Хадис

Кутуб ситтә, № 4034

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
544. Руқияға (дем салуға) тыйым
Нөмірі
№ 4034 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
4034
Кутуб ситтә, № 4034 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Имран ибн Хусайн (р.а.)

عَنْ عِمْرَانَ بْنِ حُصَيْنٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَدْخُلُ الْجَنَّةَ مِنْ أُمَّتِي سَبْعُونَ أَلْفًا بِغَيْرِ حِسَابٍ. قِيلَ: مَنْ هُمْ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: الَّذِينَ لَا يَكْتَوُونَ، وَلَا يَسْتَرْقُونَ، وَلَا يَتَطَيَّرُونَ، وَعَلَى رَبِّهِمْ يَتَوَكَّلُونَ، فَقَامَ عُكَّاشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ: اُدْعُ اللَّهَ تَعَالَى أَنْ يَجْعَلَنِي مِنْهُمْ قَالَ: أَنْتَ مِنْهُمْ، فَقَامَ آخَرُ، فَقَالَ يَا نَبِيَّ اللَّهِ: اُدْعُ اللَّهَ أَنْ يَجْعَلَنِي مِنْهُمْ؟ فَقَالَ: سَبَقَكَ بِهَا عُكَّاشَةُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Имран ибн Хусайн (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үмбетімнен жетпіс мың адам жәннатқа есепсіз кіреді”, – деді. “Уа, Алла елшісі, олар кімдер?” – деп сұралғанда, ол: “Олар қарып емделмейді, дем салдырмайды, жаман ырымға сенбейді әрі Раббыларына тәуекел етеді”, – деді. Сонда Ұккаша (р.а.) орнынан тұрып: “Алла мені де солардың бірі етсін деп дұға етіңіз”, – деді. Ол: “Сен солардың бірісің”, – деді. Тағы бір кісі тұрып: “Уа, Алланың пайғамбары, мені де солардың бірі етсін деп Аллаға дұға етіңіз”, – деді. Сонда ол: “Сенен Ұккаша озып кетті”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Нәуәуи былай түсіндіреді: «Ғұламалар хадистің мағынасы жайында әртүрлі пікір айтқан. Имам Мазири: “Кей ғалымдар осыған сүйеніп, емделуді мәкруһ санаған. Басым көпшілік бұған қосылмай, Алла елшісінен (с.а.с.) дәрі мен тағамның пайдасы жайында жеткен көптеген риуаятты дәлел еткен. Солардың қатарында қара зере, құст, сабыр сияқты өсімдіктер аталады. Алла елшісінің (с.а.с.) өзі де дәрі қолданған. Айша (р.а.) оның бірнеше рет емделгенін жеткізген. Шипа сұрап дұға еткені және кейбір сахабаның дем салғаны үшін ақы алғаны туралы риуаяттар да емделуге рұқсат екенін көрсетеді. Сондықтан осы хадистегі дем салуға қатысты шектеуді дәрі өз табиғатымен әсер етеді деп сеніп, істің нәтижесін Аллаға тапсырмайтын жандарға қатысты түсіну керек”, – дейді. Қади Ияд: “Бұл жорамалды көпшілік ұстанғанымен, ол дұрыс емес. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) сол кісілердің абзал екенін, жәннатқа есепсіз кіретінін және жүздерінің толған айдай жарқырайтынын хабарлаған. Егер аталған жорамал дұрыс болса, олар мұндай артықшылықпен айрықшаланбас еді. Істің нәтижесі Алланың қолында деген сенім барша мүмінге ортақ. Оған қайшы сенген адам діннен шығады”, – дейді».

Ғұламалар, әсіресе мағани ілімін меңгергендер, мұны жан-жақты талдаған. Әбу Сүлеймен әл-Хаттаби және өзге ғалымдар мұнда дем салдырудан бас тартып, Аллаға тәуекел еткен, Оның қазасы мен сынағына разы болған жандар меңзеледі дейді. Хаттаби мұны иманы айқын сенімге жеткендердің биік дәрежесі деп атап, сол пікірді құптаған ғалымдарды атайды. Қади Ияд: «Хадистің сыртқы мағынасы осы. Бұлай түсінгенде, хадисте аталған қарып емдеу мен дем салу және емнің өзге түрлері арасында айырма қалмайды», – дейді. Дәууди мұндағы сөз сырқаттың алдын алу үшін дені сау адамның жасайтын амалдарына қатысты деп түсіндірген. Оның пікірінше, сау кісінің тұмар тағуы мен дем салдыруы мәкруһ, ал сырқат адамның бұларға жүгінуіне рұқсат.

Кей ғалымдар мәкруһ үкімі емнің барлық түріне жүрмей, белгілі себеппен руқия мен қарып емдеуге қатысты екенін айтқан. Олардың пікірінше, емделу тәуекелге қайшы келмейді. Алла елшісі (с.а.с.) және кейінгі ізгі буынның көптеген өкілі емделген. Тамақ жеу мен су ішу аштық пен шөлді басуға қажет. Кәләм ғалымдары бұған жүгіну тәуекелге нұқсан келтірмейді, демек, сол арқылы тәнді күтуге тыйым салынбайды дейді. Ғұламалар адамның өзі мен отбасына азық табуы да тәуекелге қайшы келмейтінін айтқан. Тек ол несібесін еңбегінің өзі береді деп сенбей, істің нәтижесін Аллаға тапсыруы керек.

Жалпы емделу мен қарып емдеудің айырмасына келсек, Қади Ияд екеуіне де рұқсат барын айтады. Ол Алла елшісінің (с.а.с.) өзі де, өзге адам үшін де емге жүгінгенін еске салады. Өзі қарып емделмегенімен, басқа біреуді солай емдеген. Сахих риуаятта үмбетіне одан тыйып: «Қарып емделуді ұнатпаймын», – деген. Қади Иядтың сөзі осымен аяқталады. Дұрысын Алла біледі. Хадистің сыртқы мағынасына Хаттаби мен оны құптағандардың жоғарыда айтылған пікірі жақын. Олардың түсіндіруінше, хадисте Аллаға тәуекелі кәміл болып, басына келген қиындықты қайтару үшін себептерге жүгінбегендер мақталған. Бұл хәлдің артықшылығына және осындай жандардың абзалдығына шүбә жоқ. Алла елшісінің (с.а.с.) өзі және өзге адам үшін емге жүгінуі емделуге рұқсат екенін көрсетеді. Дұрысын Алла біледі.

Расулалланың (с.а.с.) хадисте келген «Олар... Раббыларына тәуекел ететіндер» сөзіне келер болсақ, арғы-бергі ғалымдар бұл жердегі тәуекел турасында пікір қайшылығына түскен. Имам Әбу Жағфар әт-Табари және басқа да ғалымдар алғашқы кезеңдегі ғалымдардан хабар жеткізіп былай дейді: «Тәуекел атауына жыртқыш жануардан да, қандай да бір дұшпаннан да еш қаймықпай, жүрегінде Алладан өзге жаратылыс атаулыдан қорқу сезімі жоқ, тіпті Алланың ризығы мәселесінде де өзіне өлшеп беріліп қойған ризыққа арқа сүйеп, ризық іздеуде ешқандай әрекетке бармағандардан өзге пенделер лайық емес», – дейді. Бұл кісілер аталмыш көзқарастарына бірқатар риуаяттарды дәлел етіп келтірген. Енді бір топ ғалымдар былай дейді: «Мұның өлшемі Аллаға иман етіп, Оның жіберген қиындықтары уақытша сынақ үшін берілгеніне айқын сеніп, ризықты тек қажет мөлшерде ғана тауып, тұтынуда Алла елшісінің сүннетіне сүйеніп, Пайғамбарлар секілді дұшпандардан аулақ жүру (яғни, олармен бірден жауласа кетпей, даналық, парасаттылық таныту)». Қади Ияд бұл турасында былай дейді: «Бұл көзқарас Табаридің және фақиһ ғалымдардың таңдаған тақырыбы. Алғашқы көзқарас бірқатар сопылық өкілдерінің, яғни, ар ілімімен айналысатын ғалымдардың көзқарасы. Бұлардың біразы жумһур ғалымдарының көзқарастарына жақын көзқарасты құптаған. Алайда олардың көзқарасында да тәуекел ұғымы мен себептерге сүйеніп қалған пенделерді сипаттауға сай келмейді. Керісінше, себептерді жасау – Алланың қойып берген заңдылығы. Оның хикметі адамның бір пайдалы нәрсеге қол жеткізіп, зиянды нәрседен тосылуында сергектік танытуы. Барлық нәрсе – Алладан». Қади Иядтың сөзі осымен бітті. Ал имам Әбул-Қасым әл-Қушайри бұл мәселе жайында былай деп сөз тарқатады: «Біліп қойғын, тәуекелдің орны – жүрек. Адамның қандай да бір нәрсеге ұмтылып әрекет етуі оның жүрегіндегі тәуекелге қарама-қайшы емес. Оның жүрегінде Аллаға деген сенімі болса жеткілікті. Егер қандай да бір іс қиындап кетсе, бұл Құдайдың тағдырынан, дәл солай жеңілдесе де тағдырдан». Сәһл ибн Абдулла әт-Тустари: «Тәуекел дегеніміз адамның өз-өзін қобалжусыз байсалды ұстап, тағдырдың ағысына өзін бос қоя беруі» деп анықтама берсе, ал Әбу Осман әл-Жабри былай дейді: «Тәуекел дегеніміз Аллаға сеніммен қатар Оны өзіне жеткілікті деп білуі». Тәуекел ұғымына былай деп те анықтама бергендер болған: «Тәуекел дегеніміз аз бен көптің адам үшін тең болуы». Дұрысын Алла білуші.

  1. 1Мүслим, Иман, 371, (218).