وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: نِعْمَ الْعَبْدُ الْحَجَّامُ يُذْهِبُ الدَّمَ، وَيُخَفِّفُ الصُّلْبَ، وَيَجْلُو عَنْ الْبَصَرِ، وَقَالَ: مَا مَرَّ النَّبِيُّ ﷺ لَيْلَةَ أُسْرِيَ بِهِ عَلَى مَلَإٍ مِنَ الْمَلَائِكَةِ إِلَّا قَالُوا: عَلَيْكَ بِالْحِجَامَةِ، مُرْ أُمَّتَكَ بِالْحِجَامَةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Қан алатын кісі қандай жақсы! Ол қан шығарады, белді жеңілдетеді, көзді ашып, көруді айқындайды”, – деді».
Ибн Аббас (р.а.) сөзін былай жалғады: «Алла елшісі (с.а.с.) Исра түнінде қай періштелер тобының жанынан өтсе де, олар: “Қан алдыр! Үмбетіңе де қан алдыруды бұйыр!” – деді».1
Түсіндірме
Шәрһ авторлары періштелердің бұл сөзін уәжіп әмірге емес, мәндүбке жатқызған. Олардың айтуынша, мұндағы мақсат – қан алдырудың денсаулыққа пайдасы барын атап көрсету.
Кейбір еңбектерде хижама туралы кеңестің қарттарға арналмағаны айтылады. Ертедегі түсінік бойынша адамның бойындағы қызу жасы ұлғайғанда азаяды. Ибн Сирин: «Адам қырыққа толса, хижама жасатуды қойсын», – деген. Алайда Алла елшісінің (с.а.с.) қан алдырғаны жайлы риуаяттар Мәдина дәуіріне, яғни оның жасы елуден асқан кезеңге жатады.
Табари қартайғанда хижамадан сақтандырудың себебін былай түсіндіреді: «Бұл шақта адамның ғұмыры қысқарып, күш-қуаты кеми бастайды. Қан алдырып, әлсіздігін арттырудың реті жоқ».
Шәрһ авторлары бұл сақтық сөзін хижамаға қажеттілік тумаған жағдайға және қан алдыруға дағдыланбаған адамдарға қатысты түсіндірген. Қан алдыруға мұқтаждық туса, адамның жасы есепке алынбайды деген.
- 1Тирмизи, Тибб 12, (№2053, Жанан нөмірлеуінде №2054).