Хадис

Кутуб ситтә, № 3669

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
497. Әйелге жанасу
Нөмірі
№ 3669 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
3669
Кутуб ситтә, № 3669 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّهُ كَانَ يَقُولُ: قُبْلَةُ الرَّجُلِ امْرَأَتَهُ وَجَسُّهَا بِيَدِهِ مِنَ الْمُلَامَسَةِ، فَمَنْ قَبَّلَ امْرَأَتَهُ أَوْ جَسَّهَا بِيَدِهِ فَعَلَيْهِ الْوُضُوءُ». وَمِثْلُهُ عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ، أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омардың (р.а.) мына сөзі жеткен: «Ер кісінің жұбайын сүюі немесе қолымен ұстауы мүләмәсәға, яғни жанасуға жатады. Сондықтан жұбайын сүйген не оған қолы тиген кісі дәрет алсын». Ибн Мәсғудтан да осыған ұқсас риуаят жеткен.1

Түсіндірме

1. Екі риуаят та әйелге қол тигізу, сүю немесе өзге жолмен жанасу туралы. Бірінші риуаят бойынша, әйелге жанасу, соның ішінде оны сүю де, дәретті бұзбайды. Екінші риуаят бойынша, мұндай жағдайда дәрет бұзылады, сондықтан оны жаңарту қажет. Әли, Ибн Мәсғуд, Ата, Тауус, Әбу Ханифа және Суфиян әс-Сәури алғашқы хадисті негізге алған. Осы үкімді қуаттайтын өзге риуаяттар да бар. Мүслим жеткізген бір хадисте Айша былай дейді: «Бір түні Алла елшісін (с.а.с.) жатқан орнынан таппай қалдым. Оны іздегенде қолым табанына тиді. Ол сәждеде: “Уа, Алла, қаһарыңнан разылығыңа, азабыңнан кешіріміңе сиынамын...” – деп дұға етіп жатқан еді».2

Бұл жөнінде екі «Сахихта» да риуаят келген.

عَنْ عَائِشَةَ قَالَتْ: «كُنْتُ أَنَامُ بَيْنَ يَدَيْ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَرِجْلَايَ فِي قِبْلَتِهِ، فَإِذَا سَجَدَ غَمَزَنِي فَقَبَضْتُ رِجْلَيَّ، فَإِذَا قَامَ بَسَطْتُهُمَا».

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) алдында ұйықтайтынмын. Екі аяғым оның құбыла жағында жататын. Сәждеге барғанда мені түртетін, сонда аяғымды жиып алатынмын. Ол түрегелгенде аяғымды қайта созатынмын».3

Ибн Мәсғуд, Ибн Омар, Зуһри, Мәлік, Әузағи, Шафиғи, Ахмад және Исхақ әйелді сүйген кісі дәрет алуы керек деген. Бұл пікірдің де шариғи дәлелдері бар. Аяттағы أَوْ لَامَسْتُمُ النِّسَاءَ тіркесі бір қырағатта لَمَسْتُمْ деп оқылады. «Ләмс», яғни жанасу, аятта дәрет алуды қажет ететін себептердің қатарында аталған. «Ләмәстум» сөзін жыныстық қатынас деп түсінуге болады. Оны жанасудың өзге түрлеріне де қатысты деп түсінген ғалымдар әйелге жанасқанда дәрет бұзылады деген тұжырым жасаған. Ғалымдар мағынасын әртүрлі түсіндірген аяттың үзіндісі мынадай: «Уа, иман келтіргендер! [...] Ал егер науқас немесе жолаушы болсаңдар, яки үлкен дәретке отырып келгеннен, не болмаса әйелмен төсек қатынасына түскеннен кейін су таба алмасаңдар, таза жерге тәяммум соғып, онымен беттеріңді және қолдарыңды сипаңдар» («Ниса» сүресі, 43-аят).

Ибн Аббас (р.а.) аяттағы «ләмс» сөзі жыныстық қатынасты білдіреді деп, алдыңғы жорамалмен келіспеген. Ғалымдар әдетте оның түсіндірмесін өзге сахабалардың түсіндірмесінен жоғары қойған. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) ол үшін: «Уа, Алла, оған Құранның тәуилін үйрет!» – деп дұға еткен. Ибн Аббас тәпсір ілімінде ерекше беделге ие еді. «Оған тәпсір ілімін Алла үйреткен» деген сөз содан қалған.

Аяттағы لَامَسْتُمْ сөзінің жыныстық қатынасты меңзеуі туралы пікірталасқа осы шамада тоқталуды жөн көрдік. Ғалымдардың әр дәлелі мен оған берілген жауаптарды тәптіштемейміз.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Таһарат», 64 (1/43).
  2. 2Мүслим, «Салат» (486).
  3. 3Бұхари, «Салат» (382). Мүслим, «Салат» (512f).