عَنْ أُمِّ قَيْسٍ بِنْتِ مِحْصَنٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّهَا أَتَتْ بِابْنٍ لَهَا صَغِيرٍ لَمْ يَأْكُلِ الطَّعَامَ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَأَجْلَسَهُ فِي حِجْرِهِ، فَبَالَ عَلَى ثَوْبِهِ، فَدَعَا بِمَاءٍ فَنَضَحَهُ وَلَمْ يَغْسِلْهُ». وَفِي رِوَايَةٍ: «فَرَشَّهُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ. «النَّضْحُ»: رَشُّ الْمَاءِ عَلَى الشَّيْءِ، وَيَبْلُغُ الْغَسْلَ.
Үммі Қайс бинт Михсан (р.а.) әлі ас жемейтін сәби ұлын Алла елшісіне (с.а.с.) алып келді. Алла елшісі сәбиді тізесіне отырғызғанда, бала оның киіміне кіші дәрет сындырып қойды. Ол су алдырып, зәр тиген жерге су бүркіді, бірақ жуып тастамады.
Басқа нұсқада «су шашты» делінген.1
Түсіндірме
1. Бұл риуаятта сәби зәрін тазарту ересек адамның зәрін тазартудан өзгеше екені көрінеді. Зәр – нәжіс. Ол тиген жерді жуып тазартпайынша намаз дұрыс болмайды. Кей нұсқада сәби қыздың зәрі ересек адамдікіндей жуылатыны, ал сәби ұлдың зәріне су бүрку жеткілікті екені айтылған.
2. Хадис тек ана сүтімен қоректенетін ұл баланың зәрі ауыр нәжіске жатпайтынын, тиген жерді жумай-ақ, су бүркіп тазартуға болатынын білдіреді. Ғалымдар осы және өзге аят-хадистерге сүйеніп, үш түрлі пікір айтқан.
1) Шафиғи осы хадисті негізге алып, ұл баланың зәріне су бүрку жеткілікті деген. Әли, Ата, Хасан Басри, Зуһри, Ахмад, Исхақ және Ибн Уәһб сияқты көптеген ғалым да осы пікірде.
2) Әузағи ұлдың да, қыздың да зәріне су бүрку жеткілікті деген. Мәлик пен Шафиғиден де осы пікір жеткен. Ибн әл-Араби мұны сәбидің асқазанына ештеңе түспеген жағдайға қатысты айтқан. Кей ғалымның пікірінше, риуаятта әлі нәр татпаған жаңа туған сәби жайында сөз болуы мүмкін. Сахабалар жаңа туған нәрестенің таңдайына құрма жағу, яғни тахник жасату үшін оны Алла елшісіне (с.а.с.) апаратын.
3) Қыз бен ұлдың зәріне қатысты үкім бірдей, екеуін де жуып тазарту керек. Ханафи және мәлики ғалымдары осы көзқарасты ұстанған. Ибн Дақиқ әл-Ид олардың қиясқа сүйеніп, хадистегі «жумады» деген сөзді «әбден жумады, жеңіл ғана жуды» деп түсінгенін айтады.
- 1Бұхари, «Дәрет», 59 (223). Мүслим, «Таһарат», 103 (287). Мәлик, «Муатта», «Таһарат», 110 (1/64). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 139 (374). Тирмизи, «Таһарат», 54 (71). Нәсәи, «Таһарат», 189 (1/157).