Хадис

Тәяммум

Кутуб ситтә, 8-том, 505-тарау · 19 хадис · № 3714–3732

Хадистер

3714
Кутуб ситтә, № 3714 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша (р.а.)

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «خَرَجْنَا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فِي بَعْضِ أَسْفَارِهِ، حَتَّىٰ إِذَا كُنَّا بِالْبَيْدَاءِ أَوْ بِذَاتِ الْجَيْشِ انْقَطَعَ عِقْدٌ لِي، فَأَقَامَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَلَى الْتِمَاسِهِ، وَأَقَامَ النَّاسُ مَعَهُ، وَلَيْسُوا عَلَىٰ مَاءٍ، وَلَيْسَ مَعَهُمْ مَاءٌ. فَأَتَى النَّاسُ إِلَىٰ أَبِي بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَقَالُوا: أَلَا تَرَىٰ مَا صَنَعَتْ عَائِشَةُ؟ أَقَامَتْ بِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَبِالنَّاسِ مَعَهُ، وَلَيْسُوا عَلَىٰ مَاءٍ، وَلَيْسَ مَعَهُمْ مَاءٌ. فَجَاءَ أَبُو بَكْرٍ وَرَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَاضِعٌ رَأْسَهُ عَلَىٰ فَخِذِي قَدْ نَامَ. فَقَالَ: حَبَسْتِ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ وَالنَّاسَ، وَلَيْسُوا عَلَىٰ مَاءٍ، وَلَيْسَ مَعَهُمْ مَاءٌ. قَالَتْ: فَعَاتَبَنِي أَبُو بَكْرٍ وَقَالَ مَا شَاءَ اللَّهُ أَنْ يَقُولَ، وَجَعَلَ يَطْعُنُنِي بِيَدِهِ فِي خَاصِرَتِي، فَمَا يَمْنَعُنِي مِنَ التَّحَرُّكِ إِلَّا مَكَانُ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ عَلَىٰ فَخِذِي. فَنَامَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ حَتَّىٰ أَصْبَحَ عَلَىٰ غَيْرِ مَاءٍ، فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَىٰ آيَةَ التَّيَمُّمِ فَتَيَمَّمُوا. فَقَالَ أُسَيْدُ بْنُ حُضَيْرٍ، وَهُوَ أَحَدُ النُّقَبَاءِ: مَا هِيَ بِأَوَّلِ بَرَكَتِكُمْ يَا آلَ أَبِي بَكْرٍ. قَالَتْ: فَبَعَثْنَا الْبَعِيرَ الَّذِي كُنْتُ عَلَيْهِ، فَوَجَدْنَا الْعِقْدَ تَحْتَهُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Бір сапарда Алла елшісімен (с.а.с.) бірге едім. Байда немесе Зат әл-Жайш деген жерге жеткенде, алқам үзіліп, жоғалып қалды. Алла елшісі оны іздеу үшін аялдады. Қасындағы жұрт та аялдады. Ол маңда су көзі жоқ еді. Жолаушылардың өздерімен бірге алған суы да болмады.

Жұрт Әбу Бәкірге (р.а.) барып: “Айшаның не істегенін көрдіңіз бе? Алла елшісін де, қасындағы жұртты да осында аялдатты. Бұл маңда су көзі жоқ, өздерінде де су жоқ”, – деді. Алла елшісі басын саныма қойып ұйықтап жатқанда, Әбу Бәкір келді. Әкем: “Алла елшісін де, жұртты да осында бөгедің. Су көзі жоқ, ешкімде су да жоқ”, – деп мені жазғырды. Алла оның айтуын қалаған өзге сөздерді де айтты. Қолымен бүйірімнен нұқыды. Алла елшісінің басы санымда жатқандықтан, қимылдамадым. Ол су жоқ жерде таң атқанша ұйықтады. Сонда Алла тағала тәяммум туралы аятты түсірді: فَلَمْ تَجِدُوا مَاءً فَتَيَمَّمُوا صَعِيدًا طَيِّبًا فَامْسَحُوا بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُمْ مِنْهُ ۚ مَا يُرِيدُ اللَّهُ لِيَجْعَلَ عَلَيْكُمْ مِنْ حَرَجٍ وَلَٰكِنْ يُرِيدُ لِيُطَهِّرَكُمْ وَلِيُتِمَّ نِعْمَتَهُ عَلَيْكُمْ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ “[…] су таба алмасаңдар, таза топыраққа тәяммум соғып беттеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін сипаңдар. Алла сендерге ауыртпалық артқысы келмейді. Керісінше, шүкіршілік етерсіңдер деп, сендерді тәндік һәм рухани кірлерден тазартуды және өздеріңе берер нығметін тамамдауды қалайды” (“Мәида” сүресі, 6-аят). Жұрт тәяммум алды.

Тайпа өкілдерінің бірі Усәйд ибн Худайр: “Уа, Әбу Бәкір әулеті! Бұл сендерден келген алғашқы береке емес”, – деді. Сосын мен мініп келген түйені тұрғызғанымызда, алқам соның астынан табылды».

3715
Кутуб ситтә, № 3715 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ لِأَبِي دَاوُدَ قَالَ: «بَعَثَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أُسَيْدَ بْنَ حُضَيْرٍ وَأُنَاسًا مَعَهُ فِي طَلَبِ قِلَادَةٍ أَضَلَّتْهَا عَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، فَحَضَرَتِ الصَّلَاةُ فَصَلَّوْا بِغَيْرِ وُضُوءٍ، فَأَتَوُا النَّبِيَّ ﷺ فَذَكَرُوا لَهُ ذَلِكَ، فَأُنْزِلَتْ آيَةُ التَّيَمُّمِ». زَادَ فِي رِوَايَةٍ: «فَقَالَ أُسَيْدٌ: يَرْحَمُكِ اللَّهُ، مَا نَزَلَ بِكِ أَمْرٌ تَكْرَهِينَهُ إِلَّا جَعَلَ اللَّهُ فِيهِ لِلْمُسْلِمِينَ وَلَكِ فَرَجًا». «النُّقَبَاءُ» جَمْعُ نَقِيبٍ، وَهُوَ الْمُقَدَّمُ عَلَىٰ جَمَاعَةٍ يَكُونُ أَمْرُهُمْ مَرْدُودًا إِلَيْهِ كَالْعَرِيفِ، وَهُوَ أَكْبَرُ مِنْهُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіт жеткізген Айшаның (р.а.) риуаятында Алла елшісінің (с.а.с.) Айша жоғалтқан алқаны іздеуге Усәйд ибн Худайрды (р.а.) бірнеше кісімен бірге жібергені айтылады. Намаз уақыты кіргенде, олар дәретсіз намаз оқыған. Кейін Пайғамбарға жағдайды баяндаған. Сол кезде тәяммум туралы аят түскен.

Бір нұсқада Усәйдтің Айшаға: «Алла сені рақымына бөлесін. Басыңа өзіңе жайсыз іс түскен сайын, Алла сол істен өзіңе де, мұсылмандарға да тығырықтан шығар жол ашты», – дегені қосылған1.

وَالْمُرَادُ بِالنُّقَبَاءِ هُنَا سُبَّاقُ الْأَنْصَارِ إِلَى الْإِسْلَامِ فِي الْعَقَبَةِ، جَعَلَهُمُ النَّبِيُّ ﷺ نُقَبَاءَ عَلَىٰ قَوْمِهِمْ، وَكَانَ أُسَيْدٌ مِنْهُمْ.

Түсіндірме

1. «Тәяммум» сөздікте «меңзеу», «ниет ету» деген мағыналарды білдіреді. Шариғи термин ретінде ол намаз бен дәрет қажет ететін өзге құлшылықтарды орындауға мүмкіндік алу үшін, дәрет не ғұсыл орнына бетті және екі қолды сүрту ниетімен таза топыраққа жүгінуді білдіреді. Сөз осы мағынада жиі қолданылып, келе-келе бетті және екі қолды топырақпен сипау амалының атауына айналған. Бұл – сөздіктегі мағынадан ауысқан шариғи қолданыс.

2. Тәяммум азиматқа2 жата ма, әлде рұқсатқа жата ма деген мәселеде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Кей ғалымдар су табылмаған жағдайда оны азимат, ал науқас кісі үшін рұқсат деп санаған.

3. Тәяммумның қандай жағдайда және қалай алынатыны келесі хадистерде, әсіресе № 3723 хадистің түсіндірмесінде баяндалады.

4. Ислам ғалымдары тәяммумды Мұхаммедтің (с.а.с.) үмбетіне берілген жеңілдік әрі Алланың рақымы деп түсіндіреді. Алла тағала алдыңғы үмбеттерге бермеген осы жеңілдікті бұл үмбетке нәсіп еткен. Сөйтіп су жоқта құлшылықтан қол үзу мен өзін таза сезінбей қиналудың алдын алған.

5. Бұл оқиғаның қай сапарда болғаны риуаятта нақтыланбаған. Ғалымдар да бұл жөнінде бірауызды пікір айтпаған. Ибн Сағд, Ибн Хиббан және Ибн Абдулбәрр оқиға һижраның бесінші жылындағы Мурайсиғ деп те аталатын Бәни Мұсталық жорығында болған деген. Айшаға (р.а.) жала жабылған оқиға да осы сапарда болған. Ол да Айшаның алқасын жоғалтып алуынан басталған.

Ибн Хажар тәяммум оқиғасы да Бәни Мұсталық сапарында болды десек, Айша сол сапарда алқасын екі рет жоғалтқан болып шығатынын айтады. «Оқиғаның баяндалуынан бұлардың екеуі бөлек оқиға екені байқалады», – дейді. Ол бұл жөніндегі пікірталасты сөз етіп: «Ұстаздарымыздың бірі екі оқиғаның да Бәни Мұсталық сапарында болуы мүмкін емес деп есептеген. Оның уәжі мынадай: “Мурайсиғ – Қадид пен Сақилдың арасында, Мекке бағытында. Ал бұл оқиға Хайбар бағытында болған. Өйткені Айша риуаятта Байда мен Зат әл-Жайшты атаған. Нәуауи бұл екеуінің Мәдина мен Хайбар арасында жатқанын нақты айтқан”», – дейді.

Ибн Хажар бұл уәжді келтірген соң, түрлі деректегі риуаяттардың айырмашылықтарына сүйеніп айтылған өзге пікірлерге де орын береді. Әуелі өзі бір пікірге тоқтамай, Ибн әт-Тиннің тұжырымы орынды екенін айтады. Ибн әт-Тиннің пайымынша, Байда – Мекке мен Мәдина жолындағы Мәдинаға жақын Зул-Хулайфа маңы. Зат әл-Жайш одан әрі орналасқан.

Кейбір ғалымдар жала оқиғасы мен тәяммум оқиғасы екі бөлек сапарда болған деген. Төменде келетін Табарани риуаяты осы пікірді қуаттайды.

Ибн Хажар басқа нұсқадағы: «Аллаға ант етемін, өзіңді мұңайтқан жағдайға тап болған сайын, Алла сені тығырықтан шығарып, мұсылмандарға сол істен береке нәсіп етті», – деген қосымшаны келтіреді. Оның пікірінше, бұл сөз тәяммум оқиғасының жала оқиғасынан кейін болғанын аңғартады және осыны айтқан ғалымдардың сөзін қуаттайды.

Тәяммум оқиғасының кейін болғанын қуаттау үшін Ибн Хажар Ибн Әбу Шәйбаның Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген риуаятына жүгінеді. Әбу Һурайра: «Тәяммум аяты түскенде, тәяммумды қалай алуды білмедім», – деген. Ибн Хажар: «Бұл аяттың Бәни Мұсталық сапарынан кейін түскенін көрсетеді. Әбу Һурайра һижраның жетінші жылы мұсылман болды, ал Бәни Мұсталық сапары одан бұрын болғанына дау жоқ», – дейді.

Табарани жеткізген риуаятта Айша былай дейді: «Алқа оқиғасы өтіп, жалақорлар айтарын айтып болғаннан кейін, Алла елшісімен (с.а.с.) тағы бір сапарға шықтым. Бұл жолы да алқамды жоғалтып алдым. Оны іздеп, жұртты тағы да жолынан қалдырдым. Әбу Бәкір: “Қызым-ай, әр жолы жұртты әбігерге салдың ғой”, – деп ұрысты. Осы кезде тәяммумға рұқсат беретін аят түсті. Сонда Әбу Бәкір: “Сен қандай берекелі жансың!” – деп, осы ілтипатын үш рет қайталады».

6. Кей ғалымдар Айшаның (р.а.) риуаяттарда «әкем» демей, «Әбу Бәкір» деп атауынан мынадай астар байқаған: «Әке балаға мейіріммен, жұмсақ қарайды. Ал бұл жолы Әбу Бәкір Айшаны сөзбен де, ісімен де жазғырған. Сол сәттегі қатқылдықты жеткізу үшін Айша оны “әкем” демей, өз атымен атаған».

7. Хадистен шығатын ғибраттар:

Бұл риуаятта бірнеше ғибрат бар. Солардың бірқатарына тоқталайық.

• Имам мұсылманның құқығы елеусіз көрінсе де, оны қорғауға тиіс. Айшаның (р.а.) бір алқасы үшін бүкіл жасақ аялдаған. Кейбір риуаятта алқаның құны он екі дирхам болғаны айтылады.

• Тұрмыстағы әйелдің ісіне қатысты шағымды оның әкесіне де айтуға болады. Жұрт Алла елшісін (с.а.с.) ұйқысынан оятқысы келмегендіктен, Әбу Бәкірге барған. Сахабалар уахи келуі мүмкін деп, Алла елшісін ұйқысынан оятпайтын.

• Оқиғаға себеп болған кісінің ісін атауға болады. Жұрт аялдаудың себебін Айшаның ісіне байланыстырып, Әбу Бәкірге: «Айшаның не істегенін көрдіңіз бе?» – деген.

• Әке күйеуімен бірге отырған қызының жанына рұқсатсыз кіре алады. Мұндайда олардың оңаша жақындасып жатпағанына көзі жетуі керек.

• Қызы тұрмыс құрып, жасы ұлғайып, әке шаңырағынан кеткеннен кейін де әке оған жөн айта алады. Өйткені әркім тәрбиесіне жауапты кісісін имамның арнайы рұқсатынсыз да тәрбиелей алады.

• Қимылдаса ұйықтап жатқан кісі оянып кететін болса, өзіне жайсыз тисе де, тырп етпей отыру – мұстахаб. Намаз, Құран оқып отырған немесе іліммен айналысып жатқан кісінің де мазасын алмау үшін осылай істеу мұстахаб.

  1. 1Бұхари, «Тәяммум», 2 (334, 336), «Фадаил әл-асхаб», 5, 30, «Тәпсір», «Ниса», 10, «Мәида», 3, «Никах», 65, 125, «Либас», 52, «Худуд», 39. Мүслим, «Хайыз», 108 (367). Мәлік, «Муатта», «Таһарат», 89 (1/53–54). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 123 (317). Нәсәи, «Таһарат», 194 (1/163–164).
  2. 2Азимат – қалыпты жағдайда әр адамға міндеттелетін түпкі үкім. Аудармашының ескертпесі.
3716
Кутуб ситтә, № 3716 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Аммар ибн Ясир (р.а.)

وَعَنْ عَمَّارِ بْنِ يَاسِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَرَّسَ بِأُولَاتِ الْجَيْشِ، وَمَعَهُ عَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، فَانْقَطَعَ عِقْدٌ لَهَا مِنْ جَزْعِ ظَفَارِ، فَحَبَسَ النَّاسَ ابْتِغَاءَ عِقْدِهَا ذَلِكَ حَتَّىٰ أَضَاءَ الْفَجْرُ، وَلَيْسَ مَعَ النَّاسِ مَاءٌ. فَتَغَيَّظَ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَلَيْهَا، وَقَالَ: حَبَسْتِ النَّاسَ وَلَيْسَ مَعَهُمْ مَاءٌ. فَأَنْزَلَ اللَّهُ عَلَىٰ رَسُولِهِ ﷺ رُخْصَةَ التَّطَهُّرِ بِالصَّعِيدِ الطَّيِّبِ. فَقَامَ الْمُسْلِمُونَ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَضَرَبُوا بِأَيْدِيهِمْ إِلَى الْأَرْضِ، ثُمَّ رَفَعُوا أَيْدِيَهُمْ، وَلَمْ يَقْبِضُوا مِنَ التُّرَابِ شَيْئًا، فَمَسَحُوا وُجُوهَهُمْ وَأَيْدِيَهُمْ إِلَى الْمَنَاكِبِ، وَمِنْ بُطُونِ أَيْدِيهِمْ إِلَى الْآبَاطِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. وَزَادَ أَبُو دَاوُدَ: قَالَ ابْنُ شِهَابٍ فِي حَدِيثِهِ: وَلَا يَعْتَبِرُ بِهَذَا النَّاسُ. قَالَ أَبُو دَاوُدَ: وَكَذَلِكَ رَوَاهُ ابْنُ إِسْحَاقَ، قَالَ فِيهِ: عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، وَذَكَرَ ضَرْبَتَيْنِ. وَفِي رِوَايَةٍ لِلنَّسَائِيِّ: «وَلَمْ يَنْفُضُوا مِنَ التُّرَابِ شَيْئًا».

Қазақша аудармасы

Аммар ибн Ясир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Айшамен (р.а.) бірге шыққан бір сапарда Ұлат әл-Жайш деген жерде түнде тынығуға аялдады. Сол кезде Айшаның Зафар моншағынан жасалған алқасы үзіліп қалды. Алқаны іздеп, жұрт таң ағарғанша бөгелді. Ешкімде су жоқ еді. Әбу Бәкір (р.а.) Айшаға ашуланып: “Жұртты жолынан қалдырдың, қолдарында су да жоқ”, – деді. Алла тағала елшісіне таза топырақпен тазаруға рұқсат түсірді. Сонда мұсылмандар Алла елшісімен бірге тұрып, алақандарын жерге соқты. Содан соң қолдарын көтерді. Топырақтан ештеңе уыстап алмады. Беттерін, қолдарының сыртын иыққа дейін, ал ішкі жағын қолтықтарына дейін сипады».

Әбу Дәуіт Ибн Шиһабтың «Жұрт бұл амалға сүйенбейді» деген сөзін қосқан. Ол Ибн Исхақтың да осылай риуаят еткенін, оның нұсқасында Ибн Аббастың (р.а.) аты аталып, қолды жерге екі рет соғу айтылғанын жазады.

Нәсәидің бір нұсқасында: «Қолдарына жұққан топырақты қаққан жоқ», – делінген.

3717
Кутуб ситтә, № 3717 · тараудағы реті: 4

وَفِي أُخْرَىٰ لِأَبِي دَاوُدَ: «أَنَّهُمْ تَمَسَّحُوا وَهُمْ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ بِالصَّعِيدِ لِصَلَاةِ الْفَجْرِ، فَضَرَبُوا أَكُفَّهُمْ بِالصَّعِيدِ، ثُمَّ مَسَحُوا التُّرَابَ بِوُجُوهِهِمْ مَسْحَةً وَاحِدَةً، ثُمَّ عَادُوا فَضَرَبُوا أَكُفَّهُمْ بِالصَّعِيدِ مَرَّةً أُخْرَىٰ، فَمَسَحُوا بِأَيْدِيهِمْ كُلِّهَا إِلَى الْمَنَاكِبِ وَالْآبَاطِ مِنْ بُطُونِ أَيْدِيهِمْ». وَلَهُ فِي أُخْرَىٰ قَالَ ابْنُ اللَّيْثِ: «إِلَىٰ مَا فَوْقَ الْمِرْفَقَيْنِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіт жеткізген өзге нұсқада: «Сахабалар Алла елшісімен (с.а.с.) бірге таң намазына топырақпен тәяммум алды. Әуелі алақандарын топыраққа соғып, беттерін бір рет сипады. Сосын алақандарын топыраққа тағы соғып, қолдарының сыртын иыққа дейін, ішкі жағын қолтыққа дейін сипады», – делінген. Әбу Дәуіттің тағы бір нұсқасында Ибн әл-Ләйс: «Шынтақтарынан жоғарыға дейін...» – деген1.

«جَزْعُ ظَفَارِ» وَ«جَزْعُ أَظْفَارٍ»: فَأَمَّا ظَفَارُ، بِوَزْنِ قَطَامِ، فَهِيَ مَدِينَةٌ بِالْيَمَنِ يُنْسَبُ الْجَزْعُ إِلَيْهَا. وَأَمَّا أَظْفَارٌ فَهُوَ اسْمٌ لِنَوْعٍ مِنَ الْجَزْعِ يَعْرِفُونَهُ. وَ«الصَّعِيدُ»: التُّرَابُ، وَقِيلَ: وَجْهُ الْأَرْضِ. وَالْمُرَادُ بِـ«الطَّيِّبِ» الطَّاهِرُ مِنْهُ.

Түсіндірме

1. Басқа риуаяттарға қарағанда, Айша (р.а.) алқаны әпкесі Әсмадан (р.а.) уақытша алып таққан. Алқа Йемендегі Зафар немесе Зифар қаласында жасалған қара-ақ моншақтан тізілген. Құны он екі дирхам болған.

2. Ұлат әл-Жайш – № 3714 риуаятта Зат әл-Жайш, кейде Байда деп аталған мекен. Ол Зул-Хулайфадан әрі қарай орналасқан.

3. «Тағрис» – жолаушының түнде тынығып, ұйықтау үшін аялдауы.

4. Бұл риуаятта тәяммум алғанда қолдың сырты иыққа дейін, ал ішкі жағы қолтыққа дейін сипалғаны баяндалады.

5. Әбу Дәуіт бұл хадиске ғалымдардың сүйенбегенін, яғни тәяммумда иық пен қолтыққа дейін мәсіх тартуды негізге алмағанын жазады. Дегенмен кей ғалымдар Зуһридің осы хадистегідей тәяммум алғанын жеткізген.

6. Нәсәи келтірген нұсқада алақанды жерге соққан соң, оған жұққан топырақты түсіру үшін қолдарын қақпағаны айтылған. Ал № 3718 хадисте және басқа риуаяттарда, керісінше, қолдарын қағып, жабысқан ірі түйірлерді түсіргеннен кейін ғана мәсіх тартқаны айтылады. Кей нұсқада қолды қағудың орнына үрлеу келген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 123 (318–320). Нәсәи, «Таһарат», 196–198 (1/166–168).
3718
Кутуб ситтә, № 3718 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ شَقِيقٍ قَالَ: «كُنْتُ بَيْنَ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مَسْعُودٍ وَأَبِي مُوسَىٰ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، فَقَالَ أَبُو مُوسَىٰ: أَرَأَيْتَ يَا أَبَا عَبْدِ الرَّحْمَنِ، لَوْ أَنَّ رَجُلًا أَجْنَبَ فَلَمْ يَجِدِ الْمَاءَ شَهْرًا، كَيْفَ يَصْنَعُ بِالصَّلَاةِ؟ فَقَالَ: لَا يَتَيَمَّمُ وَإِنْ لَمْ يَجِدِ الْمَاءَ شَهْرًا. فَقَالَ أَبُو مُوسَىٰ: فَكَيْفَ بِهَذِهِ الْآيَةِ فِي سُورَةِ الْمَائِدَةِ: فَلَمْ تَجِدُوا مَاءً فَتَيَمَّمُوا صَعِيدًا طَيِّبًا؟ قَالَ عَبْدُ اللَّهِ: لَوْ رُخِّصَ لَهُمْ فِي هَذِهِ الْآيَةِ لَأَوْشَكَ إِذَا بَرَدَ عَلَيْهِمُ الْمَاءُ أَنْ يَتَيَمَّمُوا بِالصَّعِيدِ. فَقَالَ لَهُ أَبُو مُوسَىٰ: وَإِنَّمَا كَرِهْتُمْ هَذَا لِذَا؟ قَالَ: نَعَمْ. فَقَالَ أَبُو مُوسَىٰ لِعَبْدِ اللَّهِ: أَلَمْ تَسْمَعْ قَوْلَ عَمَّارٍ لِعُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: بَعَثَنِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ، فَأَجْنَبْتُ فَلَمْ أَجِدِ الْمَاءَ، فَتَمَرَّغْتُ فِي الصَّعِيدِ كَمَا تَتَمَرَّغُ الدَّابَّةُ. ثُمَّ أَتَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَذَكَرْتُ لَهُ ذَلِكَ. فَقَالَ: إِنَّمَا كَانَ يَكْفِيكَ أَنْ تَصْنَعَ هَكَذَا، وَضَرَبَ بِكَفَّيْهِ ضَرْبَةً عَلَى الْأَرْضِ، ثُمَّ نَفَضَهُمَا، ثُمَّ مَسَحَ بِهِمَا ظَهْرَ كَفِّهِ بِشِمَالِهِ، أَوْ ظَهْرَ شِمَالِهِ بِكَفِّهِ، ثُمَّ مَسَحَ بِهِمَا وَجْهَهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Шақиқ былай дейді: «Абдулла ибн Мәсғуд пен Әбу Мұсаның (р.а.) ортасында отыр едім. Әбу Мұса: “Уа, Әбу Абдуррахман, кісі жүніп болып, бір ай бойы су таба алмаса, намазын қалай оқиды деп ойлайсың?” – деп сұрады. Ол: “Бір ай су таба алмаса да, тәяммум алмайды”, – деді. Әбу Мұса: “Олай болса, ‘Мәида’ сүресіндегі فَلَمْ تَجِدُوا مَاءً فَتَيَمَّمُوا صَعِيدًا طَيِّبًا ‘[…] су таба алмасаңдар, таза топыраққа тәяммум соғып’ деген аятты (“Мәида” сүресі, 6-аят) қалай түсінесің?” – деді. Абдулла: “Оларға осы аят арқылы рұқсат берілсе, су салқындаса да, топырақпен тәяммум алуға асығар еді”, – деді. Әбу Мұса: “Сол себепті оны құп көрмейсіңдер ме?” – деп сұрады. Абдулла: “Иә”, – деді. Сонда Әбу Мұса: “Аммардың Омарға (р.а.) айтқанын естімедің бе? Ол: ‘Алла елшісі (с.а.с.) мені бір іспен жолға жіберді. Жүніп болып, су таппай қалдым. Мал аунағандай топыраққа аунадым. Кейін Алла елшісіне келіп, болған жайды айттым. Ол мұны былай істеу жеткілікті болатынын айтып, екі алақанын жерге бір соқты. Содан соң қолдарын қақты. Сол алақанымен оң қолының сыртын немесе оң алақанымен сол қолының сыртын сипады. Артынша бетін де сипады’, – деген”, – деді»1.

  1. 1Бұхари, «Тәяммум», 4–5, 7–8. Мүслим, «Хайыз», 110 (368). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 123 (321). Нәсәи, «Таһарат», 202 (1/170).
3719
Кутуб ситтә, № 3719 · тараудағы реті: 6

وَعِنْدَ مُسْلِمٍ: «إِنَّمَا كَانَ يَكْفِيكَ أَنْ تَقُولَ بِيَدَيْكَ هَكَذَا، ثُمَّ ضَرَبَ بِيَدَيْهِ الْأَرْضَ ضَرْبَةً وَاحِدَةً، ثُمَّ مَسَحَ الشِّمَالَ عَلَى الْيَمِينِ وَظَاهِرَ كَفَّيْهِ وَوَجْهَهُ». قَالَ عَبْدُ اللَّهِ: «أَوَلَمْ تَرَ عُمَرَ لَمْ يَقْنَعْ بِقَوْلِ عَمَّارٍ؟».

Қазақша аудармасы

Мүслимнің нұсқасында Алла елшісі (с.а.с.): «Екі қолыңмен былай істегенің жеткілікті еді», – деген. Сосын екі қолын жерге бір соғып, сол қолымен оң қолын, екі қолының сыртын және бетін сипаған. Абдулла: «Омардың (р.а.) Аммардың (р.а.) сөзіне иланбағанын көрмедің бе?» – деген1.

  1. 1Мүслим, «Хайыз», 110 (368).
3720
Кутуб ситтә, № 3720 · тараудағы реті: 7

وَفِي أُخْرَىٰ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: إِنَّمَا يَكْفِيكَ أَنْ تَقُولَ هَكَذَا، وَضَرَبَ بِيَدَيْهِ الْأَرْضَ، فَقَبَضَ يَدَيْهِ، فَمَسَحَ وَجْهَهُ وَكَفَّيْهِ». وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ.

Қазақша аудармасы

Өзге нұсқада Алла елшісі (с.а.с.): «Былай істегенің жеткілікті», – деген. Сосын екі қолын жерге соғып, қайта көтеріп, беті мен екі алақанын сипаған. Бұл – екі «Сахихтағы» мәтін1.

  1. 1Бұхари, «Тәяммум», 6. Мүслим, «Хайыз», 111 (368).
3721
Кутуб ситтә, № 3721 · тараудағы реті: 8

وَعَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ أَبْزَىٰ: «أَنَّ رَجُلًا أَتَىٰ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ: إِنِّي أَجْنَبْتُ فَلَمْ أَجِدْ مَاءً. فَقَالَ لَهُ: لَا تُصَلِّ. فَقَالَ عَمَّارٌ: أَمَا تَذْكُرُ يَا أَمِيرَ الْمُؤْمِنِينَ إِذْ أَنَا وَأَنْتَ فِي سَرِيَّةٍ، فَأَصَابَتْنَا جَنَابَةٌ فَلَمْ نَجِدِ الْمَاءَ، فَأَمَّا أَنْتَ فَلَمْ تُصَلِّ، وَأَمَّا أَنَا فَتَمَعَّكْتُ فِي التُّرَابِ وَصَلَّيْتُ، فَقَالَ ﷺ: إِنَّمَا كَانَ يَكْفِيكَ أَنْ تَضْرِبَ بِيَدَيْكَ الْأَرْضَ، ثُمَّ تَنْفُخَ، ثُمَّ تَمْسَحَ بِهِمَا وَجْهَكَ وَكَفَّيْكَ. فَقَالَ عُمَرُ: اتَّقِ اللَّهَ يَا عَمَّارُ. فَقَالَ: إِنْ شِئْتَ لَمْ أُحَدِّثْ بِهِ. فَقَالَ عُمَرُ: نُوَلِّيكَ مَا تَوَلَّيْتَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ.

Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Әбза былай дейді: «Бір кісі Омарға (р.а.) келіп: “Жүніп болып, су таба алмадым. Не істеймін?” – деп сұрады. Омар: “Намаз оқыма”, – деді. Аммар: “Уа, мүміндердің әміршісі, екеуіміз бір жасақта болғанда, жүніп болып, су таба алмағанымыз есіңде ме? Сен намаз оқымадың. Мен топыраққа аунап, намаз оқыдым. Алла елшісі (с.а.с.) маған: ‘Екі қолыңды жерге соғып, сосын үрлеп, олармен бетіңді және екі алақаныңды сипағаның жеткілікті еді’, – деген”, – деді. Омар: “Уа, Аммар, Алладан қорық”, – деді. Аммар: “Қаласаң, бұл хадисті ешкімге айтпаймын”, – дегенде, Омар: “Мойныңа алған жауапкершілікті өзіңе қалдырамыз”, – деп жауап берді».

3722
Кутуб ситтә, № 3722 · тараудағы реті: 9

وَعِنْدَ أَبِي دَاوُدَ: «إِنَّمَا كَانَ يَكْفِيكَ أَنْ تَقُولَ هَكَذَا، وَضَرَبَ بِيَدَيْهِ الْأَرْضَ، ثُمَّ نَفَخَهُمَا، ثُمَّ مَسَحَ بِهِمَا وَجْهَهُ وَيَدَيْهِ إِلَىٰ نِصْفِ الذِّرَاعِ». وَفِي أُخْرَىٰ لَهُ: «وَلَمْ يَبْلُغِ الْمِرْفَقَيْنِ، ضَرْبَةً وَاحِدَةً». وَفِي أُخْرَىٰ لَهُ: «إِلَى الْمِرْفَقَيْنِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіт жеткізген нұсқада Алла елшісі (с.а.с.): «Былай істегенің жеткілікті еді», – деген. Сосын екі алақанын жерге соғып, оларға үрлеген. Алақандарымен бетін және екі қолын білектің ортасына дейін сипаған.

Әбу Дәуіттің басқа нұсқасында Алла елшісі екі алақанын жерге бір соғып, содан соң бір-біріне қағып, жабысқан топырақты түсіргені айтылады. Сөйтіп бетін және екі қолын білектің ортасына дейін сипаған. Шынтаққа жетпеген.

Тағы бір нұсқада «шынтаққа дейін» делінген.

3723
Кутуб ситтә, № 3723 · тараудағы реті: 10

وَأَخْرَجَ التِّرْمِذِيُّ مِنْ هَذَا الْحَدِيثِ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ أَمَرَهُ بِالتَّيَمُّمِ لِلْوَجْهِ وَالْكَفَّيْنِ». قَالَ: وَقَدْ رُوِيَ عَنْهُ أَنَّهُ قَالَ: «تَيَمَّمْنَا مَعَ النَّبِيِّ ﷺ إِلَى الْمَنَاكِبِ وَالْآبَاطِ». «السَّرِيَّةُ»: قِطْعَةٌ مِنَ الْجَيْشِ تَبْلُغُ أَرْبَعَمِائَةٍ.

Қазақша аудармасы

Тирмизи осы хадистің мына бөлігін келтірген: «Алла елшісі (с.а.с.) Аммарға бет пен екі алақанын сипап тәяммум алуды бұйырды». Тирмизи Аммардың: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге қолдарымызды иық пен қолтыққа дейін сипап, тәяммум алдық», – деген сөзі де жеткенін айтады1.

وَقَوْلُهُ «نُوَلِّيكَ مَا تَوَلَّيْتَ» أَيْ نَكِلُكَ إِلَىٰ مَا قُلْتَ، وَنَرُدُّ إِلَيْكَ مَا وَلَّيْتَهُ نَفْسَكَ وَرَضِيتَ لَهَا بِهِ.

Түсіндірме

1. № 3718–3723 аралығындағы алты риуаяттың бәрі Аммардың (р.а.) тәяммум алуына қатысты. Бұл оқиға хадис жинақтарында сәл өзгеше нұсқалармен жеткен. Жоғарыда «Тәйсир» жинағынан солардың бірқатарын келтірдік. Олардан мына тұстар анықталады:

1) Әлі уахи түспеген кезде бір сапарда Аммар (р.а.) сусыз қалған. Ол өз пайымына сүйеніп, тәяммумға ұқсас амал жасап, бүкіл денесіне топырақ жұқтырған. «Мал аунағандай топыраққа аунадым», – деуіне қарағанда, бұлай істеуді жануарларға қарап ойлаған болуы мүмкін. Жағдайды Алла елшісіне (с.а.с.) айтқанда, ол тәяммумды құптап, бүкіл денеге топырақ жұқтырмай-ақ қалай жасауға болатынын көрсетті.

2) Тәяммум жөнінде сахабалар әртүрлі пікірде болған. Әбу Мұса мен Ибн Мәсғудтың, Омар мен Аммардың пікірлері бір-бірінен өзгеше болғаны осы риуаяттардан көрінеді.

Түсіндірмешілер Омардың (р.а.) Аммарға «Алладан қорық» деуін оқиғаның есінен шығып кетуімен байланыстырады. Аммардың «Қаласаң, бұл хадисті ешкімге айтпаймын» дегенін олар былай түсіндіреді: «Мұны айтпаудың пайдасы айтқаннан мол деп есептесең, айтпайын. Өйткені күнәға жатпайтын істе халифаға бағыну – уәжіп. Мен осы сүннетті жеткізу міндетімді орындадым».

Омар оқиғаны есіне түсіре алмаса да, Аммарға сеніп, риуаяттың жауапкершілігін өзіне қалдырған. Әбу Дәуіттің нұсқасында Омар оның хадисті жеткізуіне тыйым салмайтынын антпен білдіріп: «Жоқ, Аллаға ант етемін, бұл істің жауапкершілігін мойныңа алсаң, сені соған жауапты етеміз», – деген.

Бұл сөз астарлы болғандықтан, оны ғалымдар әртүрлі түсіндірген. Синди оның мағынасын былай ашады: «Өзің біліп, мойныңа алған мәселені жеткізуге де, ол жөнінде пәтуа беруге де ерік бердік». Бұл жорамал бойынша, Омар әуелде оқиғаны есіне түсіре алмағанын және ол жөнінде өзі пәтуа бере алмайтынын білдірген. Кейін Аммарға сол риуаятпен пәтуа беруге ерік берген. Өйткені ол Аммардың анық білмеген мәселеде сөз айтуға асықпайтынына сенген.

2. № 3722 риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) тәяммум алуды көрсеткенде, қолды білектің ортасына дейін сипағаны айтылады. Ал № 3723-тегі қосымша нұсқада сахабалар қолдарын иыққа дейін сипаған. Ғалымдар мұндай нұсқаларды сахабалардың Алла елшісінен тәяммум алуды көрмей тұрып, өз пайымдарымен орындаған амалдары деп түсіндірген. Кейін Алла елшісі тәяммумның үлгісін көрсеткен соң, сахабалар төменде баяндалатын тәртіпке көшкен. Хадисшілер үкімі жойылған риуаяттарды да қалдырмай, еңбектерінде қалай жетсе, солай келтірген. Бір тақырыпқа қатысты нұсқалардың бірге берілуі – шариғат ілімінің байлығы әрі ғалымдар еңбегінің бір артықшылығы. Әсіресе «Сүнән» авторлары кейбір фақиһтар сүйенген риуаяттарды да негізгі хадиске қайшы нұсқа ретінде келтіріп, әлсіз тұсын көрсеткен.

Фиқһ тақырыптарында жинақ авторлары көбіне алдымен ең сенімді, көпшілік амал еткен хадистерді келтірген. Одан кейін оларға қайшы көрінетін, әлсіз болғандықтан амалға негіз етілмеген нұсқаларды берген. Мұндай тәртіп Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт және Тирмизиде кездеседі. Ал Нәсәи кейде бір тақырыпта әлсіз риуаят бар болса, оны әуелі келтіріп, соңынан сенімдірек хадис арқылы әлсіздігін көрсетеді. Бұл Нәсәидің әр тарауды әлсіз хадиспен бастағанын білдірмейді. Кей тақырыпта әлсіз хадис мүлде болмауы мүмкін. Бұл айырманы аңғару үшін «Күтүб әс-ситтә» имамдарының хадис іріктеу және кітаптарын жүйелеу тәсілдерін қайта қараған жөн.

Тәяммум қалай алынады?

Тәяммум туралы риуаяттар мен түсіндірмелерден кейін оның ғылымхал кітаптарында көрсетілген тәртібіне тоқталайық.

Тәяммум аларда намаз оқуға ниет етіп, «Бисмиллә» айтылады. Ханбали ғалымдары «Бисмиллә» айтуды уәжіп санаған.

Жеңді түріп, саусақтарды ашқан күйде екі алақанды жер тектес таза затқа соғады. Оған топырақ, құм, гипс, мәрмәр, минерал тастар, қыш жабын, кірпіш, жақұт, зүбәржат, маржан, тас тұз және балшықпен сыланған қабырға жатады. Алақанды сәл ілгері жылжытып, кері тартып барып көтереді2.

Алақанды көтергенде, оған ірі топырақ түйірі немесе ұсақ тас жабысса, қолдың қырларын бір-біріне қағып түсіреді. Сосын алақандарымен бетін түгел бір рет сипайды.

Содан кейін қолдарын бұрынғыдай топыраққа екінші рет соғады да, ірі түйірлерді қағып түсіреді. Сол қолдың бас бармағын ашып ұстап, қалған саусақтарының ішкі жағымен оң қолдың сыртын саусақ ұштарынан шынтаққа дейін сипайды. Сол қол шынтаққа жеткенде, оң білектің ішкі жағына бұрылады. Сол қолдың шынашағы мен бас бармағын сақинаша иіп, бас бармағын қоса алақанымен оң білектің ішкі жағын шынтақтан білек буынына дейін сипайды. Сосын оң қолдың бас бармағының үстін сипайды. Осы кезде оң бас бармақты ішке қарай иеді. Сонда сол қол оң алақанның ішіне тимей, сол бас бармақ оң бас бармақтың сыртына еркін жетеді.

Оң қолды осылай сипап болған соң, оң алақанмен сол қолды да дәл солай сипайды.

Тәяммум осы ретпен, амалдардың арасына үзіліс салмай алынады.

Аяқ пен басқа мәсіх тартылмайды. Қол саусақтарының арасы салаланады.

Дәретті бұзатын жағдайлар тәяммумды да бұзады. Сонымен бірге тәяммум алуға негіз болған жағдай жойылса, мысалы, су табылса, тәяммум бұзылады.

Тәяммум алуға рұқсат беретін себептер:

1) Судың табылмауы.

2) Суды қолдануға шариғи кедергінің болуы:

• Су бір миль (төрт мың қадам) немесе одан да алыс жерде болса, қолда су жоқ деп есептеледі.

• Су бола тұра, жуыну адамды ауыртып не ауруын асқындырып жіберетін болса да тәяммум алынады. Мұны тәжірибелі мұсылман дәрігердің кеңесімен анықтауға болады.

• Су жақын болғанымен, оны алуға барған адамның жанына, малына, ар-намысына немесе өзіне тапсырылған аманатқа қауіп төнсе, тәяммум алынады.

• Кейде дәретке не ғұсылға жететін аз ғана су болады, бірақ оны ішуге сақтау керек. Мұндайда да тәяммум алуға рұқсат.

• Су қолданамын деп айт не жаназа намазына үлгермей қалатын адамға дініміз тәяммум алуға рұқсат еткен. Ал жұма мен өзге намаздар секілді қазасы оқылатын намаздарды өткізіп алу қаупі өздігінен тәяммум алуға себеп болмайды.

Тәяммум жағдайға қарай дәреттің де, ғұсылдың да орнына жүретін тазалық амалы.

Тәяммум жөнінде толығырақ мәліметті ғылымхал кітаптарынан алуға болады.

  1. 1Тирмизи, «Таһарат» (144). Бұхари, «Тәяммум», 4–5, 7–8. Мүслим, «Хайыз», 112 (368). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 123 (318–319, 322–328). Нәсәи, «Таһарат», 196, 199–200 (1/165–170).
  2. 2Дымқыл не күйген топыраққа, сондай-ақ жер тектес емес зат араласса да, топырағы басым қоспаға тәяммум алуға болады. Балшық кеппейінше оған тәяммум алынбайды. Күл, темір, алтын, мыс сияқты балқығанда пішіні өзгеретін металл, інжу, шыны, мата мен аң терісі жер тектес зат саналмайды. Олардың бетінде шаң болса, тәяммум алуға болады. Шафиғидің пікірінше, тәяммум тек топырақпен алынады. Мәлік шөп, ағаш және қармен де алуға рұқсат берген.
3724
Кутуб ситтә, № 3724 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Имран ибн Хусайн (р.а.)

وَعَنْ عِمْرَانَ بْنِ حُصَيْنٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «رَأَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ رَجُلًا مُعْتَزِلًا لَمْ يُصَلِّ مَعَ الْقَوْمِ، فَقَالَ: يَا فُلَانُ، مَا مَنَعَكَ أَنْ تُصَلِّيَ مَعَ الْقَوْمِ؟ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَصَابَتْنِي جَنَابَةٌ وَلَا مَاءَ. قَالَ: عَلَيْكَ بِالصَّعِيدِ، فَإِنَّهُ يَكْفِيكَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Имран ибн Хұсайын (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір шетте қалып, жамағатпен бірге намаз оқымаған кісіні көрді. “Уа, пәленше! Жамағатпен намаз оқуыңа не кедергі болды?” – деп сұрады. Ол: “Уа, Алланың елшісі, жүніп болып қалдым, ал су жоқ”, – деді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): “Топырақпен тәяммум ал. Сол саған жеткілікті”, – деді»1.

  1. 1Бұхари, «Тәяммум», 6, 8 (344, 348), «Мәнәқиб», 25; Мүслим, «Мәсәжид», 317 (682); Нәсәи, «Таһарат», 203 (1/171).
3725
Кутуб ситтә, № 3725 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Әбу Зәрр (р.а.)

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «إِنَّ الصَّعِيدَ الطَّيِّبَ وَضُوءُ الْمُسْلِمِ، وَإِنْ لَمْ يَجِدِ الْمَاءَ عَشْرَ سِنِينَ، فَإِذَا وَجَدَ الْمَاءَ فَلْيُمِسَّهُ بَشَرَتَهُ، فَإِنَّ ذَلِكَ خَيْرٌ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَهَذَا لَفْظُ التِّرْمِذِيِّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәррден (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Мұсылман он жыл бойы су таппаса да, таза топырақ оның дәретінің орнына жүреді. Су тапқанда оны денесіне тигізсін. Өйткені сол қайырлы»1.

Түсіндірме

1. «Тәйсир» авторы хадистің айтылу себебін де жеткізген. Әбу Зәрр (р.а.) оқиғаны былай баяндайды: «Алла елшісінің (с.а.с.) қасына біраз зекет малы – қой мен түйе жиналды. Ол маған: “Уа, Әбу Зәрр, мына малды қырға апарып жай!” – деді. Мен отбасымды ертіп, Мәдинадан үш миль жердегі Рабазаға бардым. Сол жерде жүніп болып қалдым. Ішуге ғана жететін суым бар еді. Намаздарымды жуынбай оқып, бес-алты күнді солай өткіздім. Содан кейін Мәдинаға, Алла елшісінің (с.а.с.) қасына қайтып келдім.2

“Бұл Әбу Зәрр ме?” – деді. Үндемедім. “Бұл анасыз қалғыр Әбу Зәрр емес пе?” – деді. “Иә, уа, Алланың елшісі, бірақ мен құрыдым!” – дедім. “Не болды? Неге құрыдың?” – деп сұрады. “Суды ішуге сақтадым. Қасымда отбасым бар еді. Жүніп болып қалып, жуынбай намаз оқыдым”, – дедім. Алла елшісі (с.а.с.) маған су әкелуді бұйырды. Қара нәсілді бір күң үлкендеу құмыраға су құйып әкелді. Құмыра толы болмағандықтан, суы шайқалып тұрды. Бір түйенің тасасына барып жуынып, Алла елшісінің (с.а.с.) қасына қайта келдім. Ол: “Уа, Әбу Зәрр, он жыл су таппасаң да, таза топырақ дәреттің орнына жүреді. Су тапқанда оны денеңе тигіз”, – деді».

2. Ғалымдар осы риуаяттан топырақпен тәяммум алуға сапарда ғана рұқсат етілмейтінін аңғарған. Адам тұрақты мекенінде жүрсе де, су таппаған жағдайда топырақпен тазара алады. Су он жыл бойы табылмаса да, тәяммум жасай береді. Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Зәррдің (р.а.) тәяммумсыз намаз оқуын құптамаған.

3. Хадистен намаз уақытының шығуымен тәяммум бұзылмайды және бір тәяммуммен бірнеше уақыттың намазын оқуға болады деген үкім де шығарылған.

4. Хадистің соңындағы «Су тапқанда оны денеңе тигіз» деген сөз су табылса, қажетіне қарай ғұсыл алу немесе дәрет алу керектігін білдіреді. Ғалымдар бұл тіркестен дәрет пен тәяммумды қатар қолдана беруге болады деген мағына шықпайтынын атап өткен.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 125 (332–333); Тирмизи, «Таһарат», 92 (124); Нәсәи, «Таһарат», 204 (1/171). Тирмизиде «мұсылманның дәреті» және «мұсылманның тазалығы» деген екі нұсқа бар.
  2. 2Оқиға әртүрлі риуаяттарды біріктіру арқылы баяндалған.
3726
Кутуб ситтә, № 3726 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّهُ قَالَ، وَقَدْ سُئِلَ عَنِ التَّيَمُّمِ: «إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى قَالَ فِي كِتَابِهِ حِينَ ذَكَرَ الْوُضُوءَ: فَاغْسِلُوا وُجُوهَكُمْ وَأَيْدِيَكُمْ إِلَى الْمَرَافِقِ. وَقَالَ فِي التَّيَمُّمِ: فَامْسَحُوا بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُمْ. وَقَالَ: وَالسَّارِقُ وَالسَّارِقَةُ فَاقْطَعُوا أَيْدِيَهُمَا. وَكَانَتِ السُّنَّةُ فِي الْقَطْعِ الْكَفَّيْنِ. إِنَّمَا هُوَ الْوَجْهُ وَالْكَفَّانِ»، يَعْنِي التَّيَمُّمَ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббастан (р.а.) тәяммум туралы сұрағанда, ол былай деді: «Алла тағала Кітабында дәрет жайында فَاغْسِلُوا وُجُوهَكُمْ وَأَيْدِيَكُمْ إِلَى الْمَرَافِقِ “Беттеріңді жуыңдар, қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар” деді. Тәяммум жайында فَامْسَحُوا بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُمْ “Беттеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін сипаңдар” деді. Сондай-ақ وَالسَّارِقُ وَالسَّارِقَةُ فَاقْطَعُوا أَيْدِيَهُمَا “Мейлі ер, мейлі әйел болсын, ұрлық жасағандарға келсек,... қолдарын шабыңдар” деді. Ұрының қолын кесу жөніндегі сүннет қолдың білезікке дейінгі бөлігін қамтыған. Тәяммумда да бет пен қолдың білезікке дейінгі бөлігі сипалады»1.

Түсіндірме

Бұл риуаятта Ибн Аббастың (р.а.) тәяммумда сипалатын мүшелер жайындағы пікірі берілген. Оның түсіндіруінше, ұрлықтың жазасы туралы аяттағы «яд» сөзі қолдың білезікке дейінгі бөлігін білдіреді. Осыған сүйеніп, ол тәяммумда бетті және қолды білезікке дейін сипау жеткілікті деп есептеген.

  1. 1Тирмизи, «Таһарат», 110 (145). Дәйексөздер «Мәида» сүресінің 6 және 38-аяттарынан алынған.
3727
Кутуб ситтә, № 3727 · тараудағы реті: 14

وَعَنْ طَارِقٍ: «أَنَّ رَجُلًا أَجْنَبَ فَلَمْ يُصَلِّ، فَأَتَى النَّبِيَّ ﷺ فَذَكَرَ لَهُ ذَلِكَ، فَقَالَ: أَصَبْتَ. فَأَجْنَبَ آخَرُ فَتَيَمَّمَ وَصَلَّى، فَأَتَاهُ فَقَالَ نَحْوَ مَا قَالَ لِلْآخَرِ»، يَعْنِي: أَصَبْتَ. أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Тариқ былай дейді: «Бір кісі жүніп болып қалып, намаз оқымады. Кейін Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, жағдайын айтты. Ол: “Дұрыс істепсің”, – деді. Екінші кісі де жүніп болды, бірақ тәяммум алып, намазын оқыды. Ол да Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, жағдайын жеткізгенде, Пайғамбар (с.а.с.) оған да: “Дұрыс істепсің”, – деді»1.

Түсіндірме

Бұл оқиға тәяммум туралы аят түскенімен, үкімі жұртқа әлі кең тарай қоймаған кезде болған. Екі кісі де өз ижтиһадына сүйеніп әрекет етті. Бірінші кісі тәяммум алып, намаз оқуына мүмкіндік бола тұра оқымағандықтан, оның ижтиһады дұрыс болмаған. Алайда Алла елшісі (с.а.с.) жауап бергенде оқиғаның жалпы жағдайын ескерген болуы мүмкін. Ғалымдар риуаятты осылай түсіндірген.

  1. 1Нәсәи, «Таһарат», 205 (1/172).
3728
Кутуб ситтә, № 3728 · тараудағы реті: 15Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَصَابَ رَجُلًا جُرْحٌ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، ثُمَّ احْتَلَمَ، فَأُمِرَ بِالِاغْتِسَالِ، فَاغْتَسَلَ فَمَاتَ. فَبَلَغَ ذَلِكَ النَّبِيَّ ﷺ، فَقَالَ: قَتَلُوهُ، قَتَلَهُمُ اللَّهُ. أَلَا سَأَلُوا إِذْ لَمْ يَعْلَمُوا؟ فَإِنَّمَا شِفَاءُ الْعِيِّ السُّؤَالُ. إِنَّمَا يَكْفِيهِ أَنْ يَتَيَمَّمَ، وَأَنْ يَعْصِبَ عَلَى جُرْحِهِ خِرْقَةً، ثُمَّ يَمْسَحَ عَلَيْهَا وَيَغْسِلَ سَائِرَ جَسَدِهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) заманында бір кісі жараланып, артынан ұйқыда ихтилам болыпты. Оған ғұсыл алуды бұйырыпты. Ол жуынып, қайтыс болыпты. Бұл хабарды естіген Алла елшісі (с.а.с.): “Оны өлтірді ғой! Алла да олардың жанын алсын! Білмеген соң неге сұрамаған? Білместіктің емі – сұрау. Оған тәяммум алып, жарасын матамен таңып, таңғыштың үстінен мәсіх тартып, денесінің қалған жерін жуу жеткілікті еді”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Әбу Дәуіттегі Жәбирдің (р.а.) нұсқасы мынадай: «Бір сапарда арамыздағы бір кісіге тас тиіп, басы жарылды. Кейін ол ұйқыда ихтилам болып, жолдастарынан: “Тәяммум алуыма рұқсат бар ма?” – деп сұрады. Олар: “Су қолдануға шамаң жетеді. Саған тәяммум алуға рұқсат жоқ”, – деді. Ол жуынып, қайтыс болды. Алла елшісіне (с.а.с.) келгенімізде, оған осы оқиға айтылды. Сонда ол: “Оны өлтірді ғой! Алла да олардың жанын алсын! Білмеген соң неге сұрамаған? Білместіктің емі – сұрау. Оған тәяммум алып, жарасын матамен таңып, таңғыштың үстінен мәсіх тартып, денесінің қалған жерін жуу жеткілікті еді”, – деді».

2. Хаттаби хадистен мына мәселелерді таратады:

• Алла елшісі (с.а.с.) білмей пәтуа бергендерді айыптап, оларға қарғыс айтты және олардың ісін кісі өлтіруге теңеді.

• Хадисте тәяммум алу мен дененің сау жерін жуу қатар аталады. Асхаб әр-рәй ғалымдарының пікірінше, мүшенің аз бөлігі жараланса, су мен тәяммум қатар қолданылады, ал көп бөлігі жараланса, тәяммум жеткілікті. Имам Шафиғи жара аз болса да, көп болса да дененің сау мүшелерін жууды міндетті деп санаған.

3. Шәукани «Нәйл әл-аутарда» былай дейді: «Жәбирдің хадисі су зиян тигізеді деп қауіптенгенде тәяммум алуға болатынын көрсетеді. Имам Мәлик пен Әбу Ханифа осы пікірде. Шафиғидің екі пікірінің бірі де осыған саяды. Ахмад ибн Ханбал мен Шафиғидің екінші пікірінде мұндай қауіптеніп тәяммум алуға рұқсат берілмейді». Шәукани сөзін былай жалғайды: «Хадис жараға салынған таңғыштың үстінен мәсіх тартудың уәжіп екенін білдіреді. Бұл үкімді бұдан да анық қуаттайтын риуаят бар. Ибн Мәжа Әлиден (р.а.) мына хадисті жеткізген: “Алла елшісі (с.а.с.) таңғыштың үстінен мәсіх тартуды бұйырды”».

Хадис ғалымдары бұл риуаятты әлсіз деп тапқанымен, Әбу Ханифа, жеті фақиһ және кейінгі бірқатар ғалым таңғыштың үстінен мәсіх тартуды уәжіп санаған. Шафиғи бұған таңғыш дәретті күйде салынса және оның астында таңуға қажет жерден артық бөлік қалмаса, рұқсат берген.

Олардың пікірінше, мұндай мәсіх сумен тартылады.

Әбу Ханифадан жеткен өзге бір пікірде таңғыштың үстінен мәсіх тарту қажет емес әрі мұндай мәсіх дұрыс саналмайды. Себебі жаралы мүше кемтар мүше тәрізді, ал дәрет аятының үкімі бұл мүшені қамтымайды.

Жәбир мен Әлидің (р.а.) хадистері жеткізу тізбектерінің әлсіздігі себепті жеке-жеке амал етуге жарамсыз делінген. Алайда Жәбир хадисінің бірнеше жолмен келуі оны күшейтіп, дәлелге жарайтын дәрежеге жеткізеді. Әлидің риуаяты да оны қуаттайды. Жәбирдің хадисінде ғұсыл, тәяммум және мәсіхті бірге қолдану айтылған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 127 (336–337); Ибн Мәжа, «Таһарат», 93 (572). Жараны таңып, мәсіх тарту туралы сөйлем Әбу Дәуіттің Жәбирден жеткен 336-нұсқасында бар.
3729
Кутуб ситтә, № 3729 · тараудағы реті: 16Риуаят етуші: Амр ибн әл-Ас (р.а.)

وَعَنْ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «احْتَلَمْتُ فِي لَيْلَةٍ بَارِدَةٍ فِي غَزْوَةِ ذَاتِ السَّلَاسِلِ، فَأَشْفَقْتُ إِنِ اغْتَسَلْتُ أَنْ أَهْلِكَ، فَتَيَمَّمْتُ، ثُمَّ صَلَّيْتُ بِأَصْحَابِي الصُّبْحَ. فَذَكَرُوا ذَلِكَ لِلنَّبِيِّ ﷺ، فَقَالَ: يَا عَمْرُو، صَلَّيْتَ بِأَصْحَابِكَ وَأَنْتَ جُنُبٌ؟ فَأَخْبَرْتُهُ بِالَّذِي مَنَعَنِي مِنَ الِاغْتِسَالِ، وَقُلْتُ: إِنِّي سَمِعْتُ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ يَقُولُ: وَلَا تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا. فَضَحِكَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَلَمْ يَقُلْ شَيْئًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Зат әс-Саласил жорығында бір суық түні ихтилам болдым. Жуынсам, өліп қаламын ба деп қорықтым. Тәяммум алып, жолдастарыма таң намазын оқыттым. Олар осыны Алла елшісіне (с.а.с.) айтқан екен. Ол: “Уа, Амр! Жолдастарыңа жүніп күйде намаз оқыттың ба?” – деп сұрады. Мен жуынуыма не кедергі болғанын айтып: “Алла тағаланың وَلَا تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا ‘Әрі бір-біріңді өлтірмеңдер. Шүбәсіз, Алла сендерге өте мейірімді’ дегенін естідім”, – дедім. Алла елшісі (с.а.с.) күліп, ештеңе айтпады»1.

Түсіндірме

Бұл хадисте қатты суықта тәяммум алуға екі дәлел бар:

1. Алла елшісі (с.а.с.) күлімсіреп, істі құптағанын білдірді.

2. Ол Амр ибн әл-Астың (р.а.) істегенін түзетпеді. Алла елшісінің (с.а.с.) өз алдында жасалған іске не айтылған сөзге үнсіз қалуы оны мақұлдағанының белгісі саналады. Мұны «тақрири сүннет» дейді. Өйткені оның жалғанды қолдамайтыны және теріс іске үнсіз қалмайтыны белгілі. Күлімсіреуі үнсіз қалудан да айқынырақ дәлел. Сахабаларының қажет кезде ижтиһад жасап, мәселені шешкені оны қуантқан болса керек. Бұл Алла елшісінің (с.а.с.) өз тәрбиесінің жемісін көргенін аңғартып, мәртебесін айқындай түседі.

Хаттаби былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте суды қолдана алмауды судың жоқтығына теңеген. Мұның үкімі суы бола тұра, шөлден өліп қалудан қорқып, оны ішуге сақтаған әрі тәяммуммен шектелген адамның үкімімен бірдей».

Ибн Раслан былай дейді: «Суды жылытуға шамасы жеткен не қатерді сейілту үшін дене мүшелерін біртіндеп жуа алатын адамның тәяммум алуы дұрыс емес. Мысалы, ол бір мүшесін жуып жауып, содан кейін екінші мүшесін солай жуып, дәретін толық ала алады». Ал бұған шамасы жетпеген адамға тәяммум алып намаз оқуға рұқсат екенін көпшілік ғалым құптаған.

Хасан Басри мен Ата (рахимаһуллаһ) «Өліп қалатындай қауіп төнсе де жуынуы керек» деп, суықты үзірге санамаған. Олар Ибн Мәсғудтың № 3718 хадисте келтірілген сөзіне сүйенген болса керек: «Егер бұл аятпен оларға рұқсат берілсе, көп ұзамай су суық болғанда топырақпен тәяммум алуға тырысар еді».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 126 (334–335). Дәйексөз «Ниса» сүресінің 29-аятынан алынған.
3730
Кутуб ситтә, № 3730 · тараудағы реті: 17Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خَرَجَ رَجُلَانِ فِي سَفَرٍ، فَحَضَرَتِ الصَّلَاةُ وَلَيْسَ مَعَهُمَا مَاءٌ، فَتَيَمَّمَا صَعِيدًا طَيِّبًا فَصَلَّيَا. ثُمَّ وَجَدَا الْمَاءَ فِي الْوَقْتِ، فَأَعَادَ أَحَدُهُمَا الصَّلَاةَ وَالْوُضُوءَ، وَلَمْ يُعِدِ الْآخَرُ. ثُمَّ أَتَيَا رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَذَكَرَا ذَلِكَ لَهُ، فَقَالَ لِلَّذِي لَمْ يُعِدْ: أَصَبْتَ السُّنَّةَ وَأَجْزَأَتْكَ صَلَاتُكَ. وَقَالَ لِلَّذِي تَوَضَّأَ وَأَعَادَ: لَكَ الْأَجْرُ مَرَّتَيْنِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Екі кісі сапарға шықты. Намаз уақыты кіргенде, қолдарында су болмағандықтан, таза топырақпен тәяммум алып, намаздарын оқыды. Уақыт шықпай тұрып су тапты. Бірі дәрет алып, намазын қайта оқыды, екіншісі қайталап оқымады. Кейін екеуі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, жағдайды айтты. Ол намазын қайта оқымаған кісіге: “Сүннетке сай амал етіпсің, оқыған намазың жеткілікті”, – деді. Дәрет алып, намазын қайталаған кісіге: “Саған екі мәрте сауап беріледі”, – деді»1.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 128 (338–339); Нәсәи, «Ғұсыл», 27 (1/213).
3731
Кутуб ситтә, № 3731 · тараудағы реті: 18Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّهُ أَقْبَلَ مِنْ أَرْضِهِ بِالْجُرُفِ، فَحَضَرَتِ الصَّلَاةُ بِمَرْبَدِ النَّعَمِ، فَتَيَمَّمَ وَصَلَّى، ثُمَّ دَخَلَ الْمَدِينَةَ وَالشَّمْسُ مُرْتَفِعَةٌ، فَلَمْ يُعِدْ».

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Журуфтағы жерінен қайтып келе жатып, Мәрбад ән-Нағамға жеткенде намаз уақыты кірді. Тәяммум алып, намазын оқыды. Мәдинаға кіргенде күн әлі биікте, намаздың уақыты әлі шықпаған еді. Сонда да намазын қайта оқымады.

3732
Кутуб ситтә, № 3732 · тараудағы реті: 19

وَفِي رِوَايَةٍ عَنْ نَافِعٍ: «أَنَّهُ أَقْبَلَ هُوَ وَابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا مِنَ الْجُرُفِ، حَتَّى إِذَا كَانَا بِالْمَرْبَدِ نَزَلَ عَبْدُ اللَّهِ، فَتَيَمَّمَ صَعِيدًا طَيِّبًا، فَمَسَحَ بِوَجْهِهِ وَيَدَيْهِ إِلَى الْمِرْفَقَيْنِ، ثُمَّ صَلَّى». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. قُلْتُ: وَأَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةٍ، وَاللَّهُ أَعْلَمُ.

Қазақша аудармасы

Нафиғ (рахимаһуллаһ) өзге бір риуаятта былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) екеуміз Журуфтан қайтып келе жаттық. Мәрбадқа жеткенде, Абдулла түйесінен түсіп, таза топырақпен тәяммум алды. Бетін және қолдарын шынтағына дейін сипап, артынша намазын оқыды»1.

Түсіндірме

1. Мәрбад немесе Мәрбад ән-Нағам – Мәдинадан бір-екі миль қашықтықтағы жер атауы. Атауы «түйе қора» дегенді білдіреді. «Муғжам әл-булданда» оның «түйе базары» деген мағынасы да көрсетілген. Ибн Хажар бұл жерді Мәдинадан бір миль деп көрсетеді. Демек, бұл қала сыртында түйе қамап, кейде сауда-саттық жасайтын, «Шарбақ» не «Түйе шарбақ» аталған жер болған. Кей қаланың сыртында әлі күнге мал базары бар. Журуф та Мәдинадан үш миль жерде болған деседі.

2. Әбул-Уәлид әл-Бажи Журуф пен Мәдинаның арасы намазды қысқартуға рұқсат беретін сапар қашықтығына жетпейтінін ескеріп, бұл риуаятты су таппаған жолаушы емес адамның да тәяммум ала алатынына дәлел етеді. Ал Ибн Сахнун «Муаттаға» жазған түсіндірмесінде әкесінің мына жорамалын келтіреді: «Ибн Омардың (р.а.) дәреті бар еді. Риуаят бойынша, ол әр намазға жаңадан дәрет алатын. Сондықтан намаз уақыты кіргенде су таппай, жаңадан дәрет алудың орнына тәяммум жасаған».

Мұхаммед ибн Мәсләмә: «Ибн Омар намаздың алғашқы, мұстахаб уақытын өткізіп алудан қорқып, Мәрбадта тәяммуммен намаз оқыған», – дейді.

Әл-Бажи Бұхаридің тарау атауында келтірген алдыңғы риуаятына да сүйеніп, «Күн биікте тұрса да, сарғая бастаған болуы мүмкін» немесе «Ибн Омар уақыт аз қалды деп оқыған, кейін жағдайдың қалай екенін білген болуы мүмкін», – дейді. Кей ғалымдар Ибн Омар намаз уақыты кірген соң тәяммум алуға болады деген пікірде болған шығар деп жорамалдаған.

Әбу Ханифа, Шафиғи, имам Мәлик және олардың пікірлестері сапарда емес кісі де тәяммум ала алады деген. Әбу Юсуф пен Зуфардың пікірінше, жолаушы емес адам намаз уақыты шығып кетсе де, су тапқанға дейін тәяммум ала алмайды.

3. № 3730 хадистегі бірнеше тұсқа назар аударайық:

• Алла елшісінің (с.а.с.) «Сүннетке сай амал етіпсің» дегені – «Сүннетпен бекітілген міндетті үкімді дұрыс орындапсың» деген сөз.

• «Саған екі мәрте сауап беріледі» деген сөздің мағынасы – екі намаздың әрқайсысының өз сауабы бар. Өйткені екі намаз да дұрыс орындалып, сауапқа лайық болды. Алла дұрыс әрі ізгі амалды сауапсыз қалдырмайды.

• Хаттаби «Мағалим әс-сунанда» осы хадистен шығатын бірқатар фиқһ үкіміне назар аударған.

• Намазды алғашқы уақытында оқуға ұмтылу – сүннет. Бұл үкім тәяммуммен оқылған намазға да, сумен дәрет алып оқылған намазға да қатысты. Ғалымдар бұған келіскен. Ибн Омардан «Уақыттың басынан аяғына дейін қай мезгілде тәяммум алу адамның еркінде» деген пікір жеткен. Ата, Әбу Ханифа, Суфиян мен Ахмад ибн Ханбал осы пікірде. Имам Мәлик те мұны бір шартпен құптап: «Су табылар деген үміт жоқ жерде кідірмей тәяммум алып, намаз оқыған абзал», – деген. Зуһри: «Намаз уақыты өтіп кетеді деген қауіп тумайынша, тәяммум алынбайды», – деген. Уақыт таңдауды адамның еркіне қалдырған ғалымдар су табылар деген үміт болса, сумен дәрет алу үшін намазды кешіктіруге рұқсат еткен. Ал су табуға мүмкіндік болмаса, намазды уақытында оқу негізгі міндет болып қалады.

4. Тәяммуммен намаз оқыған адам кейін су тапса, не істейді?

№ 3730 хадисте айтылғандай, тәяммуммен намаз оқыған адам уақыт шықпай тұрып су тапса, не істейтіні жөнінде пікір алшақтығы бар. Хаттаби мына пікірлерді жеткізген: Ата, Тауус, Ибн Сирин, Мәкхул және Зуһри намазды қайта оқиды деген. Әузағи қайталап оқуды мұстахаб санаған. Ибн Омардың үкіміне сүйенген екінші топ намазды қайта оқу қажет емес деген. Шағби, Мәлик, Суфиян әс-Сәури, асхаб әр-рәй, Шафиғи, Ахмад пен Исхақ осы пікірді ұстанған.

Ғұсыл

  1. 1Бұхари, «Тәяммум», 3 (алдыңғы риуаят тарау атауында муаллақ, яғни толық тізбексіз келтірілген); Мәлик, «Муатта», «Таһарат», 90 (1/56).