وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لَيْلَةَ الْجِنِّ: مَا فِي إِدَاوَتِكَ؟ قُلْتُ: نَبِيذٌ. قَالَ: ثَمَرَةٌ طَيِّبَةٌ وَمَاءٌ طَهُورٌ، فَتَوَضَّأَ مِنْهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ، وَاللَّفْظُ لَهُ، وَالتِّرْمِذِيُّ. «الْإِدَاوَةُ»: الْمُطَهَّرَةُ، وَهِيَ إِنَاءٌ مِنْ جِلْدٍ كَالسَّطِيحَةِ وَنَحْوِهَا.
Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Жындармен кездескен түні Алла елшісі (с.а.с.) менен: “Торсығыңда не бар?” – деп сұрады. “Нәбиз”, – дедім. Ол: “Жақсы жеміс әрі таза, тазартушы су”, – деді де, содан дәрет алды»1.
Түсіндірме
1. Бұл риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) жындармен кездескен түні нәбиз деп аталатын құрма сусынымен дәрет алды делінген.
2. Нәбиз – құрма, жүзім, бидай, бал немесе арпа секілді шикізатты суға салып жібіту арқылы дайындалатын сусын. Ашымаған нәбиз таза саналады, бірақ тазартушы қасиеті жоқ. Сол себепті ғалымдар оны тазалыққа, соның ішінде дәрет пен ғұсылға қолдануға болмайды деп үкім берген. Судың түсі, иісі, дәмі немесе аққыштығы сияқты қасиетінің бірі оған бөгде зат араласқандықтан өзгерсе, араласқан зат таза болғанның өзінде, су мутлақ, яғни табиғи қалпындағы су болудан қалып, муқайяд суға айналады. Мұндай су таза болса да, тазартушы саналмайды. Бұл риуаяттағы нәбиздің тазалығына күмән жоқ, бірақ ол тазартушы суға жатпайтындықтан, дәретке қолданылмайды.
Риуаят тізбегінде Әбу Зәйд болғандықтан және тізбекте үзіліс бар болғандықтан, хадис әлсіз саналған. Ибн Хиббан Әбу Зәйдтен осы бір ғана хадис жеткізілгенін және оның Құранға, сүннетке, ижмағ пен қиясқа қайшы екенін айтқан. Әбу Ханифа: «Өзге су табылмаса, нәбизбен дәрет алуға болады», – деген. Әбу Юсуф мұндайда тәяммум алуға үкім берген. Имам Мұхаммед дәрет пен тәяммумның екеуін де жасау керек деген. Әбу Ханифаның кейін өз пікірінен қайтып, Әбу Юсуфтың көзқарасына қосылғаны да риуаят етілген.
Айни Әбу Бәкір әр-Разиге сүйеніп, үш көзқарастың үшеуі де Әбу Ханифадан бөлек-бөлек жеткенін жазады. Солардың ішіндегі кең тарағаны – нәбизбен ниет етіп дәрет алу және тәяммум алмау жөніндегі риуаят.
Әбу Дәуіт риуаятында Шафиғи, Ахмад және Исхақтың (рахимаһуллаһ) өзге су табылмаған күннің өзінде нәбизбен дәрет алуды қабылдамағаны айтылады. Исхақ: «Кісі мұндай жағдайда нәбизбен дәрет алса, содан кейін тәяммум да алса, дұрысырақ болар еді», – деген.
Нәбизбен дәрет алуға болмайды деген ғалымдар «…су таба алмасаңдар, таза жерге тәяммум соғып, онымен беттеріңді және қолдарыңды сипаңдар.» деген аятқа сүйенген («Ниса», 43). Ибн әл-Араби нәбизге жібітілген заттың дәмі, түсі сияқты қасиеті өтетіндіктен, оны су деп санауға болмайтынын айтады. Тирмизи нәбизбен дәрет алуды қабылдамағандардың пікірі Құранның мәніне жақын әрі дұрысырақ деген. Тахауи Ибн Мәсғуд хадисінің әлсіздігін көрсетіп, сапарда да, сапарда болмағанда да нәбизбен дәрет алуға болмайды деп үкім берген.
Ибн әл-Араби: «Су мен тәяммумның арасына тағы бір жол қосу жоғарыда келтірілген Құранның айқын үкімінің күшін жоюмен тең. Құранның бір аятын басқа аят не мұтауатир хадис қана мәнсұх ете алады. Жеке жолмен жеткен сахих хадистің өзі Құран үкімін жоя алмайтын болса, әлсіз хадиспен оны жою тіпті мүмкін емес», – дейді.
Бұл көзқарасты қолдайтын және оған қарсы өзге пікірлер де айтылған. Бәрін келтіруді қажет көрмедік. Жоғарыдағы түсіндірмелердің бәрі Имам Ағзамның «су табылмағанда нәбизбен дәрет алуға болады» деген пәтуасына қарсы айтылған.
- 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 42 (84). Тирмизи, «Таһарат», 65 (88).