Хадис

Кутуб ситтә, № 3500

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
474. Ислам және тазалық
Нөмірі
№ 3500 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
3500
Кутуб ситтә, № 3500 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «اغْتَسَلَ بَعْضُ أَزْوَاجِ النَّبِيِّ ﷺ فِي جَفْنَةٍ، فَجَاءَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لِيَغْتَسِلَ مِنْهَا أَوْ يَتَوَضَّأَ. فَقَالَتْ: إِنِّي كُنْتُ جُنُبًا. فَقَالَ ﷺ: إِنَّ الْمَاءَ لَا يَجْنُبُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларының бірі бір ыдыстан су алып жуынған. Содан соң Алла елшісі сол ыдыстан су алып ғұсыл не дәрет алуға келді. Жұбайы: “Мен жүніп едім”, – деді. Ол: “Су жүніп болмайды”, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

1. «Жанабат» сөзінің түпкі мағынасы – алыстық. Сондықтан өз жұртынан жырақ жүрген ғаріпті де «жүніп» деп атаған.

Жыныстық қатынастан кейінгі күйдің «жүніптік» аталуы адамның Құран оқу, намаз оқу сияқты кейбір құлшылықтан уақытша алшақ қалуына байланысты. Жүніп адам аузын, мұрнын, тамағын шайып, бүкіл денесін жумайынша, осы шектеуден арылмайды.

2. Жоғарыда айтылғандай, ер мен әйелге бір ыдыстағы сумен ғұсыл не дәрет алуға болады. Кей ғалым тыйым салған хадис әуелде, рұқсат берген хадис кейін айтылғандықтан, біріншісінің үкімі жойылған деген. Хаттаби мына риуаятты келтіреді: «Төрт нәрсе жүніп болмайды. Киімге етеккірлі әйелдің не жүніп адамның тері тисе, киім нәжіс болмайды. Адам жүніп болғаны үшін нәжіс болмайды, сондықтан жүніп кісімен немесе мүшрікпен қол алысқан адам да ластанбайды. Жүніп адам бір жерде жуынса, сол жердің топырағы нәжіс болмайды. Жүніп адам суға қолын батырса не ішінде жуынса, су нәжіс болмайды».

3. Бұл хадистен «жүніп адам қолын алдын ала жумай ыдысқа батырып су алса, ол су қолданылған су болып саналмайды» деген үкім де шығарылған. Кей ғалым жуыну ыдыстың ішінде өткен болуы ықтимал деп, қолданылған судың таза екеніне осыны дәлел еткен. Басқалары ыдыстың ішіне түсіп жуыну әдетте кездеспейді, одан қолмен су алған болуы керек деп жауап берген.

  1. 1Тирмизи, «Таһарат», 48 (65). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 35 (68). Ибн Мәжа, «Таһарат», 33 (370–371).