وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَا يَبُولَنَّ أَحَدُكُمْ فِي الْمَاءِ الدَّائِمِ الَّذِي لَا يَجْرِي، ثُمَّ يَغْتَسِلُ فِيهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ешқайсың ағынсыз суға кіші дәрет сындырып, артынан сол судың ішінде жуынбасын”, – деді».1
Түсіндірме
1. Хадис адам зәрінің ағынсыз суды ластайтынын көрсетеді. Ғалымдардың айтуынша, ағынсыз судың ластануына қатысты үкімде адам мен жануардың зәрі бірдей қаралады.
2. Бұл хадистегі ағынсыз су – үлкен хауыз мөлшеріне жетпейтін су. Жоғарыда айтылғандай, судың аз-көбін ажырататын мөлшер жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір ұстанған.
Хадис түсіндірушілерінің айтуынша, мұндай пікір алшақтығы үкімнің босаңдығынан туған жоқ. Алла елшісі (с.а.с.) үмбетіне кеңшілік болсын деп судың мөлшерін әдейі нақтыламаған.
3. Хадистің бір нұсқасында فِيهِ («ішінде») орнына مِنْهُ («одан») сөзі келген. Екінші нұсқа зәр араласқан суға түспей, одан су алып жуынуға тыйым салынатынын алға шығарады. Жалпы екі нұсқада да әлгіндей сумен жуынуға жол берілмейді. Айырмасы мынада. فِيهِ келген нұсқада суға түсіп жуынуға мәтіннің өзі, одан су алып жуынуға сол мәтіннен шығарылған үкім тыйым салады. مِنْهُ келген нұсқада судан алып жуынуға мәтіннің өзі, суға түсіп жуынуға мәтіннен шығарылған үкім тыйым салады.
4. Имам Мәликтен жеткен риуаят бойынша, зәр судың сипатын өзгертпесе, бұл тыйым танзиһи мәкрүһті білдіреді. Өзге имамдар осы үкімді су көп болған жағдайда қолданған. Қуртуби судың аз-көбіне қарамай, ағынсыз суға зәр жіберу оны ластайтынын айтқан. Ол зиянға бастайтын жолды жабу қағидасына, яғни садд әз-зараиғқа сүйеніп, бұл әрекетті тахрими мәкрүһке жатқызуға болады деген.
- 1Бұхари, «Дәрет», 68 (239). Мүслим, «Таһарат», 95 (282). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 36 (69–70). Тирмизи, «Таһарат», 51 (68). Нәсәи, «Таһарат», 46 (1/49), «Ғұсыл», 1 (1/197).