وَفِي رِوَايَةٍ عَنْ نَافِعٍ: «أَنَّهُ أَقْبَلَ هُوَ وَابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا مِنَ الْجُرُفِ، حَتَّى إِذَا كَانَا بِالْمَرْبَدِ نَزَلَ عَبْدُ اللَّهِ، فَتَيَمَّمَ صَعِيدًا طَيِّبًا، فَمَسَحَ بِوَجْهِهِ وَيَدَيْهِ إِلَى الْمِرْفَقَيْنِ، ثُمَّ صَلَّى». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. قُلْتُ: وَأَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةٍ، وَاللَّهُ أَعْلَمُ.
Нафиғ (рахимаһуллаһ) өзге бір риуаятта былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) екеуміз Журуфтан қайтып келе жаттық. Мәрбадқа жеткенде, Абдулла түйесінен түсіп, таза топырақпен тәяммум алды. Бетін және қолдарын шынтағына дейін сипап, артынша намазын оқыды»1.
Түсіндірме
1. Мәрбад немесе Мәрбад ән-Нағам – Мәдинадан бір-екі миль қашықтықтағы жер атауы. Атауы «түйе қора» дегенді білдіреді. «Муғжам әл-булданда» оның «түйе базары» деген мағынасы да көрсетілген. Ибн Хажар бұл жерді Мәдинадан бір миль деп көрсетеді. Демек, бұл қала сыртында түйе қамап, кейде сауда-саттық жасайтын, «Шарбақ» не «Түйе шарбақ» аталған жер болған. Кей қаланың сыртында әлі күнге мал базары бар. Журуф та Мәдинадан үш миль жерде болған деседі.
2. Әбул-Уәлид әл-Бажи Журуф пен Мәдинаның арасы намазды қысқартуға рұқсат беретін сапар қашықтығына жетпейтінін ескеріп, бұл риуаятты су таппаған жолаушы емес адамның да тәяммум ала алатынына дәлел етеді. Ал Ибн Сахнун «Муаттаға» жазған түсіндірмесінде әкесінің мына жорамалын келтіреді: «Ибн Омардың (р.а.) дәреті бар еді. Риуаят бойынша, ол әр намазға жаңадан дәрет алатын. Сондықтан намаз уақыты кіргенде су таппай, жаңадан дәрет алудың орнына тәяммум жасаған».
Мұхаммед ибн Мәсләмә: «Ибн Омар намаздың алғашқы, мұстахаб уақытын өткізіп алудан қорқып, Мәрбадта тәяммуммен намаз оқыған», – дейді.
Әл-Бажи Бұхаридің тарау атауында келтірген алдыңғы риуаятына да сүйеніп, «Күн биікте тұрса да, сарғая бастаған болуы мүмкін» немесе «Ибн Омар уақыт аз қалды деп оқыған, кейін жағдайдың қалай екенін білген болуы мүмкін», – дейді. Кей ғалымдар Ибн Омар намаз уақыты кірген соң тәяммум алуға болады деген пікірде болған шығар деп жорамалдаған.
Әбу Ханифа, Шафиғи, имам Мәлик және олардың пікірлестері сапарда емес кісі де тәяммум ала алады деген. Әбу Юсуф пен Зуфардың пікірінше, жолаушы емес адам намаз уақыты шығып кетсе де, су тапқанға дейін тәяммум ала алмайды.
3. № 3730 хадистегі бірнеше тұсқа назар аударайық:
• Алла елшісінің (с.а.с.) «Сүннетке сай амал етіпсің» дегені – «Сүннетпен бекітілген міндетті үкімді дұрыс орындапсың» деген сөз.
• «Саған екі мәрте сауап беріледі» деген сөздің мағынасы – екі намаздың әрқайсысының өз сауабы бар. Өйткені екі намаз да дұрыс орындалып, сауапқа лайық болды. Алла дұрыс әрі ізгі амалды сауапсыз қалдырмайды.
• Хаттаби «Мағалим әс-сунанда» осы хадистен шығатын бірқатар фиқһ үкіміне назар аударған.
• Намазды алғашқы уақытында оқуға ұмтылу – сүннет. Бұл үкім тәяммуммен оқылған намазға да, сумен дәрет алып оқылған намазға да қатысты. Ғалымдар бұған келіскен. Ибн Омардан «Уақыттың басынан аяғына дейін қай мезгілде тәяммум алу адамның еркінде» деген пікір жеткен. Ата, Әбу Ханифа, Суфиян мен Ахмад ибн Ханбал осы пікірде. Имам Мәлик те мұны бір шартпен құптап: «Су табылар деген үміт жоқ жерде кідірмей тәяммум алып, намаз оқыған абзал», – деген. Зуһри: «Намаз уақыты өтіп кетеді деген қауіп тумайынша, тәяммум алынбайды», – деген. Уақыт таңдауды адамның еркіне қалдырған ғалымдар су табылар деген үміт болса, сумен дәрет алу үшін намазды кешіктіруге рұқсат еткен. Ал су табуға мүмкіндік болмаса, намазды уақытында оқу негізгі міндет болып қалады.
4. Тәяммуммен намаз оқыған адам кейін су тапса, не істейді?
№ 3730 хадисте айтылғандай, тәяммуммен намаз оқыған адам уақыт шықпай тұрып су тапса, не істейтіні жөнінде пікір алшақтығы бар. Хаттаби мына пікірлерді жеткізген: Ата, Тауус, Ибн Сирин, Мәкхул және Зуһри намазды қайта оқиды деген. Әузағи қайталап оқуды мұстахаб санаған. Ибн Омардың үкіміне сүйенген екінші топ намазды қайта оқу қажет емес деген. Шағби, Мәлик, Суфиян әс-Сәури, асхаб әр-рәй, Шафиғи, Ахмад пен Исхақ осы пікірді ұстанған.
Ғұсыл
- 1Бұхари, «Тәяммум», 3 (алдыңғы риуаят тарау атауында муаллақ, яғни толық тізбексіз келтірілген); Мәлик, «Муатта», «Таһарат», 90 (1/56).