وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا فِي مَسِيرٍ لَنَا فَنَزَلْنَا مَنْزِلًا، فَجَاءَتْ جَارِيَةٌ، فَقَالَتْ: إِنَّ سَيِّدَ الْحَىِّ سَلِيمٌ لُدِغَ، وَإِنَّ نَفَرَنَا غُيَّبٌ، فَهَلْ مِنْكُمْ رَاقٍ؟ فَقَامَ مَعَهَا رَجُلٌ مَا كُنَّا نَأْبِنُهُ بِرُقْيَةٍ فَرَقَاهُ فَبَرَأَ، فَأَمَرَ لَهُ بِثَلَاثِينَ شَاةً، وَسَقَانَا لَبَنًا، فَقُلْنَا لَهُ: أَكُنْتَ تُحْسِنُ الرُّقْيَةَ؟ فَقَالَ: لَا، مَا رَقَيْتُهُ إِلَّا بِأُمِّ الْكِتَابِ، قُلْنَا: لَا تُحْدِثُوا شَيْئًا حَتَّى نَأْتِيَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَنَسْأَلَهُ، فَلَمَّا قَدِمْنَا ذَكَرْنَاهُ لَهُ، فَقَالَ: وَمَا يُدْرِيكَ أَنَّهَا رُقْيَةٌ؟ اِقْسِمُوا وَاضْرِبُوا لِي بِسَهْمٍ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. «النَّفَرُ غُيَّبُ»: الرِّجَالُ خَاصَّةٌ، وَأَرَادَتْ أَنَّهُمْ غَائِبُونَ عَنْ الْحَيِّ.وَمَعْنَى «نَأْبِنُهُ»: أَىْ نَتَهْمَهُ.
Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: «Сапарға шығып, бір жерге аялдадық. Сонда бір күң келіп: “Тайпамыздың басшысын улы жәндік шағып алды. Ерлеріміз ауылда жоқ. Араларыңда дем салатын адам бар ма?” – деді. Арамыздан бір кісі оған еріп барды. Оның дем сала алатынын бұрын білмейтінбіз. Ол дем салған соң тайпа басшысы айықты. Оған отыз қой бергізіп, бізге сүт ішкізді. Біз әлгі кісіден: “Дем салуды білуші ме едің?” – деп сұрадық. Ол: “Жоқ, мен оған тек ‘Фатиха’ сүресін оқып дем салдым”, – деді. Біз: “Алла елшісіне (с.а.с.) барып, сұрап алғанша, ештеңе істемеңдер”, – дедік. Қайтып барған соң оқиғаны баяндадық. Ол: “Оның дем салуға жарайтынын қайдан білдің? Қойларды бөлісіңдер, маған да бір үлес қалдырыңдар”, – деді».1
Түсіндірме
Оқиға бірнеше жолмен жеткендіктен, нұсқаларында қосымша жайттар бар. Хадистен шығарылған үкімдерге тоқталмас бұрын, осы риуаятта айтылмаған бірнеше тұсты келтірейік.
а) Оқиға Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Сағид әл-Худридің басшылығымен аттандырған отыз кісілік жасақтың сапарында болған. Жорықтың жылы мен нақты уақыты айтылмаған.
ә) Сахабалар түнде ұзақ жолдан шаршап бір ауылға келеді де, тұрғындардан өздерін қонақ етуді өтінеді. Алайда ауыл адамдары оларды қонақ қылмай, ас-ауқат бермеген.
б) Алайда біраз уақыт өткен соң сол тайпаның басшысын улы жәндік (шаян) шағып алып, қандай ем-дом жасаса да көсемдерінің беті бері қарамай қояды.
в) Амалдары қалмаған ауыл тұрғындары соңғы шара ретінде өздері ауылға кіргізбей қойып, ауылдың шетіне барып орналасқан «бейтаныс адамдарға» жүгінуге мәжбүр болады. Оларға келіп: «Бізге жеткен хабар бойынша, сендердің достарың нұр мен шипа әкеліпті» деп көмек сұрайды.
г) Сахабалар өздеріне қонақжайлылық танытпаған ауыл тұрғындарына алдымен: «Сендер бізге қарамадыңдар, біз де сендерге қарамаймыз», – деп жауап береді.
ғ) Олар қоймаған соң, әрі саудаласып ақысына отыз қой төлейтін болғандықтан, дем салып емдеуге келіседі.
д) Дем салу үшін бұл істің білгірі де емес бірі – Әбу Сағид әл-Худри барып, «Фатиха» сүресін 3 не 7 рет оқып, тайпа басшысын ауруынан сауықтырады. Аталмыш хадисті жеткізіп отырған Әбу Сағид басқа бір адам туралы айтып отырған сияқты көрінгенімен, басқа риуаяттарды талдау барысында бұл жерде өзі жайлы айтып отырғанын аңғаруға болады.
е) Оның жетістігі сол сәтте достарын таңғалдырса, кейінірек Расулалланы (с.а.с.) таңқалдырып: «Сен «Фатиха» сүресін дем салуға оқылатынын қайдан білдің?» – деп сұратқызады. Әбу Сағид (р.а.) Расулаллаға (с.а.с.) «Өзім солай ойладым», – деп жауап береді.
ж) Кейбір риуаяттарда бұл емнің шаян шағып алуына қарсы емес, жынды болып қалғанға қарсы жасалғаны айтылса да, бұл мәселені зерттеу мұның рауилердің бірі тарапынан басқа бір оқиғаға араласып кеткендіктен пайда болғанын, бұның бөлек, екіншісінің бөлек оқиға екенін анықтаған.
з) Сахабалар жасаған ем көмектескен соң сүтті ішіп, қойларын алады. Қойларды өз араларында бөліспекші болады. Сосын дем салған сахабаның ұсынысымен мұның халал болып-болмағанын Расулалладан (с.а.с.) сұрауға шешім қабылдап, бөліске салмайды.
и) Мәдинаға оралған соң олар болған жайтты Расулаллаға (с.а.с.) баяндап береді. Сонда Расулалла (с.а.с.): «Сендер Китабуллаһты оқығандарың үшін ақы алуға толық құқылысыңдар», – деп, мұның дұрыс екенін айтады және тіпті рұқсат үкімін қуаттап: «Маған да үлес беруді ұмытпаңдар!» деп бұйырады.
Хадистен шығарылған кейбір үкімдер мен пайдалар
Құранды дем салу ниетімен оқуға болады. Ғалымдар бұл рұқсатқа белгілі дұғалар мен зікірлерді, сондай-ақ соларға қайшы келмейтін өзге дұғалар мен зікірлерді де жатқызады. Бұлардан басқа сөздермен дем салу туралы хадисте үкім айтылмаған. Сапарда ауыл тұрғындарына қонақ болып, суын ішуге, қажетіңді өздері разы болса тегін, болмаса ақысын төлеп сұрауға болады. Қонақасы беруден бас тартқан адамдарға жәрдем бермеуге де рұқсат. Сахабалар да өздерін қонақ етпегендерге әуелде дем салудан бас тартқан. Құранда Мұса (а.с.) мен Қызырдың оқиғасы мысал болады: ﴿فَٱنطَلَقَا حَتَّىٰٓ إِذَآ أَتَيَآ أَهْلَ قَرْيَةٍ ٱسْتَطْعَمَآ أَهْلَهَا فَأَبَوْا۟ أَن يُضَيِّفُوهُمَا فَوَجَدَا فِيهَا جِدَارًا يُرِيدُ أَن يَنقَضَّ فَأَقَامَهُۥ قَالَ لَوْ شِئْتَ لَتَّخَذْتَ عَلَيْهِ أَجْرًا﴾ «Сөйтіп екеуі тағы да жолға шығып, жүре-жүре бір ауылға келіп жетті. Ауыл тұрғындарынан ас-ауқат сұрап еді, олар екеуін қонақ қылудан бас тартты. Содан екеуі әлгі ауылда құлағалы тұрған бір дуалды жөндеп қалпына келтірді. Мұса оған: “Егер қаласаң, еңбегіңнің ақысын сұрауыңа болар еді”, – деді» («Кәһф» сүресі, 77-аят).
Кісінің өзіне міндеттеген бір жұмысты орындау мысалы бар: Әбу Сағид (р.а.) дем салу арқылы оның қарымында өзі және жолдастары үшін ақы алуға шешім қабылдады. Расулалла (с.а.с.) оған осы шешімді орындауға бұйырды және ол алған қойларды достарымен бөлісті. Қайдан екені белгілі сыйлыққа ортақтасуға рұқсат етіледі. Бір нәрсені ұнатқан адамнан сол затты сыйлық жасауды сұрауға болады. Сырты халал болған бір нәрсеге қол жеткізіп, күмән себепті оны қолданудан бас тартуға болады. Насс (аят-хадис) жоқ мәселелерде ижтиһадқа рұқсат беріледі. Сахабалардың жүрегінде Құранның, әсіресе «Фатиханың» мәртебесінің ұлық екені көрінеді. Біреудің тағдырына жазылған ризығына, сол ризықты уысында ұстаған адам бөгет бола алмайды. Себебі Алла Тағала бұл сахабалардың ризығын сол ауылдағы халықтың малынан қамтамасыз еткен, ал ауыл тұрғындары бастапқыда оларды қонақ қылудан бас тартады. Алайда Алла Тағала шаян шағу оқиғасын себеп қылып, сахабалардың ризығын оларға жеткізген. Хадисте тағы бір керемет хикмет бар: «Алла Тағала алдымен сахабаларды қабылдап, қонақ қылудан бас тартқан ауыл көсемін жазалады. Өйткені адамдар әдетте басшылардың бұйрығына бағынады. Басшы қонақтарды қабылдап, күтуден бас тартқаны үшін арнайы жазаланған кезде, басқа адамдарға да жаза берілетіні заңды. Басшының жеке жазаға ұшырауында тағы бір хикмет бар: «Ол сахабадан емдеуін өтінген кезде, сахабаның талап еткен нәрсесі көп болса да, оның бұл талапты қамтамасыз етуге шамасы жететін еді. Егер шаян шағып алған адам қарапайым адам болғанда, өзінен талап етілген соманы төлеуге шамасы жетпес еді. Дем салғаны үшін ақы алуға болады. Құран үйреткені үшін ақы алу турасында ғұламалар өзара пікір қайшылығына түссе де, жалпы рұқсат деп үкім берген. Бұхаридің жазуы бойынша Шағби: «Мұғалім белгілі бір нәрсенің берілуін талап етпейді, не берілсе соны алады», – дейді. Әл-Хакам: «Мұғалімнің ақы алғанын мәкруһ санап айыптаған ешкімді көрген емеспін» деген. Бұл мәселе жайлы әзірет Муғауиядан сұралған кезде, ол: «Менің ойымша, оның жалақы алуға құқығы бар», – деген. Хасан Басри өзін жетілдірген мұғалімге он дирхам төлеп отырған. Басқа риуаятта Хасан Басри жалақыны алдын-ала төлеуді мәкруһ санағанымен оған қоса былай дейді: Мұғалімнің жазуды үйретуінің қарымында ақы алынғанда оқастық жоқ», – деп айтқаны риуаят етілген. Әбу Қатада: «Адамдар үш нәрсені жасағанда, оларға ақы төленбейді: мал-дүниені бөлу, Құран үйрету» деген. Ханафилер дем салу (руқия) үшін ақы алуға болады деп санаса да, Құранды үйрету үшін ақы алуды құптамаған: «Өйткені Құранды үйрету ғибадат, оның ақысы Аллаға тән» деген.
- 1Бұхари, «Тыбб», 39, 33, «Ижара», 16, «Фәдаил әл-Құран», 9 (№5007). Мүслим, «Сәлам», 66 (№2201). Әбу Дәуіт, «Тыбб», 19 (№3900). Тирмизи, «Тыбб», 20 (№2064, 2065).