وَعَنْ سَهْلِ بْنِ سَعْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَمَّا جُرِحَ وَجْهُ النَّبِيِّ ﷺ يَوْمَ أُحُدٍ جَعَلَتْ فَاطِمَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا تَغْسِلُ الدَّمَ عَنْ وَجْهِهِ وَعَلِيٌّ يَسْكُبُ عَلَيْهَا الْمَاءَ، فَلَمَّا رَأَتْ الْمَاءَ لَا يَزِيدُ الدَّمَ إِلَّا كَثْرَةً أَخَذَتْ قِطْعَةَ حَصِيرٍ فَأَحْرَقَتْهُ حَتَّى صَارَ رَمَادًا فَأَلْصَقَتْهُ بِالْجُرْحِ، فَاسْتَمْسَكَ الدَّمُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِي.
Сәһл ибн Сағд (р.а.) былай дейді: «Ұхұд шайқасында Алла елшісінің (с.а.с.) жүзі жараланғанда, Фатима (р.а.) жүзіндегі қанды жуып, Әли (р.а.) су құйып тұрды. Су құйған сайын қанның көбейе түскенін көрген Фатима шиден тоқылған төсеніштің бір үзігін өртеп, күлін жараға басты. Содан қан тоқтады».1
Түсіндірме
1. Бұл риуаятта жаһилият дәуірінде кең тараған емнің бірі, жараның қанын күлмен тоқтату тәсілі баяндалған. Хадисте тоқылған төсеніштің күлі айтылған. Шәрһ авторлары өзге күлдің де дәл сондай әсері бар деп санаған. Жанан өз заманында кей жерлерде төтенше жағдайда мата қиындысын жағып, күлін жараға басатынын жазады. Ол жаңа күлде микроб болмайды деп есептеп, ескі не лас жерге тиген күлді қолданбауды айтқан. Ибн Хажар таяз жараны сумен жууға болады деп, терең жараға судың қауіпсіздігіне күмән келтірген. Жанан осы пікірді жалғастырып, жараны залалсыздандырылған сұйықтықпен немесе қайнатылған сумен жууды ұсынған.
2. Хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) Ұхұд шайқасында жараланғаны баяндалады. Ұхұд – мұсылмандар бастан кешкен ауыр сынақтардың бірі. Бәдірдегі жеңілісіне кек сақтаған Мекке мүшріктері алғашқы шабуылда мұсылмандардың тегеурініне шыдай алмай, шегінді. Мұсылман әскерінің ту сыртын күзеткен садақшылар дұшпан жеңілді деп ойлап, төбедегі орындарын тастады. Оңтайлы сәтті күтіп тұрған Халид ибн Уәлид бастаған атты әскер ту сырттан тұтқиылдан шабуылдады. Көптеген мұсылман шейіт болды. Сол күні Алла елшісінің (с.а.с.) бетіне бірнеше жара түсті: оң жақ күрек тісі сынып, астыңғы ерні мен маңдайы жараланды. Абдурраззақтың риуаятында оған жетпіс соққы тигені, Алланың оны сол соққылардың қатерінен сақтағаны айтылады. Шабуылдаушылардың басында Ибн Қамиа атты мүшрік тұрған.
3. Бұл хадис емделуге рұқсат берілгенін де айқын көрсетеді. Мұны осы тараудың басында кеңінен сөз еттік. Алла елшісінің (с.а.с.) сол емге қарсылық танытпауы оның осы тәсілді құптағанын аңғартады.
Хадис пайғамбарлардың да дүниеде қиындық пен қасірет көретінін білдіреді. Мұндай сынақ олардың сауабын арттырып, дәрежесін көтереді. Үмбеттеріне де діні жолында ауыртпалыққа төтеп берудің, қиын шақта сабыр етудің үлгісін көрсетеді. Залымдар уақытша жеңіске жеткенімен, түбі құрдымға кетеді. Түпкі жеңіс Алланың жақтастарына тиесілі. Құранда осы иләһи заңдылық былай баяндалады: ﴿وَٱلْعَٰقِبَةُ لِلْمُتَّقِينَ﴾ «Ақырғы жеңіс тақуалардың еншісінде» («Ағраф» сүресі, 128-аят).
- 1Бұхари, Жиһад 80, 85, 163, Уду 72, Мағази 24, Никах 123, Тибб 27; Мүслим, Жиһад 101, (1790); Тирмизи, Тибб 34 (2086); ибн Мәжа, Тибб 15 (3464).