وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا سَمِعَ كَلِمَةً أَعْجَبَتْهُ قَالَ: أَخَذْنَا فَأْلَكَ مِنْ فِيكَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) ұнамды сөз естісе: “Жақсылықтың нышанын өз аузыңнан естідік”, – дейтін».1 Бұл сөзбен ол «Әмин!», «Айтқаның келсін!», «Алла оңынан берсін!» деген мағынада тілектестігін білдірген.
Түсіндірме
Бұл хадис Алла елшісінің (с.а.с.) көңілге қонымды сөз естігенде أَخَذْنَا فَأْلَكَ مِنْ فِيكَ дегенін жеткізеді. Сөзбе-сөз аударғанда «Жақсылықтың нышанын өз аузыңнан алдық» деген мағына шығады. Айтылған ойды толық ұғыну үшін сөздің кімге, қандай жағдайда айтылғанын және осы мағынадағы басқа риуаяттарды ескеру керек. قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «يَا لَبَّيْكَ، نَحْنُ أَخَذْنَا فَأْلَكَ مِنْ فِيكَ» Әбу Нуғайм «Әт-Тыбб» еңбегінде Алла елшісінің (с.а.с.) жақсы сөз айтқан адамға: «Құлағым сізде! Жақсылықтың нышанын өз аузыңнан естідік», – дегенін келтіреді.2 «Йа, ләббәйк» тіркесі тіліміздегі «Айта қойыңыз!», «Құлағым сізде!», «Мақұл!», «Жарайды!» деген сөздерге жақын. Пайғамбарымыз осылайша жақсы сөз айтқан адамға дем беріп, көңілін жадыратып, үмітін ұштай түскен. Оның сөзінде «Ізгі тілегіңді өз аузыңнан естідік, мұратыңа жет!» деген тілек бар. Мәтін осы мағынада аударылды. Кейінгі екі хадистің түсіндірмесі осы мағынаны айқындай түседі. ﴿رَبَّنَا لَا تُؤَاخِذْنَا إِنْ نَسِينَا أَوْ أَخْطَأْنَا﴾ «Уа, Раббымыз! Егер ұмытып кеткен немесе қателік жасаған болсақ, сол үшін бізді жауапқа тарта көрме!»3