Хадис

Қазіргі таңдағы медицинадағы отпен күйдіру

Кутуб ситтә, 9-том, 543-тарау · 13 хадис · № 4021–4033

Хадистер

«Біз қазіргі таңда зиянды патологиялық тіндерді жою, қан кетуді тоқтату немесе ауырсынуды жеңілдету үшін күйдіріп емдеу әдісінің қолданылатынына куә болып жүрміз. Мәселеге осы тұрғыдан қарайтын болсақ, бүгінгі күнде де күйдіру арқылы жасалатын кейбір процедуралардың бар екендігі байқалады. Алайда қолданылатын бұл әдіс, жағдайға және мақсатқа сәйкес әртүрлі болып жетілген. Оларды кезекпен санамалайтын болсақ, каутерия, диатермия (жылытқыш, кескіш, коагулятор), сәулелік терапия (ядролық сәуле), инфрақызыл және ультракүлгін және тіпті cryo (тоңазыту) туралы процедураларды көрсетуге болады. Олардың аз мөлшерде емдік әсері бар. Егер көп мөлшерде қолданылатын болса, пайдалы тіндерді жойып жібереді.

Тек қана отпен күйдіру (қазіргі уақытта оның орнын басатын каутеризация) тінді (ұлпа) өртеп жағымсыз иіс шығарады. Бұл кейіннен орнын оңалту өте қиын немесе мүлде мүмкін емес эстетикалық бұзылуларға әкелуі мүмкін. Осы себепті хадистерде емдеуде тиімді екені айтылған отпен күйдіруді кеңінен қолдану құпталмаған. Олай болса, отпен күйдіріп емдеудің оң нәтижесін беретін және жағымсыз салдарын жоятын немесе азайтатын техникалардың пайда болуы қажет екеніне бөлек ишарат етіледі деген ойдамыз.

Бүгінгі таңдағы бар әдістер отпен күйдіріп емдеудің оң әсерін әртүрлі әсерлерімен бірге көрсетеді. Каутериядан басқа процедуралар алдыңғы қатардағы ауру жасушаларға әсер етеді, ал қалыпты сау жасушаларға мүлдем әсер етпейді немесе аз мөлшерде әсер етеді. Осы әдістердің көмегімен патологиялық (ауру) тіндерді үлкен жара пайда етпей және сау тін мен жасушаларды алып тастамай жоюға болады.

Cryo (кенеттен – 20 градустан төмен түсуі) сайып келгенде, басқа процедураларды қолдану арқылы пайда болған нәтижені көрсетеді.

Осы айтылғандардың шеңберінде ұғынарымыз, сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) ишарат еткен отпен күйдіріп емдеу, бүгінде емдеудің негізгі әдісі ретінде түрлі тәсілдермен қайта күн тәртібіне қойылды және біз отпен күйдіріп емдеудің оң нәтижелерін ала бастадық.

Руқия мен тұмар тағуға қатысты үкім

1. Руқияны кітабымызда бірнеше рет сөз етіп, әр тұста қысқаша түсініктеме берген едік. Мұнда соған қатысты қосымша мәліметке тоқталамыз.

Арабтар жаһилият дәуірінен бері руқияны құпталатын және тыйым салынатын мақсаттарда қолданып келген. Құпталған түрін біз «дем салу», «дұға оқып емдеу», кейде «үрлеу» деп атаймыз. Сондықтан араб тіліндегі «руқия» сөзінің сиқырға да, дұға оқуға да қатысты қолданылатынын ескерген жөн.

2. Тәмима, яғни тұмар тағу, жаһилият дәуірінен қалған әдет. «Ән-Ниһаяда»: «Бұл – жаһилият дәуірінде арабтардың көз тимесін деп балаларына таққан моншағы. Ислам оған тыйым салды», – делінген. Дегенмен қазақша «тұмар» аталған нәрсенің барлық түріне бірдей тыйым салынған деу дәл болмайды. Ғалымдар кейбір риуаятқа сүйеніп, оның белгілі түрлеріне рұқсат берген.

3. Дұғамен емдеуге көшпес бұрын, дұға мен руқияның кей тұсы ұқсас екенін ескерейік. Мұнда дұғаның емдеуге қатысты қырын, шипа тілеу жайлы хадистерді сөз етеміз. Жалпы дұға мәселесі бөлек бөлімде берілген (№1750–1899).

Руқияға рұқсат берілуі

Ислам ғұламалары Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіндегі бірқатар дәлелге сүйеніп, руқияға рұқсат берген. Руқияны дұғамен емдеу деп ұғынсақ, бәле-жала мен қиындықтан сақтану үшін Аллаға жалбарынып, дұға етуге үндеген хадистерді де оның рұқсат екеніне дәлел етуге болады.

Бұған Құранда да дәлел көп. Алла Тағала ﴿ٱدْعُونِىٓ أَسْتَجِبْ لَكُمْ﴾ «Маған дұға етіңдер, сендерге жауап берейін» («Мүмін» сүресі, 60-аят), сондай-ақ ﴿قُلْ مَا يَعْبَؤُا۟ بِكُمْ رَبِّى لَوْلَا دُعَآؤُكُمْ﴾ «Егер дұға-мінәжаттарың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?!» («Фурқан» сүресі, 77-аят) деп, дұға етуге шақырады. Дұға «Алладан сұрау, тілеу» дегенді білдіреді. Демек, осы үндеу барлық тілекке, соның ішінде сырқаттан шипа сұрауға да қатысты. Алла елшісі (с.а.с.) сырқатқа шипа тілеуге шақырып, мұны өз ісімен де көрсетті.

Дұға мен руқияның Пайғамбар медицинасындағы орнын ұғыну үшін «Мәуаһиби ләдуннияда» емнің үш түрі аталғанын еске түсірейік.

1. Иләһи дәрілер.

2. Табиғи дәрілер.

3. Осы екі түрден құралған аралас дәрілер.

Бірінші түрдің негізі – Құран. Руқия мен дұға осыған жатады. Құранның шипа болуына төменде бөлек тоқталамыз. Ислам ғалымдары хадистерге сүйеніп, дұғаны ең пайдалы ем санап: «Дұға – бәленің дұшпаны. Ол бәлені кетіреді, келе жатқанын қайтарады, келгенін жеңілдетеді. Дұға – мүміннің қаруы», – деген.

Ғұламалар дұғаны шипа тілейтін дәнекер санаған. Тәнге берілетін дәрінің әсері үшін ас талғау, ыстық пен суықтан сақтану секілді шарттар ескерілетініндей, дұғаның да өз әдебі бар деп түсіндірген.

• Сенім дұрыс әрі таза болуға тиіс.

• Харамнан және зұлымдықтан аулақ болу керек.

• Дұға жасап жатқан кезде, жүрек ғапылдықта болмау керек. Аллаға толық бет бұрып, жалбарына дұға ету керек. Әйтпесе, аузы дұғада жүрегі басқа жақта болып, дұғаның пайдасын көрмейді. Бостан-босқа дұға еткен болады. Негізінде, Хакимнің бір түсіндірмесінде: «Расулалла (с.а.с.): «Біліп қойыңдар, Алла Тағала жүрегі ғапыл және пайдасыз нәрселермен айналысып тұрған адамның дұғасын қабыл алмайды», – деген.

• Дұға алдында аз да болса садақа берген жөн.

• Дұғаны қабыл болар берекелі уақытта, соның ішінде түннің соңғы үштен бірінде, құбылаға бет бұрып, ықыласпен жасаған жөн.

• Тән мен жан тазалығына мән беріледі.

• Дұғаны Алла Тағалаға мадақ айтып, Алла елшісіне (с.а.с.) салауат пен сәлем жолдаудан бастаған жөн.

• Тәубе етіп, кешірім сұрау керек.

• Дұғаны қайталап айтқан жөн.

• Дұғада Алланың көркем есімдерін атап, Рахим, Кәрим, Рахман, Шафи, Қадир сияқты есімдерімен қайта-қайта жалбарынған жөн.

Құранның шипасы

Пайғамбар медицинасының басты ерекшеліктерінің бірі – Құранға емдеуде айрықша орын беруі. «Мәуаһиби ләдуннияның» аудармашысы: «Алла Тағала ұлық Құраннан әсерлі дауа түсірмеген. Құран дертке шипа беріп, жүректі тазартады», – дейді. Оның түсіндіруінше, Құран тән мен жанның дертіне пайдалы ем. Осы қасиет мына аятта айтылады: ﴿وَنُنَزِّلُ مِنَ ٱلْقُرْءَانِ مَا هُوَ شِفَآءٌ وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ﴾ «Біз Құранда мүміндер үшін шипа һәм рақым болатын аяттар түсіреміз» («Исра» сүресі, 82-аят).

Фахруддин Рази «Құран» сөзінің басындағы مِن бөлуге емес, түрге арналған. Сонда аятты келесідей түсінуге болады: «Құран ретінде түсірген аяттардың барлығы мүміндердің материалдық және рухани ауруларының барлығына шипа».

Құранның рухани ауруларға қатысты емі екі түрлі жолмен жүзеге асады. Өйткені рухани аурулар екіге бөлінеді: Біріншісі, жалған наным-сенімге қатысты. Бұл – жаратылыс, адамның жаратылуы, ақыры, тағдыр, Құдайлық, пайғамбарлық сияқты иман негіздеріне кіретін мәселелер. Бұл мәселелерде Исламның насихатына сай келмейтін әрбір наным-сенім рухани ауру болып табылады. Құран бұл мәселелерде ақиқаттарын дәлелдерімен бірге зікір етіп, жалған мәзһабтарды жоққа шығарып, мүміндерді бұрмалаушылықтан, адасудан қорғады.

Екінші бөлігін рухани дерттер, жаман мінез-құлық құрайды. Құран олар турасында да баяндап, мүміндерді арсыздыққа бармауға ескерту жасап, имандылық деп аталатын адамгершілік қасиеттерді, рухани кемелділікті насихаттаған. Расулалланың (с.а.с.) «Мен көркем мінездерді толықтыру үшін жіберілдім», – деген кезде, меңзеген көркем мінезі – Құран еді. Ал Құранның денелік ауруларға шипа болатынына келетін болсақ, бұл да жоққа шығару мүмкін емес нәрсе. Төменде берілетін бірқатар риуаяттар Расулалланың (с.а.с.) өзінің Құранмен дем салғанын (руқия), саңлақ сахабаларды дененің ауруларын емдеуде Құранды қолдануға шақырғанын көрсетеді. Тіпті кейбір хадистерінде Құраннан шипа іздемеуді кемшілік ретінде көрсетіп: «Кім Құраннан шипа таппаса, басқа оған ем жоқ», – деген. Бұл хадис келесідей түсінілген: «Құранмен шипа іздемеген адамға Алла шипа бермейді».

Құранда шипа жайлы бірнеше аят бар. ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّاسُ قَدْ جَآءَتْكُم مَّوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّكُمْ وَشِفَآءٌ لِّمَا فِى ٱلصُّدُورِ وَهُدًى وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ﴾ «Уа, адамдар! Сендерге, расында да, Раббыларыңнан насихат, көкіректердегі дерттерге шипа әрі мүміндер үшін тура жол мен рақым келді» («Юнус» сүресі, 57-аят). ﴿وَنُنَزِّلُ مِنَ ٱلْقُرْءَانِ مَا هُوَ شِفَآءٌ وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ وَلَا يَزِيدُ ٱلظَّٰلِمِينَ إِلَّا خَسَارًا﴾ «Біз Құранда мүміндер үшін шипа һәм рақым болатын аяттар түсіреміз. Алайда ол аяттар залымдарды тек одан сайын зиянға ұшыратуда» («Исра» сүресі, 82-аят). ﴿قُلْ هُوَ لِلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ هُدًى وَشِفَآءٌ﴾ «Ендеше, оларға: “Ол – иман келтіргендер үшін тура жол әрі шипа”, – деп айт» («Фуссилат» сүресі, 44-аят).

4021
Кутуб ситтә, № 4021 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ауф ибн Мәлик (р.а.)

عَنْ عَوْفِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا نَرْقِي فِي الْجَاهِلِيَّةِ، فَقُلْنَا: يَا رَسُولَ اللَّهِ: كَيْفَ تَرَى فِي ذَلِكَ؟ فَقَالَ: اعْرِضُوا عَلَيَّ رُقَاكُمْ، ثُمَّ قَالَ: لَا بَأْسَ بِمَا لَيْسَ فِيهِ شِرْكٌ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ауф ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Жаһилият дәуірінде дем салатын едік. “Уа, Алла елшісі! Бұған қалай қарайсыз?” – деп сұрадық. Ол: “Дем салғанда оқитындарыңды маған көрсетіңдер”, – деді. Содан кейін: “Аллаға серік қосу араласпаған дем салудың айыбы жоқ”, – деді».1

Түсіндірме

Риуаят дұғамен дем салуға рұқсат берілгенін көрсетеді. Дем салғанда оқылатын сөзде Аллаға серік қосу болмауға тиіс. Ғалымдар Алланың есімдері мен сипаттарын, Құран аяттарын және мағынасы соларға сай дұғаларды оқып дем салуға болатынын айтқан.

  1. 1Әбу Дәуіт, Тибб 18, (3886); Мүслим, Сәлам 64, (2200).
4022
Кутуб ситтә, № 4022 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَرْخَصَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي رُقْيَةِ الْحَيَّةِ لِبَنِي عَمْرِو بْنِ حَزْمٍ، وَلَدَغَتْ رَجُلًا مِنَّا وَنَحْنُ جُلُوسٌ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ عَقْرَبٌ، فَقَالَ رَجُلٌ يَا رَسُولَ اللَّهِ: أَأَرْقِي؟ فَقَالَ: مَنِ اسْتَطَاعَ مِنْكُمْ أَنْ يَنْفَعَ أَخَاهُ فَلْيَفْعَلْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Амр ибн Хазм әулетіне жылан шаққанда дем салуға рұқсат берді. Бірде Алла елшісімен (с.а.с.) бірге отырғанда арамыздағы біреуді шаян шақты. Бір кісі: “Уа, Алла елшісі, дем салайын ба?” – деп сұрады. Ол: “Кім бауырына пайдасын тигізе алса, тигізсін”, – деді».1

  1. 1Мүслим, «Сәлам», 60–61 (№2198, 2199).
4023
Кутуб ситтә, № 4023 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَرْخَصَ لَنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي الرُّقْيَةِ مِنَ الْحُمَةِ، وَالْعَيْنِ، وَالنَّمْلَةِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ، وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) улы жәндік шаққанда, көз тигенде және нәмлә деп аталатын жара шыққанда дем салуға рұқсат етті».1

  1. 1Мүслим, Сәлам 58, (2196); Әбу Дәуіт, Тибб 18, (3889); Тирмизи, Тибб 15, (2057).
4024
Кутуб ситтә, № 4024 · тараудағы реті: 4

وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ: «لَا َرُقْيَةَ إِلَّا مِنْ عَيْنٍ، أَوْ حُمَةٍ، أَوْ دَمٍ لَا َيَرْقَأُ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің басқа риуаятында былай делінген: «Дем көз тигенде, улы жәндік шаққанда немесе қан тоқтамағанда ғана салынады».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Тыбб», 18 (№3889).
4025
Кутуб ситтә, № 4025 · тараудағы реті: 5

وَفِي أُخْرَى لَهُ، عَنْ سَهْلِ بْنِ حُنَيْفٍ: «لَا رُقْيَةَ إِلَّا مِنْ نَفْسٍ، أَوْ حُمَةٍ أَوْ لَدْغَةٍ». «النَّمْلَةُ»: قُرُوحٌ تَخْرُجُ بَيْنَ الْجَنِبَيْنِ، وَقَدْ تَخْرُجُ فِي غَيْرِ الْجَنْبِ.وَ»النَّفْسُ»: الْعَيْنِ الَّتِى تُصِيبُ الْإِنْسَانَ.وَ»الْحُمَةُ»: الْسَمُّ.وَتَخْصِيصُ الْعَيْنِ وَالْحُمَةُ لَا يَمْنَعُ رُقْيَةَ غَيْرِهِمَا مِنَ الْأَمْرَاضِ، فَقَدْ ثَبَتَ أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ رُقِيَ بَعْضُ الصَّحَابَةِ مِنْ غَيْرِهِمَا، وَمَعْنَى الْحَدِيثِ: لَا رُقْيَةَ أَوْلَى وَأَنْفَعُ مِنْ رُقْيَةِ الْعَيْنِ وَالسَمِّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің Сәһл ибн Хунайфтан (р.а.) жеткізген нұсқасында былай делінген: «Дем көз тигенде, у жайылғанда немесе жылан, шаян шаққанда ғана салынады».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Тибб 18, (3888).
4026
Кутуб ситтә, № 4026 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ يُعَلِّمُهُمْ مِنَ الْحُمَّى، وَمِنَ الْأَوْجَاعِ كُلِّهَا أَنْ يَقُولُوا: بِسْمِ اللَّهِ الْكَبِيرِ، أَعُوذُ بِاللَّهِ الْعَظِيمِ مِنْ كُلِّ عِرْقٍ نَعَّارٍ، وَمِنْ شَرِّ حَرِّ النَّارِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. «نَعَرَ الْعِرْقُ» بِالدَّمِ: إِذَا عَلَا وَارْتَفَعَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қызба мен басқа да сырқаттарға қарсы мына дұғаны үйретті: “Ұлы Алланың атымен! Бүлкілдеген әрбір тамырдан және от ыстығының кесірінен Ұлы Аллаға сыйынамын”».1

  1. 1Тирмизи, Тибб 26, (2076).
4027
Кутуб ситтә, № 4027 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әли (р.а.)

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا أَتَى مَرِيضًا، أَوْ أُتِيَ بِهِ إِلَيْهِ قَالَ: أَذْهِبِ الْبَأْسَ رَبَّ النَّاسِ، وَاشْفِ أَنْتَ الشَّافِي، لَا شِفَاءَ إِلَّا شِفَاؤُكَ، شِفَاءً لَا يُغَادِرُ سَقَمًا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. «الْبَأْسُ»: الشِّدَةُ الْأَلَمِ. وَ»الْمُغَادَرَةُ»: الْتَرْكُ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) науқасқа барғанда немесе науқасты алдына әкелгенде: “Уа, адамдардың Раббысы, дертті кетіріп, шипа бере гөр! Шипа беруші – Өзіңсің. Сенің шипаңнан өзге шипа жоқ. Ешбір сырқат қалдырмайтын шипа бере гөр!” – дейтін».1 Тирмизиде («Дағауат», 122, №3560) бұл риуаят Айшадан (р.а.) жеткізілген.

Түсіндірме

1. Хадисте Алла Тағала «Шафи», яғни «Шипа беруші» деп аталған. Бұл атау Құранда дәл осы есім түрінде келмеген.

Хадис бұл атауды қолдануға рұқсат екенін көрсетеді. Ғұламалар бұған екі шарт қойған.

а) Есім кемшілік білдірмеуге тиіс.

ә) Оның Құранда негізі болуы керек. «Шафи» есімінің негізі мына аятта бар: ﴿وَإِذَا مَرِضْتُ فَهُوَ يَشْفِينِ﴾ «Ауырғанымда маған шипа беретін де бір Өзі» («Шұғара» сүресі, 80-аят).

2. «Сенің шипаңнан өзге шипа жоқ» деген сөз емнің әсері Алланың қалауымен болатынын аңғартады. Шипаны түптеп келгенде Алла береді.

3. Хадисте барлық аурудан шипа сұралуда. Негізі, ауру-сырқау күнәларға кәффаратуз-зунуб, яғни, науқастың жасаған күнәларының кешірілуінің ең жақсы құралы. «Бұл жағдайда шипа талап ету науқасқа қарсы әрекет емес пе?» – деп, ғұламалар бұл мәселе турасында тәзәккур (ой жүгірту) жасап, мына хикметті баяндаған: «Дұға – ғибадат. Сауапқа да, кәффаратқа да қайшы емес. Өйткені аурудың пайда болуы мен оған сабыр етудің нәтижесінде пайда болады. Дұға жасаған адам екі жақсылықтың арасында болады: «Не мақсатына қол жеткізеді, не оған тең, пайдалы нәрсе беріледі немесе залалдың кетуі арқылы пайда беріледі. Олардың барлығы Алланың кеңшілігімен жүзеге асырылады».

  1. 1Бұхари, «Мәрда», 20, «Тыбб», 39. Тирмизи, «Дағауат», 122 (№3560). Бұл риуаятты Тирмизи Айшадан (р.а.) жеткізген.
4028
Кутуб ситтә, № 4028 · тараудағы реті: 8

وَعَنْ ثَابِتِ بْنِ قَيْسِ بْنِ شَمَّاسِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ دَخَلَ عَلَيْهِ وَهُوَ مَرِيضٌ، فَقَالَ: اكْشِفِ الْبَأْسَ رَبَّ النَّاسِ عَنْ ثَابِتِ بْنِ قَيْسِ بْنِ شَمَّاسٍ، ثُمَّ أَخَذَ تُرَابًا مِنْ بُطْحَانَ فَجَعَلَهُ فِي قَدَحٍ، ثُمَّ نَفَثَ عَلَيْهِ بِمَاءٍ، ثُمَّ صَبَّهُ عَلَيْهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Сәбит ибн Қайс ибн Шәммас (р.а.) былай дейді: «Науқастанып жатқанымда Алла елшісі (с.а.с.) келіп: “Уа, адамдардың Раббысы, Сәбит ибн Қайс ибн Шәммастың дертін кетіре гөр!” – деді. Содан кейін Бутханнан топырақ алып, ыдысқа салды да, су бүркіп дем салды. Сосын оны үстіме құйды».1

Түсіндірме

1. Бұл хадисте Расулалланың (с.а.с.) басқа бір дем салу тәсіліне куә болып отырмыз. Алдыңғы риуаяттар Расулалланың (с.а.с.) халін сұрап келген науқастарға тек қана шипа дұғасын оқығанын көрсетсе, соңғы риуаяттан Бутхан алқабынан топырақ алып, оған су құйып, үстіне үрлеп, (дем салып) содан кейін сумен араласып дем салынған бұл топырақты науқастың үстіне сепкенін көреміз.

Хадиске түсіндірме жасаушылар Расулалланың (с.а.с.) суды алдымен ішіп, сілекейімен араластырғаннан кейін топыраққа түкірген болуы мүмкін екенін айтады. Алайда ол суды ішпей-ақ топыраққа құйып, осы су мен топырақ қоспасын Сәбиттің үстіне шашыратқан болуы мүмкін деген де ықтимал бар. Қалай болғанда да, ол соңында сумен араласқан топырақты Сәбит ибн Қайс ибн Шәммастың үстіне сепкен.

Хадиске түсіндірме жасаушылар бірінші ықтималды қуаттайтын бір риуаятты «Сахихайнда» көрсетеді: «Әзірет Айша (р.а.) айтады: «Біреу Расулаллаға (с.а.с.) сырқаттанып келген кезде немесе сыздауық не жара шығып, содан зардап шеккен кезде, Расулалла (рауилердің бірі Суфиян айтады) сұқ саусағын түкіріктеп, топыраққа тигізіп, пайда болған лай топырақты ауырған жерге жағып былай дейтін: «Бисмилла, арамыздағы біреудің түкірігі тиген жердің топырағы Раббымыздың рұқсатымен науқасымызға шипа болар». Көріп отырғанымыздай, бұл риуаятта дем салу кезінде түкіріктің топырақпен бірге болғандығы айтылған.

2. Бұл хадистер ғұламалар арасында мүлде басқа жорамалдарға себеп болды. Олардың кейбірі топырақ пен түкірік туралы сол кезеңге тән медициналық білімді бұл хадистерге қолданғысы келді, бірақ басқалары оларға қарсы болды. Енді әртүрлі көзқарастарды қорытындылауға тырысамыз:

a) Ибн әл-Қайим қозғап отырған Әбу Дәуіт хадисін былай бағалаған: «Бұл – оңай, кез келген адам жасай алатын ең пайдалы қоспа дәрілердің бірі. Бұл – оңай емдеу әдісі. Бұл әдіспен жаралар мен жаңа іріңдер емделеді. Әсіресе қолданатын басқа дәрі болмаған кезде көп қолдануға болады, өйткені барлық жерде қолдануға болады».

Ибн әл-Қайим бұған ежелгі медицина түсінігіне сәйкес мынадай түсіндірме қосады: «Таза топырақтың табиғаты салқын және құрғақ, әсіресе ыстық елдерде және ыстық қанды адамдарды тез емдеп және жаралардың жабылуына кедергі болатын жара мен іріңдегі салқынды да алатыны белгілі. Жаралар мен іріңдер көбінесе ыстық қанды адамдарда пайда болады. Содан бірнеше жағымсыз жағдай бір жерге жиналады: Елдің ыстықтығы, темперамент(тен пайда болатын ыстық) және жара. Таза топырақ табиғаты – салқын және құрғақ болады. Топырақтың бұл табиғаты салқын және құрғақ болатын барлық Муфрад дәрілерден2 алда келеді. Осылайша, топырақтың салқындығы аурудың қызуына қарсы келеді, әсіресе топырақ жуылып, кептірілген болса. Жарада айтылған жағымсыз жағдайлардың жиналуын, жаман ылғалдың артуы мен мұрын ағуы жалғастыратын болады. Топырақ шамадан тыс құрғақ болуы себепті осы ылғалды құрғатып, мұрынның ағуын кетіреді. Ол салқын болғандықтан ыстықтың көтерілуіне бөгет болады. Топырақтың әсерінен осы айтылғандардан бөлек басқа артықшылықтар да пайда болады: Науқастың ағзасы қалпына келеді. Ағза қалпына келген соң оның қорғаныш күші күшейіп, Алланың рұқсатымен ағзадағы ауруды жояды. «Сахихайн» кітабындағы әзірет Айша (р.а.) жеткізген хадистің мағынасы Нәуәуидің пікірінше мынадай: «Алла елшісі (с.а.с.) сұқ саусағын түкіріктеп, содан кейін оны топыраққа тигізіп, пайда болған лай топырақты ауырған жерге немесе жараға жағады. Сол кезде аталған дұғаны ішінде Алланың есімін зікір ету және істі Аллаға тапсырып, Оған тәуекел ету сияқты қасиеттер пайда ететін берекет бар болғаны үшін оқитын. Осылайша, бір дәрі екіншісіне қосылу арқылы әсерін арттырады».

«Арамыздағы біреудің түкірігі тиген жердің топырағы» сөзімен «бүкіл жер беті айтылып тұр ма әлде Мәдина топырағы ма?» деген сауал туындауы мүмкін. Кейбір ғалымдар: «Бұл жерде Мәдина топырағы меңзелген, ал “арамыздағы біреудің” сөзімен түкірігінің құрметіне Расулалланың (с.а.с.) өзі меңзелген», – дейді. Алайда басқалар, бұлай болса хадистің үкімі жекеленген болады деп, бұл пікірмен келіспейді.

Ибн әл-Қайим сөзін жағастырып былай дейді: «Топырақта көптеген ауруларға дауа болатын, көптеген жаман ауруларға шипа беретін қасиет бар».

Гален өз сөзінде: «Мен Александрияда қаншама көк бауырмен ауыратындар мен қарнына су жиналатындарды көрдім. Олар бұған дәрі ретінде Египет топырағын қолданатын. Олар оны аяқтарына, жамбастарына, қолдарына, қабырғаларына жағып, көзге көрінетін нәтижелерге қол жеткізді», – деген. Ол сөзін жалғастырып былай дейді: «Осылайша, топырақты жағу арқылы емдеу кейде қатты және жұмсақ ісінуге қарсы тұрады. Мен бір тайпаны білемін, олардың денелері көп қан жоғалтқаны үшін ісіп кетті. Олар осы топырақты жағу арқылы көзге көрінетін жақсы нәтижеге қол жеткізді. Мен басқа бір тайпаны білемін, олар бұл топырақты денесіндегі созылмалы ауру (ауырсынуларға) қарсы қолданды. Олар да сауығып, ауруларынан толықтай айықты».

Китабул Мәсих иесі айтады: «Кабус деп аталатын құрма ағашынан алынатын топырақ сығындысы (сағыз ұны) жаралардың етін тазалап жуады және жараны кетіреді».

Егер бұл топырақта осындай қасиеттер болса, жер бетіндегі ең жақсы, ең мүбәрак топырақ Расулалланың (с.а.с.) түкірігімен араласып, Оның Алла Тағаланың есімін оқи отырып, нәтижені Аллаға тапсырып, дем салуының нәтижесін бірге көрген кезде, қаншалықты әсерлі болатыны белгілі болады».

Ибн әл-Қайим түсіндірмесінің соңын топырақтың емдік қасиетіне байланысты риуаяттар, барлық топырақтарға тән жалпы медициналық насихат болғаннан көрі, Расулалланың (с.а.с.) түкірігі және дұғасымен ерекше және әсерлі болған оқиғаларды көрсетті деген оймен байланыстырады.

Бұл мәселеге байланысты Байзауи былай дейді: «Кейбір медициналық түсіндірмелер бойынша, түкірік темпераменттің жетілуінде және қалпына келуінде маңызды рөл атқарады. Сол сияқты, туып-өскен Отан топырағы да темпераментті сақтау мен оны зияннан қорғауда рөл атқарады. Тіпті жолаушы өзімен бірге тұратын жерінің суын алып жүре алмаса да, топырағын алып жүруі керек. Ол әртүрлі суларға кезіккен кезде, ол сулардың зарарынан қорғану үшін алып жүрген топырағының біраз мөлшерін су құйылған ыдысына салады. Сонымен қатар, дем салу (руқия) мен дұғалардың біздің ақылымыз жете бермейтін ғажап әсерлері бар».

Турбушти айтады: «Топырақ сөзімен әзірет Адамның (с.а.с.) жаратылысына ишарат етілген. Ал рика (түкірік) ұрыққа ишарат етілген. Расулалла (с.а.с.) дәл былай хал тілімен былай жалбарынып: «Сен алғаш топырақты жараттың. Содан кейін оны бұзылған судан жараттың. Олай болса бастауы осындай болған адамға шипа беру Саған түк емес», – деген.

Жоғарыда жазылған топырақ турасындағы грек тілінен алынған ой-пікірлерді хадистерге қолдана отырып, «топырақ мутлақ (абсолютті) шипа береді» деген көзқарасқа бейім Ислам ғалымдарын сынға алған Қуртуби былай дейді: «Бұл емдеу әдісі (түкірікті топыраққа жағып қолданылатын емдеу) егер оның тиісті заңдары орындалса ғана тиімді, жақсы нәтиже береді. “Орындалуы керек заң” дегенде, топырақ пен түкіріктің (араласуындағы) мөлшерін және оны тиісті уақыттарда пайдалануды меңзеп тұрмыз. Өйткені хадистегі кеңесте – дем салу және сұқ саусақты топыраққа тигізу бар. Саусақ оған ешқандай қатысы жоқ нәрсені жабыстырады. Алайда бұл процесс Алланың есімі және Расулының сүннетті мен тәбәріктен тұрады. Ал саусақты топыраққа тигізу бәлкім, мұнда бір қасиет бар болғаны үшін немесе дағдыланған себепке кірісіп, иләһи құдіретің таңдай қақтырарлық көмегін жасыру хикметіне байланысты». Бұл жағдайда, дем салу тақырыбы да, басқа көптеген тақырыптар сияқты хадистердің бірімен ғана амал етілмеуі тиіс мәселе. Тіпті беделді ғалымдардың өзі бұл турасында әртүрлі пікірлерді алға тартқан. Біз осы көзқарастардың бірін екіншісінен артық көру сияқты астамшылыққа жол беруді кеңес етпейміз. Қайталап айтамыз, Тибб нәбәуи (Пайғамбар медицинасы) – бұл маман ісі. Расулалланың (с.а.с.) сүннетінен мамандар әртүрлі қағидаларды ұстанып, әртүрлі жағдайда түрлі денелерге қолданып, тәжірибесін көрсете алатыны сияқты, кейбір дәрі-дәрмектерді жасай алады. Түкірік пен топырақта ем бар ма, жоқ па? Қазір бұған «бар» немесе «жоқ» деп қысқа қайырып жауап бермес бұрын, оны алдымен зерттеу керек. Адам мен өзі тұратын жердің топырағы арасында денсаулығына қатысты материалдық бір байланыс бар ма? Жат жердің суы адамға жағымсыз әсер ете ме, етпей ме? Егер дем салу (руқия) Қуртуби айтқандай, жай тәбәрік болса, Расулалла (с.а.с.) неліктен Бутхан алқабының топырағына саусағын тигізіп қолданды? Расулалланың (с.а.с.) бұл әрекетін назарға ала отырып, Мәдинаның топырақты жақсылап залалсыздандыратын ыстық климатының, сол аймақтың топырағына беретін ерекше қасиетін ескеріп, хадистің үкімін кейбір ауруларға немесе жеке адамдар үшін қолдануға болады деген ғалымдардың да пікірінің дұрыс екендігін мойындау қажет емес пе? Бұл сұрақтардың барлығы бізді бұл мәселе зерттеуге әлі де ашық деп айтуға итермелейді. Яғни, Тибб нәбәуиді (Пайғамбар медицинасы) жоққа шығару мүмкін емес, бірақ онымен емдеумен шектелу, сақтықты және мамандануды қажет етеді. Сондықтан мұны да негізгі емес, екінші дәрежелі үкімдерде фақиһтерге қажеттілік болатыны сияқты қабылдау керек.

  1. 1Әбу Дәуіт, Тибб 18, (3885).
  2. 2«Муфрад» бір ғана заттан тұратын, қоспасыз дәріні білдіреді.
4029
Кутуб ситтә, № 4029 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ يَتَعَوَّذُ مِنَ الْجَانِّ، وَمِنْ عَيْنِ الْإِنْسَانِ، فَلَمَّا نَزَلَتِ الْمُعَوِّذَتَانِ أَخَذَ بِهِمَا، وَتَرَكَ مَا سِوَاهُمَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) жындардан және адамның көзі тиюінен Аллаға сыйынып жүрді. “Фалақ” пен “Нас” сүрелері түскен соң, екеуін оқып, бұрынғы дұғаларды қалдырды».1

Түсіндірме

Риуаят «Фалақ» пен «Нас» сүрелерінің әртүрлі жамандықтан Аллаға сыйынып, пана тілеуге жеткілікті екенін аңғартады. Алла елшісі (с.а.с.) бұл екі сүре түспей тұрып, жындардан және адамның көзі тиюінен Аллаға түрлі дұғамен сыйынған. Екеуі түскен соң, осы сүрелерді оқыған. «Муғәууизәтәйнде» көз тиюдің атауы жеке айтылмаса да, қорған сұрау жамандықтың бар түрін, соның ішінде жын мен адамның зиянын да қамтиды. Кейбір риуаятта бұл атауға «Ықылас» сүресі де қосылады.

  1. 1Тирмизи, Тибб 16, (2059); ибн Мәжа, Тибб 33, (3511).
4030
Кутуб ситтә, № 4030 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَتَى جِبْرِيلُ النَّبِيَّ ﷺ فَقَالَ: يَا مُحَمَّدُ اشْتَكَيْتَ؟ قَالَ: نَعَمْ، فَقَالَ جِبْرِيلُ عَلَيْهِ السَّلَامُ: بِسْمِ اللَّهِ أَرْقِيكَ مِنْ كُلِّ دَاءٍ يُؤْذِيكَ، وَمِنْ شَرِّ كُلِّ نَفْسٍ أَوْ عَيْنِ حَاسِدٍ، اللَّهُ يَشْفِيكَ، بِسْمِ اللَّهِ أَرْقِيكَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: «Жәбірейіл (а.с.) Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Мұхаммед, сырқаттанып қалдың ба?” – деп сұрады. Ол: “Иә”, – деді. Сонда Жәбірейіл (а.с.): “Алланың атымен саған дем саламын. Өзіңе зиян тигізген әрбір дерттен, әр жанның жамандығынан немесе күншілдің көзінен сақтасын. Алла саған шипа берсін! Алланың атымен саған дем саламын”, – деді».1

Түсіндірме

Шәрһ авторлары риуаяттағы «нәпс» сөзін «жан» немесе «көз тию» мағынасында түсіндірген. Екінші мағынада алынса, кейінгі «күншілдің көзі» деген тіркес соны нақтылай түседі.

  1. 1Мүслим, Сәлам 40, (2186); Тирмизи, Жанаиз 4, (972).
4031
Кутуб ситтә, № 4031 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Әбу Дәрда (р.а.)

وَعَنْ أَبِي الدَّرْدَاءَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ اشْتَكَى إِلَيْهِ رَجُلٌ احْتِبَاسَ الْبَوْلِ، فَقَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: مَنِ اشْتَكَى مِنْكُمْ شَيْئًا فَلْيَقُلْ: رَبُّنَا اللَّهُ الَّذِي فِي السَّمَاءِ تَقَدَّسَ اسْمُكَ، أَمْرُكَ فِي السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ، كَمَا رَحْمَتُكَ فِي السَّمَاءِ فَاجْعَلْ رَحْمَتَكَ فِي الْأَرْضِ، وَاغْفِرْ لَنَا حُوبَنَا وَخَطَايَانَا أَنْتَ رَبُّ الطَّيِّبِينَ أَنْزِلْ رَحْمَةً مِنْ رَحْمَتِكَ وَشِفَاءً مِنْ شِفَائِكَ عَلَى هَذَا الْوَجَعِ فَيَبْرَأُ، وَأَمَرَهُ أَنْ يَرْقِيَهُ بِهِ فَرَقَاهُ فَبَرَأَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «الْحُوبُ» بِضَمِّ الْحَاءَ الْمُهْمَلَةُ وَفَتْحَهَا: الْأَثْمُ.

Қазақша аудармасы

Бір кісі Әбуд-Дәрдаға (р.а.) зәр шығара алмай жүргенін айтып шағынды. Сонда ол былай деді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Қайсыбірің сырқаттанса, мына дұғаны айтсын: ‘Көктегі Раббымыз – Алла! Есімің қасиетті. Әмірің көкте де, жерде де жүреді. Көкте рақымың болғанындай, жерде де рақымыңды орната гөр! Күнәларымыз бен қателіктерімізді кешіре гөр! Өзің ізгі жандардың Раббысысың. Осы дертке рақымыңнан рақым, шипаңнан шипа түсіре гөр!’ Сонда ол сауығады”, – дегенін естідім».1 Әбуд-Дәрда оған осы дұғамен дем салуды бұйырды. Дем салынған соң ол сауықты.

  1. 1Әбу Дәуіт, Тибб 19, (3892).
4032
Кутуб ситтә, № 4032 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Осман ибн Әбу әл-Ас (р.а.)

وَعَنْ عُثْمَانَ بْنِ أَبِي الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ اشْتَكَى إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَجَعًا يَجِدُهُ فِي جَسَدِهِ مُنْذُ أَسْلَمَ، فَقَالَ لَهُ: ضَعْ يَدَكَ عَلَى الَّذِي تَأَلَّمَ مِنْ جَسَدِكَ وَقُلْ: بِسْمِ اللَّهِ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، وَقُلْ سَبْعَ مَرَّاتٍ: أَعُوذُ بِعِزَّةِ اللَّهِ وَقُدْرَتِهِ مِنْ شَرِّ مَا أَجِدُ وَأُحَاذِرُ. قَالَ: فَفَعَلْتُ ذَلِكَ مِرَارًا فَأَذْهَبَ اللَّهُ مَا كَانَ بِي، فَلَمْ أَزَلْ آمُرُ أَهْلِي وَغَيْرَهُمْ بِذَلِكَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَمَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Осман ибн Әбул-Ас (р.а.) мұсылман болғалы денесін ауырсыну билегенін Алла елшісіне (с.а.с.) айтты. Ол: «Қолыңды денеңнің ауырған тұсына қойып, үш рет “Бисмиллә” де. Одан кейін жеті рет “Сезіп тұрған әрі қауіптенген дертімнің кесірінен Алланың ұлылығы мен құдіретіне сыйынамын” де», – деді. Осман: «Мұны бірнеше рет қайталағанымда, Алла дертімді кетірді. Содан бері үй ішіме және өзгелерге де осыны айтып жүремін», – деді.1

Түсіндірме

1. Тирмизи мен Әбу Дәуіттің риуаяттары мына айырмашылықтан басталады: «Менің сырқатым ауыр болғандықтан төсек тартып жатып қалдым. Расулалла (с.а.с.) халімді сұрап келді. Содан кейін: «Ауырған жерді оң қолыңмен жеті рет уқала да, мына дұғаны оқы!» – деді».

2. Кейбір ауруларға дем салғанда осы әдісті ұстану керек. Яғни, дем салушы адам науқастың ауырған жерін уақалап, аталмыш дұғаны жеті рет оқуы керек. Алланың рұқсатымен нәтижесін көретін болады. Бұл риуаятта Расулалла (с.а.с.) науқастың өз-өзіне дем салуын кеңес еткен.

3. Табаранидегі риуаятта жеті рет уқалап, әрқайсысында аталған дұғаны оқу керек деп айтылған. Хакимнің риуаятында Мұхаммед ибн Салим былай дейді: «Сәбит әл-Бунани маған: «Уа, Мұхаммед, ауырып қалғанда, қолыңды ауырған жерге қойып: «Әʿузу биʿиззәтилләһи уә қудратиһи мин шәрри ма-әжиду уә ухәәзиру мин уәжәʿи һәзә», – деп оқы, Содан кейін мұны тақ болатындай түрде (мысалы, 3, 5, 7, 9) қайтала. Өйткені маған Әнәс ибн Мәлик риуаят етті. Расулалла (с.а.с.) оған осылай үйреткен екен», – деді».

4. Дем салу кезінде, дұғаны қайталап оқу қажет деп айтылған. Өйткені тибб нәбәуиде (Пайғамбар медицинасы) артық затты денеден шығаруда табиғи дәрілерді қайталап ішу қаншалықты маңызды болса, иләһи емді де қайталау ауруды неғұрлым тиімді және жақсы емдеу үшін дәл сондай қызмет атқарады. Бұл дүғада істі Аллаға тапсыру мен Оның ұлылығы мен құдіретіне сиыну бар. Ал жеті санында басқа санда жоқ өзгеше қасиет бар. Олай болса, қайталау керек».

  1. 1Мүслим, Сәлам 67, (2202); Муатта, Аин 9, (2, 942); Әбу Дәуіт, Тибб 19, (3891); Тирмизи, Тибб 29, (2081).
4033
Кутуб ситтә, № 4033 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا فِي مَسِيرٍ لَنَا فَنَزَلْنَا مَنْزِلًا، فَجَاءَتْ جَارِيَةٌ، فَقَالَتْ: إِنَّ سَيِّدَ الْحَىِّ سَلِيمٌ لُدِغَ، وَإِنَّ نَفَرَنَا غُيَّبٌ، فَهَلْ مِنْكُمْ رَاقٍ؟ فَقَامَ مَعَهَا رَجُلٌ مَا كُنَّا نَأْبِنُهُ بِرُقْيَةٍ فَرَقَاهُ فَبَرَأَ، فَأَمَرَ لَهُ بِثَلَاثِينَ شَاةً، وَسَقَانَا لَبَنًا، فَقُلْنَا لَهُ: أَكُنْتَ تُحْسِنُ الرُّقْيَةَ؟ فَقَالَ: لَا، مَا رَقَيْتُهُ إِلَّا بِأُمِّ الْكِتَابِ، قُلْنَا: لَا تُحْدِثُوا شَيْئًا حَتَّى نَأْتِيَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَنَسْأَلَهُ، فَلَمَّا قَدِمْنَا ذَكَرْنَاهُ لَهُ، فَقَالَ: وَمَا يُدْرِيكَ أَنَّهَا رُقْيَةٌ؟ اِقْسِمُوا وَاضْرِبُوا لِي بِسَهْمٍ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. «النَّفَرُ غُيَّبُ»: الرِّجَالُ خَاصَّةٌ، وَأَرَادَتْ أَنَّهُمْ غَائِبُونَ عَنْ الْحَيِّ.وَمَعْنَى «نَأْبِنُهُ»: أَىْ نَتَهْمَهُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: «Сапарға шығып, бір жерге аялдадық. Сонда бір күң келіп: “Тайпамыздың басшысын улы жәндік шағып алды. Ерлеріміз ауылда жоқ. Араларыңда дем салатын адам бар ма?” – деді. Арамыздан бір кісі оған еріп барды. Оның дем сала алатынын бұрын білмейтінбіз. Ол дем салған соң тайпа басшысы айықты. Оған отыз қой бергізіп, бізге сүт ішкізді. Біз әлгі кісіден: “Дем салуды білуші ме едің?” – деп сұрадық. Ол: “Жоқ, мен оған тек ‘Фатиха’ сүресін оқып дем салдым”, – деді. Біз: “Алла елшісіне (с.а.с.) барып, сұрап алғанша, ештеңе істемеңдер”, – дедік. Қайтып барған соң оқиғаны баяндадық. Ол: “Оның дем салуға жарайтынын қайдан білдің? Қойларды бөлісіңдер, маған да бір үлес қалдырыңдар”, – деді».1

Түсіндірме

Оқиға бірнеше жолмен жеткендіктен, нұсқаларында қосымша жайттар бар. Хадистен шығарылған үкімдерге тоқталмас бұрын, осы риуаятта айтылмаған бірнеше тұсты келтірейік.

а) Оқиға Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Сағид әл-Худридің басшылығымен аттандырған отыз кісілік жасақтың сапарында болған. Жорықтың жылы мен нақты уақыты айтылмаған.

ә) Сахабалар түнде ұзақ жолдан шаршап бір ауылға келеді де, тұрғындардан өздерін қонақ етуді өтінеді. Алайда ауыл адамдары оларды қонақ қылмай, ас-ауқат бермеген.

б) Алайда біраз уақыт өткен соң сол тайпаның басшысын улы жәндік (шаян) шағып алып, қандай ем-дом жасаса да көсемдерінің беті бері қарамай қояды.

в) Амалдары қалмаған ауыл тұрғындары соңғы шара ретінде өздері ауылға кіргізбей қойып, ауылдың шетіне барып орналасқан «бейтаныс адамдарға» жүгінуге мәжбүр болады. Оларға келіп: «Бізге жеткен хабар бойынша, сендердің достарың нұр мен шипа әкеліпті» деп көмек сұрайды.

г) Сахабалар өздеріне қонақжайлылық танытпаған ауыл тұрғындарына алдымен: «Сендер бізге қарамадыңдар, біз де сендерге қарамаймыз», – деп жауап береді.

ғ) Олар қоймаған соң, әрі саудаласып ақысына отыз қой төлейтін болғандықтан, дем салып емдеуге келіседі.

д) Дем салу үшін бұл істің білгірі де емес бірі – Әбу Сағид әл-Худри барып, «Фатиха» сүресін 3 не 7 рет оқып, тайпа басшысын ауруынан сауықтырады. Аталмыш хадисті жеткізіп отырған Әбу Сағид басқа бір адам туралы айтып отырған сияқты көрінгенімен, басқа риуаяттарды талдау барысында бұл жерде өзі жайлы айтып отырғанын аңғаруға болады.

е) Оның жетістігі сол сәтте достарын таңғалдырса, кейінірек Расулалланы (с.а.с.) таңқалдырып: «Сен «Фатиха» сүресін дем салуға оқылатынын қайдан білдің?» – деп сұратқызады. Әбу Сағид (р.а.) Расулаллаға (с.а.с.) «Өзім солай ойладым», – деп жауап береді.

ж) Кейбір риуаяттарда бұл емнің шаян шағып алуына қарсы емес, жынды болып қалғанға қарсы жасалғаны айтылса да, бұл мәселені зерттеу мұның рауилердің бірі тарапынан басқа бір оқиғаға араласып кеткендіктен пайда болғанын, бұның бөлек, екіншісінің бөлек оқиға екенін анықтаған.

з) Сахабалар жасаған ем көмектескен соң сүтті ішіп, қойларын алады. Қойларды өз араларында бөліспекші болады. Сосын дем салған сахабаның ұсынысымен мұның халал болып-болмағанын Расулалладан (с.а.с.) сұрауға шешім қабылдап, бөліске салмайды.

и) Мәдинаға оралған соң олар болған жайтты Расулаллаға (с.а.с.) баяндап береді. Сонда Расулалла (с.а.с.): «Сендер Китабуллаһты оқығандарың үшін ақы алуға толық құқылысыңдар», – деп, мұның дұрыс екенін айтады және тіпті рұқсат үкімін қуаттап: «Маған да үлес беруді ұмытпаңдар!» деп бұйырады.

Хадистен шығарылған кейбір үкімдер мен пайдалар

Құранды дем салу ниетімен оқуға болады. Ғалымдар бұл рұқсатқа белгілі дұғалар мен зікірлерді, сондай-ақ соларға қайшы келмейтін өзге дұғалар мен зікірлерді де жатқызады. Бұлардан басқа сөздермен дем салу туралы хадисте үкім айтылмаған. Сапарда ауыл тұрғындарына қонақ болып, суын ішуге, қажетіңді өздері разы болса тегін, болмаса ақысын төлеп сұрауға болады. Қонақасы беруден бас тартқан адамдарға жәрдем бермеуге де рұқсат. Сахабалар да өздерін қонақ етпегендерге әуелде дем салудан бас тартқан. Құранда Мұса (а.с.) мен Қызырдың оқиғасы мысал болады: ﴿فَٱنطَلَقَا حَتَّىٰٓ إِذَآ أَتَيَآ أَهْلَ قَرْيَةٍ ٱسْتَطْعَمَآ أَهْلَهَا فَأَبَوْا۟ أَن يُضَيِّفُوهُمَا فَوَجَدَا فِيهَا جِدَارًا يُرِيدُ أَن يَنقَضَّ فَأَقَامَهُۥ قَالَ لَوْ شِئْتَ لَتَّخَذْتَ عَلَيْهِ أَجْرًا﴾ «Сөйтіп екеуі тағы да жолға шығып, жүре-жүре бір ауылға келіп жетті. Ауыл тұрғындарынан ас-ауқат сұрап еді, олар екеуін қонақ қылудан бас тартты. Содан екеуі әлгі ауылда құлағалы тұрған бір дуалды жөндеп қалпына келтірді. Мұса оған: “Егер қаласаң, еңбегіңнің ақысын сұрауыңа болар еді”, – деді» («Кәһф» сүресі, 77-аят).

Кісінің өзіне міндеттеген бір жұмысты орындау мысалы бар: Әбу Сағид (р.а.) дем салу арқылы оның қарымында өзі және жолдастары үшін ақы алуға шешім қабылдады. Расулалла (с.а.с.) оған осы шешімді орындауға бұйырды және ол алған қойларды достарымен бөлісті. Қайдан екені белгілі сыйлыққа ортақтасуға рұқсат етіледі. Бір нәрсені ұнатқан адамнан сол затты сыйлық жасауды сұрауға болады. Сырты халал болған бір нәрсеге қол жеткізіп, күмән себепті оны қолданудан бас тартуға болады. Насс (аят-хадис) жоқ мәселелерде ижтиһадқа рұқсат беріледі. Сахабалардың жүрегінде Құранның, әсіресе «Фатиханың» мәртебесінің ұлық екені көрінеді. Біреудің тағдырына жазылған ризығына, сол ризықты уысында ұстаған адам бөгет бола алмайды. Себебі Алла Тағала бұл сахабалардың ризығын сол ауылдағы халықтың малынан қамтамасыз еткен, ал ауыл тұрғындары бастапқыда оларды қонақ қылудан бас тартады. Алайда Алла Тағала шаян шағу оқиғасын себеп қылып, сахабалардың ризығын оларға жеткізген. Хадисте тағы бір керемет хикмет бар: «Алла Тағала алдымен сахабаларды қабылдап, қонақ қылудан бас тартқан ауыл көсемін жазалады. Өйткені адамдар әдетте басшылардың бұйрығына бағынады. Басшы қонақтарды қабылдап, күтуден бас тартқаны үшін арнайы жазаланған кезде, басқа адамдарға да жаза берілетіні заңды. Басшының жеке жазаға ұшырауында тағы бір хикмет бар: «Ол сахабадан емдеуін өтінген кезде, сахабаның талап еткен нәрсесі көп болса да, оның бұл талапты қамтамасыз етуге шамасы жететін еді. Егер шаян шағып алған адам қарапайым адам болғанда, өзінен талап етілген соманы төлеуге шамасы жетпес еді. Дем салғаны үшін ақы алуға болады. Құран үйреткені үшін ақы алу турасында ғұламалар өзара пікір қайшылығына түссе де, жалпы рұқсат деп үкім берген. Бұхаридің жазуы бойынша Шағби: «Мұғалім белгілі бір нәрсенің берілуін талап етпейді, не берілсе соны алады», – дейді. Әл-Хакам: «Мұғалімнің ақы алғанын мәкруһ санап айыптаған ешкімді көрген емеспін» деген. Бұл мәселе жайлы әзірет Муғауиядан сұралған кезде, ол: «Менің ойымша, оның жалақы алуға құқығы бар», – деген. Хасан Басри өзін жетілдірген мұғалімге он дирхам төлеп отырған. Басқа риуаятта Хасан Басри жалақыны алдын-ала төлеуді мәкруһ санағанымен оған қоса былай дейді: Мұғалімнің жазуды үйретуінің қарымында ақы алынғанда оқастық жоқ», – деп айтқаны риуаят етілген. Әбу Қатада: «Адамдар үш нәрсені жасағанда, оларға ақы төленбейді: мал-дүниені бөлу, Құран үйрету» деген. Ханафилер дем салу (руқия) үшін ақы алуға болады деп санаса да, Құранды үйрету үшін ақы алуды құптамаған: «Өйткені Құранды үйрету ғибадат, оның ақысы Аллаға тән» деген.

  1. 1Бұхари, «Тыбб», 39, 33, «Ижара», 16, «Фәдаил әл-Құран», 9 (№5007). Мүслим, «Сәлам», 66 (№2201). Әбу Дәуіт, «Тыбб», 19 (№3900). Тирмизи, «Тыбб», 20 (№2064, 2065).