Хадис

Кутуб ситтә, № 4032

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
543. Қазіргі таңдағы медицинадағы отпен күйдіру
Нөмірі
№ 4032 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 12
4032
Кутуб ситтә, № 4032 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Осман ибн Әбу әл-Ас (р.а.)

وَعَنْ عُثْمَانَ بْنِ أَبِي الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ اشْتَكَى إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَجَعًا يَجِدُهُ فِي جَسَدِهِ مُنْذُ أَسْلَمَ، فَقَالَ لَهُ: ضَعْ يَدَكَ عَلَى الَّذِي تَأَلَّمَ مِنْ جَسَدِكَ وَقُلْ: بِسْمِ اللَّهِ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، وَقُلْ سَبْعَ مَرَّاتٍ: أَعُوذُ بِعِزَّةِ اللَّهِ وَقُدْرَتِهِ مِنْ شَرِّ مَا أَجِدُ وَأُحَاذِرُ. قَالَ: فَفَعَلْتُ ذَلِكَ مِرَارًا فَأَذْهَبَ اللَّهُ مَا كَانَ بِي، فَلَمْ أَزَلْ آمُرُ أَهْلِي وَغَيْرَهُمْ بِذَلِكَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَمَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Осман ибн Әбул-Ас (р.а.) мұсылман болғалы денесін ауырсыну билегенін Алла елшісіне (с.а.с.) айтты. Ол: «Қолыңды денеңнің ауырған тұсына қойып, үш рет “Бисмиллә” де. Одан кейін жеті рет “Сезіп тұрған әрі қауіптенген дертімнің кесірінен Алланың ұлылығы мен құдіретіне сыйынамын” де», – деді. Осман: «Мұны бірнеше рет қайталағанымда, Алла дертімді кетірді. Содан бері үй ішіме және өзгелерге де осыны айтып жүремін», – деді.1

Түсіндірме

1. Тирмизи мен Әбу Дәуіттің риуаяттары мына айырмашылықтан басталады: «Менің сырқатым ауыр болғандықтан төсек тартып жатып қалдым. Расулалла (с.а.с.) халімді сұрап келді. Содан кейін: «Ауырған жерді оң қолыңмен жеті рет уқала да, мына дұғаны оқы!» – деді».

2. Кейбір ауруларға дем салғанда осы әдісті ұстану керек. Яғни, дем салушы адам науқастың ауырған жерін уақалап, аталмыш дұғаны жеті рет оқуы керек. Алланың рұқсатымен нәтижесін көретін болады. Бұл риуаятта Расулалла (с.а.с.) науқастың өз-өзіне дем салуын кеңес еткен.

3. Табаранидегі риуаятта жеті рет уқалап, әрқайсысында аталған дұғаны оқу керек деп айтылған. Хакимнің риуаятында Мұхаммед ибн Салим былай дейді: «Сәбит әл-Бунани маған: «Уа, Мұхаммед, ауырып қалғанда, қолыңды ауырған жерге қойып: «Әʿузу биʿиззәтилләһи уә қудратиһи мин шәрри ма-әжиду уә ухәәзиру мин уәжәʿи һәзә», – деп оқы, Содан кейін мұны тақ болатындай түрде (мысалы, 3, 5, 7, 9) қайтала. Өйткені маған Әнәс ибн Мәлик риуаят етті. Расулалла (с.а.с.) оған осылай үйреткен екен», – деді».

4. Дем салу кезінде, дұғаны қайталап оқу қажет деп айтылған. Өйткені тибб нәбәуиде (Пайғамбар медицинасы) артық затты денеден шығаруда табиғи дәрілерді қайталап ішу қаншалықты маңызды болса, иләһи емді де қайталау ауруды неғұрлым тиімді және жақсы емдеу үшін дәл сондай қызмет атқарады. Бұл дүғада істі Аллаға тапсыру мен Оның ұлылығы мен құдіретіне сиыну бар. Ал жеті санында басқа санда жоқ өзгеше қасиет бар. Олай болса, қайталау керек».

  1. 1Мүслим, Сәлам 67, (2202); Муатта, Аин 9, (2, 942); Әбу Дәуіт, Тибб 19, (3891); Тирмизи, Тибб 29, (2081).