Хадис

Кутуб ситтә, № 529

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
55. «Әли Имран» сүресі
Нөмірі
№ 529 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 18
529
Кутуб ситтә, № 529 · тараудағы реті: 18Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ لِأَصْحَابِهِ: «إِنَّهُ لَمَّا أُصِيبَ إِخْوَانُكُمْ بِأُحُدٍ جَعَلَ اللَّهُ تَعَالَى أَرْوَاحَهُمْ فِي جَوْفِ طَيْرٍ خُضْرٍ، تَرِدُ أَنْهَارَ الْجَنَّةِ، تَأْكُلُ مِنْ ثِمَارِهَا، وَتَأْوِي إِلَى قَنَادِيلَ مِنْ ذَهَبٍ مُعَلَّقَةٍ فِي ظِلِّ الْعَرْشِ. فَلَمَّا وَجَدُوا طِيبَ مَأْكَلِهِمْ وَمَشْرَبِهِمْ وَمَقِيلِهِمْ، قَالُوا: مَنْ يُبَلِّغُ إِخْوَانَنَا عَنَّا أَنَّنَا أَحْيَاءُ فِي الْجَنَّةِ نُرْزَقُ؟ لِئَلَّا يَزْهَدُوا فِي الْجَنَّةِ وَلَا يَنْكُلُوا عِنْدَ الْحَرْبِ. فَقَالَ اللَّهُ تَعَالَى: أَنَا أُبَلِّغُهُمْ عَنْكُمْ. فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿وَلَا تَحْسَبَنَّ الَّذِينَ قُتِلُوا فِي سَبِيلِ اللَّهِ أَمْوَاتًا بَلْ أَحْيَاءٌ عِنْدَ رَبِّهِمْ يُرْزَقُونَ﴾ إِلَى آخِرِ الْآيَاتِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларына: “Ухудта бауырларың шейіт болғанда, Алла олардың рухтарын жасыл құстардың ішіне орналастырды. Құстар жәннат өзендеріне барып, жемістерінен жейді де, Арштың көлеңкесінде ілулі тұрған алтын шырағдандарға оралып, тынығады. Шейіттер ішіп-жеп, тынығудың рақатын көрген соң: ‘Бауырларымызға жәннатта тірі екенімізді, ризыққа бөленіп жатқанымызды кім жеткізер екен? Мұны білсе, олар жәннатқа құлшынып, шайқаста жасымас еді’, – деді. Сонда Алла Тағала: ‘Хабарларыңды оларға Өзім жеткіземін’, – деп, мына аяттарды түсірді. ﴿وَلَا تَحْسَبَنَّ الَّذِينَ قُتِلُوا فِي سَبِيلِ اللَّهِ أَمْوَاتًا ۚ بَلْ أَحْيَاءٌ عِنْدَ رَبِّهِمْ يُرْزَقُونَ ۞ فَرِحِينَ بِمَا آتَاهُمُ اللَّهُ مِنْ فَضْلِهِ وَيَسْتَبْشِرُونَ بِالَّذِينَ لَمْ يَلْحَقُوا بِهِمْ مِنْ خَلْفِهِمْ أَلَّا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ يَحْزَنُونَ﴾ ‘Алла жолында өлтіріліп, шейіт болғандарды өлі деп ойлама! Жоқ, олар тірі, әрі Раббыларының дәргейінде ризық-несібеге бөленуде. Олар Алланың шексіз шарапатымен берген нығметтеріне шат-шадыман болып қуануда әрі өздерімен әлі қауышпағандарды олар үшін де ешқандай қорқыныш жоқ екенін һәм әсте жабықпайтындықтарын айтып сүйіншілеуді қалайды.’1”».2

Түсіндірме

Бұл хадис шейіттердің тірі екенін білдіретін аяттардың түсу себебін баяндайды әрі мағынасын аша түседі. Сырттай қарағанда, шейіт болған адам да, өз ажалымен өлген кісі де өлім дәмін татады. Мүмін мен имансыздың, ізгі жан мен шектен шыққан адамның қабірдегі күйі әртүрлі боларын түсінуге болады. Ал шейіттердің өзгеше барзах өміріне бөленуін және олардың тірі саналуының мәнін ұғыну оңай емес.

Саид Нұрси өмірді бес сатыға бөліп, шейіттердің өмірін төртінші сатыға жатқызады. Оның түсіндіруінше, шейіттер ақиқат жолында дүние өмірін құрбан еткен соң, Алла оларды барзахта дүние тірлігіне ұқсас, бірақ оның қайғысы мен машақатынан ада өмірге бөлейді. Олар өздерінің өлгенін білмей, бұрынғыдан жақсы әлемге өткенін ғана сезеді. Сонда шаттыққа кенеліп, өліммен келген айырылыстың ащы дәмін татпайды. Қабірдегілердің рухы бақи болғанымен, олар өздерінің өлгенін біледі. Барзахта көретін рақаты шейіттердің рақатындай болмайды. Мұны бір түсте жәннаттай сарайға кірген екі адамның күйіне ұқсатуға болады. Бірі түс көріп жатқанын біліп, «Оянғанда осы рақаттан айырыламын» деп ойлайды. Екіншісі түс көріп жатқанын білмеген соң, шынайы шаттыққа бөленеді. Шейіттер мен өзге марқұмдардың барзахтағы күйінің айырмасы осындай. Ғалым осыны қуаттайтын оқиғалар мен риуаяттарды, соның ішінде шейіттердің төресі Хамзаның (р.а.) өзінен пана тілегендерді қорғап, кейбір дүние істеріне жәрдемдескені жөніндегі хабарларды мысал етеді. Содан соң өзі көрген түсті баяндайды: «Ұбайд есімді жиенім әрі шәкіртім бар еді. Ол қасымда жүріп, менің орныма шейіт болды. Кейін одан үш айлық жол қашықта тұтқында жатқанымда, қайда жерленгенін білмесем де, аян түсте жер астындағы баспанаға ұқсаған қабіріне кірдім. Оны шейіттерге тән өмірде көрдім. Ол мені өлді деп біліп, мен үшін көп жылағанын айтты. Ал өзін тірі санайды. Орыстардың бәлесінен қауіптеніп, жер астынан өзіне жайлы мекен жасап алған екен. Осы шағын түс өзге де нышандармен бірге әлгі ақиқатқа көзбен көргендей илануыма себеп болды».

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 169–170-аяттар.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Жиһад», 27 (№2520).