وَعَنْ حُمَيْدٍ الْحِمْيَرِيِّ قَالَ: «لَقِيتُ رَجُلًا صَحِبَ النَّبِيَّ ﷺ أَرْبَعَ سِنِينَ كَمَا صَحِبَهُ أَبُو هُرَيْرَةَ. قَالَ: نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ تَغْتَسِلَ الْمَرْأَةُ بِفَضْلِ الرَّجُلِ، أَوْ يَغْتَسِلَ الرَّجُلُ بِفَضْلِ الْمَرْأَةِ». زَادَ فِي رِوَايَةٍ: «وَلْيَغْتَرِفَا جَمِيعًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ، وَاللَّفْظُ لَهُ، وَالنَّسَائِيُّ.
Хумайд әл-Химяри былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) Әбу Һурайра секілді төрт жыл серік болған бір кісіге жолықтым. Ол: “Алла елшісі (с.а.с.) әйелге ер адамнан қалған сумен, ер адамға әйелден қалған сумен ғұсыл алуға тыйым салды”, – деді».
Бір нұсқада: «Екеуі суды бірге алсын», – деген сөз қосылған1.
Түсіндірме
Хадисте ерлі-зайыптының бір-бірінен қалған сумен ғұсыл алуына тыйым салынғаны анық айтылған. Екеуі суды бір мезгілде алса, жуынуына рұқсат. Автор осы риуаяттан біреуі суды екіншісінен бұрын алса, қалдығын пайдалануға болмайды деген үкім шығарады.
Бұл хадистен осындай үкім шыққанымен, тарауда өзге хадистер де бар. Төменде берілетін риуаяттарға сүйенген ғалымдар ерлі-зайыптының бір-бірінен қалған сумен дәрет не ғұсыл алуы жөнінде бірнеше пікір айтқан.
1) Ер мен әйел бір ыдыстан қатарынан да, кезекпен де тазалана алады.
2) Бір-бірінен қалған сумен жуыну – мәкрүһ.
3) Екеуі бірге тазаланса, рұқсат.
4) Әйел етеккір халінде болмаса, ер адам жүніп болмаса, қалған сумен тазалануға рұқсат.
5) Әйелге ер адамнан қалған сумен тазалануға болады. Ер адамның әйелден қалған сумен жуынуы – мәкрүһ.
6) Тазалануды бірге бастаса, екеуі де бір ыдыстан су ала алады. Суды бір мезгілде не кезекпен алуы үкімді өзгертпейді.
Осы алты пікірдің ішінен біріншісі таңдалған. Яғни ерлі-зайыптылар бір-бірінен қалған сумен де тазалана алады. № 3499, 3500 және 3503 хадистерде осы мәселеге қатысты Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен мысалдар берілген. № 3504 хадис оның заманында сахабалардың да осылай істегенін көрсетеді.
- 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 40 (81). Нәсәи, «Таһарат», 147 (1/130).