Хадис

Жаманға жору және бал ашу

Кутуб ситтә, 9-том, 554-тарау · 11 хадис · № 4089–4099

Хадистер

4089
Кутуб ситтә, № 4089 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Бурайда (р.а.)

عَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَا يَتَطَيَّرُ مِنْ شَيْءٍ، وَكَانَ إِذَا بَعَثَ عَامِلًا سَأَلَ عَنِ اسْمِهِ، فَإِذَا أَعْجَبَهُ اسْمُهُ فَرِحَ بِهِ، وَرُئِيَ بِشْرُ ذَلِكَ فِي وَجْهِهِ، وَإِنْ كَرِهَ اسْمَهُ رُئِيَ كَرَاهِيَةُ ذَلِكَ فِي وَجْهِهِ. وَإِذَا دَخَلَ قَرْيَةً سَأَلَ عَنِ اسْمِهَا، فَإِنْ أَعْجَبَهُ اسْمُهَا فَرِحَ بِهَا، وَرُئِيَ بِشْرُ ذَلِكَ فِي وَجْهِهِ، وَإِنْ كَرِهَ اسْمَهَا رُئِيَ كَرَاهِيَةُ ذَلِكَ فِي وَجْهِهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Бурайда (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) еш нәрсені жаманға жорымайтын. Бір қызметкерін бір жаққа жіберерде оның есімін сұрайтын. Есімі ұнаса, қуанып, шаттығы жүзінен көрінетін. Ұнамаса, оны да жүзінен аңғаруға болатын. Бір ауылға кірерде оның да атын сұрайтын. Аты ұнаса, қуанып, оны жүзінен байқауға болатын. Ұнатпағаны да жүзінен білінетін».1

Түсіндірме

Бұл риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) арабтар арасында кең тараған жаманға жору сенімін теріске шығарғаны баяндалады. Бұл сенім әртүрлі ырымнан көрініс тапқандықтан, Пайғамбарымыз оны сөзбен де, ісімен де жоюға тырысқан.

Алла елшісі «тәтәюр», «тәшәум» деп аталатын жаманға жоруды теріске шығарып, «тәфәул», яғни жақсыға жоруды ұнатқан. Сондықтан жұмсайтын кісісінің есімі немесе кіретін ауылының аты жақсы болса, қуанған. Жағымсыз атқа көңілі толмауы оның жамандық күткенінен емес, жақсыға жоруға себеп таппағанынан еді.

Әлемдерге рақым етіп жіберілген Пайғамбарымыз айналасындағыларды жақсы есіммен атауға мән берген. Жағымсыз есімдерді жақсысына ауыстырған. Бұған қатысты мысалдарды өзге бөлімдерде де келтірдік.

Алла елшісі адамның жағымсыз есімдерін ғана емес, ауылдар мен асулардың аттарын да өзгерткен. Жақсы аттан жақсылық күтуінің бір мақсаты – мұсылмандарға әдемі есім қоюдың мәнін ұғындыру. Өйткені ол балаға жақсы ат қоюды әкенің міндеті, баланың ақысы деп санаған. Бұл өсиетті ісімен де бекіткен.

Жағымсыз ат қоюдың жөнсіздігі туралы Ибн Мәлік былай дейді: «Сүннет бойынша адам баласы мен қызметшісіне жақсы есім таңдауы керек. Кейде жаман есім басқа түскен сынаққа тұспа-тұс келеді. Мәселен, баласына Хасарәт, яғни “шығын” деп ат қойған кісінің өзіне не баласына бір зиян келсе, кей адамдар оны есімнен көріп, жаманға жориды. Содан ол кісімен араласудан, бірге жүріп-тұрудан қашады».

Демек, Алла елшісі жақсы есімді құп көріп, оған қуанған. Осы арқылы жақсылық пен жамандықты есімнен күтпей, бәрі Алланың қалауымен болатынын үйретіп, жаманға жору әдетіне қарсы тұрған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Тибб», 24 (№ 3920).
4090
Кутуб ситтә, № 4090 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا سَمِعَ كَلِمَةً أَعْجَبَتْهُ قَالَ: أَخَذْنَا فَأْلَكَ مِنْ فِيكَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) ұнамды сөз естісе: “Жақсылықтың нышанын өз аузыңнан естідік”, – дейтін».1 Бұл сөзбен ол «Әмин!», «Айтқаның келсін!», «Алла оңынан берсін!» деген мағынада тілектестігін білдірген.

Түсіндірме

Бұл хадис Алла елшісінің (с.а.с.) көңілге қонымды сөз естігенде أَخَذْنَا فَأْلَكَ مِنْ فِيكَ дегенін жеткізеді. Сөзбе-сөз аударғанда «Жақсылықтың нышанын өз аузыңнан алдық» деген мағына шығады. Айтылған ойды толық ұғыну үшін сөздің кімге, қандай жағдайда айтылғанын және осы мағынадағы басқа риуаяттарды ескеру керек. قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «يَا لَبَّيْكَ، نَحْنُ أَخَذْنَا فَأْلَكَ مِنْ فِيكَ» Әбу Нуғайм «Әт-Тыбб» еңбегінде Алла елшісінің (с.а.с.) жақсы сөз айтқан адамға: «Құлағым сізде! Жақсылықтың нышанын өз аузыңнан естідік», – дегенін келтіреді.2 «Йа, ләббәйк» тіркесі тіліміздегі «Айта қойыңыз!», «Құлағым сізде!», «Мақұл!», «Жарайды!» деген сөздерге жақын. Пайғамбарымыз осылайша жақсы сөз айтқан адамға дем беріп, көңілін жадыратып, үмітін ұштай түскен. Оның сөзінде «Ізгі тілегіңді өз аузыңнан естідік, мұратыңа жет!» деген тілек бар. Мәтін осы мағынада аударылды. Кейінгі екі хадистің түсіндірмесі осы мағынаны айқындай түседі. ﴿رَبَّنَا لَا تُؤَاخِذْنَا إِنْ نَسِينَا أَوْ أَخْطَأْنَا﴾ «Уа, Раббымыз! Егер ұмытып кеткен немесе қателік жасаған болсақ, сол үшін бізді жауапқа тарта көрме!»3

  1. 1Әбу Дәуіт, «Тибб», 24 (№ 3917).
  2. 2Әбу Нуғайм, «Әт-Тыбб ән-нәбәуи», 1-том, 310-бет. Осы сөздер Табаранидің «әл-Муғжам әл-аусат» жинағында да келтіріледі (№ 3941).
  3. 3«Бақара» сүресі, 286-аят.
4091
Кутуб ситтә, № 4091 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ يُعْجِبُهُ إِذَا خَرَجَ لِحَاجَةٍ أَنْ يَسْمَعَ: يَا رَاشِدُ، يَا نَجِيحُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір шаруамен жолға шыққанда “Уа, Рашид!” (Тура жолдан тайма!) және “Уа, Нәжих!” (Мұратыңа жет!) деген тілектерді естігенді ұнататын».1

Түсіндірме

Алла елшісі бір шаруамен шыққанда «Йа, Рашид! Йа, Нәжих!» деген сөздерді естігенді ұнататын. «Рашид» – тура жол тапқан, «нәжих» – қажеті өтелген, мұратына жеткен деген сөз.

Бұл тіркестердің тілдегі баламасын жолға шыққан адамға айтылатын тілектерден табамыз. Кей риуаяттарда «Йа, Уажид!», яғни «Іздегенің табылсын!» деген тілек те бар. «Алла тілеуіңді берсін!», «Тура жолдан тайма!», «Сәт сапар!», «Барар жеріңе аман жет!» деген тілектер де осыған жақын. Бұлар – әдеп пен дәстүрге сай ізгі лебіздер.

  1. 1Тирмизи, «Сияр», 47 (№ 1616).
4092
Кутуб ситтә, № 4092 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ عُرْوَةَ بْنِ عَامِرٍ الْقُرَشِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «ذُكِرَتِ الطِّيَرَةُ عِنْدَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: أَحْسَنُهَا الْفَأْلُ، وَلَا تَرُدُّ مُسْلِمًا. فَإِذَا رَأَى أَحَدُكُمْ مَا يَكْرَهُ فَلْيَقُلِ: اللَّهُمَّ لَا يَأْتِي بِالْحَسَنَاتِ إِلَّا أَنْتَ، وَلَا يَدْفَعُ السَّيِّئَاتِ إِلَّا أَنْتَ، وَلَا حَوْلَ وَلَا قُوَّةَ إِلَّا بِكَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Уруа ибн Амир әл-Қураши (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) қасында жаманға жору туралы сөз болды. Сонда ол: “Мұның ең жақсысы – жақсыға жору. Жаманға жору мұсылманды ісінен қайтармасын. Біреуің көңіліне жақпаған нәрсе көрсе, ‘Аллаһым! Жақсылықты Өзің ғана бересің, жамандықты Өзің ғана қайтарасың. Күш те, қуат та тек Сенен’, – деп айтсын”, – деді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісінің (с.а.с.) қасында жаманға жору туралы сөз болғанда, ол жақсыға жорудың артық екенін айтқан. Ибн әл-Әсир «Ән-Ниһая» еңбегінде мұны былай түсіндіреді: «Алла елшісі жақсыға жоруды ұнатқан. Өйткені адам үлкенді-кішілі себептің бәрінде Алланың жәрдемінен, жақсылығынан үміттенсе, өзі де қайыр үстінде болады. Күткені орындалмай қалса да, үміт еткені өзі үшін қайырлы. Ал Алланың рақымынан күдер үзу – нағыз жамандық. Жаманға жоруда Алла туралы теріс ойлап, басына бәле келерін күту бар. Жақсыға жору мынаған ұқсайды: науқас кісі “Амандыққа жет!” дегенді естісе, көңіліне жазыламын деген үміт ұялайды. Жоғын іздеген кісі “Іздегенің табылсын!” дегенді естісе, жоғын табарынан үміттенеді».

Бірде Алла елшісінен (с.а.с.): «Фәл деген не?» – деп сұрағанда, ол: «Жақсы сөз», – деп жауап берген.

2. Алла елшісі жаманға жорылған нәрседен қорқып, қолға алған істі тастауға немесе бітірер істі кейінге қалдыруға болмайтынын айтқан. Мұсылман жақсылық та, жамандық та Алланың қалауымен болады деп біледі әрі Оған тәуекел етеді. Алла мен елшісінің әмірін сақтап, ақылға және шариғатқа сай қолынан келгенін істейді де, нәтижесін Аллаға тапсырады. Жолын мысық кескеніне немесе үстінен қарға ұшып өткеніне бола ісін аяқсыз қалдырып, кері қайтпайды. «Жаманға жору мұсылманды ісінен қайтармасын» деген сөздің мәні осы.

3. Алла елшісі (с.а.с.) пенденің әлсіздігі себепті жаманға жору сезімінен біржола арылмауы мүмкін екенін ескерген. Сондықтан көңіліне сондай күдік ұялаған кісіге осы дұғаны оқып, ісін жалғастыруға кеңес берген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Тибб», 24 (№ 3919).
4093
Кутуб ситтә, № 4093 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «الطِّيَرَةُ شِرْكٌ»، قَالَهَا ثَلَاثًا. وَقَالَ ابْنُ مَسْعُودٍ: «وَمَا مِنَّا إِلَّا، وَلَكِنَّ اللَّهَ يُذْهِبُهُ بِالتَّوَكُّلِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) “Жаманға жору – ширк” дегенді үш рет қайталады». Ибн Мәсғуд: «Көңіліне мұндай күдік ұяламайтын адам арамызда жоқ. Бірақ Алла оны тәуекел арқылы кетіреді», – деген.1

Түсіндірме

1. Хадисте жаманға жорудың ширк екені айтылған. Ғалымдар мұны былай түсіндіреді: «Адам бір нәрсені зиян мен пайданың көзі деп сеніп, сол сеніміне сүйеніп әрекет етсе, жасырын ширкке ұрынады. Мұны ширк хафи дейді. Ал әлдебір нәрсе Алладан тәуелсіз пайда не зиян келтіреді деп сену – ашық ширк, яғни ширк жәли». Әл-Қади: «Алла елшісі мұны ширк деп атаған, өйткені арабтар жаманға жорыған нәрселерін жамандыққа апаратын ықпалды себеп санаған», – дейді. Себепке дербес ықпал телу – жасырын ширк. Оған надандық пен теріс сенім қосылса, зардабы ауырлайды.

2. Алла елшісі «Жаманға жору – ширк» деген сөзді үш рет қайталап, бұл істен қатаң тыйған.

3. Хадистің соңында байырғы әдеттің әсерімен немесе еріксіз көңілге ұялаған күдікті Аллаға тәуекел ету арқылы жеңуге болатыны айтылған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Тибб», 24 (№ 3910). Тирмизи, «Сияр», 47 (№ 1614). Тирмизиде тәуекел туралы соңғы сөйлемнің Ибн Мәсғудқа тиесілі екені келтіріледі.
4094
Кутуб ситтә, № 4094 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا عَدْوَى وَلَا طِيَرَةَ، وَيُعْجِبُنِي الْفَأْلُ. قَالُوا: وَمَا الْفَأْلُ؟ قَالَ: كَلِمَةٌ طَيِّبَةٌ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. وَزَادَ الْبُخَارِيُّ: «وَيُعْجِبُنِي الْفَأْلُ الصَّالِحُ، الْكَلِمَةُ الْحَسَنَةُ».

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Адуа (ауру өздігінен жұғады деген сенім) да, тиярә (жаманға жору) да жоқ. Ал фәлді ұнатамын”, – деді. Қасындағылар: “Фәл деген не?” – деп сұрағанда, ол: “Жақсы сөз”, – деп жауап берді».

Бұхаридің риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Маған ізгі фәл, яғни жақсы сөз ұнайды», – деген.1

  1. 1Бұхари, «Тибб», 44, 54 (№ 5756, 5776). Мүслим, «Сәлем», 113 (№ 2224). Әбу Дәуіт, «Тибб», 24 (№ 3916). Тирмизи, «Сияр», 47 (№ 1615).
4095
Кутуб ситтә, № 4095 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Сәһл ибн Сағд (р.а.)

وَعَنْ سَهْلِ بْنِ سَعْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنْ كَانَ (يَعْنِي الشُّؤْمَ) فِي شَيْءٍ فَفِي الْفَرَسِ وَالْمَرْأَةِ وَالْمَسْكَنِ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ.

Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Сағд (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Егер жамандықтың нышаны әлдебір нәрседе болатын болса, атта, әйелде және баспанада болар еді».1

  1. 1Бұхари, «Жиһад», 47, «Никах», 17. Мүслим, «Сәлем», 119 (№ 2226). Мәлик, «Муатта», «Истиъзән», 21.
4096
Кутуб ситтә, № 4096 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا عَدْوَى وَلَا صَفَرَ وَلَا غُولَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ. يُقَالُ: «الصَّفَرُ» حَيَّةٌ فِي الْبَطْنِ تُصِيبُ الْإِنْسَانَ إِذَا جَاعَ فَتُؤْذِيهِ، وَكَانَتِ الْعَرَبُ تَزْعُمُ أَنَّهَا تُعْدِي. وَقِيلَ: هُوَ تَأْخِيرُ الْمُحَرَّمِ إِلَى صَفَرٍ، وَهُوَ النَّسِيءُ الَّذِي كَانَتِ الْجَاهِلِيَّةُ تَفْعَلُهُ، فَأَبْطَلَهُ الْإِسْلَامُ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Адуа да, сафар да, ғул да жоқ».1

  1. 1Мүслим, «Сәлем», 109 (№ 2222).
4097
Кутуб ситтә, № 4097 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا عَدْوَى وَلَا صَفَرَ وَلَا هَامَةَ. قَالَ أَعْرَابِيٌّ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، مَا بَالُ الْإِبِلِ تَكُونُ فِي الرَّمْلِ كَأَنَّهَا الظِّبَاءُ، فَيَأْتِي الْبَعِيرُ الْأَجْرَبُ فَيَدْخُلُ فِيهَا فَيُجْرِبُهَا؟ فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: فَمَنْ أَعْدَى الْأَوَّلَ؟». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Адуа да, сафар да, һама да жоқ”, – деді. Мұны естіген бір бәдәуи: “Уа, Алла елшісі! Құмда киіктей ширақ жүрген түйелердің арасына қотыр түйе кірсе, бәріне қотыр жұғады. Бұл қалай?” – деп сұрады. Алла елшісі: “Ал алғашқы түйеге қотырды кім жұқтырды?” – деді».1

  1. 1Бұхари, «Тибб», 54 (№ 5770). Мүслим, «Сәлем», 101 (№ 2220). Әбу Дәуіт, «Тибб», 24 (№ 3911–3915).
4098
Кутуб ситтә, № 4098 · тараудағы реті: 10

وَعَنْ قَطَنِ بْنِ قَبِيصَةَ عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: الْعِيَافَةُ وَالطِّيَرَةُ وَالطَّرْقُ مِنَ الْجِبْتِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «الْعِيَافَةُ» زَجْرُ الطَّيْرِ وَالتَّفَاؤُلُ بِهَا، كَانَتِ الْعَرَبُ تَفْعَلُهُ. وَ«الطَّرْقُ» الضَّرْبُ بِالْحَصَى، وَقِيلَ: هُوَ الْخَطُّ فِي الرَّمْلِ. وَفِي كِتَابِ أَبِي دَاوُدَ: «الطَّرْقُ الزَّجْرُ، وَالْعِيَافَةُ الْخَطُّ». وَ«الْجِبْتُ» كُلُّ مَا عُبِدَ مِنْ دُونِ اللَّهِ، وَقِيلَ: هُوَ الْكَاهِنُ وَالشَّيْطَانُ.

Қазақша аудармасы

Қатан ибн Қабиса әкесінің мына сөзін жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) “Ияфа, тиярә мен тарқ – жибттен (сиқырдан)” дегенін естідім».1

Түсіндірме

1. Жоғарыдағы хадистерде Алла елшісінің (с.а.с.) дәуірінде кең тараған жаманға жору ырымдары сөз болды. Пайғамбарымыз олардың жалған екенін айтып, тыйым салған. Осы риуаяттарда қайталанып келетін атаулардың әрқайсысына тоқталайық.

Адуа

Адуа – аурудың біреуден екіншіге жұғуы. Хадисте «Жұқпа жоқ» делінген. Ал бұрынғы хадистерде (№ 4038, 4039) жұқпалы аурудың алдын алу үшін оқшаулау шаралары айтылған. Ғалымдар бұл сөздің аурудың Алланың қалауынан тыс, өздігінен жұғатынына сенуді теріске шығаратынын түсіндірген. Аурудың жұғуы да Алланың қалауымен болады. Сондықтан аурудың алдын алып, науқасты емдеп, оған қамқорлық көрсету керек.

Тиярә

Тиярәнің анықтамасын бұған дейін де бердік. Бұл сөз кей мәтінде «тәтәюр» мағынасында келеді. Кейбір ғалымдар екеуінің ара-жігін ажыратып, «тәтәюр» жамандық болады деп сенуді, «тиярә» сол сенімге қарай әрекет етуді білдіреді деген. Екі атау да «құс» мағынасындағы «тайр» сөзінен тарайды. Алғашында құстың ұшқан бағытына қарай жақсылық немесе жамандық күткен. Кейін арабтар құстың ұшуы ғана емес, жыл айлары мен басқа да нәрселер туралы ырымдар шығарған.

Фәл

Тіліміздегі «бал ашу» атауы осы сөзден шығуы мүмкін. Алайда хадистегі «фәл» – жақсыға жору. Алла елшісі (с.а.с.) оны «кәлиматун тайиба», яғни «жақсы сөз» деп түсіндірген (№ 4094). «Жолыңыз болсын!», «Қолға қуат берсін!», «Алла жеңілдік берсін!», «Арманыңа жет!», «Іздегенің табылсын!» деген дұға-тілектер осыған жатады (№ 4090).

Сафар

Алла елшісі (с.а.с.) сафарды теріске шығарған. Ибн әл-Әсирдің түсіндіруінше, арабтар адам мен жануардың құрсағында «сафар» деген жылан өмір сүреді, адам ашыққанда іштен шағып, қинайды және оның дерті басқаға жұғады деп ойлаған. «Сафар» ай атауы да болған. Сол айда толассыз сәтсіздік болады деп ырымдағандар бар. Тағы бір түсіндіру бойынша, сафар – жаһилия дәуірінде мұхаррам айының қасиетін сафар айына ауыстырып қою әдеті. Хадис осы сенімдер мен әдетті теріске шығарады.

Ғул

Ибн әл-Әсир «ғул» деп арабтар иен далада болады деп сенген жын-шайтанның бір түрін атағанын жазады. Олардың түсінігінше, ғул сан алуан бейнеге еніп, адамды жолдан тайдырады. Алла елшісі (с.а.с.) ғул туралы бұл сенімді теріске шығарған.

Кей ғалымдардың пікірінше, Пайғамбарымыз ғул деген жаратылыстың барын теріске шығармаған. Оның сан алуан бейнеге кіріп, жолды адастырады деген сенімді теріске шығарған. Олар «Ғул жоқ, сәали бар» деген риуаятты дәлелге келтіреді. Сәали – жындардың сиқыршы тобы. Бұл түсінікке сай жындардың ішінде адамның көзін байлап, оны шатастыратын сиқыршылар бар.

Һама

Бұл сөздің бірнеше мағынасы бар.

• Һама – бір құстың, нақтырақ айтқанда, үкінің аты. Үкі қонған үйге нәубет келеді деген ырым болған.

• Сөздікте «бас» немесе «бір нәрсенің төбесі» деген мағынада келеді. Арабтардың сенімінше, қастандықпен өлтірілген адамның рухы құс болып ұшып шығып, кегі қайтарылғанша «Су беріңдер! Су беріңдер!» деп сайрайды-мыс. Кегі қайтқанда құс ғайып болады деп ойлаған.

• Тағы бір түсінік бойынша, «сәдә» деп аталатын құс өлген адамның сүйегінен пайда болады. Кейбірі оны адамның рухынан шығады деп сенген.

Алла елшісі осы ырымдардың бәрін теріске шығарған.

Ияфа

Ияфа – құсқа қарап бал ашу. Құсты ұшырып, бағытына қарай болашақты болжаған. Оңға ұшса – жақсылық, солға ұшса – жамандық деп жорыған. Тіпті жолда ұшырасқан құстың түріне қарай жорамал жасаған. Мысалы, қыран көрсе – жазаға ұшырайды, қарға көрсе – жат елге барады, сасықкөкек кезіксе – тура жолды табады деп ырымдаған. Сөздікте бұл бәдәуилердің құстың атына, түріне, ұшып-қонуына қарай жақсыға немесе жаманға жоруы деп түсіндіріледі. Ибн әл-Әсир: «Ияфа – құстың атына, дауысына және қай тұстан ұшып өткеніне қарап, жақсы не жаман хабар жору. Арабтар жолының болар-болмасын құстарға қарап болжаған», – дейді. Оның еңбегінде «айф» сөзі де кездеседі. Бұл атау іштей сезгені не жорығаны дәл келген адамға айтылған.

Тарқ

Тарқ – әйелдердің ұсақ тастармен бал ашуы. Ибн әл-Әсир кей адамдардың құмға сызық сызып, болашақты болжағанын және мұны да «тарқ» деп атағанын жазады. Алла елшісі бұл ырымға да тыйым салған.

Нәуи

Нәуи сөзі жоғарыдағы хадистерде келмесе де, осы тақырыптағы өзге риуаяттарда кездеседі. Алла елшісі (с.а.с.) жұлдыздарға қатысты бұл сенімді де теріске шығарған. Арабтар батыста батқан жұлдыз бен шығыста туған жұлдыздың біріне жаңбыр мен желдің пайда болуын теліген.

Кей түсіндірмелерде нәуи таң алдында бір жұлдыздың батуына қатысты айтылады. Жиырма сегіз жұлдыздың бірі әр он үш күн сайын таң алдында батыста батқанда, қарсы тұсынан тағы бірі шығыста туған. Жұлдыздың тууы мен батуына қарап, жауын-шашынды болжаған.

Алла елшісі (с.а.с.) жүректегі тәухид нұрын көмескілеп, ақиқатты бүркемелейтін теріс сенімдерді, серік қосу мен сиқырды анық тілмен теріске шығарған. Бүгінде ғылым-білім ілгерілесе де, жұлдыз жорамалына сену, балгерге жүгіну, жекелеген оқиғаларды жаманға жору әлі де бар.

2. № 4095 хадистегі ат, әйел және баспанаға қатысты сөзге де тоқталайық. Алла елшісі: «Егер жамандықтың нышаны әлдебір нәрседе болатын болса, атта, әйелде және баспанада болар еді», – деген. Басқа бір нұсқада: «Адуа да, тиярә де жоқ. Егер жамандықтың нышаны бір нәрседе болса, әйелде, атта және үйде болар еді», – делінген.

Риуаяттардың бірінде жаманға жору үзілді-кесілді теріске шығарылса, екіншісінде үш нәрсе шартты түрде аталған. Ғалымдар бұл сөздерді әртүрлі түсіндірген. Нәуәуидің айтуынша, имам Мәлик пен бір топ ғалым хадисті тура мағынасында түсінген. Алла белгілі бір үйде тұруды, бір әйелмен отасуды, бір ат ұстауды немесе бір қызметшіні иеленуді адам үшін қиындыққа себеп етуі мүмкін. Кей нұсқада себептің өзі айтылса, кейбірінде үш нәрсе ғана аталған. Хаттаби мен бір топ ғалым хадисті көңілге қонбаған баспана, сыйыса алмаған жар, ұнамаған ат не қызметші туралы деп түсінген. Мұндай жағдайда мәселені ажырасу, сату немесе кету арқылы шешуге болады.

Ибн әл-Әсирдің пікірінше, хадис осы үш нәрсенің көңілге қонбауы мүмкін екенін айтады. Оңнан не солдан ұшқан аң-құсқа қарап жору орынсыз. Адам қоныстанған үйіне, некелескен жарына, мінген атына разы болмаса, үйін ауыстырып, атын сатып немесе жарымен ажыраса алады. Бұл тұста үйдің жайсыздығына тарлығы мен көршісінің нашарлығы, әйелге қатысты бала көтермеуі, аттың жарамсыздығына Алла жолындағы жорыққа мінілмеуі мысал етілген.

Ибн Хажар әлсіз деп бағалаған Ибн Омар риуаятында Алла елшісіне мына сөз телінеді: «Аттың мінезі жаман болса, иесіне қолайсыз. Әйел бұрынғы күйеуін аңсаса, қазіргі күйеуіне қолайсыз. Үй мешіттің азаны мен қаматы естілмейтіндей қашық болса, ол да қолайсыз. Ал бұлардың керісінше болуы – жақсылық».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Тибб», 23 (№ 3907).
4099
Кутуб ситтә, № 4099 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَجُلٌ يَا رَسُولَ اللَّهِ: إِنَّا كُنَّا فِي دَارٍ كَثِيرٌ فِيهَا عَدَدُنَا وَكَثِيرٌ فِيهَا أَمْوَالُنَا. فَتَحَوَّلْنَا إِلَى دَارٍ أُخْرَى فَقَلَّ فِيهَا عَدَدُنَا وَقَلَّتْ فِيهَا أَمْوَالُنَا. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: ذَرُوهَا ذَمِيمَةً». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Бір кісі: “Уа, Алла елшісі! Бір үйде тұрғанда жанымыз да, малымыз да көп еді. Басқа үйге көшкен соң жанымыз да, малымыз да азайды”, – деді.

Алла елшісі (с.а.с.): “Бұл үйді жайсыз санап, тастап кетіңдер”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл риуаятта кеңес сұраған кісі жаңа үйге көшкеннен кейін басына қиындық түскенін айтады. Алла елшісі жаманға жоруға тыйым салғанымен, оған үйден көшуді ұсынған. Ибн әл-Әсир мұның жаман ырымға ергендікке жатпайтынын, үйдің жері не ауасы көңілге жақпағанын білдіретінін айтады. Әрдәбили «Әл-Әзкарға» жазған түсіндірмесінде: «Көңілдеріңде осы үй туралы теріс ой орнығып қалды. Бастан кешкен қиындықтарыңды еске сала бермесін десеңдер, басқа жерге көшіңдер», – деген мағына болуы мүмкін екенін айтады.

Хаттаби мен Ибн әл-Әсирдің пайымынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.) олардың көңіліндегі күдікті сейілту үшін қоныс аударғанды жөн санаған. Үй ауыстырса, сол үйге байланысты күдік те біртіндеп басылады.

Алла елшісінің осы хадистерінен адамның мүмкіндігінше көңіліне қонымды баспана таңдағаны жөн екенін түсінеміз. Өміріміздің көп бөлігі үйде өтетіндіктен, оның кең әрі жайлы, көршісінің жақсы, мектеп, мешіт, базар секілді орындарға жақын болғаны маңызды. Алла елшісі бір хадисте адам бақытының үш себебін атап, жақсы жарды, жайлы баспананы және жақсы көлікті айтқан.

Хадисте жаман ырымға ермей, көңілге жайлы қоныс таңдаудың маңызы айтылған.

Зиһар бөлімі

«Зиһар» немесе «музаһара» сөзінің түбірі «заһр», яғни «арқа» дегенді білдіреді. Зиһар деп күйеуінің әйелін анасына, әпке-қарындасы тәрізді некелесуге тыйым салынған жақын туысына теңеп, бұдан былай оған жар ретінде жақындамайтынын айтуын атайды. Мұндай сөзде арқа, іш немесе жыныс мүшесі де аталған.

Зиһар – ерлі-зайыптылық қатынасты тоқтатудың бір түрі. Күйеуі некелі жарын өзіне некелесуге тыйым салынған туысына теңеп, онымен жақындасудан бас тартады.

Күйеуі зиһар айтса, кәффаратын өтегенше әйеліне жақындауы харам. Бұл кезде сүюге, құшақтауға және жыныстық қатынасқа түсуге тыйым салынады. «Сен маған анамның арқасындайсың», «Мен саған зиһар айттым», «Сен маған анамдай харамсың» деген сөздер зиһарға жатады. Ал «Сен маған анамдайсың» дегенді зиһар ниетімен айтса ғана, осы үкім жүреді.2

Зиһар кәффараты мына ретпен өтеледі.

1. Бір құлды азат ету.

2. Қатарынан екі ай ораза ұстау.

3. Алпыс мұқтаж адамға таңғы және кешкі ас беру.

Кәффарат өтеуші бұл амалдарды өз қалауымен таңдай алмайды. Алдымен мүмкіндігі болса, құл азат етеді. Оған шамасы келмесе, екі ай үзбей ораза ұстайды. Ораза ұстауға денсаулығы жарамаса, алпыс мұқтаж адамды тамақтандырады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Тибб», 24 (№ 3924).
  2. 2Ибраһим Жанан, «Күтүб-и Ситтә тәржімесі мен шархы», 11-том, 474–475-беттер.