وَعَنْ أُمِّ كُرْزٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: عَنْ الْغُلَامِ شَاتَانِ مُكَافِئَتَانِ، وَعَنْ الْجَارِيَةِ شَاةٌ، وَلَا يَضُرُّكُمْ ذُكْرَانًا كُنَّ أَمْ إِنَاثًا». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ. وَقَوْلُهُ «مُكَافِئَتَانِ»: بِكَسْرِ الْفَاءِ: يُرِيدُ شَاتَيْنِ مُسَنَّتَيْنِ تَجُوزَانِ فِي الْضَحَايَا لَا تَكُونَ إِحْدَاهُمَا مُسِنَّةً وَالْأُخْرَى غَيْرَ مُسِنَّةٍ
Үммі Курз (р.а.) былай деген: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Ұл бала үшін бір-біріне тең екі қой, қыз бала үшін бір қой шалынады. Олардың еркек не ұрғашы болуының айыбы жоқ”, – дегенін естідім».1
Түсіндірме
1. Хадисте ақиқаға ұл бала үшін екі, қыз бала үшін бір қой шалу айтылған. Ұл балаға шалынатын екі қой да құрбандық малына қойылатын талаптарға толық сай болуы керек.
2. Ұл балаға екі қошқар шалынады деген ғалымдар пікірін басқа дәлелдермен де қуаттаған. Олар: «Шариғатта мұра, куәлік, діни амал және құл азат ету жөніндегі кейбір үкімдерде әйелдің үлесі екіге бір қатынасымен белгіленген. Әбу Үмама мен басқа сахабалардан жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): “Мұсылман кісі мұсылман ер құлды азат етсе, құлдың әр мүшесі оны тозақ отынан құтқаруға себеп болады. Екі мұсылман күңді азат етсе де солай: олардың әр екі мүшесі азат етушінің бір мүшесін оттан құтқарады”, – деген. Ақиқа үкімі де осы қағидаға сай», – дейді.
3. Хадистің сыртқы мағынасы ақиқаның уәжіптігін аңғартса да, Ислам ғалымдары өзге риуаяттарды қоса қарап, уәжіп деп үкім бермеген. Тек заһирилер ақиқаны уәжіп санайды. Шафиғи, ханбали және мәлики мәзһабтарында ол – сүннет, ханафилерде – мубах, әрі кеткенде мәндүп. Шалмаған адамға міндет жүктелмейді. Көпшілік ғалымның пікірінше, қызға да, ұлға да бір құрбан жеткілікті. Келесі екі риуаятта сүннетті қалтқысыз ұстанған Абдулла ибн Омар мен басқа да қадірлі кісілердің әр балаға бір қойдан шалғаны айтылады. Кейбір ғалымдар осы хадиске сүйеніп, ұл балаға екі қой шалғанды абзал санаған. Ақиқаға шалынатын мал құрбандыққа қойылатын барлық талапқа сай болуы керек. Ауру, ақсақ, соқыр, құлақсыз немесе әлі жетілмеген мал жарамайды. Хадистерде көбіне қой аталғандықтан, кейбір ғалымдар ақиқаға қой шалу керек деген. Көпшілік түйе мен ірі қара шалуға да болады деп есептеген. Табаранидің бір риуаятында ақиқаға түйе, ірі қара және қой-ешкі шалуға болатыны айтылады.
Қасталани «Иршад әс-сариде»: «Ақиқаның еті өзге тойдағыдай пісіріледі. Тек сирағын пісірмейді. Хакимнің бір риуаятында сирақ баланы босандырған әйелге шикідей берілетіні айтылады», – деген. Ақиқаның сүйегін сындырмай, буынынан ажыратып пісірген. Сөйтіп баланың амандығын ырым еткен. Бала кішіпейіл, нәпсіқұмарлық пен дөрекіліктен алыс болып өссін деп, сүйектерін сындыруды мұстахаб санағандар да болған. Ақиқаның етінен үй иелерінің де жеуіне болады.
- 1Әбу Дәуіт, «Адахи», 21 (№2834–2836). Тирмизи, «Адахи», 17 (№1516). Нәсәи, «Ақиқа», 3 (7/165).