وَعَنْ سَمُرَةَ بْنِ جُنْدُبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: مَنْ تَوَضَّأَ يَوْمَ الْجُمُعَةِ فَبِهَا وَنِعْمَتْ، وَمَنِ اغْتَسَلَ يَوْمَ الْجُمُعَةِ فَالْغُسْلُ أَفْضَلُ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.
Сәмура ибн Жундуб (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Жұма күні дәрет алған адам жақсы іс жасады. Ал ғұсыл алған болса, ғұсыл абзал».1
قَوْلُهُ «فَبِهَا وَنِعْمَتْ» أَيْ فَبِهَذِهِ الْخَصْلَةِ، يَعْنِي الْوُضُوءَ يَنَالُ الْفَضْلَ. وَقِيلَ: فَبِالسُّنَّةِ أَخَذَ وَنِعْمَتْ السُّنَّةُ هَذِهِ.
Түсіндірме
Бұл хадис жұма ғұсылы міндетті емес, дәрет оның орнына жүре алады деген пікірге дәлел ретінде келтіріледі. Кей ғалымдар فَبِهَا тіркесіндегі есімдік сүннетке қатысты деп, оны «Сүннетті орындаған болады» деп түсіндірген. Ибн әл-Әсир «Дәрет алу арқылы сауапқа жетеді» деген мағына берген. Есімдіктің әйел текті тұлғада келгенін ескеріп, оны сүннетке, қасиетке немесе амалға меңзейді деп жорығандар да бар.
Хаттаби хадистің «Жұма күні кім ғұсыл алса, ғұсыл абзал» деген соңғы сөзіне назар аударады. «Мұнда жұмаға дәреттің жеткілікті екені ашық айтылған. Жұма ғұсылының парыз болмай, артықшылық саналғаны да анық», – дейді ол.
Тирмизи де осы пікірде. Ол: «Бұл хадис жұма ғұсылы міндетті болмаса да, оны алудың артықшылығы бар екеніне дәлел», – деген. Риуаят бірнеше жолмен жеткен.
- 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (354). Тирмизи, «Салат» (497). Нәсәи, «Жұма», 9 (3/94).