Хадис

Кутуб ситтә, № 4036

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
544. Руқияға (дем салуға) тыйым
Нөмірі
№ 4036 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
4036
Кутуб ситтә, № 4036 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ النُّشْرَةِ فَقَالَ: هُوَ مِنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «النُّشْرَةُ»: مَا يَحِلُّ بِهِ عَنْ الْمَرِيضِ مَا خَامِرَهُ مِنَ الدَّاءِ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) нушра, яғни сиқырдың әсерін қайтару үшін жасалатын амал туралы сұралғанда: “Ол – шайтанның ісі”, – деді».1

Түсіндірме

1. Нушра (сиқырмен дем салу) – руқияның бір түрі. Ибн әл-Әсир мұны «Жын тиді деп саналған адамды емдеуде қолданылатын дем салу және ем» деп сипаттаған және дем салудың бұл түрінің «нушра» деп аталуы, онымен адамды тұмшалап, орап алған аурудың шешілетініне сенумен түсіндіріледі2. Нақтырақ айтсақ, бұл жын тиген деп саналған адамның жындарын тарату үшін жасалған руқия (дем салу) деп аталады. Көріп отырғанымыздай, бұл сиқырдың бір түрі. «Фатхул-Уәдудте» мұның сиқыр деп аталуы турасында басқа бір ықтимал берілген: «Нушра руқиясында шайтан есімдері қамтылған немесе түсініксіз тілде жасалған болуы мүмкін. Осы себепті сиқырға телінген. Нушра деп аталуы – бәле-жаланың онымен ашылып, аурудың онымен кетірілетініне байланысты». Бұл сөздің өзі – «жайып ашу» деген мағынаны білдіретін «нашара» етістігінен шыққан есім. Оның мағынасы әлдебір ауру қандай да бір нәрсеге оралған болып, одан емделу үшін оны жайып ашу керек дегенді білдіреді.

2. Нушраның «Шайтан ісі» деп сипатталауы – дем салу турасындағы алдыңғы хадисте түсіндірілген себептерге сүйенеді. Біріншіден, бұл жаһилият дәуірінен бері белгілі және қолданылып жүрген әдіс. Сол дәуірден жеткен нәрселердің ислами рухқа сәйкестігі кездейсоқтық. Әсіресе, мұндай жын тию сияқты ғайыптық, рухани мәселелерге қатысты. Оның үстіне бұл іс емдік мақсатта жасалады. Пайда болатын барлық нәтиженің Алладан екеніне сену қажет кезде, оны жаһилият дәстүріне сай жасалған істен көру Аллаға серік қосумен тең. Сол үшін «Шайтан ісі» саналады. Ғалымдар басқа хадистердің рұқсатын басшылыққа ала отырып, Құран аяттары, Алланың көркем есімдері, Раббани сипаттар, Расулалладан жеткен танымал дұғаларды қамтитын (руқия) дем салулардың, нушралардың әбестігі жоқ деген. Ендеше, Расулалланың (с.а.с.) руқияны теріске шығаруы, одан бас тартуы – жаһилият тәсіліндегі дем салулар мен Исламдық мазмұнның шегінен шығатын нушраларға байланысты.

  1. 1Әбу Дәуіт, Тибб 9, (3868).
  2. 2«Нушра» ашу, жаю, шығару, шешу мағыналарын білдіретін «нәшр» сөзінен тараған.