وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: اتَّقُوا اللَّاعِنَيْنِ. قَالُوا: وَمَا اللَّاعِنَانِ؟ قَالَ: الَّذِي يَتَخَلَّى فِي طَرِيقِ النَّاسِ، أَوْ ظِلِّهِمْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ، وَهَذَا لَفْظُهُ، وَأَبُو دَاوُدَ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Қарғысқа ұшырататын екі істен сақтаныңдар!” – деді. Сахабалар: “Қарғысқа ұшырататын екі іс қандай?” – деп сұрады. Ол: “Адамдар жүретін жолға немесе олар саялайтын көлеңкеге дәрет сындыру”, – деді».1
Түсіндірме
Хадис жұрттың қарғысына қалдыратын екі іске назар аударады. Олар – адам жүретін жол мен жұрт тынығатын көлеңкені былғау. Көпшілік пайдаланатын жерлерді таза ұстаған жөн. Әсіресе ол жерлерде әжет өтеуден сақтану керек.
Хадистегі тіркестің тура мағынасы – «Қарғыс айтатын екеуден сақтаныңдар». Олардың кім екенін сұрағанда, Алла елшісі жолға немесе көлеңкеге дәрет сындырғандарды атады. Өйткені мұндай жерді былғаған адам жұрттың қарғысына өзі себеп болады. Сөйтіп, өзіне өзі қарғыс айтқандай күйге түседі.
Мұндағы тыйым жұрт жүретін жолға, отырып тынығатын, тіпті аптапта көз шырымын алатын көлеңкеге қатысты. Адам аяғы сирек басатын жолдар мен жұрт пайдаланбайтын көлеңкелер бұл тыйымға кірмесе керек.
- 1Мүслим, «Таһарат» (269) • Әбу Дәуіт, «Таһарат» (25).