Хадис

Кутуб ситтә, № 4001

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
542. Расулалла кеңес берген емдер
Нөмірі
№ 4001 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 17
4001
Кутуб ситтә, № 4001 · тараудағы реті: 17Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ نَاسًا مِنْ عُرَيْنَةَ قَدِمُوا الْمَدِينَةَ فَاجْتَوَوْهَا فَبَعَثَهُمُ النَّبِيُّ ﷺ إِلَى إِبِلِ الصَّدَقَةِ، وَقَالَ: اشْرَبُوا مِنَ أَلْبَانِهَا وَأَبْوَالِهَا فَشَرِبُوا فَصَحُّوا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. «اجْتَوَوْا الْمَدِينَةَ» أَىْ اسْتَوْخَمُوهَا وَلَمْ تُوَافِقَهُمْ

Қазақша аудармасы

Әнәстің (р.а.) жеткізуінше, Ұрайна руынан бір топ кісі Мәдинаға келіп, жерсінбей сырқаттанады. Алла елшісі (с.а.с.) оларды садақа түйелері тұрған жерге жіберіп: «Түйелердің сүті мен зәрінен ішіңдер», – дейді. Олар ішіп, сауығады.1

Түсіндірме

1. Хадис Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт пен Нәсәиде әртүрлі нұсқамен келген. Ол «Худуд» бөлімінде де берілгендіктен, мұнда тақырыпқа тікелей қатысы бар тұстарына тоқталамыз. Дереккөздері №1587–1588 хадистерде толығырақ көрсетілді.

2. Хадистің медицина аясындағы орнын түсіну үшін жағдайды қысқаша былай қорытындылаймыз: Ибн Хажар түсіндіргендей, Мәдинаға сегіз адамнан тұратын топ келеді. Олардың төртеуі Уқл, үшеуі Урайна тайпасынан, тағы біреуі жолшыбай қосылған басқа тайпаның адамы. Олар Мәдинаға келген кезде сырқаттанып қалып, Расулалладан (с.а.с.) баспана мен тамақ сұрайды. Расулалла (с.а.с.) оларға жағдай жасап, тамақтандырады. Олар да сауығып, өз-өздеріне келеді. Олардың бұлай бірінші сырқаттануы – шаршап-шалдығу (әлсіздік) немесе аштық сияқты (жолдың қиындығынан пайда болатын) бәрінде кездесетін нәрсе. Содан біраз уақыт демалып, шаршауы басылған соң бұл қонақтар Мәдинаның ауру турдыратын жер екенін айтып шағымдана бастайды. Бұл олардың шөлде өмір сүретіні себепті, Мәдинаның ауа райы жақпай, үйренісе алмай сырқаттанған болуы мүмкін екендігімен түсіндіріледі. Өйткені ылғалды Мәдинаның ауа райы, құрғақ шөлді жерден келгендерге жақпайтыны белгілі жайт. Себебі алғашқы һижрет кезінде Меккеден келген мұһажирлер де Мәдинаның ауа райына үйренісе алмай, олардың барлығы дерлік ауырып қалады. Алайда бұл делегацияның тек қана Мәдинаның ауа райына үйренісе алмағандықтан емес, сол жерде жиі кездесетін безгек ауруына шалдыққандары себепті Расулаллаға (с.а.с.) шағымданғандары айтылады2. Сонда Расулалла (с.а.с.) оларды садақа түйелері, яғни қазынаға тиесілі он беске жуық түйе жайылған «әл-Харра» деген жерге жібереді. Бұл жерде шөлдің құрғақ ауасы басым болады. Расулалла (с.а.с.) оларды жіберген кезде, сол жердегі түйелердің зәрі мен сүтін ішуді бұйырады. Олар Расулалла (с.а.с.) айтқандай істейді. Сөйтіп жазылады. Алайда сауыққан кезде, опасыздық жасап түйені бағып жүрген түйешілерді өлтіріп, түйелердің бәрін айдап әкетуге тырысады. Расулалла (с.а.с.) бұл жағдайды білген соң, олардың артынан адам жіберіп тұтқындап, ең ауыр жазаға тартады.

Оқиғаның қысқаша мазмұны осындай. Оқиғаның бүге-шігесі тыйымдар бөлімінде айтылды. Бұл жерде бізді толғандыратын мәселе – науқастанған кезде түйенің зәрін емдік мақсатта ішудің кеңес етілуі. عَلَيْكُمْ بِأَبْوَالِ إِبِلٍ، فَإِنَّهَا نَافِعَةٌ لِذَرِبَةِ بُطُونِهِمْ Ибн Аббасқа (р.а.) телінген нұсқада: «Түйенің зәрін қолданыңдар. Ол іш өткенде пайдалы», – делінген.3

Сүт жайлы

Хадистерде сүт және зәрдің шипалы екені кейде бірге, кейде бөлек айтылады. Біз мұнда сүт бөлек қарастырылған бір хадиске тоқталуды жөн санадық. Расулалла (с.а.с.) عَلَيْكُمْ بِأَلْبَانِ الْإِبِلِ وَالْبَقَرِ، فَإِنَّهَا تَرُمُّ مِنَ الشَّجَرِ كُلِّهِ، وَهُوَ دَوَاءٌ مِنْ كُلِّ دَاءٍ.

«Түйе мен сиырдың сүтін қолданыңдар. Олар сан алуан ағаш пен өсімдіктен қоректенеді. Сүті әрбір дертке дауа».4

Мунауи «барлық өсімдіктерден» деген сөзді «Табиғаты ыстық (харр), салқын (барид), ылғалды болған барлық өсімдіктерден» деп түсіндіріп, былай дейді: «Осылайша түйе сүті нағыз өлшемді», – дейді.

Хакимут-Тирмизидің былай деп айтқанын жеткізеді: «Түйе барлық өсімдіктерді жейтіндіктен қоректенуі арқылы бойында барлық пайдалы заттарды жинайды. Бұл Алла үшін қоректену, нәпсі үшін емес. Егер тамақтарын таңдап, тек ұнататындарды жеп, қалғандарын тастап кетсе, бұл нәпсі үшін жеу және саулыққа емес, сырқатқа себеп болар еді. Өйткені бұл жағдайда құмарлықпен (ашкөздікпен) жейді».

Таза жануар (мал)

Мұнда біз әсіресе бүгінгі таңда ерекше маңызды болған бір нәзіктікке назар аудартқымыз келеді. عَلَيْكُمْ بِأَبْوَالِ إِبِلِ الْبَرِّيَّةِ وَأَلْبَانِهَا Бір нұсқада: «Далада жайылатын түйелердің зәрі мен сүтін қолданыңдар», – делінген.5 Яғни сүті мен зәрі ем болатын түйе – кез келген түйе емес, таза түйе болмақ. Бұл – Мунауидің түсіндірмесі бойынша «таза табиғи жерде жайылатын түйе». Басқаша сөзбен айтқанда, бұл жасанды жеммен немесе қорада бір ғана жеммен қоректенетін түйе емес. Сол үшін таза түйеден шипа болатын зәр мен сау (пайдалы) сүт шығады.

Хадистен салыстыру арқылы біз барлық жануарлардың сүтінің шипа болуы үшін олардың тамақтану жағдайларына назар аударуымыз керек екенін ұғынамыз. Әсіресе, бүгінгі күндегі малды қорада ұстау, бордақылау сияқты жаңа техниканың арқасында, жайылымның, жайлаудың, қырдың табиғи шөптерінен мақұрым қалып, жасанды қорекпен қоректенетін жануарлардың сүтінен хадисте уәде етілген шипаны таба алмаған кезде, хадиске тіл тигізу расында надандық болып табылады. Ал жануарларға еті мен сүтін көбейтететін кейбір гормондар қосылған, толықтай жасанды қоректердің берілетінін ескерсек, олардан ем емес, керісінше, ауру табу қалыпты жағдай. Орайы келгенде айта кету керек, бірде мен жануарларды қоректендіру жайлы мамандандырылған университеттің бір өкілін тыңдадым. Ол конференцияда жануарлардың нәжісі қорек болуға жарайды, сол үшін оны жануарларға қайта жегізу керек және осыған байланысты зерттеулер жүргізілді деді. Әрине, бұл айтылғандар Ислам рұқсат бермейтін нәрселер. Расулалла (с.а.с.) жануардан алынатын өнімдердің сау, дұрыс болуы үшін жануардың «таза» болуын кеңес етеді. Яғни, мал қырдың таза ауасын жұтып, таза шөп жеп, ашық далада күнге күйіп қоректенуі керек. Қорада баққан және жасанды жем қолданылатын жануарлардың етінің дәмі нашар болатыны сияқты, қимыл-қозғалыссыз қоректендіріліп, бағылған малдың еттерінде рак тудыратын канцерогенді заттардың көп болатыны белгілі шындық.

Зәр мен сүт толыққанды ем бола ала ма?

Айта кету керек, Ислам ғалымдары жануарлар көрсетілген шарттарға сәйкес қоректендірілсе де, олардың зәрі немесе сүтінде мутлақ (абсолютті) шипа бар деп айтпайды. Адамның сырқатын оның мінез-құлқы мен тамақтану режимі және тұратын аймағының түрлі шарттарымен байланыстыратын емді ұсынып, абайлап сөйлегенді жөн көреді. Бүгінгі таңда пайда болған жаңа және жасанды жағдайлар мен қулықтарды назарға алатын болсақ, ұқыптылық шегі арта түседі.

Ғұламалардың ұқыптылығына мысал ретінде Әбу Бәкір ибн әл-Арабидің бір жорамалын беруді жөн көрдік: «Түйенің зәрі мен сүтінің кейбір жағдайда кейбір аурулар үшін, кейбір адамдарға, кейбір аймақтарда дауа болуы ақылға қонымды. (Ғалымдар): «Ең дұрыс сүт – әйел сүті, одан кейін есек сүті, содан кейін түйе сүті, одан кейін ешкі сүті, сосын сиыр сүті, содан кейін қой сүті және бұл ең қаттысы», – деген. Ибн әл-Араби сөзін жалғастырып: «(сүттің ең тиімдісін анықтау мәселесінде) Медициналық тәжірибеге сүйенген бұл реттілікті айтуға, сөз етіп отырған хадис кедергі болмайды. Хадис бәдәуи сұхбаттасушыларға олардың сырқатына ең тиімді, пайдалы сүтті ишарат етеді. Өйткені олар осы сүтті ішіп өсті. Сондықтан түйе сүті олардың денесіне пайдалы болып ауруларынан сауығады. Бәріне белгілі болып, қабылданған көзқарас бойынша, сүттің бәрі бәрдей емес. Сүт сауылған малдың, сүт ішетін денелерден қарсылығына, ауа райына, уақытқа, жайылымдарға, аймақтарға қарай әртүрлі болып ерекшеленеді. Әрине, бұл жерде түйе, қой және ешкі сүтінің әртүрлі сипатта болуы ғана емес, сонымен бірге жануарлардың бір түйеден екіншісіне ауысқан кезде немесе дәл сол түйенің сүті, қорегі, мезгілі, аймағы өзгерген сайын сүтінің сапасы өзгеретініне назар аудартылып тұр. Әрине, сүтті қабылдайтын ағзалар да дәл сол сүтке әртүрлі реакция көрсете алады».

  1. 1Тирмизи, «Тибб», 6 (№2043).
  2. 2Мұндағы хумма – дене қызуының көтерілуі. Көптеген ауру осылай білінеді. Ұрайнадан келгендердің өңі қашып, іші ісіп кеткені жайында да риуаяттар бар.
  3. 3Жанан басылымындағы сөз нұсқасы. Әбу Нуғаймның «Әт-Тыбб ән-набауи» жинағында, Ибн Аббас риуаятында сүт те аталады.
  4. 4Жанан, «Кутуб-и ситтә тәржүмә уә шәрхи», 11-том, сүт туралы үзінді. Мунауи, «Фәйз әл-қадир», осы риуаяттың түсіндірмесі.
  5. 5Суюти, «Әл-Жамиғ әс-сағир» нұсқасынан Жанан басылымында келтірілген үзінді.