وَعَنْ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «احْتَلَمْتُ فِي لَيْلَةٍ بَارِدَةٍ فِي غَزْوَةِ ذَاتِ السَّلَاسِلِ، فَأَشْفَقْتُ إِنِ اغْتَسَلْتُ أَنْ أَهْلِكَ، فَتَيَمَّمْتُ، ثُمَّ صَلَّيْتُ بِأَصْحَابِي الصُّبْحَ. فَذَكَرُوا ذَلِكَ لِلنَّبِيِّ ﷺ، فَقَالَ: يَا عَمْرُو، صَلَّيْتَ بِأَصْحَابِكَ وَأَنْتَ جُنُبٌ؟ فَأَخْبَرْتُهُ بِالَّذِي مَنَعَنِي مِنَ الِاغْتِسَالِ، وَقُلْتُ: إِنِّي سَمِعْتُ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ يَقُولُ: وَلَا تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا. فَضَحِكَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَلَمْ يَقُلْ شَيْئًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Зат әс-Саласил жорығында бір суық түні ихтилам болдым. Жуынсам, өліп қаламын ба деп қорықтым. Тәяммум алып, жолдастарыма таң намазын оқыттым. Олар осыны Алла елшісіне (с.а.с.) айтқан екен. Ол: “Уа, Амр! Жолдастарыңа жүніп күйде намаз оқыттың ба?” – деп сұрады. Мен жуынуыма не кедергі болғанын айтып: “Алла тағаланың وَلَا تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا ‘Әрі бір-біріңді өлтірмеңдер. Шүбәсіз, Алла сендерге өте мейірімді’ дегенін естідім”, – дедім. Алла елшісі (с.а.с.) күліп, ештеңе айтпады»1.
Түсіндірме
Бұл хадисте қатты суықта тәяммум алуға екі дәлел бар:
1. Алла елшісі (с.а.с.) күлімсіреп, істі құптағанын білдірді.
2. Ол Амр ибн әл-Астың (р.а.) істегенін түзетпеді. Алла елшісінің (с.а.с.) өз алдында жасалған іске не айтылған сөзге үнсіз қалуы оны мақұлдағанының белгісі саналады. Мұны «тақрири сүннет» дейді. Өйткені оның жалғанды қолдамайтыны және теріс іске үнсіз қалмайтыны белгілі. Күлімсіреуі үнсіз қалудан да айқынырақ дәлел. Сахабаларының қажет кезде ижтиһад жасап, мәселені шешкені оны қуантқан болса керек. Бұл Алла елшісінің (с.а.с.) өз тәрбиесінің жемісін көргенін аңғартып, мәртебесін айқындай түседі.
Хаттаби былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте суды қолдана алмауды судың жоқтығына теңеген. Мұның үкімі суы бола тұра, шөлден өліп қалудан қорқып, оны ішуге сақтаған әрі тәяммуммен шектелген адамның үкімімен бірдей».
Ибн Раслан былай дейді: «Суды жылытуға шамасы жеткен не қатерді сейілту үшін дене мүшелерін біртіндеп жуа алатын адамның тәяммум алуы дұрыс емес. Мысалы, ол бір мүшесін жуып жауып, содан кейін екінші мүшесін солай жуып, дәретін толық ала алады». Ал бұған шамасы жетпеген адамға тәяммум алып намаз оқуға рұқсат екенін көпшілік ғалым құптаған.
Хасан Басри мен Ата (рахимаһуллаһ) «Өліп қалатындай қауіп төнсе де жуынуы керек» деп, суықты үзірге санамаған. Олар Ибн Мәсғудтың № 3718 хадисте келтірілген сөзіне сүйенген болса керек: «Егер бұл аятпен оларға рұқсат берілсе, көп ұзамай су суық болғанда топырақпен тәяммум алуға тырысар еді».
- 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 126 (334–335). Дәйексөз «Ниса» сүресінің 29-аятынан алынған.