Хадис

Кутуб ситтә, № 4092

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
554. Жаманға жору және бал ашу
Нөмірі
№ 4092 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
4092
Кутуб ситтә, № 4092 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ عُرْوَةَ بْنِ عَامِرٍ الْقُرَشِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «ذُكِرَتِ الطِّيَرَةُ عِنْدَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: أَحْسَنُهَا الْفَأْلُ، وَلَا تَرُدُّ مُسْلِمًا. فَإِذَا رَأَى أَحَدُكُمْ مَا يَكْرَهُ فَلْيَقُلِ: اللَّهُمَّ لَا يَأْتِي بِالْحَسَنَاتِ إِلَّا أَنْتَ، وَلَا يَدْفَعُ السَّيِّئَاتِ إِلَّا أَنْتَ، وَلَا حَوْلَ وَلَا قُوَّةَ إِلَّا بِكَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Уруа ибн Амир әл-Қураши (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) қасында жаманға жору туралы сөз болды. Сонда ол: “Мұның ең жақсысы – жақсыға жору. Жаманға жору мұсылманды ісінен қайтармасын. Біреуің көңіліне жақпаған нәрсе көрсе, ‘Аллаһым! Жақсылықты Өзің ғана бересің, жамандықты Өзің ғана қайтарасың. Күш те, қуат та тек Сенен’, – деп айтсын”, – деді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісінің (с.а.с.) қасында жаманға жору туралы сөз болғанда, ол жақсыға жорудың артық екенін айтқан. Ибн әл-Әсир «Ән-Ниһая» еңбегінде мұны былай түсіндіреді: «Алла елшісі жақсыға жоруды ұнатқан. Өйткені адам үлкенді-кішілі себептің бәрінде Алланың жәрдемінен, жақсылығынан үміттенсе, өзі де қайыр үстінде болады. Күткені орындалмай қалса да, үміт еткені өзі үшін қайырлы. Ал Алланың рақымынан күдер үзу – нағыз жамандық. Жаманға жоруда Алла туралы теріс ойлап, басына бәле келерін күту бар. Жақсыға жору мынаған ұқсайды: науқас кісі “Амандыққа жет!” дегенді естісе, көңіліне жазыламын деген үміт ұялайды. Жоғын іздеген кісі “Іздегенің табылсын!” дегенді естісе, жоғын табарынан үміттенеді».

Бірде Алла елшісінен (с.а.с.): «Фәл деген не?» – деп сұрағанда, ол: «Жақсы сөз», – деп жауап берген.

2. Алла елшісі жаманға жорылған нәрседен қорқып, қолға алған істі тастауға немесе бітірер істі кейінге қалдыруға болмайтынын айтқан. Мұсылман жақсылық та, жамандық та Алланың қалауымен болады деп біледі әрі Оған тәуекел етеді. Алла мен елшісінің әмірін сақтап, ақылға және шариғатқа сай қолынан келгенін істейді де, нәтижесін Аллаға тапсырады. Жолын мысық кескеніне немесе үстінен қарға ұшып өткеніне бола ісін аяқсыз қалдырып, кері қайтпайды. «Жаманға жору мұсылманды ісінен қайтармасын» деген сөздің мәні осы.

3. Алла елшісі (с.а.с.) пенденің әлсіздігі себепті жаманға жору сезімінен біржола арылмауы мүмкін екенін ескерген. Сондықтан көңіліне сондай күдік ұялаған кісіге осы дұғаны оқып, ісін жалғастыруға кеңес берген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Тибб», 24 (№ 3919).