Хадис

Кутуб ситтә, № 3767

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
506. Жүніп күйден тазару үшін ғұсыл алу
Нөмірі
№ 3767 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 35
3767
Кутуб ситтә, № 3767 · тараудағы реті: 35Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَتِ الصَّلَاةُ خَمْسِينَ، وَالْغُسْلُ مِنَ الْجَنَابَةِ سَبْعَ مَرَّاتٍ، وَغَسْلُ الثَّوْبِ مِنَ الْبَوْلِ سَبْعَ مَرَّاتٍ. فَلَمْ يَزَلْ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَسْأَلُ، حَتَّى جُعِلَتِ الصَّلَاةُ خَمْسًا، وَغُسْلُ الْجَنَابَةِ مَرَّةً، وَغُسْلُ الْبَوْلِ مِنَ الثَّوْبِ مَرَّةً». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Намаз елу уақыт еді. Жүніптіктен ғұсыл алу да, киімге тиген зәрді жуу да жеті реттен еді. Алла елшісі (с.а.с.) Алла тағаладан қайта-қайта сұрап, ақырында намаз бес уақытқа, жүніптіктен ғұсыл алу мен киімдегі зәрді жуу бір ретке түсірілді»1.

Түсіндірме

Хадисте Миғражда болған оқиға айтылып тұрған болса керек. Ал Миғраж түні жайындағы риуаятта намаз ғана аталады. Алла тағаламен тілдесіп қайтқан Алла елшісі (с.а.с.) Мұсаға (а.с.) соғады. Мұса: «Раббың үмбетіңе не бұйырды?» – деп сұрайды. Алла елшісі (с.а.с.): «Елу уақыт намазды», – дегенде, Мұса (а.с.) мұның көп екенін айтып, Раббысынан азайтуды сұрауды ұсынады. Алла елшісінің (с.а.с.) өтінішімен намаздың саны азаяды. Қайтарда ол Мұсаға (а.с.) тағы жолығады. Мұса: «Үмбетің мұны да орындай алмайды. Қайтадан азайтуды сұра», – дейді. Алла елшісінің (с.а.с.) қайта-қайта өтінуімен намаз саны беске дейін азаяды. Мұса (а.с.) мұны да көп деп есептегенімен, Алла елшісі (с.а.с.) тағы өтінуге ұялады.

Миғраж туралы осы риуаятта ғұсыл мен киім тазалығы айтылмайды. Дәһләуи былай дейді: «Киімді бір рет жуу Шафиғи мәзһабына сай, ал үш рет жуу оларда мәндүп. Әбу Ханифа бойынша көзге көрінбейтін нәжісті үш рет жуу – уәжіп». Ханафи фақиһы Бұрһануддин әл-Марғинани былай дейді: «Нәжіс көзге көрінетін және көрінбейтін болып екіге бөлінеді. Көрінетін нәжіс кетсе, киім тазарады. Көрінбейтін нәжісте жуған адамның оның кеткеніне көңілі сенуі керек. Жуу нәжісті кетіру үшін қайталанады. Үш рет деуінің себебі – көбіне үшінші жуудан кейін кірдің кеткеніне көз жетеді». Мұны «Ұйқыдан оянған адам қолын үш рет жумайынша, ыдыстағы суға салмасын» деген хадис те қуаттайды.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 98 (247).