Хадис

Кутуб ситтә, № 3969

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
538. Ақиқа
Нөмірі
№ 3969 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
3969
Кутуб ситтә, № 3969 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ زَيْدٍ بْنِ أَسْلَمٍ عَنْ رَجُلٍ مِنْ بَنِي ضَمْرَةَ عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ الْعَقِيقَةِ، فَقَالَ: لَا أُحِبُّ الْعُقُوقَ، كَأَنَّهُ كَرِهَ الْإِسْمَ. قَالَ: وَمَنْ وُلِدَ لَهُ وَلَدٌ فَأَحَبَّ أَنْ يَنْسُكَ عَنْهُ فَلْيَفْعَلْ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләм Бәни Дамраның бір кісісінен, ал ол сахаба болған әкесінен (р.а.) мына хабарды жеткізген: «Алла елшісінен (с.а.с.) ақиқа жайында сұралғанда, ол: “Мен ата-анаға қарсы келуді (ұқуқты) ұнатпаймын”, – деп жауап берді. Бұл атауды ұнатпаған секілді. Артынша: “Кімнің баласы туып, оның атынан құрбан шалғысы келсе, шалсын”, – деді».1

Түсіндірме

1. «Ұқуқ» сөзі кесу, бөлу, үзу деген мағыналарды білдіреді. Баланың ата-анасына бағынбауы да «ұқуқ» деп аталады, өйткені ата-анаға тиесілі құрмет пен ізет үзілді деген сөз. Аллаға қатысты айтылса, Оның бұйрығына қарсы келуді білдіреді. Бұл хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Жақсылықты тастап, қарсы келуді ұнатпаймын», – деген мағынаны көздеген. Ақиқа шалуға өзі талай хадисте ынталандырған. Зурқанидің айтуынша, шешендік өнердің бір қағидасы бойынша, екі мағыналы сөздің бірі жағымсыз болса, оны сол күйінде қолданудан сақтанған жөн.

Алла елшісі (с.а.с.) «ұқуқ» мағынасын да аңғартатын «ақиқа» атауын ұнатпағанын білдіріп, артынша «нусук» сөзін қолданып, дүниеге келген сәби үшін құрбан шалуға ынталандырған. Осыдан баланың атынан мал шалуды ұнатқаны және мұның мұстахаб амал екені аңғарылады. «Нусук» – парыз қажылықтың рәсімдері мен сонда шалынатын құрбанға қатысты сөз.

Ибн Абдулбәрр былай дейді: «Бұл хадис мағынасы жағымсыз атауларды қолданудың мәкруһ екенін де көрсетеді. Алла елшісі (с.а.с.) көркем есімдерді ұнататын.2 Хадистің сыртқы мағынасына қарағанда, баланың атынан шалынған малды “насика” деу керек. Бірақ осыған сүйеніп үкім берген ғалымды білмеймін. Ғалымдар бұл хадиске амал етпеген секілді. Өйткені Алла елшісінің аталған құрбанды “ақиқа” деп атаған риуаяттарын сахихырақ санаған». Зурқани бұған былай деп қосады: «Ибн Абдулбәрр, сірә, мүжтаһидтерді меңзеген. Әйтпесе Ибн Әбид-Дам кейбір шафиғи ғалымдарының “Бала үшін шалынған малды ‘забиха’ немесе ‘насика’ деу – мұстахаб, ‘ақиқа’ деу құптанды ‘атама’ деу тәрізді мәкруһ” дегенін жеткізген».

Зурқани сөзін былай жалғайды: «Кейбір ғалымдар “Муаттадағы” осы хадисте ақиқаны шариғи амал деп бекітетін де, жоққа шығаратын да дәлел жоқ деген. Олар Құрбан айтта мал шалу уәжіп болғанда ақиқа үкімі жойылды деп есептеген. Имам Мұхаммед те осы пікірде. Алайда хадистің соңы ақиқа шалуға болатынын бекітеді. Хадистің мақсаты – бұл құрбанды “насика” деп атаудың абзал екенін білдіру».

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Ақиқа», 1 (2/500, кітап пен хадис нөмірі бойынша 26/1). Түрікше басылымда «Бәни Әсләм» делінген, ал риуаяттың арабша мәтінінде «Бәни Дамра» деп көрсетілген.
  2. 2Алла елшісінің (с.а.с.) жақсы есім қоюға ынталандыруы, нашар есімдерді жақтырмай, тіпті ауыстырғаны туралы риуаяттар №113–142 хадистерде берілді.