وَعَنْ خُزَيْمَةَ بْنِ جَزْءٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنْ الضَّبُعِ، فَقَالَ: أَوَيَأْكُلُ الضَّبُعَ أَحَدٌ؟ وَسَأَلْتُهُ عَنْ أَكْلِ الذِّئْبِ، فَقَالَ: أَوَيَأْكُلُ الذِّئْبَ أَحَدٌ فِيهِ خَيْرٌ؟». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Хузайма ибн Жәз (р.а.) айтады: «Алла елшісінен (с.а.с.) қорқау қасқырдың еті туралы сұрадым. Ол: “Қорқау қасқырды жейтін жан бар ма?” – деді. Қасқыр етін жеу туралы сұрағанымда: “Бойында қайыры бар адам қасқырдың етін жей ме?” – деді».1
Түсіндірме
Алдыңғы екі риуаятта қорқау қасқырдың етін жеуге рұқсат айтылған. Соңғы риуаяттан жеуге болмайтыны аңғарылады.
Ғалымдар қорқау қасқырдың еті жайында әртүрлі пікір айтқан. Хаттабидің келтіруінше, Сағд ибн Әбу Уаққас, Ибн Аббас, Ата, Исхақ, Әбу Сәур, Имам Шәфиғи және Ахмад ибн Ханбал оны жеуге рұқсат берген.
Суфиян әс-Сәури, ханафи ғалымдары, Имам Мәлик және Сағид ибн әл-Мусайяб секілді ғалымдар оны харам санаған. Олар қорқау қасқырды жыртқышқа жатқызып, Алла елшісінің (с.а.с.) азулы жыртқыштардың етін жеуге тыйым салғанын дәлел етеді. Рұқсат бергендер алғашқы екі риуаятқа сүйеніп, үшінші риуаят амал етуге жарамайтындай әлсіз дейді. Рұқсат пікірін қолдаған Ибн әл-Қайим Алла елшісі жеуге тыйым салған жануарларда екі ерекшелік барын айтады:
1. Жануардың азу тісі болуы.
2. Оның арыстан, қасқыр, қабылан, барыс сияқты жыртқыштарға жатуы. Ибн әл-Қайим қорқау қасқырда осының біріншісі ғана бар деп түсіндіреді: азу тісі барымен, жыртқыштық қасиеті жағынан аталған аңдарға тең емес. Оның пайымынша, азу тістің өзі жыртқыштықтың өлшемі бола алмайды. Жыртқыш етінің харам етілуін ол жануардың жабайы мінезі қоректенген адамға әсер етуі мүмкін деген түсінікпен байланыстырады. Арыстан, қасқыр, қабылан мен барыстың жыртқыштығын қорқау қасқырдан көрмегендіктен, олардың үкімін бірдей санауды жөн көрмейді.
- 1Тирмизи, «Атғима», 4. Жананның басылымында №1739, кең таралған нөмірлеуде №1792.