Хадис

Кутуб ситтә, № 528

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
55. «Әли Имран» сүресі
Нөмірі
№ 528 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 17
528
Кутуб ситтә, № 528 · тараудағы реті: 17Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «نَزَلَتْ هَذِهِ الْآيَةُ: ﴿وَمَا كَانَ لِنَبِيٍّ أَنْ يَغُلَّ﴾، فِي قَطِيفَةٍ حَمْرَاءَ فُقِدَتْ يَوْمَ بَدْرٍ، فَقَالَ بَعْضُ الْقَوْمِ: لَعَلَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ أَخَذَهَا، فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى هَذِهِ الْآيَةَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) былай дейді: «﴿وَمَا كَانَ لِنَبِيٍّ أَنْ يَغُلَّ﴾ «Ешбір пайғамбар олжаға қол сұғып, аманатқа қиянат жасамайды»1 деген аят Бәдір шайқасы күні жоғалған қызыл барқыт матаға байланысты түсті. Жұрттың кейбірі “Бәлкім, Алла елшісі алған шығар” дегенде, Алла осы аятты түсірді».2

Түсіндірме

Бәдір олжаларының арасынан қызыл барқыт мата жоғалғанда, мұнафықтар «Оны Алла елшісі алды» деген қауесет таратқан. Ғалымдардың түсіндіруінше, осы аят Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қиянат атаулыдан пәк екенін білдіреді.

1. Олжаны бөліп, тиісті орнына жұмсағанда қиянат жасамайды.

2. Тұтқындардың бір бөлігін үлестіріп, қалғанын өзіне алып қалмайды.

3. Алла түсірген аяттарды түгел жеткізеді, ешбірін жасырмайды. Кәлби мен Мұқатил аяттың түсу себебін басқаша түсіндірген. Олардың айтуынша, аят Ухуд шайқасына байланысты түскен. Кейбіреулер «Алла елшісі “Кім олжадан бір нәрсе алса, сол зат соныкі болсын” деп, Бәдірде істегеніндей олжаны бөліп бермей қояр ма екен?» деп қауіптенеді. Сөйтіп шепті тастап, олжа жинауға ұмтылады. Алла елшісі (с.а.с.) оларға: «Менен бұйрық келмейінше, орындарыңнан қозғалмаңдар демеп пе едім?» – дейді. Олар «Бәріміз кеткен жоқпыз, арамызда қалып қойғандар бар» деп жауап береді. Сонда Алла елшісі: «Сендер олжаны өзіме алып қалып, бөліп бермейді деп ойладыңдар», – дейді. Осы оқиғадан кейін аталған аят түскен.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 161-аят.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Хуруф уәл-қирағат», 1 (№3971). Тирмизи, «Тәпсір», «Әли Имран» (№3009, Ибраһим Жанан басылымында №3012).