وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «إِذَا أَتَى أَحَدُكُمْ أَهْلَهُ ثُمَّ بَدَا لَهُ أَنْ يُعَاوِدَ، فَلْيَتَوَضَّأْ بَيْنَهُمَا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.
Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Біреуің әйелімен жақындасып, тағы жақындасқысы келсе, екеуінің арасында дәрет алсын», – деген1.
Түсіндірме
Бұл хадистер жүніп адамға ғұсыл алмай тұрып, әйелімен қайта жақындасуға бола ма деген мәселеге қатысты. Ибн Хажар мына пікірлерді келтірген:
1. Ғалымдар жүніп адам ғұсыл алмай-ақ әйелімен екінші рет жақындаса алады дегенге бірауыздан келіскен.
2. Ал екі жақындасудың арасында дәрет алудың үкімі жөнінде ғалымдардың пікірлері әртүрлі.
• Әбу Юсуф мұны мұстахаб санамаған.
• Көпшілік ғалым мұстахаб санаған.
• Заһирилер мен мәлики ғалымы Ибн әл-Хабиб мұны уәжіп санаған. Олар жоғарыда келтірілген Әбу Сағидтің хадисіне сүйенген.
• Кей ғалым Әбу Сағидтің хадисіндегі «уду» сөзін тілдік мағынасында, яғни жыныс мүшесін жуу деп түсінген. Ибн Хузайма мұны да міндетті санамай, мәндүп деген. Өйткені Әбу Сағидтің риуаятының бір нұсқасында «Бұл қайта жақындасуға сергектік береді» делінген. Ибн Хузайманың айтуынша, жуыну туралы бұйрық жөн сілтеуді не мәндүп амалды білдіреді. Мұның уәжіп емес, мәндүп екеніне Айшаның (р.а.) мына риуаяты да дәлел ретінде келтірілген: «Алла елшісі (с.а.с.) жақындасқаннан кейін жаңадан дәрет алмай-ақ қайта жақындасатын».
3. Алла елшісі (с.а.с.) әр жұбайына бір түннен бөлген. Онда бір түнде олардың бәріне қалай барған деген сұрақ туады. Түнді кезекпен бөлудің міндетті болған-болмағаны жөнінде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Әбу Сағид: «Бұл Алла елшісіне (с.а.с.) міндетті болмаған. Ол береке тілеп, жұбайларын құрметтегендіктен түндерді тең бөлген», – деген. Ал ғалымдардың көбі түндерді тең бөлуді уәжіп санап, оның жұбайларының бәріне баруы олардың разылығымен болғанын айтқан. Ибн Абдулбәрр былай түсіндіреді: «Алла елшісі (с.а.с.) мұны сапардан қайтқан соң, жұбайларының әрқайсысына белгілі бір күнді әлі белгілей қоймаған кезде істеген. Сондайда әуелі бәріне соғып, содан кейін күндерді бөліп, әрқайсысына өз кезегінде баратын. Ақиқатын Алла біледі. Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларының бәрі азат әйел еді. Оларға қатысты сүннеті – кезектерін әділ бөліп, ешқайсысына өз кезегінен тыс жақындамау».
- 1Мүслим, «Хайыз», 27 (308); Әбу Дәуіт, «Таһарат», 86 (220); Тирмизи, «Таһарат», 107 (141); Нәсәи, «Таһарат» (1/142).