Хадис

Кутуб ситтә, № 4002

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
542. Расулалла кеңес берген емдер
Нөмірі
№ 4002 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 18
4002
Кутуб ситтә, № 4002 · тараудағы реті: 18Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ النَّبِيُّ ﷺ: الشِّفَاءُ فِي ثَلَاثةٍ: شَرْبَةِ عَسَلٍ، وَشَرْطَةِ مِحْجَمٍ، وَكَيَّةِ نَارٍ، وَأَنْهَى أُمَّتِي عَنْ الْكَيِّ». وَفِي رِوَايَةٍ: «فِي الْعَسَلِ وَالْحَجْمِ الشِّفَاءُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Шипа үш нәрседе: бал сусынында, қан алдыруда және отпен күйдіріп емдеуде. Үмбетіме күйдіріп емдеуге тыйым саламын», – дегенін жеткізген. Бір риуаятта: «Балда және қан алдыруда шипа бар», – делінген.1

Түсіндірме

Бұхари риуаятты «Шипа үш нәрседе» деген тақырыппен беріп, өз көзқарасын осы атаумен білдірген.

Ибн Хажар, Расулалланың (с.а.с.) бұл хадистегі мақсатының шипалы заттарды үшпен шектеу болмағанын, басқа заттарда да шипаның барын айтады. Мысалы, қара зире, сүт, құрма сияқты көптеген тағамдардың емдік қасиеті бары әртүрлі хадистерде айтылған. Олай болса, бұл жерде Пайғамбарымыз (с.а.с.) дәрімен емдеу әдісінде қолданылатын негізгі заттарға назар аударады. Ибн Хажар хадисті дәуірінің медициналық түсінігінде қолданып, сол түсінікке сай түсіндіру үшін сөзін былай жалғастырады: «Өйткені Имтилал аурулар2 қанға, өтке, қақырыққа, мінезге (ой-түсінікке) байланысты болады. Қанға байланысты аурулардың шипасы қанды шығару арқылы болады. Оның хижама (қан алдыру) жайлы айтуының себебі, арабтар бұған қатты мән берген. Фасд (тамыр жару) “сүлік қою сияқты”3 қан алуды білдіретін басқа әдістерге қарағанда олар хижама әдісімен қан алдыруға дағдыланған. Өйткені фасд (тамыр жару) қаншалықты хижама (қан алдыру) мағынасында болса да, арабтардың көбісі бұған үйренбеген еді. Тіпті شَرْبَةُ مِحْجَمٍ сөзі ішіне фасдты қамтыған болса да. Оның үстіне хижама (қан алдыру) ыстық елдерде фасд (тамырды жару) әдісіне қарағанда тиімді, ал тамырды жару әдісі ауа райы салқын жерлерде әлдеқайда тиімді».4

Өт аурулары және сол сияқты аурулардың дауасы ішті жүргізу арқылы болады. Алла елшісі (с.а.с.) бал жайында айтып, бұған ескерту жасаған. Ал отпен күйдіруге келер болсақ, бұл хадистің соңында айтылған. Себебі бұл денесінен артық, пайдасыз заттардың шығуы өте қиын адамдар жүгінетін әдіс. Расулалла (с.а.с.) отпен күйдіруде шипа барын айтумен қоса, оған тыйым салған. Себебі арабтар отпен күйдіріп емдеу ауруды толығымен жояды деп сенетін. Сондықтан Алла елшісі (с.а.с.) мұндай пікірді дұрыс емес деп санағаны үшін оларды растау мағынасына келетін отпен күйдіріп емдеуді еркін қалдыруды құптаған болуы керек. Алла елшісінің (с.а.с.) бұл әрекетін дұрысқа шығаратын мына жағдайлар бар еді: «Олар кейде ауру пайда болмас бұрын отпен күйдіріп емдеу ауруды түбегейлі жояды деп сенгендіктен, осы әдіске жүгінетін, осылайша қияли бір қауіптің алдын алу үшін өздерін азаптап, қинауға асығатын. Олар бұл әрекеттерімен көбінесе, отпен күйдіріп емдеуді талап ететін ауру болмаса да өздерін отпен күйдіретін.

Расулалланың (с.а.с.) отпен күйдіріп емдеуге тыйым салып һәм өзінің жеке қолдануынан мынадай қорытынды жасауға болады: Отпен күйдіріп емдеуге не толық тыйым салу керек не кең түрде қолдану керек. Егер аурудың онымен емделетіні нақты белгілі болса, шипаны Алланың беретініне нақты сеніп, соған жүгіну керек. Әзірет Муғираның Тирмизиде жеткізген мына мәрфуғ риуаяты осы жорамалға түсіндірме болады: «Кімде-кім отпен күйдірсе немесе руқия (оқытып, дем салдырса) тәуекелді тәрк еткен болады».

Шейх Әбу Мұхаммед ибн Әбу Жәмра былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) күйдіріп емдеу туралы сөздерінен оның пайдасымен бірге зияны да бары аңғарылады. Тыйым айтылғанына қарағанда, зияны басым. Бұл Алла Тағаланың масайтатын ішімдіктің пайдасы барын айтып, зияны басым болғандықтан оған тыйым салғанын еске түсіреді».5

Ибн Хажар осы үш мәселенің әрқайсысына жеке бөлімдерде түсіндірме жасайтынын айтқан соң, өз дәуірінің медициналық түсінігін көрсететін кейбір түсініктемелерге көшіп былай дейді: «Кейбіреулер бұл хадистегі “шипа”-дан мақсат екі түрлі аурудың бір түріне “шипа” болуы деген. Өйткені барлық аурулар материалдық және материалдық емес болып екіге бөлінеді6: Материалдық болғандар алдын-ала айтылғандай харра және барида (ыстық, салқын) болып екіге бөлінеді. Бұл екі бөліктің әрқайсысы ылғал, құрғақ және аралас (екеуінің қоспасы) болып бөлінгенімен, олардың негізгісі ыстықтың көтерілуі (температура) және салқындық. Осы екеуінен басқалары олардың біреуіне бағынады».

Мәселе осылай болған соң, сөз етіліп отырған хадисте бір мысал арқылы емнің негізіне назар аударылады. Харра (ыстық) ауру қанды шығару (алу) арқылы емделеді. Өйткені қан алғанда (ауруды тудыратын) зат сыртқа шығарылып, дене салқындайды. Ал барида (суық) ауруды бал қабылдау арқылы емдейді. Өйткені балдың жылыту, жетілдіру, бөлу, жұқарту, іш жүргізетін және жұмсарту қасиеттері бар. Осылайша, зиянды заттардан құтылу жеңіл әрі оңай жүзеге асады.

Ал отпен күйдіру туралы айтатын болсақ, бұл созылмалы ауруды емдеуге арналған. Өйткені созылмалы ауру (суық) заттан пайда болады және көбінесе дененің, аяқ-қолдың температурасын бұзады. Отпен күйдірілген кезде бұл ауру ағзадан шығады. (Отпен күйдіріп емдеу туралы кең көлемді түсіндірме №4018 хадисте берілетін болады).

Материалдық емес ауруларға келетін болсақ, бұлардың емі хадисте: اَلْحُمَّى مِنْ فَيْحِ جَهَنَّمَ «Ыстық – тозақтың көтерілуі. Оны сумен салқындатыңдар!» деу арқылы ишарат етілген.

Хижама және оның жасалу тәсілдері

Расулалланың (с.а.с.) медициналық сүннетінде маңызды орын алатын хижама (қан алдыру), бұл кітапта бірнеше жерде айтылды және бұдан кейін де бірнеше хадисте айтылатын болады. Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, осы жерде қысқаша түсіндірме жасағымыз келеді.

«Хижама» сөзі «сору» мағынасындағы «хажм» түбірінен шыққан. Емшілік тілінде оны «қан алдыру» деп аударған.

Қанды алуда қолданылатын ыдыс «михжам» деп аталады. Әдетте, бұқа мүйізінен жасалатын, іші қуыс екі ауызды бір құрал. Негізінде, теріні тілетін құралдың аты – мишрат.

Осы техникалық мәліметтерден кейін біз бұрын қолданылған қан алу әдісіне тоқталсақ болады. Қан теріні тілмей және теріні тілу арқылы екі жолмен жасалады. Теріні тілмей жасалатын хижама (қан алдыру) былай жасалады. Көбінесе бұқаның мүйізінен жасалған михжам деген құралдың кең аузы қан алынатын жерге қойылады және хижама жасаушы екінші аузынан құралдың ішіндегі ауаны сорып алады. Құралдың ішіндегі ауа қысымы азайған сайын қан ішкі қысымның әсерінен жіңішке тамырылар арқылы құралдың ішіне, терінің астынан аға бастайды. Содан бітелген жерде қанның түйінделуі кетеді, бұрын сезінетін ауырсыну жеңілдейді немесе толығымен жойылады.

Теріні тіліп жасалған хижама (Ибн Хажар фасд деп айтқан): Ұшы өткір михжама деп аталатын құрал қолданылып, терінің үсті тілінеді. Сонда михжаманың ауасы сорылған сайын қан осы тілінген жерден оңай әрі тез аға бастайды.

Сәмураның (р.а.) Табаранидегі бір риуаяты Расулалланың (с.а.с.) осы әдіспен қан алдырғанын баяндайды: «Расулалла (с.а.с.) бір хажжамды шақыртып, ол Пайғамбарымызға хижама жасады. (Осы мақсатта) аузы жалпақ пышақты қолданып (терісін) тілді. Мұны Бәни Фәзарали деген бір адам көріп:

– Уа, Расулалла! Неге бұл адамның сенің етіңді кесуіне жол беріп тұрсың? – деді. Сонда Расулалла (с.а.с.):

– Мұның не екенін білесің бе? Бұл – хижама, өздерің қолданатын емдік тәсілдердің ең абзалы, – деді».

Қазіргі медицинадағы хижама (қан алдыру)

«Хижама жасаушылар хижама жасайтын арнайы құралдарды пайдаланады. Бұл ыдыс не кішкене тостағандар (банка) болады. Олардың кең бөлігі дененің кез келген бөлігіне қолданылады әрі екінші жағындағы тесіктен ішіндегі ауа сорылады. Бұдан кейін ағзадағы қысым осы қуысқа басым түсіп, тері астында қан жинала бастайды. Сосын хижама құралы сол жерден алынады және тері тілініп, жиналған қан алынады. Қанды көбірек алу үшін бұл әдісті сол жерге бірнеше рет қолдануға болады. Хижама құралының ішіндегі ауа сорылып алынғаннан кейін оны алып тастауға болатыны сияқты, ішіндегі ауа оттың үстіне қойылып, кеңейтіледі және оның көп бөлігі алынғаннан кейін қолданылып, орнына қайта орналастырылады. Хижама құралы салқындаған сайын, ондағы қыздырылған ауа жиналып, соратын вакуумға айналады.

Фасд (тамырды тілу) әр адамның қолынан келетін іс емес. Мұны білгір, өте сауатты, сол істің шебері жасауы керек. Олай болмаса, өмірлік маңызды тамырды тіліп тастауы немесе түрлі жолдармен микробтарды жұқтырып, сол жердің немесе дененің жалпы қабынуына жол ашуы мүмкін. Хижама бүгінгі медицина тілінде қан алдыру мағынасын білдірумен қоса оның кейбір ерекшеліктері бар.

Хижама – аурудың түріне байланысты дененің әртүрлі бөлігіне жасалады. Мұндағы мақсат – дененің бұл бөлігіндегі қанның қозғалысын арттырып, лас қанды шығарып, жаңа қанның келуін қамтамасыз ету. Әсіресе, егер сол бөлікте орналасқан ауру тудыратын заттар болса, соларды шығару. Дененің бұл бөлігіне жеткен жаңа таза қан ағзаны жаңартып, көптеген аурудан емдейді.

«Хижаманы қай күндері жасатқан дұрыс? Аш қарынға ма әлде тоқ қарынға жасату керек? Неге?» деген сұрақтарға жауап алдағы уақытта түсіндірмесі берілетін №4014 хадисте беріледі.

  1. 1Бұхари, «Тибб», 3 (№5680–5681).
  2. 2Имтилә – ағзада ауру тудыратын зиянды заттар жиналып, көбейгенде болатын сырқат. Мәселен, жарақаттың өзі имтиләға жатпайды, өйткені жарақатта ағзаға зиянды заттың жиналуы шарт емес.
  3. 3Бұл мысал Айнидікі.
  4. 4Ибн Хажар басқа тарауда бұл мәселені «Зад әл-мағад» авторынан да кең тарқатқан: «Хижама мен фасдтың (тамырдан қан алудың) қолданылуы уақытқа, мекенге және адамның бітіміне қарай өзгереді. Хижама ыстық уақытта, ыстық өлкеде және қаны толысқан, денесі қызу адамдарға пайдалырақ саналады. Ал фасд салқын жерде, салқын уақытта пайдалы саналады. Осы себепті хижама әсіресе балаларға және фасдты көтере алмайтындарға қолайлы». Муаффақ әл-Бағдади: «Хижама дененің сыртын фасдтан жақсырақ тазартады. Фасд дененің ішін тереңірек тазартады. Ыстық елдерде хижама фасдтан пайдалырақ әрі қауіпсіздеу саналған, ол көп дәрінің орнын басқан. Сондықтан риуаяттарда хижама көбірек айтылады», – деген.
  5. 5Ибн Әбу Жәмраның талдауы назар аударарлық. Артынша келетін түсіндірмелер оның шектен шыққан тұсын да аңғартады.
  6. 6Ибн Хажар «материалдық емес аурулар» дегенде, бүгінде психологиялық деп аталатын күйзеліс пен торығуды меңземеген. Ол дене қызуы көтеріліп білінетін, бұрын «хумма» аталған әрі табиғаты сол дәуірде түсіндірілмеген дерттерді меңзеген. Сондықтан «рухани» дегеннің орнына «материалдық емес» тіркесін дәл қолданған.