1. Төменде келетін кей риуаяттарда ер кісінің тік тұрып кіші дәрет сындыруы құпталмай, отырып дәрет сындыруға кеңес беріледі. Өзге риуаяттар бұл кеңестің міндет жүктемейтінін, әдепке шақыратынын көрсетеді. Соның бірі – осы хадис. Мұнда Алла елшісінің (с.а.с.) өзі де тік тұрып кіші дәрет сындырғаны айтылады.
Мәселені егжей-тегжейлі қарастырған Ибн Хажар сол кездегі араб ерлерінің әдетте тік тұрып кіші дәрет сындырғанын айтады. Кей риуаятта Алла елшісінің отырып дәрет сындырғанын көргендер таңғалған. Абдуррахман ибн Хасананың риуаятында: «Алла елшісі (с.а.с.) отырып дәрет сындырды. Біз: “Қараңдар, Алла елшісі әйелдер сияқты отырып дәрет сындырып жатыр”, – дедік», – делінеді. Ибн Мәжаның бір нұсқасында арабтардың тік тұрып дәрет сындыруға дағдыланғаны айтылады. Осы Хузайфа хадисінде де «сендердің бірің тұрғандай тік тұрып дәрет сындырды» деген сөз бар.
Алла елшісі (с.а.с.) қалыптасқан әдетке қарамастан, көбіне отырып дәрет сындырған. Отырып дәрет сындыру әуретті қалқалауға қолайлы әрі денеге зәр шашырау қаупін азайтады. Айша (р.а.): «Құран түсе бастаған күннен бері ол тік тұрып дәрет сындырған емес», – деген.
2. Хадистегі «субата» – бірнеше үйдің қоқысын төгетін ортақ орын. Әдетте ол үйлерге жақын болады. Қоқыс пен қалдықтар үйілген жер жұмсақ келеді. Сондықтан онда зәр жан-жаққа шашырап, киімге тиюі екіталай.
3. Хадисте Алла елшісі (с.а.с.) дәрет сындыра бастағанда, Хузайфаның шетке кеткені, кейін Алла елшісінің оны қасына шақырғаны айтылады. Ибн Хажар оны екі мақсатпен шақырғанын жазады:
1) Өтіп бара жатқан адамдарға қалқа болсын деген.
2) Қажет кезде шақырса, дауысын естісін немесе ымдаса, ишаратын көрсін деген.
4. Ибн Хажардың айтуынша, мұнда дәрет сындырып отырып сөйлесуге рұқсат берілген жоқ. Бір риуаятта «Бермен кел» деген сөз айтылса, басқа нұсқаларда, соның ішінде осы риуаятта, оның ымдап шақырғаны баяндалады.
5. Алла елшісінің бұл жолы әдеттегідей жұрт жүретін жерден алыс кетпеуін әртүрлі түсіндірген:
• Ол мұсылмандардың ісімен айналысып, мәжіліс ұзаққа созылғанда, дәреті қысқан болуы мүмкін. Хузайфаны артына тұрғызып, өтіп бара жатқандардан қалқаланды. Алдында дуал болған.
• Ол кейде жолдан алыс кетпей де кіші дәрет сындыруға рұқсат екенін көрсету үшін осылай істеген болуы мүмкін.
Бұл амал кіші дәретке қатысты. Кіші дәретте киімді сәл ашу жеткілікті. Ал үлкен дәретте дене көбірек ашылатындықтан, тасаға барып, ұқыптылық таныту керек. Жолдан алыстаудың негізгі мақсаты – денені көзден қалқалау.
Алла елшісі Хузайфаны қасына шақырып, артына тұрғызғанда, көздегені – әуретін оның денесімен қалқалау. Табаранидің бір риуаятында ол Хузайфаға: «Уа, Хузайфа, маған қалқа бол!» – деген.
6. Ибн Хажар хадистен мынадай тұжырымдар шығарған:
• Екі амалдың жеңілі таңдалады.
• Екі пайдалы істі қатар атқару мүмкін болмаса, пайдасы басымына басымдық беріледі.
• Алла елшісі үмбеттің игілігі үшін мәжілісін ұзартып, сахабаларына жиі баратын. Осындайда әжетке бару қажет болса, үмбетке пайдалы істі кідіртпеу үшін әдеттегідей алыс кетпеген. Бұл жолы Хузайфаны өзінен алыстатудан гөрі оны жақындатып, өтіп бара жатқан адамдардан қалқалану пайдалырақ еді. Екі істі қатар орындау мүмкін болмағандықтан, пайдасы басымын таңдаған.