Хадис

№ 391–401 хадистер

Кутуб ситтә, 2-том, 48-тарау · 11 хадис · № 391–401

САУДА-САТТЫҚ (БӘЙҒ) БӨЛІМІ

Хадистер

391
Кутуб ситтә, № 391 · тараудағы реті: 1

عَنِ ابْنِ الْمُسَيَّبِ أَنَّ مَعْمَرَ بْنَ أَبِي مَعْمَرٍ وَقِيلَ ابْنُ عَبْدِ اللَّهِ، أَحَدَ بَنِي عَدِيِّ بْنِ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «مَنِ احْتَكَرَ فَهُوَ خَاطِئٌ». قِيلَ لِسَعِيدٍ: فَإِنَّكَ تَحْتَكِرُ! فَقَالَ: إِنَّ مَعْمَرًا الَّذِي كَانَ يُحَدِّثُ هَذَا الْحَدِيثَ كَانَ يَحْتَكِرُ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ، وأَبُو دَاوُدُ، والتِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Сағид ибн әл-Мусайяб жеткізген риуаятта Ади ибн Кәғб руынан шыққан Мағмар ибн Әбу Мағмар, кейде Ибн Абдулла деп те аталатын кісі: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ихтикар жасаған адам күнәға батады”, – деген», – дейді. Сағидқа: «Өзің де ихтикар жасайсың ғой!» – дегенде, ол: «Осы хадисті жеткізген Мағмар да ихтикар жасайтын», – деп жауап берді.1

  1. 1Мүслим, Мусақат: 129, (1605); Әбу Дәуіт, Буюғ: 49, (3447); Тирмизи, Буюғ: 40 (1267).
392
Кутуб ситтә, № 392 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ مَالِكٍ قَالَ: بَلَغَنِي أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ كَانَ يَقُولُ: «لَا حُكْرَةَ فِي سُوقِنَا. لَا يَعْمِدُ رِجَالٌ بِأَيْدِيهِمْ فُضُولُ أَذْهَابٍ إِلَى رِزْقٍ مِنْ أَرْزَاقِ اللَّهِ تَعَالَى يَنْزِلُ بِسَاحَتِنَا فَيَحْتَكِرُونَهُ عَلَيْنَا. وَلَكِنْ أَيُّمَا جَالِبٍ جَلَبَ عَلَى عُمُودِ كَتَدِهِ فِي الشِّتَاءِ وَالصَّيْفِ فَذَلِكَ ضَيْفُ عُمَرَ فَلْيَبِعْ كَيْفَ شَاءَ اللَّهُ تَعَالَى، وَلْيُمْسِكْ كَيْفَ شَاءَ اللَّهُ تَعَالَى».

Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта Омар (р.а.) былай деген: «Біздің базарымызда ихтикарға жол жоқ. Қолында артық алтыны бар кісілер Алланың біздің жерімізге жіберген ризығын иемденіп, жұрттан жасырып ұстамасын. Ал қыс демей, жаз демей, еңбектеніп тауар әкелген кісі – Омардың қонағы. Алланың қалауымен тауарын қалай сатамын десе де, қалай сақтаймын десе де өзі біледі».1

  1. 1Муатта, Буюғ: 56, (2, 651).
393
Кутуб ситтә, № 393 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ مَالِكٍ أَنَّهُ بَلَغَهُ أَيْضًا: «أَنَّ عُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ كَانَ يَنْهَى عَنِ الْحُكْرَةِ».

Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен тағы бір риуаятта Османның (р.а.) да ихтикарға тыйым салғаны айтылады.1

  1. 1Муатта, Буюғ: 58, (2, 651).
394
Кутуб ситтә, № 394 · тараудағы реті: 4

وَعَنِ ابْنِ الْمُسَيَّبِ: «أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ مَرَّ بِحَاطِبِ بْنِ أَبِي بَلْتَعَةَ وَهُوَ يَبِيعُ زَبِيبًا لَهُ فِي السُّوقِ فَقَالَ لَهُ: إِمَّا أَنْ تَزِيدَ فِي السِّعْرِ وَإِمَّا أَنْ تُرْفَعَ مِنْ سُوقِنَا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн әл-Мусайяб былай дейді: «Омар (р.а.) базарда мейіз сатып тұрған Хатиб ибн Әбу Бәлтағаның жанынан өтіп бара жатып: “Не бағасын көтересің, не базарымыздан кетесің”, – деді».1

  1. 1Муатта, Буюғ: 57, (2, 651).
395
Кутуб ситтә, № 395 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَجُلًا قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ سَعِّرْ لَنَا فَقَالَ: بَلْ أَدْعُو. ثُمَّ جَاءَ آخَرُ فَقَالَ يَا رَسُولَ اللَّهِ سَعِّرْ لَنَا فَقَالَ: بَلِ اللَّهُ تَعَالَى يَخْفِضُ وَيَرْفَعُ، وَإِنِّي لَأَرْجُو أَنْ أَلْقَى اللَّهَ تَعَالَى وَلَيْسَ لِأَحَدٍ عِنْدِي مَظْلَمَةٌ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Алланың елшісі! Бізге баға белгілеп беріңізші!” – деді. Ол: “Дұға етейін”, – деп жауап берді. Артынша тағы бір кісі келіп: “Уа, Алланың елшісі! Бізге баға белгілеп беріңізші!” – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Бағаны түсіретін де, көтеретін де Алла. Мен Алланың алдына ешкімнің ақысын жемеген күйде барсам деп үміттенемін”, – деді».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Буюғ: 51, (3450).
396
Кутуб ситтә, № 396 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ النَّاسَ قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ غَلَا السِّعْرُ فَسَعِّرْ لَنَا فَقَالَ: إِنَّ اللَّهَ هُوَ الْمُسَعِّرُ الْقَابِضُ الْبَاسِطُ الرَّازِقُ، وَإِنِّي لَأَرْجُو أَنْ أَلْقَى اللَّهَ تَعَالَى وَلَيْسَ أَحَدٌ يُطَالِبُنِي بِمَظْلَمَةٍ فِي دَمٍ وَلَا مَالٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدُ وَالتِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Жұрт: “Уа, Алланың елшісі! Баға көтеріліп кетті, бізге баға белгілеп беріңізші!” – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Бағаны белгілейтін, ризықты тарылтатын, кеңейтетін әрі ризық беретін – Алла. Қанына не мал-мүлкіне қатысты қиянат көрдім деп менен ақы сұрайтын ешкім жоқ күйде Алламен қауышсам деп үміттенемін”, – деді».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Буюғ: 51, (3451); Тирмизи, Буюғ: 73, (1314). Тирмизи бұл хадисті «хасан сахих» деп бағалаған.
397
Кутуб ситтә, № 397 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا. أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «مَنِ احْتَكَرَ طَعَامًا أَرْبَعِينَ يَوْمًا يُرِيدُ بِهِ الْغَلَاءَ فَقَدْ بَرِئَ مِنَ اللَّهِ تَعَالَى وَبَرِئَ اللَّهُ تَعَالَى مِنْهُ».

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.анһума) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізген: «Кім азық-түлікті қымбаттату ниетімен қырық күн бойы сатпай ұстаса, ол Алладан теріс айналған болады, Алла да одан теріс айналады».1

  1. 1Бұл хадис Ахмад ибн Ханбалдың Муснәдінде (2, 33) айтылған. Мәжмағуз-Зауаидте бұдан бөлек Әбу Яғла әл-Мәусилидің және Бәззардың Муснәдтерінде, Табаранидің «Муғжәмул-Аусат» атты еңбегінде риуаят етілгені айтылған.
398
Кутуб ситтә, № 398 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Мұғаз (р.а.)

وَعَنْ مُعَاذٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: بِئْسَ الْعَبْدُ الْمُحْتَكِرُ إِنْ أَرْخَصَ اللَّهُ تَعَالَى الْأَسْعَارَ حَزِنَ، وَإِنْ أَغْلَاهَا فَرَحَ».

Қазақша аудармасы

Муаз (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Азық-түлікті сатпай ұстап отырған кісі неткен жаман! Алла бағаны арзандатса, ол мұңаяды, ал қымбаттатса, қуанады”, – дегенін естідім».1

  1. 1Бұл риуаят «Мишқатул Мәсабихте» №2897 хадисте Рәзиннің қосымшасы ретінде берілген, Бәйхақидің «Шуғабул Иман» атты еңбегінен алынғаны айтылады.
399
Кутуб ситтә, № 399 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әбу Умама (р.а.)

وَعَنْ أَبِي أُمَامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «أَهْلُ الْمَدَائِنِ هُمُ الْحُبَسَاءُ فِي سَبِيلِ اللَّهِ تَعَالَى فَلَا تَحْتَكِرُوا عَلَيْهِمُ الْأَقْوَاتَ، وَلَا تُغْلُوا عَلَيْهِمُ الْأَسْعَارَ، فَإِنَّ مَنِ احْتَكَرَ عَلَيْهِمْ طَعَامًا أَرْبَعِينَ يَوْمًا ثُمْ تَصَدَّقَ بِهِ لَمْ يَكُنْ لَهُ كَفَّارَةٌ».

Қазақша аудармасы

Әбу Умама (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Қала тұрғындары Алла жолында қамалған адамдар тәрізді. Азық-түлікті оларға сатпай ұстамаңдар, бағаны да қымбаттатпаңдар. Кім оларға азық-түлікті қырық күн бойы сатпай ұстаса, кейін оны садақаға берсе де, бұл ісі күнәсіне кәффарат болмайды».

400
Кутуб ситтә, № 400 · тараудағы реті: 10

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ وَمَعْقِلِ بْنِ يَسَارٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَا: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «يُحْشَرُ الْحَاكِرُونَ وَقَتَلَةُ الْأَنْفُسِ فِي دَرَجَةٍ، وَمَنْ دَخَلَ فِي شَيْءٍ مِنْ سِعْرِ الْمُسْلِمِينَ يُغَلِّيهِ عَلَيْهِمْ كَانَ حَقًّا عَلَى اللَّهِ تَعَالَى أَنْ يُعَذِّبَهُ فِي مُعْظَمِ النَّارِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра мен Мағқил ибн Ясардың (р.анһума) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Азық-түлікті сатпай ұстағандар мен кісі өлтіргендер қиямет күні бір дәрежеде жиналады. Кім мұсылмандарға сатылатын бір заттың бағасына араласып, оны қымбаттатса, Алла оны қиямет күні тозақтың ең қатты отымен жазалауды Өз міндетіне алды».

401
Кутуб ситтә, № 401 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «اَلْجَالِبُ مَرْزُوقٌ، وَالْمُحْتَكِرُ مَحْرُومٌ، ومَنِ احْتَكَرَ عَلَى الْمُسْلِمِينَ طَعَامًا ضَرَبَهُ اللَّهُ تَعَالَى بِالْإِفْلَاسِ وَالْجُذَامِ». أَخْرَجَ هَذِهِ الْأَحَادِيثَ الْخَمْسَةَ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.анһума) былай деген: «Базарға тауар әкелген кісі ризыққа кенеледі, азық-түлікті сатпай ұстаған кісі одан мақұрым қалады. Кім мұсылмандарға азық-түлікті сатпай ұстаса, Алла оны банкроттық пен алапеске ұшыратады».1

  1. 1Ибн Мәжа, Тижарат: 6 (2153, 2155). Ибн Мәжаның бұл екі риуаяты Омар ибн әл-Хаттабтан жеткен. №2153 риуаятта азық-түлікті сатпай ұстаған кісі лағынетке ұшырайтыны, №2155 риуаятта банкроттық пен алапеске душар болатыны айтылған. Бұл соңғы бес риуаятты имам Рәзин тахриж жасаған.