وَعَنْ وَائِلِ بْنِ حَجَرٍ: «أَنَّ طَارِقَ بْنِ سُوَيْدٍ الْجُعْفِيَّ سَأَلَ النَّبِيَّ ﷺ عَنْ التَّدَاوِي بِالْخَمْرِ، فَنَهَاهُ وَقَالَ: إِنَّهُ لَيْسَ بِدَوَاءٍ وَلَكِنَّهُ دَاءٌ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ
Уаил ибн Хужр (р.а.) былай дейді: «Тариқ ибн Суайд әл-Жуғфи (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с.) ішімдікпен емделуді сұрады. Ол бұған тыйым салып: “Ол дауа емес, дерт”1, – деді».
Түсіндірме
1. Хадис хамрды емге қолдану мәселесін қозғайды. Алдымен хамрдың мағынасын айқындап алайық. Ол – ақылды тұмшалап, мас қылатын ішімдіктің ортақ атауы. Алкогольді ішімдіктер мен мас қылатын спиртті өнімдер осы атауға кіреді. Ендеше, ішімдікті емдік мақсатта қолдануға бола ма? Мұнда қазіргі фармакологиядан гөрі Ислам ғұламаларының пікіріне тоқталамыз. Өйткені медицинадағы қағидалар өзгеріп отырады. Бүгін пайдалы саналған емнің ертең зияны анықталып, қолданыстан шығуы мүмкін. Осы хадисте ішімдікпен емделуге тыйым салынғанымен, өзге аят-хадистер мен шариғат қағидаларын қатар қарастырған ғұламалар бір пікірге келмеген.
Нәуәуи Алла елшісінің (с.а.с.) «Ол дауа емес, дерт» деген сөзін хамрды пайдалануға және сіркеге айналдыруға тыйым салынғанының дәлелі деп түсіндіреді. Ол: «Хамр шипаға жатпайды, онымен емделу харам, өйткені ол – дерт. Шәфиғилердің пікірінше, онымен емделуге де, шөл басу үшін ішуге де болмайды. Тамағына ас тұрып қалған кісіде одан басқа сұйықтық болмаса, ішуге рұқсат. Мұнда пайдасы анық деп саналады, ал емдік пайдасы белгісіз»2, – деген.
Кейбір ғалымдар мұны №4001 хадистегі Урайна руының адамдарына түйе зәрімен емделуге берілген рұқсатпен салыстырып, зәру жағдайда хамрды емге қолдануды мүбах санаған. Олардың пайымдауынша, түйе зәрі харам болғанымен, кейбір сырқатқа ем болады деп саналғандықтан, Алла елшісі (с.а.с.) оған рұқсат берген.
Хаттаби ғұламалардың көпшілігі ішімдікпен емделуді харам санағанын айта келіп, жоғарыдағы салыстыруға мынадай жауап береді: «Бұл пікірді жақтағандар екі нәрсенің үкімін бірдей көрген. Ал Алла елшісі (с.а.с.) хамрдың зиян екенін айтып, түйе зәрін қолдануға рұқсат берген. Насс екеуін ажыратып тұрғанда, үкімін біріктіру дұрыс болмайды».
Бұл орайда Ибн әл-Қайимнің түсіндірмесіне де тоқталған жөн. Ол харам затпен емделуді шариғат пен ақыл жағынан да теріс көріп, әуелі оның шариғи жағын қарастырады. Бұған осы хадис пен №3978 хадисін дәлел етеді. Содан кейін мәселені ақыл тұрғысынан таразылап, былай дейді: «Алла Тағала ішімдікті лас болғандықтан харам етті. Бұл үмбетке адал әрі таза нәрсені жаза ретінде харам қылған жоқ. Яһудилерге таза нығметтің жаза ретінде харам етілгені мына аятта баяндалады: ﴿فَبِظُلْمٍ مِّنَ ٱلَّذِينَ هَادُوا۟ حَرَّمْنَا عَلَيْهِمْ طَيِّبَٰتٍ أُحِلَّتْ لَهُمْ وَبِصَدِّهِمْ عَن سَبِيلِ ٱللَّهِ كَثِيرًا﴾ “Яһудилердің істеген зұлымдықтары һәм ел-жұртты Алланың хақ жолынан қақпайлағандықтары себепті, оларға бұрын адал болған бірқатар нығметтерді харам еттік” (“Ниса” сүресі, 160-аят).
Мұсылман үмбетіне мұндай жаза берілмегендіктен, оған харам етілген нәрселердің ешбірі адал әрі таза саналмайды. Олар лас болғаны және үмбетті зиянынан қорғау үшін харам етілген. Сондықтан дерттің дауасын ішімдіктен іздеудің реті жоқ. Ол тәндегі бір ауруды басқан күннің өзінде, құрамындағы жамандығы жүрекке одан да ауыр дерт түсіреді. Адам ағзасындағы ауруды ішімдікпен кетіремін деп жүріп, жүрегіне басқа дерт жамайды...»
Бұл – харам мен халалға берілген діни түсінік. Алла тыйған нәрсе лас, адал еткен нәрсе таза деп саналады. Дін бекіткен үкімге мойынсұну қажет, оны жалаң ақылға салып қайта таразылау құпталмайды.
Ханафи ғалымы Айни бұл мәселеде шәфиғи ғалымы Нәуәуимен пікірлес екенін айтып, өз ойын былай білдіреді: «Ішімдіктің дауа боларына нақты сенім болса, емдік мақсатта қолдануға болады. Бұл аштықтан өлуге шақ қалған адамның өлексе жеуіне, тамағына тұрып қалған асты өткізу үшін немесе қатты шөлден ажал қаупі туған кезде ішімдік ішуіне ұқсайды. Мұның негізі – зәру жағдайда тыйым салынған нәрсеге рұқсат берілу қағидасы. Ішімдік ішсе сауығатыны анықталмаса, оны қолдану мүбах болмайды». Одан әрі Айни: «Білікті адам сырқатты танып, оны ішімдікпен емдеуге болады деп пайымдаса, науқастың оны ішуі мүбах саналады. Қатты ашыққан адамның өлексе жеуінің, шөлден қаталаған адамның ішімдік ішуінің үкімі де осындай», – дейді.
Айнидің бұл пайымына қарсы айтылған пікір мынадай: «Тамаққа тұрып қалған асты өткізу мен шөл басудың пайдасы белгілі деп саналады. Ал ішімдіктің дауа болары былай тұрсын, адал заттың өзі шипа берері әрдайым анық бола бермейді. Сол себепті харам затпен емделуді аталған зәру жағдайлармен бірдей қарастыруға негіз жоқ».
Ибн Абидин сол дәуірдегі құқықтық талқылауда тамаққа тұрып қалған асты өткізу мен шөл басудың пайдасы анық деп есептеген. Оның пікірінше, қолындағы шарапты қолданбай, шөлден немесе тамағына ас тұрып тұншығып өлген адам күнәһар саналады. Емнің әсері болса, болжамға ғана сүйенеді. Сондықтан адам мұндай емге жүгінбей қайтыс болса, күнәһар болмайды.
Ибн әл-Араби мына уәжді келтіреді: «Емделу зәрулік болса, зәрулік туғанда тыйым салынған затқа рұқсат беріледі, демек, хараммен емделу мүбах делінуі мүмкін». Ол бұған: «Емделудің өзі зәру жағдайға жатпайды. Зәрулікке аштықтан өлім қаупі төнген жағдай секілді жайттар жатады. Хараммен емделу уәжіп болмаса, ол қалай мүбах болмақ?» – деп жауап береді.
Осы пікірлерді келтірген соң Жанан Алла елшісіне (с.а.с.) телінетін «Үмбетімнің пікір алуандығы – рақым» деген сөзді еске салады. Оның пайымынша, даулы мәселеде үмбетке жеңілдік берілетіндіктен, кесімді харам үкімін айту қиын. Діннің амандығын ойлаған адам күмәнді нәрседен аулақ жүреді.
Жанан келтірген медициналық пайымдар
Жанан «Харам нәрсе ниетке қарай мүбах болмайды» деген шариғи қағидаға және Хаттабидің көзқарасына сүйеніп, өз заманындағы мына пайымдарды келтіреді.
а) Алкоголь ұзақ уақыт бойы дезинфекциялық зат ретінде бағаланып, одеколон иіссу ретінде де, залалсыздандыру үшін де қолданылған. Жанан өзі сүйенген зерттеулерде алкоголь микробты жоймай, оны ақуыз қабатымен қаптап, белсенділігі мен көбеюін уақытша тоқтатады деген тұжырым жасалғанын жазады. Оның баяндауынша, белсенділігі қалпына келген микроб тіршілігін жалғастырады, сондықтан хирургияда алкогольдің орнына басқа заттар қолданыла бастаған.
ә) Бұрын виски секілді ішімдіктер жүректің қан тамырларын кеңейтіп, жүректің қоректенуіне көмектеседі деп саналған. Жанан келтірген пікірге сай, бұл – жорамал. Ол ішімдік тамырларды кеңейтсе де, қан ағымының жылдамдығы мен көлемін азайтып, жүрекке қауіп төндіреді деп түсіндіреді.
б) Суықта ішімдік тамырды кеңейтіп, денені жылытады деген пікір болған. Жанан келтірген байқау бойынша, ішімдік ішкен адамның денесі жылуды көбірек жоғалтып, тезірек тоңады.
в) Жанан бір стақан ішімдік мидағы кем дегенде мың жүйке жасушасын жояды деген пайымды келтіреді.
г) Жанан алкогольдің адамды көп сөйлететінін, жыныстық құштарлықты бәсеңдететінін, ұрықтың ерте бөлінуіне және екі жақтың да қанағаттанбауына әкелетінін жазады.
Автор осы пайымдар Хаттаби мен Ибн әл-Қайимнің пікірін қуаттайды деп түйіндейді.
- 1Мүслим, Ашриба 12, (1984); Әбу Дәуіт, Тибб 11, (3873); Тирмизи, Тибб 8, (№2046, Жанан нөмірлеуінде №2047).
- 2Нәуәуи емдеудегі дәрінің әсері 100 пайыз болмайтынын, оның болжамға негізделетінін назарға ұсынады. Нәуәуидің пікірінше, тамаққа тұрып қалған ас түйірін ішке түсіріп, қақалып қалудан құтылу сияқты нақты дауа болатын жағдайларда алкогольді қолдануға болады, басқа жағдайларда емес.