وَعَنْ عِيسَى بْنِ حَمْزَةَ قَالَ: «دَخَلْتُ عَلَى عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُكَيْمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ وَبِهِ حُمْرَةٌ، فَقُلْتُ: أَلَا تُعَلِّقُ تَمِيمَةً؟ فَقَالَ: نَعُوذُ بِاللَّهِ مِنْ ذَلِكَ. قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ تَعَلَّقَ شَيْئًا وُكِلَ إِلَيْهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Иса ибн Хамза былай дейді: «Абдулла ибн Укәймге (р.а.) бардым. Денесіне қызыл бөртпе шыққан екен. “Тұмар тақпайсың ба?” – деп сұрадым. Ол: “Одан Аллаға сыйынамын. Алла елшісі (с.а.с.): ‘Кім бір нәрсе тақса, сол таққанына тапсырылып қойылады’1, – деген”, – деді».
Түсіндірме
1. Бұл хадис «әт-Тәйсир» еңбегінде Әбу Дәуітке телінгенімен, бұл жерде Тирмизидікі деп көрсетілген. Суюти «әл-Жамиғус-Сағир» еңбегінде хадистің Ахмад ибн Ханбал және Хаким тарапынан түсіндірме жасалғанына ишарат етеді. Хадистің Тирмизидегі берілген жолы мен жоғарыда берілген жолының арасында айырмашылықтар бар. Ол жерде «Бұдан Аллаға сыйынып, пана тілеймін» сөзінің орнына «Өлім бұдан жақынырақ» деп айтылған.
2. Бұл бөлімде басқа хадис Уқба ибн Амир (р.а.) тарапынан риуаят етілген: «Кім тұмар тағатын болса, Алла Тағала оның мақсатына жеткізбесін. Кім көзмоншақ2 тағатын болса, Алла оны көз тиюден сақтамасын».
3. Біреудің таққан нәрсесіне сенуі – шипаны сол нәрседен тілеу дегенді білдіреді. Шипаны беретін – Алла! Одан басқа ешкім де, еш нәрсе де емдей алмайтындықтан, адамның дауаны таққан нәрседен күтуі, шипасыз қалу, күткен нәрсесіне қол жеткізе алмау деген сөз.
Мунауидің хадиске берген түсіндірмесінде бұдан мақсат мынау: «Кімде-кім жаһилият тұмарын тағып, бұдан пайда күтіп «жамандықты кетіреді, берекет пен шипа береді» деп сенсе, бұл әрекет – харам, ал харамда дауа болмайды. Егер ол жоғарыда айтылған нәрселерге сенбесе де, мағынасын білмейтін, түсініксіз нәрселер жазылған тұмар тағатын болса, мұның үкімі де дәл сондай болады. Ал кімде-кім Алла Тағаланың көркем есім-сипаттары жазылған нәрсені тағып жүретін болса, бұған рұқсат етіледі. Тіпті бұл талап етілетін және ұнамды іс. Өйткені кімде-кім мәселесін Алланың есімдеріне тапсырып, тәуекел ететін болса, Алла оған жәрдем береді. Ибн әл-Арабидің: «Құран аяттарын жазып тұмар жасап тағу – бұл сүннет жолы емес. Сүннет – Құран сүрелерін жаттап алып, оқып жүру, іліп қою емес», – деген сөзі қабылданбайды. Оның мағынасы келесідей: «Кім Алладан өзге бір жаратылысқа сенетін болса, Алла Тағала ол адамды сол жаратылысқа тапсырып қояды. Кім мұқтаждықтарын Аллаға айтып, Одан сұрайтын болса және барлық ісін Оған тапсыратын болса, Алла оның барлық мәселесін шешіп, алыстағыларды оған жақындатады және барлық қиындықтарды жеңілдетеді. Кімде-кім біреуге жабысса немесе оның білімі мен ақылына сенсе және өзінің күш-қуатына сенсе, Алла оны осы нәрселерге тапсырып қояды да, оны өз көмегінен мақұрым етіп, назар салмайды. Осылайша тілектері мен үміттері орындалмайды. Бұл айтылғандар көптеген шариғи насс (аят-хадис) және қолданыстағы тәжірибелерде нақты белгілі болған мәселе».
Бұдан қорытынды, тұмар, дем салу, нушра, көз моншақ сияқты көз тию, ауруларға, қайғы-қасіретке т.б. қарсы қолданылатын әртүрлі оқу және тағу турасында жеткен тыйымдардың, жаһилият әдебіне сай, мағынасыз немесе күпірлікті білдіретін мағынадағы және медетті, әсерді олардан күту сияқты сеніммен әрекет етулер меңзелген. Бұл айтылған ластықтардан пәк, тұнық болған ислами мазмұндағы ислами сенімге сай тұжырымға кіретіндер тыйымнан шығарылған. Бұл мәселеде ғұламалар біраузыдан келіскен. Бұған қарсы жекелеген қарсылықтар болса да, үмбеттің жолы әдетте жумһур ғұламаның жолы.