес еді.
Автордың пайымынша, бүгінгі технология да осы сөздің мәнін көрсетеді. Су өзіне араласқан заттан ластанады, бірақ оның табиғаты жойылмайды. Кейін араласқан заттарды бөліп алғанда таза су қалады. Осындай үдеріс табиғатта да жүреді. Ластанған су табиғатта қайта тазармаса, дүние жаратылғалы ластанған судың көптігінен жер бетінде бүгін таза су қалар ма еді?
- 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 34 (66–67). Тирмизи, «Таһарат», 49 (66). Нәсәи, «Мияһ», 2 (326).
- 2Алла елшісінің (с.а.с.) дұғаларының бірі ретінде: «Уа, Алла, маған заттардың ақиқатын көрсет!» – деген сөз келтіріледі.
وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ وَهُوَ يُسْأَلُ عَنِ الْمَاءِ يَكُونُ فِي الْفَلَاةِ مِنَ الْأَرْضِ، وَمَا يَنُوبُهُ مِنَ الدَّوَابِّ وَالسِّبَاعِ. فَقَالَ: إِذَا كَانَ الْمَاءُ قُلَّتَيْنِ لَمْ يَحْمِلِ الْخَبَثَ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ. «يَنُوبُهُ»: يَتَرَدَّدُ إِلَيْهِ مِنْ دَابَّةٍ وَسَبُعٍ.
Қазақша аудармасы
Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) айдалада мал мен жыртқыш аңдар келіп су ішетін судың үкімі жайында сұралғанын естідім. Ол: “Су екі құллаға жетсе, нәжісті бойына сіңірмейді”, – деді»1.
Түсіндірме
Алла елшісінен (с.а.с.) мал мен жыртқыш аң келіп шөлін қандыратын елсіз жердегі судың үкімі сұралған. Хадистің мағынасы суға жануардың сілекейі араласуы, жануардың суға түсуі, дәрет сындыруы сияқты ықтимал жағдайларды да қамтиды.
Алла елшісі (с.а.с.) көлемі екі құллаға жеткен судың үкімі таза екенін айтқан. Автор ағын судың немесе белгілі бір көлемнен асқан судың бойына түскен ластықтан арылу қабілетін, бұған суда тіршілік ететін кейбір микроағзалардың қатысатынын мысалға келтіреді.
Құлла деген не?
Сөздік жасаушылар мен хадис түсіндірушілері құлланы су сақтайтын үлкен құмыра деп сипаттаған. Мужаһидтен «Қуллатани жарратан», яғни «Екі құлла – екі құмыра» деген сөз жеткен. Ол құмыраны үлкен деп нақтыламаған. Кей түсіндірушілер құллаға 250 ратл немесе одан да көп су сыяды деген. Дегенмен жұрт түгел қабылдаған бір көлем жоқ.
Хадис екі құлла суға нәжіс түссе, оның үкімі қандай болатынын көрсетеді. Шафиғи ғалымдары осы хадиске сүйенген. Олардың пікірінше, екі құлла суға жыртқыш келіп су ішсе немесе нәжіс түссе де, иісі, дәмі не түсі өзгермеген су таза саналады. Екі құллаға жетпейтін суға нәжіс араласса, аталған үш белгі өзгермесе де, су нәжіс болады.
Ханафи ғалымдары таза және нәжіс суды ажырататын өлшемдерді көбіне рәйге, яғни пайымға сүйеніп белгілеген. Олар екі құлла өлшемінің орнына2 «үлкен хауыз» ұғымын қолданған. Бұл – ағынсыз суға қатысты ұғым. Оның көлемін анықтаудың он екі түрлі сипаттамасы бар.
Осы сипаттамалардың ең көп қабылданғанын келтірейік. Бетінің ауданы жүз шаршы шынтаққа жеткен су үлкен хауыз саналады. Төртбұрышты болса, ені мен ұзындығы он-он шынтақ, ал дөңгелек болса, шеңберінің ұзындығы отыз алты шынтақ болуы керек. Екеуінің де суы уыстап алғанда түбі ашылып қалмайтындай терең болуы шарт.
Шафиғи ғалымдары сүйенген құлла хадисінің жеткізілуі сенімді. Алайда Тахауидің айтуынша, жұртқа бірдей мәлім құлла өлшемі болмаған. Дәстүрде үлкен құмыраны да, кіші құмыраны да құлла деген. Сондықтан көлемді нақты белгілеу мүмкін болмай, ханафи мәзһабында бұл хадис мөлшерді анықтауға негіз етілмеген.
Ағын судың аз-көбіне қарамайды. Ағысы бір сабанды ілестіріп әкететіндей болса, тазалық үкімі үлкен хауызбен бірдей. Яғни суға түскен нәжістен оның иісі, түсі не дәмі өзгермесе, су таза саналады.
Қорыта айтқанда, шариғат бекіткен осы өлшемдер адамның табиғи байқау мүмкіндігіне сүйенеді. Бүгінде судың сапасы мен зиянын анықтайтын бірнеше құрал бар. Әйтсе де діни өлшемдердің мәні жоғалмайды, өйткені адам зерттеу құралдарын өзімен бірге әрдайым алып жүре алмайды. Тауда, жазық далада не сапарда суға қатысты мәселе кез келген уақытта тууы мүмкін. Таза және нәжіс су жөніндегі діни қағидаларды білу кей қателік пен қауіпті азайтады. Құрал-жабдық қолжетімсіз ауылдар, тіпті тұтас аудандар әлі бар. Ол жерлерде бұл өлшемдерді білу қажет.
Тазалығына күмән жоқ су барда, шариғаттың сыртқы өлшеміне сай келгенімен, көңілде күдік тудыратын суды қолданудың қажеті жоқ.
Ал басқа су болмаса, шариғатта көрсетілген шарттар жеткілікті. Сол шарттарға сай келмейтін судан сақтану керек. Оны ішуге де, тазалыққа қолдануға да болмайды.
Су туралы қосымша түсіндірмелер төмендегі хадистерде беріледі.
- 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 33 (63–65). Тирмизи, «Таһарат», 50 (67). Нәсәи, «Мияһ», 3 (328). Ибн Мәжа, «Таһарат», 75 (517–518).
- 2Құлланың көлемі әртүрлі болғандықтан, Ибн Хажардың айтуынша, шафиғи ғалымдары көп судың мөлшерін анықтау жөнінде тоғыз пікір айтқан.
وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَا يَبُولَنَّ أَحَدُكُمْ فِي الْمَاءِ الدَّائِمِ الَّذِي لَا يَجْرِي، ثُمَّ يَغْتَسِلُ فِيهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ.
Қазақша аудармасы
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ешқайсың ағынсыз суға кіші дәрет сындырып, артынан сол судың ішінде жуынбасын”, – деді».1
Түсіндірме
1. Хадис адам зәрінің ағынсыз суды ластайтынын көрсетеді. Ғалымдардың айтуынша, ағынсыз судың ластануына қатысты үкімде адам мен жануардың зәрі бірдей қаралады.
2. Бұл хадистегі ағынсыз су – үлкен хауыз мөлшеріне жетпейтін су. Жоғарыда айтылғандай, судың аз-көбін ажырататын мөлшер жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір ұстанған.
Хадис түсіндірушілерінің айтуынша, мұндай пікір алшақтығы үкімнің босаңдығынан туған жоқ. Алла елшісі (с.а.с.) үмбетіне кеңшілік болсын деп судың мөлшерін әдейі нақтыламаған.
3. Хадистің бір нұсқасында فِيهِ («ішінде») орнына مِنْهُ («одан») сөзі келген. Екінші нұсқа зәр араласқан суға түспей, одан су алып жуынуға тыйым салынатынын алға шығарады. Жалпы екі нұсқада да әлгіндей сумен жуынуға жол берілмейді. Айырмасы мынада. فِيهِ келген нұсқада суға түсіп жуынуға мәтіннің өзі, одан су алып жуынуға сол мәтіннен шығарылған үкім тыйым салады. مِنْهُ келген нұсқада судан алып жуынуға мәтіннің өзі, суға түсіп жуынуға мәтіннен шығарылған үкім тыйым салады.
4. Имам Мәликтен жеткен риуаят бойынша, зәр судың сипатын өзгертпесе, бұл тыйым танзиһи мәкрүһті білдіреді. Өзге имамдар осы үкімді су көп болған жағдайда қолданған. Қуртуби судың аз-көбіне қарамай, ағынсыз суға зәр жіберу оны ластайтынын айтқан. Ол зиянға бастайтын жолды жабу қағидасына, яғни садд әз-зараиғқа сүйеніп, бұл әрекетті тахрими мәкрүһке жатқызуға болады деген.
- 1Бұхари, «Дәрет», 68 (239). Мүслим, «Таһарат», 95 (282). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 36 (69–70). Тирмизи, «Таһарат», 51 (68). Нәсәи, «Таһарат», 46 (1/49), «Ғұсыл», 1 (1/197).
وَلِمُسْلِمٍ فِي أُخْرَى: «لَا يَغْتَسِلُ أَحَدُكُمْ فِي الْمَاءِ الدَّائِمِ وَهُوَ جُنُبٌ». قَالُوا: كَيْفَ يَفْعَلُ يَا أَبَا هُرَيْرَةَ؟ قَالَ: «يَتَنَاوَلُهُ تَنَاوُلًا».
Қазақша аудармасы
Мүслимнің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен өзге риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Ешқайсың жүніп күйінде ағынсыз судың ішінде жуынбасын», – деген. Одан: «Уа, Әбу Һурайра, онда қалай жуынады?» – деп сұрағанда, ол: «Суды ала отырып жуынады», – деп жауап берген1.
Түсіндірме
1. Хадисте жүніп адамға ағынсыз суға түсіп жуынуға тыйым салынған. Кей ғалымдар осыған сүйеніп, пайдаланылған суды нәжіс санаған. Олардың айтуынша, алдыңғы хадисте зәр жіберуге, мұнда жуынуға тыйым салынған. Екі әрекет те суды нәжіс қылатындықтан, екеуіне де тыйым салынған және екі тыйым да харамдықты білдіреді. Өзге ғалымдардың пікірінше, жуынуға тыйым салу судың тазартқыш қасиетін сақтауды көздейді. Себебі қолданылған су – таза, бірақ тазартушы емес.
Әбу Дәуіттің бір риуаятында екі тыйым қатар айтылған: «Ешқайсың ағынсыз суға кіші дәрет сындырмасын және жүніп күйінде сол судың ішінде жуынбасын».
Әбу Һурайраның жауабы жуыну әдебін де, тыйымның бір себебін де көрсетеді. Суды уыстап немесе ыдыспен алып жуыну керек. Сонда су таза қалып, оны өзгелер де қолдана алады.
2. Жоғарыда айтылғандай, кей ғалымдар осы хадиске сүйеніп, қолданылған суды нәжіс санаған. Алайда бұл мәселеде ортақ пікір жоқ.
Әуелі «ма мұстағмал» ұғымын анықтап алайық. Тілдік мағынасы – қолданылған су. Шариғатта бұл атау кез келген қолданылған суға берілмейді. Хадәсті, яғни үкімдік нәжісті кетіру, парызды өтеу немесе сауап алу үшін денеге не дене мүшесіне жұмсалған су осылай аталады. Бұған дәретте дәрет мүшелерін жуған су, жүніптіктен арылу үшін бүкіл денені жуған су, сүннетке сай ас алдында және астан кейін қол жуған су, сондай-ақ дәреті бола тұра өзге жиынға барғанда қайта дәрет алуға жұмсаған су2 жатады. Ханафи мәзһабындағы Имам Ағзам мен Әбу Юсуф бұл суды нәжіс десе, Имам Мұхаммед таза санаған.
Имам Ағзамнан жеткен бір риуаят бойынша, қолданылған су – ауыр нәжіс. Ол нақты нәжісті кетіруге жұмсалған сумен тең саналады. Имам Мұхаммед мұндай суды таза, бірақ тазартушы емес деп есептеген. Ханафи мәзһабындағы пәтуа оның пікіріне сүйенеді. Судың таза саналуының бір салдары – дәрет алғанда денеден аққан су киімге тисе, киім нәжіс болмайды.
Автор ғалымдардың пікір алшақтығын мейірім деп бағалайды. Мәзһабта Имам Мұхаммедтің пікірі негізге алынғанымен, қолданылған судан аулақ болып, дәрет пен ғұсылда шашыраған судан сақтануды ұсынады. Діни өмірді берік ұстау үшін пәтуадағы жеңілдікпен шектелмей, азиметті ұстанып, тақуалыққа ұмтылу керектігін айтады. Сондай-ақ Әбу Ханифаның бір пікірінде бұл суды ауыр нәжіске жатқызғанын еске салады.
Шафиғи мәзһабының үкімін Нәуәуи былай түсіндіреді: «Біздің және өзге мәзһабтардың ғалымдары ағынсыз суға түсіп жуынуды, суы аз болсын, көп болсын, мәкрүһ санайды. Ағын су көзіне түсіп жуыну да мәкрүһ. Имам Шафиғи “әл-Бууәйтиде” былай дейді: ‘Жүніп адамның суы ағатын не ағынсыз құдыққа немесе ағынсыз суға түсіп жуынуын мәкрүһ санаймын. Судың аз-көбінде айырма жоқ’.
Мәзһабымыздың ғалымдары мен өзге фақиһтар да осылай үкім берген. Бұл үкім танзиһи мәкрүһті білдіреді.
“Жүніп адам ағынсыз суға түсіп жуынғанда, ол қолданылған суға айнала ма?” деген сұрақты мәзһабымыздың фақиһтары егжей-тегжейлі қарастырған. Су екі құлла не одан көп болса, әр уақытта бірнеше адам түсіп жуынған күннің өзінде, ол қолданылған су саналмайды. Екі құлладан аз суға жүніп адам әуелі ниетсіз түсіп, кейін су ішінде ниет етсе, жүніптіктен арылады, су да қолданылған су болады. Тізесіне дейін суға кіріп, денесінің қалған бөлігін батырмай тұрып ниет етсе, сол су оның денесінің қалған бөлігіне қатысты бірден қолданылған су саналады. Ғалымдар ниетке дейін суға батқан бөлігінің жүніптіктен арылатынына келіскен. Ал қалған бөлігін түгел суға батырса, таңдалған әрі кең тараған пікір бойынша, одан да жүніптік кетеді. Өйткені су жуынған кісінің денесінен ажыраған соң ғана оған қатысты қолданылған суға айналады.
Мәзһаб ғалымы Әбу Абдулла әл-Хидри: “Тізесіне дейін батып, содан кейін ниет етіп суға түскен кісінің денесінің қалған бөлігі жүніптіктен арылмайды”, – деген.
Мәзһабта алдыңғы көзқарас қабылданған. Бұл үкім денеге тиген су одан ажырамай тұрып, дененің түгел батуына байланысты. Су әуелі батқан бөліктен ажырап, ағынсыз суға араласқаннан кейін3 адам денесінің қалған бөлігін батырса, жүніптіктен арылмайды. Бұл мәселеде ғалымдар бір пікірде.
Екі адам екі құллаға жетпейтін суға бірге түсіп, содан кейін екеуі бір мезгілде ғұсылға ниет етсе, екеуі де жүніптіктен арылып, су қолданылған су болады.
Екеуінің бірі ертерек ниет етсе, сол кісі жүніптіктен арылады, ал су екінші адамға қатысты қолданылған суға айналады. Екіншісі кейін ниет еткенмен, мәзһабымыздың сахих пікіріне сай, ол судан жүніптіктен арылмайды. Шәзз, яғни сирек пікірде, екіншісі де арылатыны айтылған. Екі адам тізеге дейін жететін аз суға кіріп ниет етсе, суға батқан бөліктері жүніптіктен арылып, су қолданылған суға айналады. Содан соң осы сумен денелерінің қалған бөлігін жуса, ол бөліктер жүніптіктен арылмайды. Шәзз пікірде қалған бөліктері де тазарады делінген».
Ниеттің қай кезде жасалғанына қарай үкімнің неге өзгеретінін ұғу үшін, әуелде берілген қолданылған судың анықтамасын еске түсіру керек.
- 1Мүслим, «Таһарат», 97 (283).
- 2Имам Зуфардың пікірінше, дәретті адам дәреті бұзылмай тұрып қайта дәрет алса, сол су қолданылған су саналмайды. Ол таза әрі тазартушы болып қалады.
- 3Су денеден ажыраған соң қолданылған суға айналып, тазартқыш қасиетін жоғалтады. Қолданылған су араласқан екі құлладан аз сумен ғұсыл алуға болмайды. Ал оны нәжіс санайтын пікір бойынша, осы аз су да нәжіске айналады.
وَعَنْ يَحْيَى بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ: «إِنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ خَرَجَ فِي رَكْبٍ فِيهِمْ عَمْرُو بْنُ الْعَاصِ حَتَّى وَرَدُوا حَوْضًا، فَقَالَ عَمْرُو بْنُ الْعَاصِ: يَا صَاحِبَ الْحَوْضِ، هَلْ تَرِدُ حَوْضَكَ السِّبَاعُ؟ فَقَالَ عُمَرُ بْنُ الْخَطَّابِ: يَا صَاحِبَ الْحَوْضِ، لَا تُخْبِرْنَا، فَإِنَّا نَرِدُ عَلَى السِّبَاعِ وَتَرِدُ عَلَيْنَا. وَإِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: لَهَا مَا أَخَذَتْ فِي بُطُونِهَا، وَمَا بَقِيَ فَهُوَ لَنَا طَهُورٌ وَشَرَابٌ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ إِلَى قَوْلِهِ: وَتَرِدُ عَلَيْنَا، وَأَخْرَجَ بَاقِيَهُ رَزِينٌ.
Қазақша аудармасы
Яхия ибн Абдуррахман былай дейді: «Омар (р.а.) бір топ кісімен сапарға шыққан. Араларында Амр ибн әл-Ас та бар еді. Олар бір суатқа жеткенде, Амр оның иесінен: “Уа, суаттың иесі, суатыңа жыртқыш аңдар келе ме?” – деп сұрады. Омар ибн әл-Хаттаб: “Уа, суаттың иесі, бізге айтпа. Біз жыртқыштар келетін суға келеміз, олар да біз келетін суға келеді. Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Олардың ішкені – өздерінікі. Қалғаны бізге тазалануға да, ішуге де жарайды’, – дегенін естідім”, – деді»1.
Түсіндірме
Мұнда жыртқыш аңнан қалған судың үкімі сөз болады. Амр ибн әл-Ас мұндай суды нәжіс санайды. Сондықтан жолай кезіккен суаттан ішпес бұрын, оған жыртқыш аң келіп су ішкен-ішпегенін сұрайды. Оның түсінігінше, жыртқыш ішкен су нәжіс болып, қолдануға жарамайды.
Омар (р.а.) бұл мәселені басқаша түсінген. Оның пікірінше, жыртқыштан қалған су ластанбайды, ішуге жарайды. Зурқани Омардың суат иесіне «Бізге айтпа» деуін былай түсіндіреді: «Бізді әуелгі анық ұстанымымызда қалдыр. Негізінде, су таза деп есептеледі. Оның ластанғанын білмесек, тазалығын ұстанамыз. Ластану – кейін туған күмән. Күмән анық үкімнің күшін жоймайды2».
Омардың сөзі «айтсаң да, айтпасаң да, біздің үкіміміз өзгермейді» деген мағына береді. Мұны оның келесі сөзі айқындайды: «Біз жыртқыштар келетін суға келеміз, олар да біз келетін суға келеді». Яғни жыртқыш су ішкен болса да, ол суды ала береміз, алаңдауға негіз жоқ дегені. Омар (р.а.) бұл сөзінде сүннетке сүйенген. Ол Алла елшісінің (с.а.с.): «Олардың ішкені – өздерінікі. Қалғаны бізге тазалануға да, ішуге де жарайды», – деген сөзін еске салады.
Бұл түсіндірме мен үкім мәликилердің көзқарасына сай. Олар аз мөлшердегі таза суға түскен нәжіс судың табиғи үш сипатының, яғни түсі, иісі мен дәмінің ешбірін өзгертпесе, оны нәжіс санамайды. Алайда мұндай суды қолдануды мәкрүһ көреді.
Өзге мәзһабтарда аз деп саналатын суға, яғни кіші хауыздағы не екі құллаға жетпейтін суға, бір тамшы нәжіс түссе де, ол су нәжіс болады. Осы ұстанымға сай, ит, қасқыр, арыстан, жолбарыс, доңыз және жабайы мысық сияқты жануардан қалған су нәжіс саналады. Зәрулік болмаса, оны ішпейді әрі тазалыққа қолданбайды.
Бұл жануарлардың сілекейі мен тері де нәжіс саналады. Олар тиген не араласқан нәрсені де нәжіс етеді.
- 1Мәлик, «Муатта», «Таһарат», 14 (1/23–24). Мәлик нұсқасы «олар да біз келетін суға келеді» деген тұсқа дейін. Қалғанын Разин келтірген.
- 2Фиқһтағы жалпы қағида бойынша, анық нәрсенің үкімі күмәнмен жойылмайды.
وَعَنْ حُمَيْدٍ الْحِمْيَرِيِّ قَالَ: «لَقِيتُ رَجُلًا صَحِبَ النَّبِيَّ ﷺ أَرْبَعَ سِنِينَ كَمَا صَحِبَهُ أَبُو هُرَيْرَةَ. قَالَ: نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ تَغْتَسِلَ الْمَرْأَةُ بِفَضْلِ الرَّجُلِ، أَوْ يَغْتَسِلَ الرَّجُلُ بِفَضْلِ الْمَرْأَةِ». زَادَ فِي رِوَايَةٍ: «وَلْيَغْتَرِفَا جَمِيعًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ، وَاللَّفْظُ لَهُ، وَالنَّسَائِيُّ.
Қазақша аудармасы
Хумайд әл-Химяри былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) Әбу Һурайра секілді төрт жыл серік болған бір кісіге жолықтым. Ол: “Алла елшісі (с.а.с.) әйелге ер адамнан қалған сумен, ер адамға әйелден қалған сумен ғұсыл алуға тыйым салды”, – деді».
Бір нұсқада: «Екеуі суды бірге алсын», – деген сөз қосылған1.
Түсіндірме
Хадисте ерлі-зайыптының бір-бірінен қалған сумен ғұсыл алуына тыйым салынғаны анық айтылған. Екеуі суды бір мезгілде алса, жуынуына рұқсат. Автор осы риуаяттан біреуі суды екіншісінен бұрын алса, қалдығын пайдалануға болмайды деген үкім шығарады.
Бұл хадистен осындай үкім шыққанымен, тарауда өзге хадистер де бар. Төменде берілетін риуаяттарға сүйенген ғалымдар ерлі-зайыптының бір-бірінен қалған сумен дәрет не ғұсыл алуы жөнінде бірнеше пікір айтқан.
1) Ер мен әйел бір ыдыстан қатарынан да, кезекпен де тазалана алады.
2) Бір-бірінен қалған сумен жуыну – мәкрүһ.
3) Екеуі бірге тазаланса, рұқсат.
4) Әйел етеккір халінде болмаса, ер адам жүніп болмаса, қалған сумен тазалануға рұқсат.
5) Әйелге ер адамнан қалған сумен тазалануға болады. Ер адамның әйелден қалған сумен жуынуы – мәкрүһ.
6) Тазалануды бірге бастаса, екеуі де бір ыдыстан су ала алады. Суды бір мезгілде не кезекпен алуы үкімді өзгертпейді.
Осы алты пікірдің ішінен біріншісі таңдалған. Яғни ерлі-зайыптылар бір-бірінен қалған сумен де тазалана алады. № 3499, 3500 және 3503 хадистерде осы мәселеге қатысты Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен мысалдар берілген. № 3504 хадис оның заманында сахабалардың да осылай істегенін көрсетеді.
- 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 40 (81). Нәсәи, «Таһарат», 147 (1/130).
وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «اغْتَسَلَ بَعْضُ أَزْوَاجِ النَّبِيِّ ﷺ فِي جَفْنَةٍ، فَجَاءَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لِيَغْتَسِلَ مِنْهَا أَوْ يَتَوَضَّأَ. فَقَالَتْ: إِنِّي كُنْتُ جُنُبًا. فَقَالَ ﷺ: إِنَّ الْمَاءَ لَا يَجْنُبُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.
Қазақша аудармасы
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларының бірі бір ыдыстан су алып жуынған. Содан соң Алла елшісі сол ыдыстан су алып ғұсыл не дәрет алуға келді. Жұбайы: “Мен жүніп едім”, – деді. Ол: “Су жүніп болмайды”, – деп жауап берді»1.
Түсіндірме
1. «Жанабат» сөзінің түпкі мағынасы – алыстық. Сондықтан өз жұртынан жырақ жүрген ғаріпті де «жүніп» деп атаған.
Жыныстық қатынастан кейінгі күйдің «жүніптік» аталуы адамның Құран оқу, намаз оқу сияқты кейбір құлшылықтан уақытша алшақ қалуына байланысты. Жүніп адам аузын, мұрнын, тамағын шайып, бүкіл денесін жумайынша, осы шектеуден арылмайды.
2. Жоғарыда айтылғандай, ер мен әйелге бір ыдыстағы сумен ғұсыл не дәрет алуға болады. Кей ғалым тыйым салған хадис әуелде, рұқсат берген хадис кейін айтылғандықтан, біріншісінің үкімі жойылған деген. Хаттаби мына риуаятты келтіреді: «Төрт нәрсе жүніп болмайды. Киімге етеккірлі әйелдің не жүніп адамның тері тисе, киім нәжіс болмайды. Адам жүніп болғаны үшін нәжіс болмайды, сондықтан жүніп кісімен немесе мүшрікпен қол алысқан адам да ластанбайды. Жүніп адам бір жерде жуынса, сол жердің топырағы нәжіс болмайды. Жүніп адам суға қолын батырса не ішінде жуынса, су нәжіс болмайды».
3. Бұл хадистен «жүніп адам қолын алдын ала жумай ыдысқа батырып су алса, ол су қолданылған су болып саналмайды» деген үкім де шығарылған. Кей ғалым жуыну ыдыстың ішінде өткен болуы ықтимал деп, қолданылған судың таза екеніне осыны дәлел еткен. Басқалары ыдыстың ішіне түсіп жуыну әдетте кездеспейді, одан қолмен су алған болуы керек деп жауап берген.
- 1Тирмизи, «Таһарат», 48 (65). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 35 (68). Ибн Мәжа, «Таһарат», 33 (370–371).
وَعَنْ أَبِي جُحَيْفَةَ قَالَ: «خَرَجَ عَلَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي الْهَاجِرَةِ، فَأُتِيَ بِوَضُوءٍ فَتَوَضَّأَ، فَجَعَلَ النَّاسُ يَأْخُذُونَ مِنْ فَضْلِ وَضُوئِهِ، مَنْ أَصَابَ مِنْهُ شَيْئًا يَمْسَحُ بِهِ، وَمَنْ لَمْ يُصِبْ مِنْهُ أَخَذَ مِنْ بَلَلِ يَدِ صَاحِبِهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ، وَاللَّفْظُ لِلشَّيْخَيْنِ.
Қазақша аудармасы
Әбу Жухайфа (р.а.) былай дейді: «Бірде күн тас төбеде тұрғанда, Алла елшісі (с.а.с.) алдымызға шықты. Оған су әкелінді, ол дәрет алды. Жұрт дәретінен қалған суды ала бастады. Қолына су тиген кісі оны денесіне сипады, ал су ала алмаған кісі қасындағы жолдасының қолындағы дымқылды алды»1.
Түсіндірме
Сахабалар Алла елшісінің (с.а.с.) дәретінен қалған суды тәбәрік еткенін бірнеше риуаят растайды. Бұхаридің бір нұсқасында суды алуға ұмтылғандары айтылады. Олардың сөзге келіп ұрысқаны емес, суға ұмтылғанда бірін-бірі итерісіп, қысылғаны меңзелсе керек. Судан үлес тимегендердің Пайғамбардың қолындағы ыдысқа қарай ұмтылғаны да осыны аңғартады. Сондай-ақ Алла елшісі шашын алдырғанда шашын, терлегенде терін жинап алғандары риуаят етілген. Бұдан сахабалардың Алла елшісіне деген құрметі мен сүйіспеншілігінің тереңдігін көреміз. Ол олардың мұндай құрметіне және тәбәрік етуіне тыйым салмай, үнсіз құптаған.
- 1Бұхари, «Салат», 17, «Дәрет», 40 (187), 93–94, «Азан», 18–19, «Либас», 3, 42. Мүслим, «Салат», 249–253 (503). Нәсәи, «Таһарат», 103 (1/87). Әбу Дәуіт, «Салат», 102 (688).
وَعَنْ نَافِعٍ: أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَا بَأْسَ أَنْ يُغْتَسَلَ بِفَضْلِ الْمَرْأَةِ مَا لَمْ تَكُنْ حَائِضًا أَوْ جُنُبًا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Қазақша аудармасы
Нафиғ былай дейді: «Ибн Омар (р.а.): “Әйел етеккір халінде де, жүніп те болмаса, одан қалған сумен ғұсыл алудың айыбы жоқ”, – деген»1.
№ 3500 хадистің түсіндірмесін қараңыз.
- 1Мәлик, «Муатта», «Таһарат», 86 (1/52).
وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كُنْتُ أَغْتَسِلُ أَنَا وَالنَّبِيُّ ﷺ مِنْ إِنَاءٍ وَاحِدٍ تَخْتَلِفُ أَيْدِينَا فِيهِ مِنَ الْجَنَابَةِ». وَفِي رِوَايَةٍ: «مِنْ قَدَحٍ يُقَالُ لَهُ الْفَرَقُ». قَالَ سُفْيَانُ: «وَالْفَرَقُ ثَلَاثَةُ آصُعٍ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ.
Қазақша аудармасы
Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) екеуміз жүніптіктен арылу үшін бір ыдыстан қолымызбен кезектесіп су алып жуынатынбыз».
Басқа нұсқада «фарақ деп аталатын ыдыстан» делінген.
Суфиян: «Бір фарақ – үш сағ», – дейді1.
«الْفَرَقُ» بِفَتْحِ الرَّاءِ وَسُكُونِهَا: قَدَحٌ يَسَعُ سِتَّةَ عَشَرَ رِطْلًا. «وَالصَّاعُ»: مِكْيَالٌ يَسَعُ أَرْبَعَةَ أَمْدَادٍ. «وَالْمُدُّ»: رِطْلٌ وَثُلُثٌ بِالْعِرَاقِيِّ.
Түсіндірме
1. Хадистің бірнеше нұсқасы бар. Айша (р.а.) бір нұсқада былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) екеуміз бір ыдыстан су алып жуынатынбыз. Бірде ол қолын менен бұрын созып су алатын, бірде мен одан бұрын алатынмын. Мен бұрын алсам, ол: “Маған да қалдыр”, – дейтін. Ол бұрын алса, мен: “Маған да қалдыр”, – дейтінмін».
2. Фарақ – он алты ратл сыятын өлшем ыдысы.
3. Толығырақ № 3500 хадистен қараңыз.
- 1Бұхари, «Ғұсыл», 2 (250), 9. Мүслим, «Хайыз», 40, 45 (319–321), үш сағ өлшемі № 319b нұсқада. Әбу Дәуіт, «Таһарат», 39 (77). Нәсәи, «Таһарат», 130, 144–146, 148, «Ғұсыл», 12 (1/203).
وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ الرِّجَالُ وَالنِّسَاءُ يَتَوَضَّؤُونَ فِي زَمَانِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ جَمِيعًا مِنْ إِنَاءٍ وَاحِدٍ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَمَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Қазақша аудармасы
Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) заманында ерлер мен әйелдер бір ыдыстан бірге дәрет алатын»1.
Түсіндірме
Хадис түсіндірушілері ерлер мен әйелдердің бір ыдыстан дәрет алуын жабық киіну бұйрығы түспеген кезге жатқызады. Олардың түсіндіруінше, әйелдерге жабық киіну парыз болған соң, ерлер мен әйелдер бөлек дәрет алған.
Ерлі-зайыптылар мен махрам туыстарға бір ыдыстан дәрет алуға рұқсат екені бөлек айтылған.
- 1Бұхари, «Дәрет», 43 (193). Мәлик, «Муатта», «Таһарат», 15 (1/24). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 39 (79–80). Нәсәи, «Таһарат», 52 (1/57).
وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لَيْلَةَ الْجِنِّ: مَا فِي إِدَاوَتِكَ؟ قُلْتُ: نَبِيذٌ. قَالَ: ثَمَرَةٌ طَيِّبَةٌ وَمَاءٌ طَهُورٌ، فَتَوَضَّأَ مِنْهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ، وَاللَّفْظُ لَهُ، وَالتِّرْمِذِيُّ. «الْإِدَاوَةُ»: الْمُطَهَّرَةُ، وَهِيَ إِنَاءٌ مِنْ جِلْدٍ كَالسَّطِيحَةِ وَنَحْوِهَا.
Қазақша аудармасы
Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Жындармен кездескен түні Алла елшісі (с.а.с.) менен: “Торсығыңда не бар?” – деп сұрады. “Нәбиз”, – дедім. Ол: “Жақсы жеміс әрі таза, тазартушы су”, – деді де, содан дәрет алды»1.
Түсіндірме
1. Бұл риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) жындармен кездескен түні нәбиз деп аталатын құрма сусынымен дәрет алды делінген.
2. Нәбиз – құрма, жүзім, бидай, бал немесе арпа секілді шикізатты суға салып жібіту арқылы дайындалатын сусын. Ашымаған нәбиз таза саналады, бірақ тазартушы қасиеті жоқ. Сол себепті ғалымдар оны тазалыққа, соның ішінде дәрет пен ғұсылға қолдануға болмайды деп үкім берген. Судың түсі, иісі, дәмі немесе аққыштығы сияқты қасиетінің бірі оған бөгде зат араласқандықтан өзгерсе, араласқан зат таза болғанның өзінде, су мутлақ, яғни табиғи қалпындағы су болудан қалып, муқайяд суға айналады. Мұндай су таза болса да, тазартушы саналмайды. Бұл риуаяттағы нәбиздің тазалығына күмән жоқ, бірақ ол тазартушы суға жатпайтындықтан, дәретке қолданылмайды.
Риуаят тізбегінде Әбу Зәйд болғандықтан және тізбекте үзіліс бар болғандықтан, хадис әлсіз саналған. Ибн Хиббан Әбу Зәйдтен осы бір ғана хадис жеткізілгенін және оның Құранға, сүннетке, ижмағ пен қиясқа қайшы екенін айтқан. Әбу Ханифа: «Өзге су табылмаса, нәбизбен дәрет алуға болады», – деген. Әбу Юсуф мұндайда тәяммум алуға үкім берген. Имам Мұхаммед дәрет пен тәяммумның екеуін де жасау керек деген. Әбу Ханифаның кейін өз пікірінен қайтып, Әбу Юсуфтың көзқарасына қосылғаны да риуаят етілген.
Айни Әбу Бәкір әр-Разиге сүйеніп, үш көзқарастың үшеуі де Әбу Ханифадан бөлек-бөлек жеткенін жазады. Солардың ішіндегі кең тарағаны – нәбизбен ниет етіп дәрет алу және тәяммум алмау жөніндегі риуаят.
Әбу Дәуіт риуаятында Шафиғи, Ахмад және Исхақтың (рахимаһуллаһ) өзге су табылмаған күннің өзінде нәбизбен дәрет алуды қабылдамағаны айтылады. Исхақ: «Кісі мұндай жағдайда нәбизбен дәрет алса, содан кейін тәяммум да алса, дұрысырақ болар еді», – деген.
Нәбизбен дәрет алуға болмайды деген ғалымдар «…су таба алмасаңдар, таза жерге тәяммум соғып, онымен беттеріңді және қолдарыңды сипаңдар.» деген аятқа сүйенген («Ниса», 43). Ибн әл-Араби нәбизге жібітілген заттың дәмі, түсі сияқты қасиеті өтетіндіктен, оны су деп санауға болмайтынын айтады. Тирмизи нәбизбен дәрет алуды қабылдамағандардың пікірі Құранның мәніне жақын әрі дұрысырақ деген. Тахауи Ибн Мәсғуд хадисінің әлсіздігін көрсетіп, сапарда да, сапарда болмағанда да нәбизбен дәрет алуға болмайды деп үкім берген.
Ибн әл-Араби: «Су мен тәяммумның арасына тағы бір жол қосу жоғарыда келтірілген Құранның айқын үкімінің күшін жоюмен тең. Құранның бір аятын басқа аят не мұтауатир хадис қана мәнсұх ете алады. Жеке жолмен жеткен сахих хадистің өзі Құран үкімін жоя алмайтын болса, әлсіз хадиспен оны жою тіпті мүмкін емес», – дейді.
Бұл көзқарасты қолдайтын және оған қарсы өзге пікірлер де айтылған. Бәрін келтіруді қажет көрмедік. Жоғарыдағы түсіндірмелердің бәрі Имам Ағзамның «су табылмағанда нәбизбен дәрет алуға болады» деген пәтуасына қарсы айтылған.
- 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 42 (84). Тирмизи, «Таһарат», 65 (88).