وَلَفْظُ الشَّيْخَيْنِ عَنْ طَاوُوسٍ قَالَ: «قُلْتُ لِابْنِ عَبَّاسٍ: ذَكَرُوا أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: اغْتَسِلُوا يَوْمَ الْجُمُعَةِ وَاغْسِلُوا رُؤُوسَكُمْ وَإِنْ لَمْ تَكُونُوا جُنُبًا، وَأَصِيبُوا مِنَ الطِّيبِ. قَالَ ابْنِ عَبَّاسٍ: أَمَّا الْغُسْلُ فَنَعَمْ. وَأَمَّا الطِّيبُ فَلَا أَدْرِي».
Бұхари мен Мүслимдегі нұсқада Тауус былай дейді: «Ибн Аббастан (р.а.): “Жұрт Алла елшісінің (с.а.с.) ‘Жүніп болмасаңдар да, жұма күні жуыныңдар, бастарыңды да жуыңдар. Хош иіс те жағыңдар’ дегенін айтады. Бұған не дейсіз?” – деп сұрадым. Ол: “Ғұсыл алуды бұйырғаны рас. Хош иіс жайында білмеймін”, – деп жауап берді».1
Түсіндірме
1. Бұхари мен Мүслимдегі нұсқадағы «Жүніп болмасаңдар да, жұма күні жуыныңдар» деген бұйрықты ғалымдар былай түсіндірген: «Жұма күні жүніп болсаңдар, жүніптіктен тазару үшін жуыныңдар. Жүніп болмасаңдар, жұма үшін жуыныңдар».
2. Кей ғалымдар осы хадиске сүйеніп: «Жұма күні жүніптіктен ғұсыл алу жұма ғұсылының орнына да жүреді. Жұма ғұсылына арнайы ниет ету шарт емес», – деген. Өзге риуаяттарға сүйенген кей ғалымдар жүніптіктен алынған ғұсылды жұма ғұсылы деп есептемей, жұмаға бөлек ғұсыл қажет деп үкім берген.
Бұл мәселеде пікірлер әртүрлі болғанымен, ғалымдардың көпшілігі таң атпай алынған ғұсылды жұма ғұсылы деп санамайды.
3. «Жұма күні жуыныңдар» дегеннен кейін «Бастарыңды да жуыңдар» деуі бұйрықты күшейтеді. Түсіндірме бойынша, бүкіл денені жуу керек. Басқа су құя салу жеткіліксіз. Шаш өрілген болса, оны тарқатып, жақсылап жуу қажет. Жұма ғұсылы да осылай алынады.
4. Ибн Аббастың (р.а.) түсіндірмесі жұма ғұсылының мәні мен мақсатын ашады. Соған сүйенген кей ғалымдар жұма ғұсылы уәжіп емес, тіпті хош иіс жағып, тер мен өзге де жағымсыз иісті басу ғұсылдың орнына жүреді деген. Мұндай шектен шыққан пікір қабылданбаған.
Бірқатар хадисте жуынумен бірге хош иіс жағу да бұйырылған. Ендеше, бұл амалдардың бірін екіншісі алмастыра алмайды. Діни амалдың көздеген пайдасы оны орындау жөніндегі бұйрықтың орнын баспайды. Алла елшісі жұма күні ғұсыл алуды бұйырған. Осы ниетпен ғұсыл алған адам сүннетті ұстанып, құлшылықтың сауабын алады. «Онсыз да тазамын» деп, хош иіс жағумен шектелген адам сол құлшылықты орындамай, оның сауабынан құр қалады. Мұндайда жекелеген пәтуалардан гөрі ғалымдардың басым көпшілігінің пәтуасын ұстанған дұрыс.
5. Ибн Аббастың (р.а.) жұма күні хош иіс жағу жайында «Білмеймін» деуі сахаба қанша білімді болса да, сүннеттегі барлық мәселені білуі міндетті болмағанын көрсетеді. Білмегенін олар ашық айтқан. Бұл олардың абыройына нұқсан келтірмейді.
- 1Бұхари, «Жұма» (884). Мүслим, «Жұма» (848). Алдыңғы кеңейтілген нұсқа Әбу Дәуіттің «Таһарат» бөлімінде (353).