وَفِي رِوَايَةٍ: «فَلَمَّا قَضَى الصَّلَاةَ قَالَ: إِنَّمَا أَنَا بَشَرٌ، وَإِنِّي كُنْتُ جُنُبًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Бір риуаятта: «Намазды тәмамдаған соң: “Мен де адаммын. Жүніп күйде едім”, – деді», – делінген1.
Түсіндірме
1. Осы риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) жүніп екенін ұмытып, таң намазын оқыту үшін мешітке келгені айтылады. Имамның орнына тұрғанда, жағдайы есіне түсіп, жамағатқа күте тұруды ишарат етті. Артынша ғұсыл алып қайтып, намаз оқытты. Намаздан кейін себебін түсіндірді. Ғалымдар осы хадистен пайғамбарлар да құлшылық кезінде ұмытып қалуы мүмкін екенін аңғарған.
2. Хадистен шығатын бірқатар үкім:
Зәру жағдайда намазға тұрып қойғаннан кейін де мешіттен шығуға болады. Бір риуаятта Әбу Һурайра (р.а.) азаннан кейін мешіттен шығып кеткен кісі туралы: «Мына кісі Әбул-Қасымға қарсы келді»2, – деген. Демек, ол тыйым зәру себепсіз шығып кетуге қатысты.
• Дәретке не ғұсылға қолданылған су таза.
• Қамат пен намаздың арасында үзіліс болуы мүмкін. Риуаятта қаматтың қайта айтылмағаны аңғарылады. Кей ғалымдар мұны зәру жағдаймен шектеген. Имам Мәлик орынды себеппен шығып кету жағдайына қатысты: «Қаматтан кейін намазды бастау тәкбірі айтылып қойған болса, қамат қайта айтылады», – деген.
• Дінге қатысты мәселені ашық айтуға ұялуға болмайды. Алайда дәретінің жоғын аңғарған адам орынды сылтау айтып шыға алады. Мәселен, мұрны қанаған адамдай орамалын мұрнына басып, мешіттен шығуына болады.
• Қажет болса, жамағат имамды түрегеп тұрып күте алады. Бұл кей хадисте тыйым салынған қиямға жатпайды.
• Мешітте ұйықтап жатып ихтилам болған адам мешіттен шығар алдында тәяммум алуға міндетті емес. Түсіндірме жазған ғалымдар бұл тұсты айрықша атап өтеді. Өйткені Суфиян әс-Сәури, Исхақ ибн Раһуя және кейбір мәлики ғалымдары тәяммум алу қажет деп үкім берген. Осы хадис ол үкімнің қабылданбайтынын анық көрсетеді.
• Қамат пен намаздың арасында сөйлесуге болады.
• Жүніптіктен ғұсыл алуды сәл кейінге қалдыруға болады.