Хадис

Кутуб ситтә, № 3689

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
502. Түйе еті
Нөмірі
№ 3689 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
3689
Кутуб ситтә, № 3689 · тараудағы реті: 2

وَلِأَبِي دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيِّ، عَنِ الْبَرَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «لَا تُصَلُّوا فِي مَبَارِكِ الْإِبِلِ فَإِنَّهَا مِنَ الشَّيَاطِينِ، وَسُئِلَ عَنْ مَرَابِضِ الْغَنَمِ فَقَالَ: صَلُّوا فِيهَا فَإِنَّهَا بَرَكَةٌ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіт пен Тирмизи жеткізген Бәраның (р.а.) риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Түйе шөгетін жерде намаз оқымаңдар. Өйткені олар шайтандардан», – деген.

Қой қора туралы сұралғанда: «Ол жерде намаз оқыңдар. Өйткені онда береке бар», – деді.1

Түсіндірме

1. Жоғарыдағы Мүслим хадисі түйе етін жеу дәретті бұзатынын білдіреді. Алайда бұл мәселеде ғалымдар әртүрлі пікірде болған. Әбу Бәкір, Омар, Әли, Осман, Абдулла ибн Мәсғуд, Убәй ибн Кәғб, Абдулла ибн Аббас, Әбуд-Дәрда және Әбу Талха (Алла оларға разы болсын) түйе етін жеу дәретті бұзбайды деген. Табиғиндер мен олардан кейінгі ғалымдардың көпшілігі, соның ішінде Әбу Ханифа, Мәлік және Шафиғи де осы пікірде болған.

Ахмад ибн Ханбал, Исхақ, Яхия ибн Яхия, Әбу Бәкір ибн әл-Мунзир, Ибн Хузайма және Бәйһақи түйе етін жеу дәретті бұзады деген.

Көпшілік ғалымдар бұл пікірге Әбу Дәуіт келтірген Жәбирдің (р.а.) № 3684 хадисімен жауап берген. Онда Алла елшісінің (с.а.с.) екі амалынан кейінгісі отқа піскен ас жеген соң дәрет алмау болғаны айтылады. Көпшілік осы кейінгі амал түйе етіне қатысты бұрынғы үкімді де жойған деп есептеген.

2. Бәраның (р.а.) риуаяты бойынша, қой қорада намаз оқуға болады. Ғалымдар қарсы дәлел болмағандықтан осы үкімді ұстанған. Түйе шөгетін жерде намаз оқуды тәнзиһи мәкрүһ санаған. Түйенің қиы мен зәрін нәжіс санағандар жері лас түйе қорада намаз оқуды тахрими мәкрүһ деген. Тыйымның себебін ғалымдар әртүрлі түсіндірген. Кейбірі түйе қорасының иісі қой қорасына қарағанда өткір екенін себеп еткен. Нәжістік тұрғысынан екі малдың қиы мен зәрін бір-бірінен ауыр не жеңіл санауға негіз жоқ. Әбу Ханифа мен Шафиғи екі малдың да зәрін нәжіс, Мәлік екеуінің де зәрін таза санаған.

Кейбір ғалымдар тыйымды түйенің қойдан қауіптірек болуымен түсіндірген. Олардың айтуынша, түйе үркек келеді. Жанында намаз оқыған кісі қауіптеніп, көңілін намазға толық бөле алмауы, тіпті сақтанамын деп намазын үзіп алуы мүмкін. Осы түсінікке сүйенгендер «олар шайтандардан» деген сөзді түйенің шайтанға ұқсатылған мінезі деп түсінген. Уәлиуддин әл-Ирақи бұл сөздің тура мағынасында айтылуы да мүмкін деген. Түйеде жыртқыш аңға ұқсас мінез бар. Бура адамды тістеп, табанына салып таптап кетуі мүмкін. Куфа ғалымдары зиян келтіретін, жүгенсіз мінезді мақұлықты шайтанға балаған. Олар: «Жын мен хайуанның оғаш, жүгенсізі адамға жау», – деген. Сондықтан кекшіл, қыңыр түйенің осы мағынада шайтанға теңелуі пайғамбар сөзінің мазмұнына сай келеді. Бұл сөз ғұмыры ат үстінде, түйе қомында, керуен көшінде өтетін кісілерді қауіптен сақтандырады.

Қойдың берекеге балануы да оның табиғатына сай айтылған. Қойда түйенікіндей асаулық, адамды жаншып кетердей дүлей мінез жоқ. Қазақ жуас кісіні «қой аузынан шөп алмас» деп сипаттаған. Қой түйедей кекшіл, қыңыр келмейді. Оның жуас мал екені жұртқа белгілі. Шафиғи келтірген нұсқадағы «сәкина» сөзі де қойдың осы сипатын, яғни тыныштығын білдіреді. Демек, қойдың жанында намаз оқыған кісі қауіптенбей, көңілін бөлмей намазын оқи алады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 72 (184). Тирмизи, «Таһарат», 60 (81), мағыналас нұсқа.