وَعِنْدَ الشَّيْخَيْنِ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ يَحْتَجِمُ وَلَمْ يَكُنْ يَظْلِمُ أَحَدًا أَجْرَهُ»
Бұхари мен Мүслимнің «Сахихтарында» былай риуаят етілген: «Алла елшісі (с.а.с.) қан алдыратын және ешкімнің еңбекақысын кемітпейтін».1
Түсіндірме
1. Қан алған кісіге ақы берудің үкімі жайында ғұламалар таласқан. Кейбір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) қан алудан түскен табысты лас атап, оған ақы беруге тыйым салған. Риуаяттар әртүрлі келгендіктен, қан алушының еңбекақысы жайлы пікір де бір жерден шықпаған. Ғұламалардың басым көпшілігі оны адал санап, Ибн Аббас (р.а.) жеткізген хадиске сүйенеді. Олардың пікірінше, бұл – ұнамсыз табыс, алайда харамға жатпайды. Олар тыйым айтылған риуаяттарды тәнзиһи мәкруһ деп түсіндірген.
2. Тахауи және кей ғалымдар бұл үкімнің күші жойылған деп, әуелгі тыйым кейін мүбахқа ауысқанын айтқан. Басқалар үкімнің күші жойылғанын дәлелдеу үшін жорамалдың өзі жеткіліксіз, нақты дәлел керек деп қарсы пікір білдірген.
3. Ахмад ибн Ханбал және бір топ ғалым азат адамның хижаманы кәсіп етуін мәкруһ санаған. Олардың пікірінше, құл бұл қызметі үшін ақы ала алады. Азат адамның одан түскен табысты өзіне жұмсауы харам саналғанымен, құлына немесе малына жұмсауына рұқсат берілген. Олар «Муатта» мен өзге «Сүнән» жинақтарындағы Мұхайиса хадисіне сүйенген. Мұхайиса құлының қан алудан тапқан ақшасын пайдалануға рұқсат сұрайды. Алла елшісі (с.а.с.) әуелде рұқсат бермейді. Мұхайиса өтінішін қайталай берген соң, ол: اعْلِفْهُ نَاضِحَكَ وَأَطْعِمْهُ رَقِيقَكَ «Оны су таситын түйеңнің жеміне, құлыңның азығына жұмса!» – дейді.
4. Ибн әл-Жәузи мұның тәнзиһи мәкруһ саналуын мұқтаж мұсылманға жәрдем берудің уәжіп екенімен түсіндірген. Оның пікірінше, адам міндетті жәрдемі үшін ақы алса, ол мәкруһ болады.
Ибн әл-Араби Алла елшісінің (с.а.с.) қан алушының ақысын лас деп атаған риуаяты мен оған ақы бергені туралы риуаятты былай үйлестіреді: «Ақы белгілі бір жұмыс үшін берілсе, рұқсат. Қай жұмысқа төленетіні белгісіз болса, рұқсат етілмейді. Тыйым осы жағдайға қатысты болуы ықтимал».
Хадис хижаманың мүбах екенін көрсетеді. Автор бұл үкімді емдік мақсатта қан алуға және өзге медициналық тәсілдерге де қатысты деп түсіндіріп, медициналық қызметке ақы алуға да, төлеуге де рұқсат екенін айтады.
- 1Бұхари, Ижара18; Мүслим, Сәлам 77, (1577).